Қазақстанда тағы бір клуб легионерлерден бас тартпақ

Семейдің «Елімай» футбол клубы қайта ұйымдастырылып, коммерциялық емес акционерлік қоғам (КЕАҚ) ретінде жұмысын жалғастырады, деп хабарлайды Malim.kz 1bol.kz-ке сілтеме жасап.
Клубтың баспасөз қызметі мәлімдегендей, қайта ұйымдастыру процесі клубтың өміріне кең ауқымды адамдардың қатысуына мүмкіндік береді. Яғни бұл дегеніміз, алдағы уақытта кез келген азамат – қарапайым тұрғыннан бастап ірі бизнес өкілдеріне дейін – клубтың акционері болып, оның болашағына жеке үлес қоса алады деген сөз.
«Мұндай тәсіл тек инвестиция тартуға ғана емес, сонымен қатар команда төңірегінде шынайы біріктірілген қауымдастық құруға септігін тигізеді», - деп мәлімдеді клубтың баспасөз қызметі.
Сонымен қатар жуық арада семейлік ұжымның құрамы біраз жаңаруы мүмкін. Бұл шешім қаржылық қиындықтарға және мемлекеттік бюджет есебінен легионерлерді қаржыландыруға тыйым салатын жаңа заңның күшіне енуіне байланысты қабылданған. Сол себепті Абай облысының клубы құрамды айтарлықтай «тазартуға» ниетті.
Өткен аптада-ақ «Елімай» румыниялық Эдуард Флорескумен және черногориялық Фейсал Муличпен қоштасқанын ресми түрде мәлімдеді. Құрамнан кетуі мүмкін ойыншылардың қатарында мына футболшылар да бар: Максим Коваль, Неманья Чаласан, Самуэль Одеоибо, Кевин Ролон, Никита Корзун, Давид Майком, Евгений Березкин, Роман Тугарев және Фессу Плака.
Қазіргі уақытта «Елімай» Қазақстан чемпионатының турнир кестесінде 11 турдан кейін 17 ұпаймен алтыншы орында тұр. Андрей Карпович баптайтын команданың еншісінде бес жеңіс, екі тең ойын және төрт жеңіліс бар. Келесі турда семейлік ұжым шымкенттік «Ордабасы» командасының алаңына қонаққа барады.
Фото: instagram.com/fc_elimai

Ең көп оқылған
