Тілді реформалау әліпби ауыстырудан басталады

Malim Админ

  • 18.02.2020

Тілге реформа жасау жазумен байланысты. Өйткені жазудың, жазба тілдің рөлі күшейгені соншалық оны жазу мен мәдениет, жазу мен тіл, жазу мен ұлт, жазу мен мемлекет, жазу мен әлеумет деген іргелі ұғымдар байланысында ұғынамыз.

Жазу мен сол тілдің құрылымын, ойлау жүйесін бір деп түсініп кеттік. Және солай әрекет жасап жүрміз де. Егер тілді құрал десек, жазу – сол құралдың құралы. Сондықтан ұлттар мәдениетінде тілді реформалаймыз деп жазуды реформалауды атайды. 1918ж. орыс жазуындағы реформа, 1929 жылғы түрік жазуындағы реформа, неміс жазуындағы 1901ж. және 1996-2005 жылғы реформалардың барлығы тілге жасалған.

Ал жазуды реформалау деген жазуды жеңіл, қарапайым, ықшам, оңтайлы ету дегенге саяды. Мысалы, біз араб жазуының Гаспыроғлы реформалаған жәдит түрімен жазып жүргенде, 20 ғасыр басында түркі халықтарының ішінде бірінші болып қазақтар, яғни А.Байтұрсынұлы тілге реформа жасады. Жәдит жазуымен жазылған қазақ тілінде түпнұсқаға жақын араб сөздері басым болды. Сөйлем құрылысы немесе сөз саптамы халық тілінен жырақта жатты. Фикир, факир, фәндә, мусафир деген сияқты сөздеріміз араб лексикасы болып танылатын.

Байтұрсынұлы қазақ тілінде айтылмайтын дыбыстардың әріптерін әліпбиден шығарып тастады да, жазу жүйесін сингармонизим заңына тіреді. Сөйтіп, әліпбиді өзгертті. 1913-1918 жылдары жарық көрген «Қазақ» газетінің алғашқы сандары мен кейінгі санындағы мақалаларды салыстырсақ,  қазақ тілі өзгеріп жатқанын көреміз. Тіл демократияланып, халықтың қолданысындағы тілді жаза бастадық. Сонда жазуға жасаған реформа тілді реформалап кеткенін білмей қалдық. Дәл сол сияқты 1940 ж.орыс әліпбиіне көшкенде әліпбимен қатар орыс тілінің сөзжасамын, сөз тіркестіру тәсілін, сөйлем құрылысын, орфоэпиясын орынсыз алып, терминдерін дәл орыс тіліндегі жазылуы мен айтылуын сақтап тілге астыртын реформа жасадық. Қазіргі біздің ана тілінен жеріген ұрпақ – сол реформаның жемісі.

Қазақ тілін қиын, күрделі тіл дегенді өзіміз айтып жүрміз. Күрделі болатыны тіліміздің ұлттық сөз саптамының үстіне біз калькалап сөйлеп, аударып айтып, қабаттастырып, сөзімізді ұзартып алғанбыз. Оңай, жеңіл, қысқа, нұсқа, дәл сөйлей алудан айырылғанбыз. Күрделі құрамды  сөйлеммен сөйлеуді шешендік деп қабылдаймыз.

Сондықтан қазақ тілінің қазіргі қасіретінен – артық тіркестерден, қосымшалардан, сөйлемдер мен мәнсіз қыстырынды конструкциялардан, бос сөздерден – тазалау, арылту тілдік реформаға жатады. Тілдік реформа тілді жеңіл, ықшам, шығынсыз, бірақ дәл, шебер пайдалану дегенге көшу әрекеттерін жасау. Артық тіркестер, қосымшалар, сөйлемдер мен мәнсіз қыстырынды конструкциялар мен бос сөздерді тілдік шығындар деп атауға болады. Бұл шығындар орыс тілінде жазылған ойды жолма-жол аударма жасаудан пайда болды және орысша ойлап қазақ тілінде жазудан шықты. Осы тілдік шығындардан түсініксіз мәтіндер көбейіп жатыр.

Қазір бұл мәтіндер мектеп оқулықтарына кірді. Бұл – өте қауіпті. Оқушы алдымен оқулықта берілген тапсырманы шешу үшін «тілді шешу керек!»

Мұндай «лабиринт» тілден, әрине, бала жиренеді! Мысалы, «Атамұра» баспасынан шыққан «Математика» оқулығындағы қазақ тілінен бала тұрмақ, өзің жиренесің (авторлары – Алдамұратова Т.А., Байшоланова Қ., Байшоланов Е.С.). Алғы сөзден басталған көптік жалғауының артық қолданысы мәтінді түсінуге кедергі келтіреді: «Бастауыш сыныптарда натурал сандарға амалдар қолдануды үйренгенсіңдер. Есептеулерде натурал сандардан өзге жай бөлшектер және ондық бөлешектер де қолданылады. 5-сыныпта жай бөлшектер мен ондық бөлшектерді пайдаланып, өрнектердің мәнін табуды, теңдеулер шешуді, процентке есептер шығаруды және т.с. үйренесіңдер» (3-бет). Мына сандарлы цифрлармен жазыңдар». «Көп қабатты үйдегі пәтердердің есіктері сыртындағы пәтер нөмірін көрсететін сан металдан жасалған цифрлардан құрастырылады. Егер осы үйде 120 пәтер болса, барлық пәтерлер нөмірін көрсететін сандар неше металл цифрлардан құрастырылады». (8 бет). Міне, ә дегенде басталатын осындай қате сөйлемдерден оқулық адымыңды аштырмайды. Авторлар – орыстілді немесе орыс тілінен аударып құрастырған немесе оқушының түсінігін ойламайтын, тілге салғырт қарайтын немқұрайлы замандастар.  Қазақ тіліндегі көптік жалғауы мен орыс тіліндегі көптік жалғауының мағыналары, қызметі мүлде басқа. Қазақ тіліндегі көптік жалғауы көбіне меңзеу, топтау, болжау мағыналарын беріп кетеді.

Ал мына сияқты үш сөйлемнің екеуі қате тұстар оқулықтың өн бойына тән: «Кітап 3-бетінен бастап 3 цифрымен нөмірленген. Кітаптың барлық беттері 1315 цифрымен нөмірленген. Кітапта неше бет бар?» (8 бет). Міне, тіліміздегі осындай ауруларды жас буын «ауру емес» деп қабылдап жатыр, қабылдауға мәжбүр. Өйткені оқулығы айтып тұр!

Қысқасы, қазақ тіліне реформа керек. Ол латын әліпбиіне көшу арқылы және өзге тілдің ықпалымен күрделенген, ауытқыған тілден бас тарту арқылы жүзеге асады.

Жеңіл, ықшам, оңтайлы жазу жасасақ – тілге реформа жасалғаны. Айтайын деген ойды басы артық элементтерсіз дәл, айқын, шығынсыз білдіруге көшсек, міне, осы қазақ тіліне жасалған реформа болады.

Құралай КҮДЕРИНОВА

А.Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институтының бас

ғылыми қызметкері, ф.ғ.д., профессор

Фото: abai.kz

Байланысты жаналықтар

Түркістан-Самарқан бағытында әуе рейсі ашылды

24.03.2024

Наурызнама: Бүгін - Тазару күні

23.03.2024

Туризм министрлігі мен Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы меморандумға қол қойды

22.03.2024

Наурыз-2024: Астанада бір тоннадан астам палау әзірленді

22.03.2024

Алматыда Наурыз мейрамы қалай өтіп жатыр

22.03.2024

Наурызнама: 22 наурыз – жыл басы

22.03.2024
MalimBlocks
Түркістан-Самарқан бағытында әуе рейсі ашылды

Наурызнама: Бүгін - Тазару күні

Туризм министрлігі мен Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы меморандумға қол қойды

Наурыз-2024: Астанада бір тоннадан астам палау әзірленді

Алматыда Наурыз мейрамы қалай өтіп жатыр

Наурызнама: 22 наурыз – жыл басы