Израиль 1968 палестиналық тұтқынды босатты

Израильдің түрме қызметі атысты тоқтату туралы келісім аясында 1968 палестиналық тұтқынның босатылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz BBC-ге сілтеме жасап.
Мәліметке сүйенсек, босатылғандар екі топқа бөлініп шығарылған. Бірінші топ Офер түрмесінен Батыс жағалауға жөнелтілсе, екіншісі Кциот түрмесінен Израильдің оңтүстігіндегі Керем Шалом шекара өткелі арқылы Газа секторына жеткізілген.
Қазіргі уақытта босатылғандар арасында палестиналық ұйымдардың жетекшілері мен Израильде бірнеше рет өмір бойына бас бостандығынан айырылған беделді тұлғалар бар-жоғы нақтыланбады.
Бұған дейін ХАМАС өкілдері келісім шартында жеті беделді палестиналық қайраткердің босатылуын талап еткен болатын.
Олардың қатарында 2004 жылы бес адам өліміне әкелген шабуылдарды ұйымдастырғаны үшін бес рет өмір бойына сотталған Марван Баргути бар. Баргутимен қатар ХАМАС Палестинаны азат ету халықтық майданының жетекшісі Ахмад Саадатты босатуды да талап еткен. Саадат 2008 жылы 30 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
Сарапшылардың пікірінше, Марван Баргути Палестина автономиясы басшылығына өтетін болашақ сайлауда ең ықтимал үміткер саналады.
Фото: AFP via Getty