Абай тойы

Malim Админ

  • 16.02.2020

Қазақ Ордасының ең соңғы ханы Кенесары шәйіт болғаннан соң отарлық түнегіне батқан, бір жүз елу жыл бойы басыбайлы күн кешкен, дербес мемлекетінен айрылумен қатар, уақыт оза келе қисапсыз қазаға ұшыраған, ұлттық санасы да көмескіленіп, ата дәстүрі аяқ асты қалған, арысының атына тыйым салынып, жаны шырқырап, рухы тұншыққан алаш жұрты 1991 жылы 16-желтоқсанда келген тәуелсіздіктен соң дүр сілкінді. Қайтадан туған Қазақ республикасын ең алдымен, ертеңге жібермей, дәл сол күні Түркия таныды. Келесі күндерде берісі Иран мен Пәкстан, арысы Америка Құрама Штаттары болып, әлемнің ең ұлы елдері – Қазақстанның дербес, тәуелсіз мемлекет екендігіне ден қойды. Небәрі екі-үш ай өтер-өтпесте, 3-наурыз күні жаңа ұлысымыз Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылданды. Енді ешқандай күмән қалған жоқ: алаш баласы қайтадан ел болыпты! Арғы замандарда Түрік қағандығы, Қарахан ұлысы, Алтын Орда сияқты құдыретті мемлекеттердің ұйтқысы болған, бергі ғасырларда Қазақ Ордасы деген қуатты мемлекет құрған, XІX ғасырдың ортасында жаппай отарлық кепке түскен жұртымыздың тәуелсіздік туын қайта көтеруі – мына біз жасаған заманға дөп келіпті. Әлихан мен Ахаң аңсаған және осы жолда басын жойған, Міржақып, Сұлтанмахмұт пен Мағжан зар тұтқан және сол жолға барын берген, қайраты қабын, кеудесі биік, намысы зор қаншама ұрпақ қан жұтып, арыстандай алпарысса да ұшығын көре алмай кеткен азаттық – бізге – құлдық өмірге көндіккен, басқаша тіршілік туралы ойдың өзінен қорқатын, асса, келер ғасырдың ортасында ғана әлденендей бір сәуле себездар деп үміттенетін, боркемік, бойкүйез біздің лекке бұйырыпты. Тиесілі ме еді бізге осындай ертегілік бақыт? Әлбетте. Бұл тәуелсіздік – бабаларымыздың соңғы екі жарым мың жыл бойы төгілген қанының төлеуі болатын, аталарымыздың соңғы жүз елу жыл бойы езілген жүрегінің лүпілі, жаншылған намысының серпімі, қапаста үзілген өмірінің қарымтасы болатын, құрсақта жатқан, жаңа ғана кіндігі кесілген, қаз тұрған, ендігі жылы, ендігі ғасыр, одан соңғы замандарда дүниеге келетін сәбилердің көз жасы болатын. 1991 жылы желтоқсанда Тәңірі сыйлаған тәуелсіздік – алаш жұртының үздіксіз түрде тура жиырма бес ғасыр салтанат құрған мемлекеттік тарихының жаңа бір түйіні ғана. Өшкені жанып, өлгені тірілген өзгеше түйін. Алтай тауынан Хазар теңізіне дейін, Сібірдің қалың орманынан Мәуреннахрдың қызыл құмына дейінгі аралықты алып жатқан, жер көлемі бойынша әлемдегі ең алып тоғыз мемлекеттің қатарына қосылған Қазақстанда 16-желтоқсан күні кеште жұрттың бәрі көшеге шығуға  тиіс еді, қадыр түніндей қасиетті сағаттар халықты қуанышқа бөлеп, ертеңгі 17-желтоқсан – аруаққа ақсарбас шалған, азаматқа аманат артқан, ұрпаққа ақ тілек айтқан ұлы дүбір мерекеге ұласуға тиіс еді. Жоғарыдан келетін нұсқауға үйренген жұртымыз олай жасай алмады. Әрине, қуанды, тәубаға келді, шүкіршілік айтты. Бірақ осының бәрі – мемлекеттік дәрежеде емес, от басы деңгейінде болды. Әлбетте, бір шаңырақ емес, мыңдаған шаңырақ. Бүкіл алаштың мерейі тасыды. Бірақ өкіметтің емес. Өкімет абдыраған дағдарыс үстінде тұрды. Адалын айтсақ, республика тәуелсіздігін жариялаудың өзі – амалсыздың ісі болатын. “Интернационалдық” парламент ең соңғы күн емес, ең соңғы сағат та емес, ең соңғы минут, секундта әрең илікті. Басқа амал таппаған. Шынында да, Империя тарап кетті, мал иесі – Ресей федерациясының өзі  басқалардан дербестігін айғақтады, жалғыз Қазақстан – СССР – Советтік Социалистік Республикалар Одағы деген атақты ұстап тұра алмайды ғой, “Да...”-ға ауыз бармайды, ал “Нет!” – дегенде... қайтпек керек? Көсемдеріміздің қиналған жері осы болды. Әрине, көп ұзамай, біздің партиялық номенклатура да төбеден ешкім тежеп отырмайтын тұрмыстың артықшылық жақтарын пайымдап білді,  нәтижесін көріп отырмыз – Алаштың азаттығы Арамның қызметіне көшті. Тәуелсіздік тұғырына көлеңке түсті. Бостандық таңы атқанда жадырап ашылған жұрт енді жабырқау күй кешіп жатыр, ал түнере түксиіп, тітірене күпсиген қауым бар игілікке ие болған, жалғанды жалпағынан басып жүр, ұлт мүддесі, ел қамы қайда, құдайдың өзін босағадан әрі ысырып тастады. Бұл, әрине, туған ұл мен есіктегі құлдың орны ауысып кеткен бүгінгі хал. Ал тәуелсіздік лебі көкірегіне нұр төккен алғашқы жылғы алаш мерейі өзгеше болды. Сол мерейдің, қуаныш пен тәубаның ең үлкен көрінісі – ұлттық мереке дәрежесіне көтерілген атаулы тойлар еді. Абылай ханның асығыспен, мезгілінен бұрын өткізілген 280 жылдық тойы, Қара Керей Қабанбай, Қанжығалы Бөгембай, Шақшақ Жәнібек батырлардың, Бұқар жыраудың, Ақан-Серінің, Мағжан ақынның мерейлі астары, Салқам Жәңгірдің моңғол-қазақ соғысындағы ұлы жеңісінің 350 жылдығы, бұлардан басқа, аруақ шақырып, ту көтеріп, әртүрлі дәрежеде, әрбір аймақта өткізілген атаулы мерекелер –  бәр-бәрісі бір-ақ той – Алаш жұрты аңсап жеткен Тәуелсіздік тойы болатын. Міне, осы қатардағы, елдің елдігін танытатын, аруақты тірілтіп, абыройды көтеретін, өткеннің кемтігін толтырып, жаңаның жобасын  нұсқайтын ұлы тойлардың бірі, бірі емес, бірегейі Абай тойы болуға тиіс еді.

 

1

Абайдың 150 жылдық тойына алдынала ерекше көңіл бөлінуі, нақты бағыт-бағдар, ұйымдастыру шаралары – ақынның ұлылығына ғана бас ұру емес, алыс жұрттарға халқымыздың ақыл-парасатын таныту, елдің елдігін әйгілеу мақсатынан туындаса керек. Әлбетте, Атамыздың ерек бітіміне дау жоқ, бірақ әділін айту керек, Абай тойының аса биік өреде өтуіне жол ашылды: нақтылап айтқанда, мерекелік шаралар ЮНЕСКО қамқорлығының аясында атқарылатын болды, шет елдерде, оның ішінде: ежелгі мәдениет ордасы Қытай Халық Республикасында – оның астанасы Бежінде, Еуропадағы жаңа мәдениеттің ошағы Францияда – оның астанасы Парижде, бір туған бауырымыз Түрік елінде – оның ұйтқысы Ыстамбұл мен астанасы Анкарадан бастап, үлкен кент Ізмір мен шағын шаһар Салихлиге дейінгі қаншама жерде, – Батыс, Шығыс және Орта Шығыстағы осы үш ұлы мемлекетте кеңінен тойланумен қатар, ұлысымызбен дипломатиялық қатынасы бар, достық пейілдегі тағы қаншама жұртта атап өтуге жол ашылды; Жидебайдағы Абайдың басына қазақта болмаған күмбез тұрғызу үшін қыруар қаржы бөлінді, Алматыдағы салтанат, Семейдегі той, Шыңғыстаудағы ас өз алдына. Мерекелі мекенге баратын жол, ауылға және той алаңына қатысты әртүрлі тұрмыстық мәселелер мен басқадай да ділгір шаруалар – бәрі ақшаға тіреледі. Шет елдерден қазақ мәдениетіне, қазақ қауымына қатысы бар жүздеген мейман келуге тиіс. Оның сыртында Абай шығармаларын әлем тілдеріне тәржімалау, түпнұсқада жаңа басылымдарын жүзеге асыру, зерттеу, тану... Қаншама жұмыс. Көптігіне – көлемін, оған қиындығын қосыңыз.

Той барысында осы қыруар істің ешқайсысы ұмыт қалған жоқ. Оның үстіне, барлық жағдай жасалған, тек мүмкіндікті пайдалана біл. Біздің іс басындағы шенеуніктер әулеті бәрін де атқарды, бірақ қалай? Бәрін де пайдаланды – қайтіп, неменеге? Рас, той өтті, дабырасы ғарышқа жетті – сол беті мұнарға сіңіп кетті ме, артында қандай із, қандай тағылым, үлгі қалды? Абай болашағын ойлап: “Қалың елім, қазағым, қайран жұртым!...” –  деп күңірене толғаған жұрты, “Біріңді, қазақ, бірің дос, – Көрмесең, істің бәрі бос!” – деп өсиет айтқан халқы қандай жағдайда екен, сол замандағы “өңшең қырт, бас қаңғырттар” не күйде, “асқа, тойға баратұғын” қауымның көңіл ауаны қандай? “Ояз шықты, сияз бар!..” – деп алқынып, қапылып жүрген, “лау деп, үй деп дікілдеп” қамшы үйірген атшабардан тұқым қалды ма? Қыран құстың алдына күйкентай мен қарғаны салатын  күпілдектер әлі бар ма? “Бас-басына  би болған өңкей қиқым” ұлы тойдың берекесін кетірген жоқ па? Өз заманы үшін ғана емес, бүгінгі күн үшін де даналығы мен ұлықтығы жұмбақ болып отырған Абай бұл сауалдардың бәріне жауапты өткен ғасырда айтып кеткен. Біз тек қайталап қана шығамыз. Соның өзіне шама жетсе. Шет жағалап қана айтамыз. Соның өзіне “болыс-екем” қитығып жүрмесе. Бірақ амал жоқ, айтуға тура келеді. Абай атамның біз жетпесек те, бүгінгі балаларымыз жететін, келер ұрпақ көретін 200 жылдық тойы қарсаңында қаперге алынар деген үмітпен.

Біз Кімді, Нені, Кім үшін, Не үшін тойладық – ең әуелі осы жағын байыптауымыз ләзім. Әлбетте, тойдың ең басты тұғыры – Абай мұрасы. Тойға қатысты барлық іс – осы Ұлы мұрадан бастау алса керек еді. Ең үлкен мақсат – осы Мұраны қастерлеп, алдымен қазақ арасына тарату, тереңдей түсінуге мүмкіндік жасау, одан соң шет жұрттарға шығару, жан-жаққа танылуына жол ашу – түптеп келгенде, қазаққа өзінің Ірілігін әйгілеп, алыс-жақын ағайынға Абайы бар елдің Аруақты екенін көрсету болса керек еді. Абай атымен өтетін ұлттық мереке біздің қайта туған халқымыздың мерейін көтеріп, жаңа мемлекетіміздің рухани өрісін кеңейтуге, тарихымызды танытып, елдігімізді әйгілеуге тиіс еді. Бұдан соңғы мәнді іс – ақынның басына дүрбе тұрғызу, атаулы музейін ашу, елдің әр тарабындағы үлкен қалаларда еңселі ескерткіштер орнату болса керек-ті. Ал Шың­ғыстаудағы үлкен Ас – үшінші қатардағы мәселе, жалпыхалықтық мерекенің қорытынды түйіні ғана. Әлбетте, Абай Асы – біздің ұлттық сыпатымызды, сән-салтанат, озық дәстүрлерімізді шет жұрттық меймандарға танытып, дидар таспасына түсіріліп, әлемге таралатын, бүгінгі ұрпаққа үлгі, келер ұрпаққа өнеге ретінде ұсынылатын өзгеше бір рәсім болса керек еді. Төмендегі орындаушылар той өткен соң бәрі де ойдағыдай болды деп мағлұмат бергеніне тағы да күмән жоқ. Ал халықтың көзі бар. Санасы да, сезімі де бар. Соның бәрінен ұяты күштірек екен. Әлгі бір анекдоттағыдай: “ұқсауын ұқсайды, айтуға болмайды”. Мен қаншама жұртпен жүздескенде, республиканың әр тарабындағы, әртүрлі қызмет, дәрежедегі қаншама азаматпен сөйлескенде, Абай тойына риза болған бір кісі көрмедім. Бірақ бәрі де, қайтеміз енді, солай болды, өкпемізді айтсақ, өзімізге айтайық, әйтеуір Атамыздың аты дабылдап жатты ғой, ананы-мынаны тергіштей берсек, аруаққа шет болар деседі. Республикалық баспасөз де тойды мадақтап, таңдай қаққаннан аса алмады. Ұят үстіне парыз қосылды ғой деймін. Ол парыз, біздің редактор ағайын­дардың совет заманында қалыптасқан ұғымынша, бәрін боямалау дегенге саяды. Ал шын парыз – ақиқатын айту. Сонда ғана ар – таза, аруақ – риза болады.

 

2

Абай тойы шет елдерде басталды. Тәуелсіздік арқасы. Бұдан бұрын, жарым дүниені уысында ұстаған, Кремльдегі түшкірік әлемнің екінші бір шетіне  күркіреп жететін Совет заманының өзінде, қандай дәрежедегі болмасын қазақ қайраткерінің мерейлі күндері сырт аймақта аталып көрген емес. Енді ұлы ақынның тұғырлы мерекесі халықаралық мәдени-қоғамдық ұйым ЮНЕСКО шеңберінде ілтипатқа алынып, Шығыстағы үш мың жылдық цивилизация ошағы Қытайда, Еуропаның жаңа мәдениет ордасы Францияда, бірге туған бауыр, түрік әлемінің ұйтқысы Түркияда, сонымен қатар, қазақ диаспорасы, қазақ елшілігі бар тағы қаншама елде кеңінен аталып өтуі – Абайдың ұлылығына ғана тағзым емес, сол Абайды туғызған халыққа ықылас, ең бастысы – тәуелсіз жаңа республикаға деген құрмет белгісі болатын. Яғни, шет елдердегі Абай күндері ұлы ақынды насихаттау аясында қазақ елін, қазақ халқын, оның рухани қуаты мен өрелі ақыл-ойын да таныту, ұғып-білу жолына септесуге тиіс еді. Өте ауқымды әрі қиын шаруа.

Ұлан-ғайыр асқа мемлекеттік  мән берілген себепті, бұл істің ұйымдастырылуы, жөн-жобасы, сандық көрсеткіші ойдағыдай болды деп атап көрсету қажет. Қыруар қаржы шығарылды.  Шығыстағы көрші де, Батыстағы ағайын да, Түстіктегі туыс та ел есігін айқара ашты, оң пейілін, ақ ниетін көрсетті. Мәдениет министрлігі ме, басқадай мәртебелі мекемелер де, әйтеуір құдай беріп, бар билікті көтеріп алған шенеуніктер қауымы да, былыққан әлдебір оқу орынының абитуриенттер қабылдайтын кездегі емтихан комиссиясы сияқты, апыр-жұпыр болды. Нәтижесінде... дабыры мол, даңқы кем, айқайы бар, абыройы жоқ, жүгірісі көп, жөргемі аз... өзгеше бір құбылыс өріс алды. Арнайы делегация мәртебесімен қазақтың көк туы астында алыс шет елдерге қарай лек-легімен қаптай ұшқан кісілеріміздің жүзден тоқсан сегізі не Абайға, не қазаққа ешқандай қатысы жоқ, сейілқор, бейсауат ағайындар еді. Біреудің құдасы, біреудің жекжаты, енді біреудің сыбайласы, немесе ашына, ойнасы... Ұлы астаналар, шет жұртта, – ресми жиын, бейресми кездесу кезінде, той иесі ұлы ақынымыз туралы екі ауыз сөздің басын қосып айта алатын, есі дұрыс кісі табылмаған жағдайлар болыпты. Мәселен, Бежін сапарында. Жазушылар одағының, амалсыздан тізімге қосылған жалғыз өкілі (және әкімшілік тарабындағы – бір, үлкендермен туыстас тағы екі кісі) болмаса, қаламгер аталатын қауым бұл салқар шеруден қасақана, саналы түрде шетқақпай қалған еді. Неге десеңіз... Іс басында отырған шенеуніктер бұл тойдың тұрғысы – алыпсатар саудагер емес, жемқор алпауыт емес, пәленше-екемнің жиен, нағашысы емес, Ақын екенін, ол Ақынның аты Абай екенін, бұл мерекеге ең алдымен қазақ зиялысы, оның ішінде Абайдың қаламгерлік жолын ұстанған рухани балаларының да қатысы барын ұмытып кетіпті. Керек десеңіз, Семей, Абай ауданында өтетін салтанатқа да, рас, тақыр-таза емес, бірді-екілі басшы қаламгерлер ғана жіберілмек екен, Жазушылар одағының Абай атына арналған племумындағы айқайдан соң тізім кеңейіп, тағы біраз мүскінге кеңшілік жасалыпты… Абай тойы, әсіресе оның шет елдердегі көріністері – ұлттың абырой-намысына қатысты, мемлекеттік мәні бар іс екенін пайымдайтын зерде, зерде емес, саңылау, сызық атымен жоқ, тым құрса, кәдімгі жабайы түйсік болсайшы. Қу бастан қуырдақ  дәмететін, өңештен өткен қара тастың өзін қорытып жіберетін, алушы табылса, екі теңгеге әкесінің қурап қалған сүйегін де сатып жіберетін бүгінгі әкімшілік Абай тойын да жемдорбаға айналдырды. Бес жыл бойғы дайындық кезінде, тұтас алты айға созылған мереке үстінде Той қорына қаншама миллион қаржы түсті, бұл миллиондар қандай мақсатқа, қалай жұмсалды – ол жағына есебіміз жетпейді. Тек шет елдік сапарлардың өзін ғана сырттай байыптап қарағанда, кешегі советтік заманның көзі тірі мұрагері – шенеуніктер әулетінің бүгінгі жасап отырған тіршілігінің сыр-сыпаты анық аңғарылады. Абай күндерін Бежінде, Парижде, Ыстамбұлда және басқа да шет жұрттық мәдениет ошақтарында өткізу мақсаты неге саяды? Нешінші рет айтасыз, осындай да сұрақ бола ма екен дерсіз. Мақсат айқын – Абайды таныту, Абай арқылы Қазақты таныту, Қазақ арқылы бүгінгі тәуелсіз республиканы таныту дерсіз. Тіпті де олай емес екен. Абай тойы – перде ғана. Негізгі мақсат – Дүние бетін беріп тұрғанда барып қалу, көріп қалу... керіп қалу. Сондықтан да шет елдердегі Абай күндері ақын мерекесі, мәдениет мерекесі емес, шенеуніктер шеруіне айналды (Мен осы мақаланың алғашқы нұсқасында бұл сорақы, ұятты жағдаят туралы таратыңқырап жазған едім, баспаға өткізер ең соңғы сәтте, тым ұсақтап кетпейін деп, іркіп қалғам. Бұл қалыс үзіктер біржола жойылмай, Алматыдағы архивімде жатса керек. Сірә, қайта көтеріп қажеті де болмас. Алайда, кейінгі жұрттың жады үшін, осы былықты шеруге ұйытқы болған екі сабаздың есім-жөндерін айта кету парыз сияқты: сол замандағы Мәдениет министрі Талғат Мамашев пен Баспасөз министрі Қуаныш Сұлтанов… – 16.VI.2019.).

Абай тойын ата-баба аруағын көтеретін, ұлттың рухын тірілтетін, республиканың әдеби, мәдени өрісін кеңейтетін қайталанбас мүмкіндік, айрықша құбылыс емес, кәдімгі, атқорадағы жем құйылған түпсіз астау деп қарағанымыз тек Ыстамбұл, Бежін, Париж ғана емес, басқа шет аймақтардағы мерекелік салтанатқа көзқарастан да айқын танылды. Мұның ең үздік мысалы – Астраханьдағы тойға қатысымыз.

Еділдің бергі бетінде, ежелгі Алтын Орда ұйығында іргесі бүтін қалың қазақ отыр. Ежелгі астанамыз Сарай қаласының орны бар; өзі жоғалса да, ізі қалған, ұрпағы үзілмеген тағы қаншама қонысымыз тұр, ұлы күйшіміз Құрманғазының сүйегі де осы жерде. Бұл облыстағы қазақ екі ауданда жалпы халықтың тең жарымын, тағы екі ауданда қомақты бөлігін құрайды, ұзын саны жүз қырық мың. Бас көтерген ұлдары, билікке жеткен азаматы бар бір қауым ел. Осы, ата-мекен жұртында отырса да, Ресей шегінде қалған, бергі бетпен байланысын үзбеген, ниеті оң, жүрегі таза жұрт енді Атамыздың тойы болады деп әбігерге түседі ғой. Облыстық әкімшілік алдына мәселе қояды, қаншама қаражат бөлгізіп алады, өз орталарындағы іскер, дәулетті жігіттер арнайы пұл шығарады, тиесілі мерекелік шаралардың бәрін атқарып, жайқын Еділдің жағасында бұрын бұл өңірде болмаған дүбірлі той өткізуге мүмкіндік алады, іргедегі ұлы Отан – Қазақстаннан келуге тиіс мәртебелі делегацияға қымбат тарту-таралғы әзірлейді. Міне, осы жағдайдан бейхабар, яғни, тойдың болмағын емес, бермегін білмеген біздің жұрт ал кеп кергісін. Аналар арнайы кісі жібереді, хат әкеледі, мұндағылар босаға аузынан әрең қабылдайды, ерін ұшымен сөйлеп, дүдәмалмен шығарып салады. Той мезгілі тақағанда андағылар үсті-үстіне қатынас жазады, телеграмма салады – жым-жырт. Қайта-қайта телефон шалады – қабылдау бөлмесіндегі дәнекерші қыздан аспайды, асса – шенеунігімнің уақыты тығыз, жұмысы көп, адамша сөйлеспейді. Ақыры, той иелері Астрахань әкімшілігінің әлдеқалай төтенше жағдайда Мәскеуге, Кремльдің өзіне тура шығатын бірдеңе деген үкімет телефонымен біздің Үлкен үйге түседі ғой. Біздің бүгінгі ЦК-да әлі отырған баяғы ЦК-ның жауапты қызметкері ашу шақырыпты. Қақылдап қоймадыңдар ғой дейді. Ал, бармаймыз, не қыласың дейді. Мен үшін той өткізбе дейді. Бұлданба, әрмен кет дейді. Мен осы әңгімені Хажы-Тархандағы ағайындардың өз аузынан естідім. Сәтінде айтар сөз таппаған едім. Қазір ойлаймын. Әттеген-ай, бар қате сол ағайындардың өзінде жатыр ғой. Келген қонаққа тәбәрік ретінде күміс аяқ, алтын қасық тартамыз десе ғой, біздің ЦК-дағы кердең шенеуніктер ”Мен барам, мен барам!“ – деп, таласа-тармаса ұмтылатын еді. ”Білмеген – у ішеді“ – деген осы. Бұл – екі жаққа да қатысты сөз. Әйткенмен, той иелері екі мәрте у ішкен. Біріншісінде, адал ас, ақ пейіліне, аңсаған қызығына сай қонақ келтіре алмай пұшайман болса, екіншісінде облыстық әкімшілік, аймақтағы, қазақ емес қалған қауым алдында жерге қараған. Сонша дүрілдегенде Қазақстаннан атаулы делегация келмеуі қалай деген сөз – сұрақ түрінде айтылмаса да, көңілде тұрған; досқа таба, дұшпанға күлкі дейді мұндайды. Қапиядан жол тапқыш жұртымыз Алматыдағы қазақ қауымдастығынан барған екі кісіні алға тарта берсе керек. Екеуі де жақсы кісі.  Жиында көсіліп сөйлей алмаса да. Өйткені... Абайды жақсы білетіні – орысша білмейді  екен,  ал орысша жақсы білетініні Абайды білмейді екен...

Десе де, Хажы Тархандағы Абай ұрпағы кеуделі. Қызық та, мерей де өздерінде. Дәл өздеріндей жүз қырық мың қалмақ іргелі елміз, дербес республикамыз деп отырғанда, ежелгі иелігін сақтаған алаш ұлы неге еңсесін түсірсін. Еділдің жағасына ақшаңқан киіз үйлер тігілген, Хажы-Тархан өңірі ғана емес, ұлы дарияның басынан, арғы, бергі бетінен қаншама қазақ жиналған, ат шапқан, балуан күрескен, теңге алысып, қыз қуысқан; сырттан тамаша­лаған, тойлы ауылды көріп, мұндағы қазақтың мерей-салтанатына сұқтанған, дастарқанға отырып, дәм татқан орыс пен татар, ноғай мен қалмақ, қондырау мен қарағас жаңа бір әлем ашқандай қайран қалған; бұдан бес жүз жыл бұрын құлаған Алтын Орда заманының рухы қайта тіріліп, ұлан-асыр бір мереке болған! Мен Абай күндеріндегі ең елеулі оқиғалар қатарында осы Еділ – Хажы-Тархан тойын атар едім.

Ресей шегінде қалған бәсіре мекеніміз Орынбор мен Омбыда өткізілген мерекелік шаралар, ежелгі түрік қонысы, бүгінгі қазақ өлкесі Баян-Өлгийдегі той мен салтанат та осы аймақтарда отырған қазақ қауымының еңсесін көтеріп тастаса керек, көршілес, қолтықтас жұрттарға артта үлкен ел жатқанын әйгілесе керек. Біраз жұрт базар аралап, палау жеп қайтқан Өзбекстандағы күндер, біраз жұрт майлы қабырға сыдырып, бозаға тойып қайтқан Қырғызстандағы мерекелік шаралар да Абай тұлғасына, қазақ мерейіне қызмет еткені күмәнсіз. Қаншама шет жұрттағы қазақ елшіліктері ұйымдастырған Абай күндері де өткенімізді әйгілеп, бүгінімізді танытуға үлес қосты. Керек десеңіз, шенеуніктер шеруіне айналған Париж, Бежін, Ыстамбұл-Анкара-Ізмір сапарларының өзі айрықша мәнді. Сырттай қарағанда бәрі де тамаша көрінсе керек. Қазақтың атын шығарса керек. Абайдың 150 жылдық мерекесі пәлен де түген елдерде өткен деп тарихқа жазылса керек. Бәрі де рас. Шүкір, тәуба. Бәрі жақсы. Абайдың аты дабылдады, қазақтың аруағы шалқыды. Жан тебірентер, қайталанбас оқиға. Десе де, іш ашиды – мүмкіндік мол еді, соның ұқсатымы аз болды. Ұқсатты, тек басқа тарапқа. Мәртебе Абайдікі, мерей Қазақтікі, ал қуаныш, абырой жалпы жұртқа тиесілі болды десек, игілік, нәпақа – шенеуніктер үлесінде кетті. Ішті-жеді, шашты-төкті, ұрлады-жырлады. Алда тұрған 100 жылдық – Мұхтар Әуезов тойы да осы үлгімен кетеріне күмән жоқ. Абай түзете алмаған арам мен сұмды біз түзете алмаймыз. Айтсақ – арылу ғана. Қағазға жазған сөз өшпеуші еді – Атамның 200 жылдық тойында кәдеге жарамаса да, еске алынар деп жазып отырмыз.

 

3

Абай тойы дегенде, астана Алматыдағы салтанат айрықша болды. Және той қорытындысында, бұдан соңғы ақпарат пен безбенде атаусыз қалған да осы Алматы тойы. Астана байтақтағы мереке бастан-аяқ ақылды ұйымдастырылды, сәнді өтті, ауқымды болды, нәтижесінде бүкілхалықтық думанға айналды.

Алматыдағы той ақындар сайысынан басталды. Аты – бұрынғы, заты – бүгінгі, өнер арзандаған заманда айрықша өріс тауып отырған, не ән-әуені жоқ, не мән-мағынасы жоқ, әридай мен әләулайдан құралған, татымсыз өлеңшілердің шалағай сөз қағысы емес, нағыз жыр жарысы. Ежелгі шығыс үлгісіндегі мүшәйра. Елімізге танымал үлкенді-кішілі ақын түгел қатысса керек. Бәйге алған өлеңдер артынан басылып та шықты. Жаманы жоқ. Бәрі де жақсы. Сонымен қатар, Абай атына, Абай тойына лайықты, өзгеше жыр тумағанын де мойындаған жөн. Әлде, басқаша ұйымдастыру керек пе еді. Жақсы өлеңнің көбі сыртта қалды, іріктеуден өтпеді деседі. Бұл – өкпе шығар. Бірақ қазылар алқасы ақындардан емес, әдебиетші (сыншы, ғалым) мен прозашылардан құрылғаны жөн бе еді деп ойлайсыз. Жасырын болды, жабық болды деген – бос сөз. Әмәнда, қазақ араласқан істе құпия болмайды. Ақсақалды ағаңыз бәйгеге қол созып отырса, жасы кіші баланың алдында қалай жығып бересіз. Сірә, бәйгенің ашық болғаны жөн еді. Және бір күн емес, екі-үш күнге созылса. Оған көп қаражат та шықпайды. Өлеңшілердің шәлдірік айтысы тура бір жылға созылды ғой. Солардың біреуінің ғана алған бәйгесі ”қатардағы“ қырық ақынға бөліп беруге жарайтын еді. Осы орайда, мүшәйраның бас жүлдесіне автомобиль тігілгенін артық көргендер болды. Бұл да өресіздік белгісі, өнердің қадыры кеткендігінің көрінісі. Баяғыда Орынбай, Жанақ, Шөжелер жалғыз өлеңінің төлеміне үйірлі жылқы айдаған. Мұсылмандық шығыста дорбасымен алтын, мал-басымен қоныс алған. Әлбетте, өлең бәйгесінде маңдайы жарылған ақын “Абай тойында озды” деген, мөр басылып    куәландырған бір жапырақ қатырма қағаз алса да мәртебелі болар еді, риза болар еді. Бірақ әләулай мен әридайға шашылған мал төрт тармағы тең жорға өлеңге неге бұйырмауы керек. Бар парық малмен есептелсе, мүшәйраға әлденеше машина тігілуі қажет болады. Абайдың “Сегіз аяғының” құнын тұтас автопарк өтей алмайды. Мәселе бүгінгі өлеңнің сапалы болуында, соған орай таңдаудан өтіп, марапат жасалуында.

Ендігі бір ұлағатты іс – Ұлттық академияда өткізілген ғылым мерекесі – халықаралық кеңес. Бұл жиынның мәні – шет елдік оқымыстылардың Абай туралы толғамдарында жатыр. Кім келді, кім қалды деп түгендемейік, сол болған ағайындардың өзінің сөзінен көп жай аңғарылса керек. Бірер ғана мысал.

“Абай – қазақ халқының рухани көсемі. Ол – Түркиядағы түріктердің де ұлы перзенті”, – дейді белгілі қоғам қайраткері Намық Кәмал Зейбек. “Абай – Батыс пен Шығыс аралығындағы алтын көпір болды”, – дейді атақты ғалым, алмандық отандасымыз Баймырза Хайыт. Абайдың ұлылығы, қазақ сөз өнерінің биік деңгейі, бағдар-болашағы осындай сөздерден танылады. Өкінішке қарай, бұл кеңесте жасалған баяндамалар мен айтылған сөздер өз кезінде де, соңында да жарыққа, жарияға шықпады. Осы беті қалса, желге ұшқаны, өтпеген, болмаған есепті.

Тойдың ең бір мерейлі, жүрек лүпілдеген, көңіл шалқыған күні – 8- тамыз, Алматы, Абай даңғылы бойындағы салтанат деп білем. Астананы қақ жарып өтетін бас көше алдын ала күрделі жөндеуден өткізілді, жаңғырды, екі өңіріндегі ағашына дейін мерекелік түрге енді. Той мезгілінен бірер күн бұрын қасқа даңғылда дарылдақ жүріс тоқталды, бұлың-бұлыңда, кең алаңқайларда қатар-қатарымен, топ-тобымен ақшаңқан киіз үйлер тігілді: астана таза қазақы кейіпке түскен еді. Мерекелік шеру Республика сарайы, Абай ескерткіші түбінен басталды. Үкіленген қара нар маң-маң басып, құйрық-жалы сүзілген арғымақтар ойқастап, ұлы ақынның өз кейпіндегі, ол ғұмыр кешкен замандағы игі жақсылар суретіндегі ақсақал-қарасақал, сән қуған қыз-бозбала, қазаққа етене еуропалық зиялылар, жұртты жарыққа үндеген қазақ ағартушылары – арнайы жабдықталған жайдақ арбаларда баяу жылжыған ұлы шеру – Абай заманының театрланған, ұбақ-шұбақ сәнді көші – Абайдың ұлылығын, Абайды туғызған халықтың дарқан­дығын, Абайдың бүгінгі ұрпағының болмыс-бітімін, бағдар-болашағын айғақтаған тірі сурет, асқақ жыр сияқты болды. Абай ескерткіші мен Әуезов ескерткіші аралығында, шығыстан батысқа, батыстан шығысқа әлденеше мәрте шеру тартқан  көш салтанаты – үлкен мерекенің бір ғана көрінісі. Ұлы даңғыл бойына тігілген киіз үйлерде қазақы қонақасылар беріліп, ағайын-туған жұрт өзара қауқылдасып жатса, айрықша безендірілген ашық алаңдарда жамиғатқа арналған ойын-сауық дүрілдеп, қазақы ән мен күй аспанға шықты; ең ғажабы – осыншама қызыққа, сән-салтанатқа мейірленген бала-шаға, үлкенді-кішілі  мың сан жұрттың көңіл ауаны, жайдарман жүрісі, көтеріңкі рухы болатын. Абай даңғылындағы салтанатқа куәгер болған әрбір қазақ Абайдың ұлылығын ғана танып қойған жоқ, өзінің ірілігін де пайымдағандай еді. Сәскеден түн ортасына дейін созылған ұлы мерекеде жұртымыз ішпей-жемей мас болды, қызыққа тоймады, тәуелсіздік нәтижесін көзімен көрді, ал жас балалар енді елу жылдан соң болатын 200 жылдық ұлы тойда естелік айтатындай ұлағатты көрініс, өзгеше үлгіні көкірегіне түйді.

Абай тойының ең үлкен ресми салтанаты – 9-тамыз күні Республика сарайында өткерілген мерекелік кешке жиырма бес елдің арнайы өкілдері қатысыпты, бұлардың ішінде біраз жұрттың мансабы зор мемлекет қайраткерлері және қандас республикалардың бірінші басшылары бар. Абай туралы ел атынан  Республика президенті Нұрсұлтан  Назарбаев баяндама жасады, бүкіл дүние мәдени қауымдастығы атынан ЮНЕСКО-ның бас төрағасы Федерико Майор мырза сөз сөйледі. Тәуелсіз, жаңа республикаға, ұлт кемеңгерінің тойына келген тілектес шет жұрт өкілдері, кеуделі ел ағалары оң пейілдерін білдірді. Абай тойы – жай ғана атаулы мереке емес, қазақ рухының, қазақ еркіндігінің мерей-салтанатына айналды. Жиын өнер  шеберлерінің концертіне ұласты, кешіне шет елдік мәртебелі меймандар мен өз жұртымыздың игі жақсыларының  басы  қосылған, мол дастарқанды, ойын-сауықты, арнайы қонақасы атқарылды.

Осымен-ақ тоқтауға болар еді. Бірақ біз тоқтамаймыз. Біз – қазақпыз. Өткеннің бәрі – кіріспе ғана. Отыз күн ойын. Енді қырық күн тойымыз бар. Ас бар, бәйге бар, күрес бар, сайыс бар... Тәуба, мың жыл бойы осылай тойлап келеміз, мың жыл бойы тойлай береміз. Тәуба, біз – қазақпыз. Дәп солай жасамасақ, кәпір болып кетеміз. Атамыз қалдырған дәстүр, салт осындай.

Ертеңіне той жаңа басталды, бар қызық алда деп Семейге – Шыңғыстауға қарай үдере аттандық.

 

4

Мекеге жол шеккен мұсылманда Қағбаға тәуап етуден басқа қандай мұрат бар – Абайды қадір тұтқан, 150 жылдық тойға аттанған қазақта Жидебай топырағын басудан бөтен қандай тілек болуы мүмкін?! Қаны бар қазақ үшін Абай тойын көрдім деген сөздің өзі мақтаныш, мәртебе емес пе! Айлап жүрген жоқ, түйеге мінген жоқ, аптапқа күйген жоқ, қарақшы бәдәуилердің шапқынына ұшы­рамады – шар тараптан құйылып, астана Алматыда тоғысқан, мұндағы қызыққа тоймай, думанды Семейде жалғастырған, енді ұлы ақынның кіндік топырағына бет бұрған мың сан жұрт Шыңғыстауға, Қарауылтөбенің ығындағы Мереке байтағына төгілді. Ғажап көрініс! Шет елдік мәртебелі мейманға дүниенің сән-сәулетін түгел көрсе де, кең далада күн кешкен бұла халықтың бүгінгі емес, кешегі тұрмыс-тіршілігі, әдет-салты таңсық. Сол тіршілік, өзгеше өмір кейпі дәл бүгінгі күні қайта тіріліп, қарсы алдынан шыққанда Батыс пен Шығыс, кәпір мен мұсылман  түгел сұқтанғаны күмәнсіз. Абай ауылында, Қарауылтөбе түбінде кең жазыққа қаз-қатар тізіліп, текшелене үйірілген бір мыңнан астам ақбоз орда тігіліпті. Айдынды, сәнді. Мерекелі, сәулетті. Жат жұртты таңырқатса, қараған қазақтың көзіне жас келердей. Еліңнің кешегі дарқан күнінің жоралғысы, ертеңгі ұлттық болмысыңның нақты елесі. Мейірленбес жөнің жоқ.

Сәскеге таман Жидебайда Ақынның аруағына тағзым рәсімі өткерілді. Қаншама қаржы шығарылып, қаншама күш жұмсалған қиындықпен Абайдың басына тұрғызылған мемориалдық кешен айдынды да әсем. Астында – амфитеатр, болашақта әлде музей, әлде кітапхана қызметін атқармақ орама қуыс, ұзын төрт  бұрышты жайпақ төбешік түріндегі, биіктігі құрық бойы кең тұрғысы бар, үстіде – Маңғыстаудың ақ тасынан қырлап өрілген зәулім қос күмбез, үлкені – Абай, кішірегі – Шәкерім. Әлбетте, Абай – дара, күмбез де дара болуға тиіс еді, халқымыздың мың жылдық ұлттық сәулетшілік дәстүрі бар, Әзірет-Сұлтан тұр, Жошы хан, Алаша хан тұр, шешім таза ұлттық, мұсылмандық тұрғыда болуға тиіс еді, оның бәрін Алаштың санасы жарқырап ашылатын келер заманға – Абайдың 250 жылдық, немесе 300 жылдық тойының үлесіне қалдырайық, әзірше осының өзіне тәуба дейік,  ризашылық білдіріп, қанағат жасайық, аяз бен аптапқа қарамай, көлденең кесел, бөгесінге мойымай, қолдарындағы шалағай сызба қағазды нақты көрініске айналдырған бас шебер Сайын Тоқтамысқа алла разы болсын айтайық, біткен іске сыншы көп, барымызды бағалайық.

Абай кешенінің ашылу салтанатына арналған, ашық аспан астындағы ұлы жиынға Республика Президенті бастаған, алыс-жақыннан жеткен сан мың қазақ, шет жұрттардан арнайы келген жүздеген құрметті қонақ, ЮНЕСКО -ның бас төрағасы, Татарстан Президенті және басқа да биік мәртебелі меймандар қатынасты. Ең алдымен Абай рухына, Мұхамед пайғамбар, бүкіл мұсылман қауымының рухына бағышталған құран оқылды. Жүрек елжіреген тәуба мен мерейден соң Президент Нұрсұлтан Назарбаев арнайы сөз сөйледі, Абай тағылымы, ұлттық мұрат, бүгінгі бағдар турасында  айта келе, Ақын аруағына тағзым етіп:  “Ұлы Абайдың киелі мерейханасы – рухани қағбамыз алдында: баршамыздың игілігіміз бен бақытымыз жолында, ұлы ұстазым өсиет еткендей, ыстық қайрат, нұрлы  ақыл, жылы жүрекпен қызмет етуге серт беремін!“ – деді. Аталы сөз. Тек қаз-қалпында орнына келгей!

Бұл екі ортада кешен түбінде театрландырылған көріністер басталған еді. Бұдан соң Абай рухына үлкен-кіші, кәрі-жас, бала-шаға, – жалпы жұрттың жаппай тәуап етуі басталған. Ұлы Мұхаң жазған “Абай жолы” эпопеясының ең соңғы сөздері – “Абайдың жаңа бір ғұмырын  қабыл алып отырған Халық-Ата, Халық-Ана – осы еді“, – деген сөз еске түсті.

Бұл – 11-тамыз – ұлыстың ұлы күні, жұма, Алматы шеруінен бастап санасақ, жүз елу  жылдық ресми тойдың төртінші тәулігі еді.

Сол күні түскі сағат үште Қарауылтөбенің түбіне қатарласа тігілген 1200 киіз үйде неше мың сан адам дастарқанға отырған сәтте құран-хатым түсірілді, үлкен ас берілді. Күн бесінге ауғанда Қарауылтөбенің етегінде мерекелік ұлттық ойындар басталды. Қыз қуу, теңге алу, жиырма шақырымдық бәйге. Кеш гала-концертке ұласыпты.

12-тамыз – асқаралы астың соңғы күні балуан күрес болған, жорға жарысы және қазақтың ас пен тойының түйінді мәйегі – аламан бәйге өткізілген.

Той тарқады. Сонымен, ұлы Абайдың мың, – бір мың емес, сан мың жылдық ғұмырының алғашқы бөлігі – Қазақ тәуелсіздігімен межеленген 150 жылдық кезеңі аяқталды. Бір жарым ғасырлық бұл ұлан-асыр мерекеде Абай алаш ұлы болумен қатар, адамзат ұлы ретінде көрінді. Абай – әуелден-ақ ерекше жаратылған, қырық жасында әлемдік ой мен сананың биігіне, сыр мен сезімнің тереңіне жеткен; соны ұғып, түгендеп жатқанымыз – біздің айрықша зерденің емес, қирап отырғанда ғайыптан басқа қонған бақ – тәуелсіздіктің арқасы. Абай өзінің ұлылығымен қазақты танытты. Алаштың асып туған перзенті екен. Қандай құрметке де лайық екен. Сол Абайға біз лайық бола алдық па? Ұлт алдындағы, ұлы перзент алдындағы парызымызды ұғынып, қарызымызды өтей алдық па? Білімдар, қаламгер қауым қашанда игі тілек үстінде. Олардың бар қаруы – сөз. Бірақ сөздің құны кеткен заманда қаламгердің бағасы да көк тиын екен. Үй арасына да өтпей қалды. Ал той жабдығын атқарысқан үлкенді-кішілі әкім, ұлық, шенеунік атаулының бәрі демейік, жартысы, тіпті, ширегі демейік, тым құрса оннан бірі өзінің міндеті мен парызын білсе, бар пейілі емес, жарым пейілі ғана адалдық жағында тұрса, той өзінің қазақы, нағыз ұлттық өрелі межесіне жететін еді. Бар мүмкіндік – Абайдың, яғни Алаштың мүддесі мен мерейіне қызмет ететін еді. Мен Абай тойында кеткен қапылыстардың көпшілігін мұндағы Мәдениет министрлігі мен андағы облыстық әкімшілік деңгейінен басталатын дүмшелер мен дүлейлерден деп білем.

Абай тойы алаш жұртының елдігін, ежелгі салттан айрылмағанын танытты. Сонымен қатар, тіпті, кейінгі, советтік жетпіс жылдың өзінде қаяу түссе де, қақырап сөгілмеген, көлеңке шалса да, қатардан қалмаған көптеген әдет-дәстүрлеріміз – соңғы үш-төрт жыл орайында өрге шыққан, билікке жеткен, діні күмәнді, тілі мақау, оқуы теріс, білімі жаңсақ жаңа бір толқынның немқұрайды кердеңдігі, тіпті, жатырқауық жаулығы нәтижесінде аяқасты болып бара жатқанын көрдік. Бұл жағдай тойдың қонақ қабылдау, кісі сыйлау, сый-сияпат, таралғы-тарту сияқты ішкі сыпатынан ғана емес, ұлы мерекенің сыртқы тұрпатынан, барлық ұйымдастыру жұмысынан, ұлттық ойындар мен ат шабыстан, бәйге үлестен – ұлы дүбірдің бүкіл болмыс-бітісінен айқын аңғарылды. Егер осы беті кете берсе, ешқандай түзету жасалмаса, қазақтың ас пен тойы өзінің әуелдегі қасиетінен айрылып қана қоймайды, не қазақ емес, не орыс емес, не кәпір, не мұсылман емес, тасыр менмендік пен рабайсыз дарақылық жайлаған өзгеше қойыртпаққа, абыройсыз, әдеп-үлгісіз даңғыраққа айналмақ. Арада тағы біраз заман өткен соң: “Надан қазақтың мұндай ескі тойының керегі жоқ“, – дейміз де, біржола жабамыз. Кәпірлер еліндегі сияқты, Үлкен жиналыс пен жаппай ішіс қана қалады. Мәңгүрттер де риза, маскүнемдер де риза. Ең бастысы – ұлттың рухы жойылады. Әуел бастан керегі де осы болатын.

 

5

Ас пен тойдың дабырасы сауын айтудан, ал сән-салтанаты қонақ қабылдаудан басталады.

Сауын – алыс-жақын жұртқа той болмақ, ас өткерілмек жақсы хабарды білдіру, сол мерекеге сай мейман шақыру. Ұлы дүбір астардың жайы тура бір жыл бұрын мағ­лұмданған, қос-қос атпен шабуылдап, арнайы жаушылар жүрген. Қазіргі, қатынас құралдары жетілген, зымыран заманда біз үнемі кешеуілдеп қалатын болдық. Уақытында хабарланбаған себепті, Абай тойы ЮНЕСКО-ның іждағатына ілінбей қалыпты, ақыры ең жоғары дәрежедегі өтініш-тілек нәтижесінде санатқа қосылдық. Енді арада бір жылдан соң өткерілмек Жамбыл есімі – XX ғасырдың алып жыршысының тойы біз қанша дүрілдесек те, бұл тізімде жоқ; әлемге танылған Мұхтар Әуезовтің өзі ЮНЕСКО тізіміне Абай тойы күндерінде әрең ілінді. Бұл жерде мәселе біздің алыптардың түр-тұлғасында емес, әрмен мен гүржінің өз еліне еңбегі сіңген, сыртта онша танылмаған, біздің орта деңгейімізге жетер-жетпес қайраткері осы Халықаралық мәдени ұйым аясында құрметпен тойланып жатады, бар кілтипан біздің түске жақын ғана маңырайтын  қойдан қоңыр салғырттығымызда жатыр.

Сонымен, қандай да бір тізімге еніңіз, енбеңіз, – республикалық дәрежеде той өткізетін болған соң, алыс-жақын жерден тиесілі меймандарды шақыруға тура келеді. Бұл арада білік қана емес, намыс пен кісілік те керек болады екен.

Тәуба, Абай тойының биік дәрежесіне сай, шақырылған меймандардың мәртебе-мансабы өте жоғары болды. Әлемдік мәдени-рухани бірлестік ЮНЕСКО-ның бас төрағасы, Біріккен Ұлттар Ұйымы бас хатшысының арнайы өкілі, бауырлас, қандас, діндес  елдердің бірінші басшылары, алыс-жақын жұрттардың туын ұстаған ұлықтар. Бәрі де келді. Әзірбайжан Президенті, Қырғызстан Президенті, Татарстан Президенті, Өзбекстан... премьер-министрі, Башқұртстан вице-премьері, Түркия президентінің бас кеңесшісі, Иранның  Сыртқы істер министрі, Пәкстан Мемлекеттік министрі келді; осы орайда Татарстан Президентінің барлық нөкерлері, өз елінің әдебиет, мәдениет қайраткерлерімен бірге Шыңғыстауға,  Абайдың басына дейін барып қайтуы жаппай ризашылық туғызса, ата қуып келгенде ең жақын бауырымыз Өзбекстан Пр

Байланысты жаналықтар

Абай. Базарға, қарап тұрсам, әркім барар...

08.01.2021

Айдында жүзген ақ желкен

08.03.2021

Абай шығармалары әлемнің 10 тіліне аударылды

12.08.2020

Абай. Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман

06.01.2021

 Абайдың туған жылы мен күні туралы

11.04.2020

2 айға 20 миллион: Семей әкімдігі сюжетті қатты бағалайды

12.05.2021
MalimBlocks
Абай. Базарға, қарап тұрсам, әркім барар...

Айдында жүзген ақ желкен

Абай шығармалары әлемнің 10 тіліне аударылды

Абай. Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман

 Абайдың туған жылы мен күні туралы

2 айға 20 миллион: Семей әкімдігі сюжетті қатты бағалайды