Ауғанстан мен Пәкістан арасында қарулы қақтығыс басталды

Ауғанстан мен Пәкістан шекарасында «Талибан» қозғалысы содырлары мен пәкістандық әскерилер арасында қарулы қақтығыс басталды, деп хабарлайды AFP агенттігі 11 қазан, сенбі күні кешке бірнеше ауған провинцияларындағы жоғары лауазымды дереккөздерге сілтеме жасап.
Екі күн бұрын тәліптер Пәкістанды ауған аумағына әуе шабуылдарын жасағаны үшін айыптаған болатын.
9 қазанда Кабулда екі жарылыс, ал тағы бірі – Ауғанстанның оңтүстік-шығысында болған. Келесі күні «Талибан» бақылауындағы Ауғанстан Қорғаныс министрлігі көрші мемлекетті ел егемендігін бұзды деп айыптады.
«Пәкістан армиясы Кабулға әуе соққыларын жасағаннан кейін» тәліп күштері шекара бойындағы бірнеше өңірде пәкістандық қауіпсіздік күштерімен ауыр ұрыстарға қатысып жатыр», – делінген ауған әскери баспасөз хабарламасында.
Исламабад өздерінің әуе шабуылдарына қатысы барын растамады, бірақ Кабулдан «пәкістандық тәліптерге» өз аумағында пана беруді тоқтатуды талап етті. Пәкістан билігі олардың 2021 жылдан бері жүздеген пәкістандық сарбазды өлтіргенін мәлімдеді.
AFP жазуынша, пәкістандық тәліптер Ауғанстанда әскери дайындықтан өтеді және ауған әріптестерінің идеологиясын бөліседі. Соңғы диверсиялар нәтижесінде Пәкістанның солтүстік-батысында 20 қауіпсіздік қызметкері мен 3 бейбіт тұрғын қаза тапқан.
11 қазан кешінде Пәкістан дереккөздері хабарлағандай, ауған күштері шекара бойындағы бірнеше нүктеде оқ атып, қақтығыс басталған. Оның ішінде Пәкістанның Хайбер-Пахтунхва провинциясындағы Читрал қаласы мен Белуджистан аумағындағы ауғандық Бахрамча елді мекені бар, деп хабарлады dpa агенттігі. Пәкістан қарулы күштері артиллерия, танктер, дрондар және жойғыш ұшақтарды қолдана отырып жауап берген.
Пәкістандық БАҚ қауіпсіздік күштерінің ауған посттарын жойып жатқан видеоларды жариялады. Кей деректер бойынша, тәліп содырлары бірнеше бақылау-өткізу пунктін тастап кеткен.
Исламабадтағы күш құрылымдарының өкілдері Үндістанмен шекарадағы шығыс бағытта да әскери дайындықтың жоғары деңгейі жарияланғанын мәлімдеді. Бұл Нью-Делидің ықтимал араласуынан қауіптенумен байланысты.
Фото: Wakil Kohsar/AFP