Пәкістан мен Ауғанстан қақтығысында ондаған адам қаза тапты

Ауғанстан мен Пәкістан арасындағы шиеленіс ушығып барады, – деп хабарлайды жексенбі, 12 қазан күні AFP агенттігі тараптардың мәлімдемелеріне сілтеме жасап.
Екі ел де шекарада болған қақтығыстар салдарынан ондаған адамның қаза тапқанын хабарлады. Бұл деректерді тәуелсіз жолмен растау әзірге мүмкін болмай отыр.
Кабулда билік жүргізіп отырған "Талибан" исламшыл қозғалысының өкілі Забихулла Муджахидтің айтуынша, Пәкістанның 58 жауынгері қаза тапқан. Алайда Исламабад бұл мәліметті растаған жоқ. Талибтердің дерегінше, көрші мемлекеттің 20 шекаралық бекеті уақытша басып алынған. Ауған тарапы мұны «кек алу әрекеттері» деп атады. Муджахидтің сөзінше, ауған әскерінің де 9 сарбазы қаза тапқан.
Пәкістандық бұқаралық ақпарат құралдары өз кезегінде қауіпсіздік құрылымдарындағы дереккөздерге сүйене отырып, ауған тарапынан да көп шығын болғанын, ал пәкістандық әскерилердің 19 ауған шекаралық бекетін бақылауға алғанын хабарлады, деп жазады AFP.
Фото: Wakil Kohsar/AFP