ХАМАС кепілге алынған жеті израильдік азаматты Қызыл Крест ұйымына тапсырды

Израильдік кепілге алынғандардың бірінші тобы Газада Халықаралық Қызыл Крест комитетінің (ХҚКК) қызметкерлеріне тапсырылды, деп хабарлайды ВВС.
Израильдің Каn мемлекеттік телерадиокомпаниясының хабарлауынша, Газада Қызыл Крест ұйымына берілген кепілге алынғандардың бірінші тобында жеті адам бар.
Мәліметке сәйкес, олардың арасында Гали және Зив Берман, Матан Ангрест, Алон Охель, Омри Миран, Эйтан Мор және Гай Гильбоа-Даллаль бар.
Тель-Авивте Кепілге алынғандар алаңында дауыс зорайтқыш арқылы жасалған хабарландырудан кейін жұрт ду қол шапалақтады.
Al Jazeera хабарлауынша, израильдік кепілге алынғандарды Қызыл крест ұйымына тапсыру жергілікті уақыт бойынша сағат 10:00-де (Астана уақытымен 12:00) аяқталады деп жоспарланған.
Еске сала кетсек, 10 қазан, жұма күні Газа секторында Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату келісімі күшіне енді. 20 тармақтан тұратын бітімгершілік жоспарына сәйкес, ұзақ уақытқа созылған палестиналық-израильдік қақтығысты түпкілікті реттеуге бағытталған келіссөздердің жаңа кезеңі кепілге алынғандар мен тұтқындар алмасуынан кейін басталуы керек.
Фото: Ateo