Жұмыс субсидиясы: «өгізді өлтірмейді, арбаны сындырмайды»

  • 26.07.2020
  • Malim Админ

Жастарды жұмысқа салып қойған кәсіпкерге «айлықты» мемлекет төлеп жатыр. Тегін жұмыс күшін оңай тапқан кәсіпкер бұл амал «арбаны сындырмайтын, өгізді өлтірмейтін жол болды» дейді.

Жиһазшы Еркін Орынтайдың жұмысы төтенше жағдай кезінде мүлдем тоқтап тұрды. Қала жабылады деген кезде 3 қызметкері ауылдарына кетіп қалған. Ал төтенше жағдай ашылып, цехтарға жұмыс істеуге рұқсат берілген сәтте жұмысшылары қалаға түрлі себептермен оралмаған. Оның үстіне індет өршіп тұрғанда жиһазға бұрынғыдай тапсырыс та жоқ. Тапсырыс жоқта толымды айлық болмайтынын жұмысшылары түсінсе керек. Еркін Орынтай сегіз жылдан бергі кәсібін бір сәтте жауып тастағысы келмеген. Бұрынырақта берілген, соңғы кездері де келіп жатқан бірлі-екілі ұсақ тапсырыстардан бас тартпаған. Бірақ, жиһаз жасау оңай емес. Қол күші керек. Керекті үш адамды жұмысқа алу үшін айлық төлеу шарт. Ал аз-ғана тапсырыс керек-жарақтан артылмайды, айлыққа жетіңкірмейді. Міне, осындай қиын-қыстауда қалған кәсіпкерге мемлекет көмекке келіпті.

«Кәсіпкерлерге субсидия бөледі дегенді естіп әкімдікке хабарластым. Еңбекпен қамту бөліміндегілер тез түсіндіріп берді. Жұмыспен қамту орталығы өздерінде жұмыссыз ретінде тіркелген үш жігітті ұсынды. Солармен жолығып, ақылдасқан соң,  үш жақты келісім жасастық. Жұмыс орындарын субсидиялау бойынша, мемлекет серіктестігіме 6 ай бойы ақша береді. Мен ол ақшаны жұмысшыға айлық ретінде төлеймін»,­- дейді кәсіпкер Еркін Орынтай.

Жиһазшы кәсіпкер, әкімдік, жұмысшы үш жақты келісім шартының мерзімі алты ай. «Еңбек» бағдарламасындағы жастар практикасы шартымен жасалған. Негізі, жұмыс орынын субсидиялау бойынша, мемлекет 1 жылға дейін көмектесе алады. Алайда, жиһазшы  6 айда карантин аяқталатынына, бұрынғыдай жұмыс ырғағы басталарына сенімді. Тағы бір үміті осы алты ай ішінде жас жігіттерді жиһаз жасаудың қыр-сырынына үйретіп, алдағы уақытта да бірге  жұмыс істеу. Жастардың ойы да осындай.

«Карантиннің алдында біраз жерге жұмыс іздеп бардым. Тіпті, тегін жұмыс жасап, үйренгім келді. Бірақ, «тәжірибең жоқ» деп алғылары келмеді. Ешкім үйреткісі келмеді. Ал карантинде жиһаз жасауды ұсынғанда қуанып кеттім, оның үстіне 70 мың шамасында айлық төлейді. Күнделікті жүріп тұрысыма, тамағыма жетеді. Үйде бос жатқаннан жақсы. Сосын, ең бастысы кәсіпті меңгеріп жатырмын. Соған қуаныштымын.  Жиһаз кесу құралдарын меңгеріп қалдым. Кесу, сызу, қаптау, орнату сияқты жұмыстар мен үшін қызық боп тұр»,-дейді Досжан Дарханұлы.

Төтенше жағдай кезеңінде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  экономиканы оңтайландыруда, шағын және орта бизнесті қорғауда, жұмыссыздықты азайтуда, еңбек орындарын сақтауда, әлеуметтік қамсыздандыруды арттыруда қабылданған барлық мемлекеттік бағдарламалардың бойына қан жүгіртуді қатаң тапсырған болатын. Осы күрделі де кешенді бағдарламаның бір тармағында жұмыс орындарын субсидиялау еді. Оның мақсаты қарапайым, мемлекет пен жұмыс беруші бірігіп жұмыссызды мамандыққа баулып, кәсіпке үйретеді, жұмыспен қамтыйды. Ресми мәліметтерге қарағанда жыл басынан берін «Еңбек» бағдарламасы бойынша, 118 мыңнан астам адам субсидияланатын жұмыс орындарымен қамтылған. Оның 15 мыңы әлеуметтік жұмыс орындарына тұрса, 14 мыңы  жастар практикасына іліккен, ал  89 мың адам қоғамдық жұмыстарға алынған.

Байланысты жаналықтар

Бір түнде коронавирус індетін жұқтырған 41 адам анықталды

28.03.2020

Пневмониямен ауырып жатқандарға оттегі жетіспейді

09.07.2020

"Ішкі сенім мықты қамалымыз"

01.04.2020

Ерлан Қиясов бас санитар болып тағайындалды

16.09.2020

Әкім мырза, баламды өлтіргендер жазаласын

20.10.2020

Бішкекте өзбек автобустары жүр

23.06.2021