ISW сараптамасы: Ресейдің әскери әлеуеті НАТО-ға тікелей қауіп төндіреді

Ресейдің Еуропада жалғасып жатқан диверсиялық әрекеттері, соның ішінде барлау деректерін жинай алатын дрондарды (БПЛА) қолдануы Кремльдің НАТО мен Ресей арасындағы ықтимал соғысқа дайындық мақсатындағы “ақпараттық-психологиялық науқанның” жаңа фазасын бастағанын көрсетеді. Бұл туралы АҚШ-тағы Соғыс зерттеу институтының (ISW) кезекті аналитикалық есебінде жазылған, деп хабарлайды Malim.kz.
ISW сарапшыларының пайымдауынша, Ресейдің алыс қашықтыққа соққы жасау және ұшқышсыз ұшу аппараттарын өндіру саласындағы мүмкіндіктері НАТО үшін тікелей қауіп төндіреді.
Сонымен қатар, Мәскеу армияны толықтыру бағытындағы күш-жігерін жалғастырып отыр. Бұл Украинадағы соғыс аяқталған соң Ресейдің өз әскерін НАТО-ның шығыс шекарасына тез орналастыруға дайын болатынын аңғартады.
«Ресейдің қорғаныс өнеркәсібі Т-90 танктерін өндіру көлемін арттыру және танк қорын соғысқа дейінгі деңгейге дейін қалпына келтіру жөніндегі ұзақ мерзімді жоспарларын жүзеге асыруда. Бұл НАТО үшін ұзақ мерзімді әскери қауіп төндіру ниетін білдіреді», – делінген есепте.
Сонымен бірге, Ресей «үлкен көлемді әскери операцияларды көп танк пен бронетехника қолданбай-ақ жүргізуге мүмкіндік беретін жаңа соғыс тактикасы мен операциялық тұжырымдамаларды» әзірлеп жатыр, - деп жазады ISW.