Газа секторында атысты тоқтату туралы келісімге қол қойылды

Газа секторында татуласу туралы келісімге қол қойылуы Мысырда өткен самиттің басты оқиғасы болды, деп хабарлайды Malim.kz Kazinfrom агенттігіне сілтеме жасап.
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Мысыр, Қатар мен Түркия басшылары Газада атысты тоқтату туралы келісімдерді бекітетін құжатқа қол қойды. Қол қою рәсімі Қызыл теңіз жағалауында Мысырдың курортты Шарм-эш-Шейх қаласында 13 қазан күні басталған «Бейбітшілік - 2025» халықаралық саммитінің аясында өтті.
Құжатқа қол қоймас бұрын Дональд Трамп оның ауқымды әрі Газа секторының болашағының негізі мен тәртібін айқындайтынын атап өтті.
- Мен бұны ең қиын мәміле болады деп ойлағанмын және солай болды да. Айта кетерлік жәйт, бүгін керемет команда мен мемлекеттер бас қосты, - деп мәлімдеді ол.
Іс-шараға 35-тен астам мемлекет пен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Олардың арасында 20-дан астам мемлекеттің басшысы бар.
Бұл күн - үш мың жылдықтың нәтижесі. Келісімнің нәтижелі болатынына сенімім мол, - деп мәлімдеді Трамп қол қою рәсімінде.
Ол сонымен қатар бүгінгі келісімнің тарихи оқиға және миллиондаған адамның тілегіне жауап болғанын айтты.
АҚШ президенті Газа секторында соғыстың тоқтағанын тағы қайталап, араб және мұсылман елдеріне осы іске қосқан үлесі үшін алғыс айтты.
Ол сонымен қатар арағайындық танытқан Мысыр мен Қатарға атысты тоқтату туралы келісімнің бекітілуіне көмектескені үшін үшін алғыс айтты.
Мысыр тарапының мәліметтері бойынша кездесу барысында Газа секторын қалпына келтірумен байланысты келісімдерді жүзеге асыру туралы бірнеше консультация жүргізілді.
Мысыр президенті Абдель Фаттах ас-Сиси мәжілісті аша отырып, екі мемлекетті құру шешімі тұрақты бейбіт өмір және Палестина мен Израиль халықтарының үмітін жүзеге асырудың жалғыз жолы болып табылатынын мәлімдеді.
Басқосуда Израиль мен ХАМАС өкілдерінің жоқ болғаны талқыланды. Премьер-министр Биньямин Нетаньяхудың кеңсесі оның жоқтығын иудейлік мейраммен байланыстырды. Алайда ол Дональд Трамптың жеке өзінен шақырту алған болатын.
Болашақ реттеу туралы айта келе АҚШ президенті бейбітшілік жоспарының екінші фазасы басталып кеткенін, территорияны тазалау мен қалпына келтіру қажет екенін жеткізді.
- Газа үлкен жаңартуды қажет етеді,- деді Трамп.
АҚШ көшбасшысы сонымен қатар Иранды бейбіт келісімге келу үшін осы тарихи сәтті пайдалануға шақырды.
- Сіздер дайын болғанда біз де дайын боламыз. Бұл Иран тарихында қабылданған ең мықты шешім болады, - дей келе Тегеран келіссөздерге келісетін болса, санкциялар алынатынын жеткізді.
Шарм-эш-Шейхте құжатқа қол қою рәсімі Дональд Трамптың Израильден басталған Таяу Шығысқа сапарының қорытындысы болды. Ол сапар барысында Кнесетте сөз сөйлеп, «жаңа Таяу Шығыстың тарихи таңы» деп мәлімдеді.
Фото: FoxNews