«Еріктілік деген – тек көмек қана беру емес»

  • 25.08.2020
  • Malim Админ

Ықылас ҚАЗИ Түркістан облысына қарасты Мақтаарал ауданының орталығы Мырзанкенттегі Сабыр РАХИМОВ атындағы №4 мектептің мұғалімі. 22 жастағы жас ұстаз волонтерлықпен де айналысады. «Жүректен жүрекке» атты  волонтерлар клубының жетекшісі. Пандемия мен Мақтаарал ауданынында су тасқыны болғанда Ықылас та елге жәрдемдесуге асыққан жастардың қатарынан болды. МӘЛІМ КЗ сайтының тілшісі сонау алыс аудандағы ерікті ұланмен сұхбат құрған еді.

-Ықылас, сен 2019 жылы құрылған «Жүректен жүрекке» волонтерлар клубының жетекшісісің. Бұндай клубты ашу идеясы қайдан келді?

-Былтыр қазан айында еріктілер клубын ашу иедясы келді. Атын ойлап таптық. Адам жақсылықты егер жүрегінде мейірім болса, жасайды ғой. Ұлы Абай он төртінші қара сөзінде «Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені - батыр кісі дегені. Онан басқа жүректің қасиеттерін анықтап біле алмайды. Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіңе ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар - жүрек ісі» дейді ғой. Осыған орай «Жүректен жүрекке» деген еріктілер клубын құрдық. Қазір қатарымызда  алпысқа жуық волонтерлар бар. Қатарымыз көбейіп келеді.

-Сенің ұғымыңда волонтерлық деген не?

- Волонтерлық бізге сырттан келген жоқ. Бұл біздің салт-дәстүрімізде бар. Мысалы - Асар. Қазақ көлемді һәм күрделі жұмысты асарлатып жасаған. Үй, қора-қопсық салу, шөп шабу, егін жинау үшін асар ұйымдастырылған.  Біздің мақал-мәтелдеріміз де волонтерлыққа үндейді. Мәселен «Жақсылық қылсаң жасыр, жақсылық көрсең асыр», «Жақсылық болған жерде тапшылық болмайды». Сондықтан да бұл біздің қанымызда бар. Қазір жанданып жатыр. Еріктілік деген – тек көмек қана беру емес. Жауапкершілікті мойынға арту! Мемлекеттік бағдарламаларды халыққа түсіндіру. Және солардың орындалауын қадағалап, азаматтық қоғамның дамуына ат салысу. Алдағы уақытта волонтерлықтың жолы даңғылдана түсетінін сеніммен айта аламын.

-Волонтерлық адамға не береді? Не үйретеді?

- Менен көп адамдар сұрайды. «Неге волонтер болып жүрсің? Бұл үшін ақша төлей ме? Не пайдасы бар?» деп жатады.  Сіз ең бірінші кезекте адамдардың сеніміне ие боласыз. Ал, қазір біз «сенім» деген ұғымды жоғалтып алдық. Көмекке мұқтаж жанның ризашылығы, шынайы алғысы материалдық сыйдан қымбат! Ерікті болу арқылы ашық болуға, өмірде өз орныңды табуға, көп алдында қалай сөйлеу керектігін үйренесіз.

«Ел бастау қиын емес,
Қонатын жерден көл табылады.
Қол бастау қиын емес,
Шабатын жерден ел табылады.
Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көргем жоқ», - демеуші ме еді Бұқар бабамыз. Қазір волонтерларға арналған түрлі тренингтер өтеді. Ол жерде адамды тануға, адаммен тіл табысуға бейімделесің. Көпті көресің. Ал қазақ атамыз «көпті көргеннен сұра» дейді ғой.

-Өз тәжірбиеңде орта жаста я болмаса үлкен жаста волонтерлықпен айналысып кеткен адамдарды көрдің бе?

-Болды. Көктемде Мақтаарал ауданында бірнеше елді мекенді су алғанда жасы үлкен аға-әпкелеріміз еріктілердің қатарына қосылды. Тараз, Алматы, Семей, Көкшетау, Шымкент қалаларынан отбасыларын, жұмыстарын тастап бізге келіп көмектескендер болды.

-Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан құрылған Еріктілер клубының мүшесі екеніңді де білеміз. Өзге ұлт өкілдерінің волонтерлыққа деген ықыласы қандай?

- Өзге ұлт өкілдерінің саны біздің қатарымызда көп деп айта алмаймын. Және жоқ деп те айта алмаймын. Өзбек, тәжік, әзірбайжан ұлтының өкілдері бар. Олар барын салып еңбек етеді. Біздің Мақтаарал ауданының халқы көп. 100 мыңнан аса жұрты бар. Барлығы татулықта бірін-бірі демеп ғұмыр кешіп жатыр.

-Төтенше жағдай кезінде дәрігерлермен қатар волонтерлардың да көмегіне халықтың қалай мұқтаж болғанын көрдік. Қазір жұмыстарың қалай жүріп жатыр?

-1 мамыр күні Мақтаарал ауылында ең бірінші менің туған ауылым Жеңіс су астында қалды. Ол күн біздің есімізде мәңгі қалады. Халық үшін ауыр күн болған-ды. Су көкжиекпен ұштасып кеткен. Балалығымның естелігі қалған, алтын бесігіңнің қирағанын көру ауыр екен. Бірақ мұңға батып отыруға болмайтынын сездім. Бірден «Еріктілер» штабына бардым. Жергілікті билік өкілдерімен бірігіп «Еріктілер» штабының жұмысын жоспарладық. Екі жүзге жуық ерікті бас қосты. Отбасынан ажырап қалған жандарды іздеп таптық. Республикамыздың түкпір-түкпірінен келген көмекті мұқтаж жандарға үлестірудің өзі оңай болған жоқ.

-Пандемия көп нәрсеге көз ашты. Құндылықтар ауысты. Көпшіліктің де волонтерлыққа деген көзқарасы өзгерген шығар. Қалай ойлайсың?

- Пандемия бізге айтып келмеді. Ысырапшылықты тыйды. Дәрігерлеріміз бен мұғалімдердің қадірін білдік. Осы екі мамандықтан асқан ешкім жоқ. Мемлекеттілікті осы екі сала ұстап тұр. Пандемия кезінде халық волонтерлықтың не екенін де түсінді. Бізге де жәрдемдесетін қайрымды жандар бар екен ғой деген таңданыстарын байқадық. Қиын кезде қарапайым адамдардың көп нәрсе өзгерте алатынын, кез-келген мәселеге бей-жай қарамау керектігін түсінді. Қарапайым адамның өзі ниеті болса көп нәрсе жасай алатынын көпшілік сезінді деп ойлаймын.

-Мектепте мұғалімсің. Ұстаздық жолдың да мехнаты көп екенін білеміз. Ерікті болуға қалай уақыт табасың?

-Мен педагогтар отбасында өстім. Әкем география пәнінің ұстазы, әрі мектеп директорының тәрбие ісі бойынша орынбасары. Анам химия мен биология сабақтарынан дәріс оқиды. Бала күнімдіе әскери болуды армандағанмын. Ол арманыма жеттім. Бірақ ата-анамның қалауымен ұстаздық жолға түстім. Ниет болса бәріне уақыт табуға болады. Тәуліктің 24 сағатында бәріне үлгеруге болады. Қысқасы, бос уақытыңда халықтың алғысын алсаң, еңбегіңнің жемісі берекелі болады.

-Волонтер ретіндегі ең үлкен алға қойған мақсатың қандай?

-Кейбір адамдар «Қызмет мансабын құру үшін ерікті болып жүрсің бе?» деп сұрады. Бұл – жүрек қалауы деп жауап қатады. Біз қазір Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданында ғана жұмыс жасап жатырмыз. Болашақта менің командам республика көлемінде үлкен ізгі істердің басында болса деген ой бар.

Әңгімелескен Қ. Тілеуханұлы

Байланысты жаналықтар

Қазақстанда балаға ең көп қойылатын есімдер

28.06.2020

Карантин: Алматыда түнгі клуб қайнап тұр (видео)

04.08.2020

Әкім ата қарттар үшін алаңдайды

31.03.2020

"Елімізде демократиялық процестер дамып жатыр"

14.05.2020

Біртанов үйқамақта екен

07.11.2020

"Енді митингіге рұқсат сұрамайсың"

09.04.2020