Президент билікті басып алуға әрекет жасалғанын мәлімдеді

Мадагаскар президенті Андри Радзуэлина – елде 25 қыркүйектен бері жалғасып жатқан жаппай наразылықтар аясында – «билікті заңсыз әрі күшпен басып алуға әрекет жасалды» деп мәлімдеді.
Мемлекет басшысының әкімшілігі бұл туралы мәлімдемені жексенбі, 12 қазан күні әлеуметтік желілерде жариялаған.
Мәтінде Радзуэлина «осы тұрақсыздық әрекетін айыптайтынын» айтып, ел тұрғындарын «конституциялық құрылым мен ұлттық егемендікті қорғау үшін бірігуге» шақырған. Президент сондай-ақ диалогты «пайда болған дағдарысты шешудің жалғыз жолы» деп атады.
Радзуэлинаның бұл мәлімдемесі наразылықтарға элиталық CAPSAT әскери бөлімшесінің бірнеше сарбазы қосылғаннан кейін жарияланды. Бұл бөлімше 2009 жылдың наурызында қазіргі президенттің билікке әскери төңкеріс арқылы келуіне көмектескен еді.
Қазір сол сарбаздардың бір бөлігі өз жолдастарын биліктің бұйрығына бағынбауға және наразыларды қолдауға шақырған. Олар сондай-ақ елдегі барлық қарулы күштерді бақылауға алғандарын мәлімдеген. Мұндай шешімге олар 11 қазанда CAPSAT сарбазы жандармерия тарапынан өлтірілді деген бөлімше басшылығының мәлімдемесінен кейін келген.
Мадагаскардағы жағдай
Наразылықтар, негізінен жастардың қатысуымен, қыркүйек айының соңында Мадагаскарда судың және электр энергиясының жиі өшірілуіне байланысты басталған. Уақыт өте келе бұл митингілер билік жұмысына деген жалпы наразылыққа ұласқан: жоғары жұмыссыздық, сыбайлас жемқорлық, өмір сүру құнының өсуі сияқты мәселелер алға шықты.
Акциялар «Z буынының наразылықтарынан» шабыт алған – мұндай қозғалыстар қыркүйек айында Непал мен Кенияда да өткен болатын.
Құқық қорғау органдарымен қақтығыстар, көшелердің жабылуы, тонау және саясаткерлердің үйлеріне шабуылдармен қатар жүрген митингілер ел астанасы Антананариву қаласында ғана емес, тағы жеті ірі қалада да өтіп жатыр.
БҰҰ деректері бойынша, полиция қызметкерлері кей наразыларды ұрып-соғып, көзден жас ағызатын газ бен тіпті оқ-дәрілерді қолданған.
Нәтижесінде алғашқы төрт күннің ішінде кемінде 22 адам қаза тауып, жүзден астам адам жарақат алған.
Мадагаскар билігінің наразылықтарға реакциясы
Наразылықтардың басталуына жауап ретінде Мадагаскар президенті 29 қазанда үкіметті таратты және жаңа премьер-министр етіп армия генералы Руфин Зафисамбоны тағайындады.
Сондай-ақ ол егер бір жыл ішінде Антананаривуда электр энергиясы өшіп тұрса, отставкаға кететінін мәлімдеді.
Жаңа премьер-министр алғашқы сөзінде қауіпсіздік күштері тарапынан митингілер кезінде жіберілген мүмкін қателіктерге тәуелсіз тергеу жүргізуге уәде берді.
Осыдан кейін құқық қорғау органдары жариялаған мәлімдемесінде өздерінің «қателіктері мен асыра әрекеттерін мойындап», армия мен жандармерияны бауырластыққа шақырған.
Фото: Luis Tato/AFP