500-ге жуық дәрігер Тоқаевтан көмек сұрайды

  • 08.10.2020
  • Malim Админ

Алматы қаласындағы жедел жәрдемнің 2-станциясының қызметкерлері вируспен күресіп жатқан медициналық қызметкерлерге төленетін үстемақыны жеті айдан бері бірде-бір рет алмағанын мәлімдеді. Олар бүгін өткен баспасөз мәслихатында президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, өздеріне үсетемақы төлеуді сұрады.

Жедел жәрдемнің 2-станциясының фельдшері Эльвира Бадалбаева вируспен күресетін медициналық қызметкерлерге үстемақы төлеу туралы денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы наурызда шықса да, жеті айдан бері айлықтарына бір тиын қосылмағанын айтты.

"Алматыдағы жедел жәрдем станцияларында 4 мыңдай қызметкер жұмыс істейді. Оның 415-і үстемақы қосылатын топқа кіргізілмеді.  Олар фельдшерлер, кіші медициналық қызметкерлер, яғни санитарлық қызметкерлер және медициналық жәшіктерді дәрі-дәрмек, препараттармен толтыратын қызметкерлер. Біздер шақыртуға шықпайды, станцияда отырады деп қоспағанымен, сыртқа шығатын бригадалар станцияға қайтып келіп, бізге жұқтырды", - дейді Э.Бадалбаева.

Фельдшердің айтуынша,  мекемеде лас және таза аймақтарға бөлу тәрізді қарапайым сақтық шаралары жасалмаған.

"Мекеме лас және таза аймаққа бөлінбеді. Бригадалар сыртта шақыртуларға барып, ішке оралғанда сыртқа шықпайтын қызметкерлермен бір аймақта жүрді. Дәліз, тамақ ішетін жер бәрімізге ортақ болды. Санитарлық қызметкерлер жедел жәрдем көліктерін дезинфекциялап, бригада қызметкерлері киген киімді жуып жүрді. Осылайша бәріміз тәуекел тобында болдық", - дейді Э.Бадалбаева.

Осылайша жедел жәрдем станциясында індет өршіген. "28 қызметкерден коронавирус анықталды. Науқастармен 144 медициналық қызметкер байланыста болған. Бұрынғы бас дәрігер, қазіргі бас дәрігер, кәсіподаққа үстемақы төлеу мәселесін айттық. Ешкім көмектеспеді", - дейді Э.Бадалбаева.

Стацияда індет өршігенде жедел жәрдем қызметкерлері карантинге кеткен. Э.Бадалбаева карантин кезінде үстемақы тұрмақ, жалақы толық төленбей қалғанын айтты.

"Бізді сәуір айында карантинге жіберді. Сол уақытта екі ауысым ғана жұмыс істеді. Бес көлік қана қалды. Соның өзінде өтемақы төленбеді. Ол түгіл жалақыны толық алмадық. Егер біздерді вирус жұқтырған науқастармен жұмыс істемейміз, сол себепті үстемақы алатын топқа жатпайды десе, онда карантинге жібермеуі керек еді. Онда карантинге заңсыз жіберіп отыр", - дейді Э.Бадалбаева.

Осы станциядағы жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі, 43 жастағы азамат коронавируспен көз жұмған.  "Оның артында екі бала қалды. Медицина қызметкерінің отбасына төленетін өтемақы берілсін деп кәсіподаққа хат жаздық", - дейді Э.Бадалбаева.

Осы станцияның санитарлық қызметкері Тоғжан Жамұратова қала екі айға жабылғанда облыста тұратын үйін көрмей жұмыс істегенін жеткізді. "Екі айға қалада қалдық. Екі баланы жалғыз өздерін тастап кеттім, оларға қарайтын ешкім болмады. Жұмысты бірінші орынға қойдық", - дейді ол.

Екінші станциядағы жедел жәрдем қызметкерлерінің шын мәнінде қаншасы коронавирус жұқтырғанын анықтау қиын. Өйткені коронавирусты анықтайтын тест жазда үш айға жуық алынбапты. "ПТР тест болмады. Маусым айының басында бір алынды да, кейін тамыздың аяғында бір-ақ алынды", - дейді медбике Марина Лукашева.

М.Лукашева КТ-ға түскенде өкпесінде вирусты пневмония белгісі көрінгенін айтты. "ПТР тест болмаған соң, антиденелерге тест тапсырып көрдім. Ковидке қарсы антиденелер табылды. Жұмыста жүріп симптомсыз ауырыппын", - дейді ол.

415 қызметкердің атынан мәлімдеме жасаған жедел жәрдем қызметкерлері бұл мәселеге Тоқаевтың араласуын сұрап отыр.

Фото: Андрей Гришин, Қазақстандағы халықаралық адам құқықтары жөніндегі бюро

Байланысты жаналықтар

Жаңа экономикалық бағыт қалай іске асады?

19.09.2020

Пойыздан түсе салып карантинге жатты

22.04.2020

Ақтөбедегі митинг: Бір адамға бес полиция

07.06.2020

Сәресінің жеті берекесі. Неге сәресіні қалдырмаған дұрыс?

12.04.2021

Қызылордада нарызылық қызып тұр

15.04.2020

Симптомсыздарды неге бөлек есептейді?

08.06.2020