Сапарбаев қайда – Жылқыбаев сонда

  • 19.02.2020
  • Алмас НҮСІП

Жамбыл облысының жаңа әкімі тағайындала салып, арада бір апта өткенде оның жаңа орынбасары келді. Бердібек САПАРБАЕВ Асқар МЫРЗАХМЕТОВТІҢ орнына отыра қалуы сол екен, көп жылдар бойы Сапарбаевтың айналасында өсіп келе жатқан Ержан ЖЫЛҚЫБАЕВ та келе қалды.

Назарбаевтың кезінде төрт облысқа әкім болған Сапарбаев Тоқаевтың кезінде де облыс басқаруды жалғастыра бермек тәрізді. Жамбыл облысы Сапарбаев әкім болған бесінші облыс. Ол қазір Қазақстандағы бес облысқа әкім болған жалғыз адам.

Дегенмен, төрт бірдей облысты сеніп тапсырған, одан басқа да қаншама лауазымды қызмет берген Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасын бұлжытпай орындайтын Сапарбаев сүйікті елбасының бір сөзін қаперінен шығарып алған сияқты. Экс-президент «командамен көшіп жүретін» әкім-қараларға ескерту жасап, «мұндайды қойыңдар» деп  ұрысып тұрып айтқаны күні кеше. Ал, Сапарбаев астанада қалған кадрларын Таразға жинай бастапты. Әлде, Сапарбаев пен Жылқыбаевтың жолының түйісе беретіні әшейін кездейсоқтық па?

Шолып көрейік...

Еңбек жолын 2003 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында, экономика департаментінде бірден бас маман болып бастаған 21 жастағы Жылқыбаевты Сапарбаевтың бұл кезде білмеуі әбден мүмкін. Бірақ, 2003 – Сапарбаевтың Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі қызметінен жаңа кеткен кезі екенін, Жылқыбаевтың бұл кезеңде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде оқығанын ескерсек, қазіргі әкімнің көзі орынбасарына студент кезінен түскен шығар деп болжауға да болады.

Вице-премьер Б.Сапарбаев Жамбыл облысында іссапармен жүр, 2019 жыл, ақпан.

Нақты дерекпен айтсақ, Сапарбаев пен Жылқыбаевтың жолы алғаш 2006 жылы Қазақстан Республикасы Парламентіндегі Үкімет Өкілдігінде түйіседі. Сапарбаев – бас өкіл, Жылқыбаев – бас сарапшы. Міне, осыдан бастап Сапарбаев қайда болса Жылқыбаевты сол жерден көруге болады.

Бекер обалы қане, Сапарбаев өз кадрын ә дегеннен-ақ көтермелеп баққан. Қай жерге қызметке барса да әйтеуір бір басшылық қызметке тағайындап отырады. Тіпті, 2007 жылы өкілдік қызметтен кеткен соң ақпан мен тамыз арасындағы қысқа уақыт аралығында қызмет еткен экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінен де қызмет тауып берген. Сапарбаев – вице-министр, Жылқыбаев – бөлім басшысы.

Бұдан ары еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегі жылдар. Сапарбаев – министр, Жылқыбаев – көмекші.

2007-ден 2009-ға дейінгі аралықта министрлікте қатар қызмет еткен қос шенеунік жұбы жазылмаған күйі Шығыс Қазақстанға ауысады. 2009-дан 2014-ке дейін Сапарбаев облыс әкімі болса, Жылқыбаев ә дегенде әкімнің көмекшісі болып 3 айдай жүреді де, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің аппарат басшысының орынбасары болып өседі. Үш айда көмекшіліктен аппарат басшысы орынбасары дәрежесіне өскен Жылқыбаев үш жылда аппарат басшысы болып, 2012 жылы мансабында алғаш үлкен секіріс жасайды. Және, осы жылдар ішінде қарап жүрмей С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін құқықтану мамандығы бойынша оқып алады.

Вице-министр Е.Жылқыбаев Жамбыл облысында іссапарда жүр. 2019 жыл, қараша.

Бұдан кейін, екеуі де Астанаға бет түзейді. Сапарбаев кезекті бір әкімдік ауысым алдындағы әдетімен уақытша қызмет – үкіметке, Жылқыбаев президент аппаратына. Әрине, бір біріне жаттығы жоқ бұл екі жердегі қызмет кезінде екеуінің арасы алыстап кетті деуге болмайды. Десе де, 2015 жылы Бердібек Мәшбекұлы Ақтөбеге әкім болып кеткенде, Жылқыбаев Астанада қалып қояды да, көп ұзамай Алматыға бет түзейді. Сапарбаев та – әкім, Жылқыбаев та әкім (Алматы қаласын Медеу ауданы).

Бұл алыстықтың бір себебін – Назарбаевтың «командамен көшпеу туралы» қатаң ескертпесінен іздеуге де болатын сияқты. Бұрын қасынан тастамай жүретін сенімді жас серігімен аралары бөлінетін кезең – экс-президенттің әлгі бастамасына тұспа-тұс келеді. 2015-2016 жылдары жүрген бұл «науқанның» есебін берген Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сол кездегі басшысы Қожамжаров «өз адамдарын тарту» 25 есе қысқарды» деп есеп те берген. Міне, сол 25 еселік (!) көрсеткішке Сапарбаев пен Жылқыбаевтың да үлес қосқанын айта кету керек.

Бірақ, ескі президент кетіп, жаңасы келгенде саясат өзгерді деді ме екен, Қазақстандағы науқандардың тез аяқталатынын, бастамалардың тез ұмыт болатынын жақсы білетін тісқаққан Сапарбаев Ақтөбеден Астанаға келе салып өзінің жас досын іздейді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегі ескі күндерді еске салып, арада бір ай өткенде Жылқыбаевты қасына алдырады. Ертеректе қамқоршы министрге көмекші болып келген Жылқыбаев бұл жолы орынбасар болып келеді. Арада тағы бір ай өткенде бірінші вице-министр болып өседі.

Бұдан кейінгі тамыз бен ақпан арасында Сапарбаев вице-премьер, Жылқыбаев вице-министр болған 6 айға жетпейтін уақытты тіпті уақытша алыстай тұру деп айтуға да келмейді. Қызметтері өте жақын – министрлер кабинеті...

...Ылғи да алғашында тым зорайтпай, қатардағы қызметке қойып, көп ұзатпай көтеріп жіберетін Сапарбаев Жылқыбаевты бұл жолы да әкім орынбасары етіп тағайындапты. Аз уақыттан соң бірінші орынбасары қылып өсірсе таңғалуға болмайды.

Айтпақшы, Сапарбаев өз кадрларын жинауды бастап кеткен секілді, Мырзахметовтің кадрлары қайда барады? Орнын өз еркімен босатып берген Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметовтің қандай қызметке баратыны әлі белгісіз. Ескі әкім жұмыссыз қалды деп, жаңа әкім оның кадрларын жұмыссыз қалдыра қоймас. Оның үстіне, «өз адамдарын сүйреп жүретіндерді» сынаған Назарбаев та әлі аттан түсе қойған жоқ...

Ержан Жылқыбаев бгін Тараз қаласының әкімі болып тағайындалды.

Коллаж: Malim.kz

Көшіріп басуға болмайды!

Байланысты жаналықтар

Қырғыз депутаттары екі айлық жалақыларынан бас тартты

16.04.2020

Әкімдік «ескі» деген үйден тұрғындар көшкісі келмейді

29.04.2021

Облыс әкімдігі Ұйғыр ауданындағы қақтығыс себебін түсіндірді

17.06.2020

Қазақстанға келмек Қырғызстан президенті Ресейде жүр

25.02.2021

Коммунистер үкіметпен келіспейді екен

30.10.2020

Нарымбаевпен айтысқан Федоров Қырымды еске салды

05.01.2021