Ядролық бағдарлама. G7 Иранмен келіссөзді жандандырмақ

«Жетілік тобы» елдері Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келісімге келу үшін келіссөздерді жандандыруға шақырды. Бұл ретте олар Тегеранды Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен (МАГАТЭ) жедел түрде ынтымақтастықты жаңғыртуға шақырды. Бұл туралы деп Kazinform-ға сілтеме жасап Malim.kz хабарлайды.
Канада, Франция, Германия, Италия, Жапония, Ұлыбритания мен АҚШ-тың сыртқы істер министрлері мен ЕО сыртқы істер жөніндегі жоғары өкілі «Иранда ешқашан ядролық қару болмайды» деген ұстанымын растап, Тегеранды уранды байытуды тоқтатуға шақырды, деп жазады Middle East Monitor.
Біз келіссөздерді жандандыруға шақырамыз, оның нәтижесінде Иранның ядролық бағдарламасына қатысты барлық бағытты қамтитын, тексерілетін табанды келісім қалыптасады, - делінген хабарламада.
G7 өкілдері Иран мен Израиль арасындағы атыстың тоқтауын қолдайтындықтарын растап, тараптарды өңірді одан сайын тұрақсыздандыратын әрекеттерден аулақ болуға шақырды.
Тегеран екіжақты қарым-қатынастардың шиеленісіп кетуіне байланысты МАГАТЭ-мен ынтымақтастықты тоқтатқан болатын. 25-ші маусым күні заң шығарушылар басым дауыспен Венада орналасқан ұйым өкілдігімен ынтымақтастықты тоқтатуға дауыс берді. Заң сәрсенбі күні күшіне енді.
АҚШ Иранның бұл шешімімен келісуге болмайтынын мәлімдеді.
Біз бұнымен келіспейміз, себебі Иран өзінің алған бағытын өзгертіп, бейбітшілік пен гүлденуді таңдау мүмкіндігі туып тұрғанда МАГАТЭ-мен ынтымақтастықты тоқтатты, - деп мәлімдеді Мемдепартаменттің баспасөз хатшысы Тэмми Брюс.
БҰҰ өкілдері де бұл шешімнің алаңдатарлық екенін айтты.
Бұл шешім әрине, алаңдатады. Меніңше, Бас хатшының Иранды МАГАТЭ-мен ынтымақтасуға шақыруы және барлық мемлекеттерді ядролық мәселелер бойынша МАГАТЭ-мен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуге үндеуі ақылға қонымды деген ойдамын,-деп мәлімдеді БҰҰ Бас хатшысының баспасөз хатшысы Стефан Дюжаррик.
Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен ынтымақтастықты тоқтатуы аясында Иранның ядролық нысандарының қазіргі мәртебесі белгісіз.
Жексенбі күні Иранның БҰҰ-дағы елшісі Амир Саид Иравани инспекторлардың жұмысы тоқтатылғанын, алайда оларға немесе МАГАТЭ-ге қатысты қандай да бір қоқан-лоққы жасалмағанын мәлім етті.
Ол инспекторлардың Иранда, қауіпсіз жерде екенін мәлімдеп, «алайда олардың жұмысы тоқтатылды және біздің нысандарға кіруге тыйым салынған»,-деді.
Осыған дейін Пентагон Иранның ядролық бағдарламасы шамамен екі жылға кейінге қалдырылғаны туралы мәлімдеген болатын.
Фото: ua.depositphotos.com


Ең көп оқылған
