Алматы. "Қуатты өңірлер" бірнеше бағытта дамиды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымына жіті мән беріп келеді. Қуатты өңірлерді дамыту мемлекеттің басты ұстанымы екенін жиі айтады.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобасы аясында азаматтар тұрақты және уақытша жұмыспен қамтылып отыр. Осылайша бұл жоба аймақтық теңсіздік мәселесін шешуге ықпал етуде. Республика тұрғындарының ең басты деген проблемаларын шешу - жобаның негізгі міндеті. Сондай-ақ, базалық қызметтерге халықтың қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайын жақсарту әрі тұрғын үй құрылысын дамыту, сондай-ақ көліктік байланысты қамтамасыз ету және елдің көліктік-транзиттік әлеуетін жоғарылату есебінен азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын құру қуатты өңір қалыптастырудың бір жолы.
Экономикалық-әлеуметтік дамуды көздейтін ұлттық жобаның екі ауқымды бағыты белгілі. Соның бірі – көліктік байланысты қамтамасыз ету. Алматы қаласы бойынша, көздеген мақсаттарды жүзеге асыру мақсатында бірқатар ілкімді жобалар қолға алынған. Осыдан бір ай бұрын Алматы әкімдігінде аймақтағы көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесі пысықталған-ды.
Қала әкімі Ерболат Досаевтың төрағалығымен өткен кеңесте жауапты басқарма басшыларының, аудан әкімдерінің, көлік компаниялары мен ғылыми мекемелер өкілдері 2022 жылға арналған Алматы қаласының көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне тоқталды. Яғни, жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарының қызмет көрсетуі және жөндеу, жол белгілерін салу және жаңарту жұмыстары сарапқа салынды.
Осы жылға арналған жол инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыс жоспарын орындау – ауқымды міндет. Көзделген жоспарға жолайрықтар салу, көшелерді ұзарту, шағын аудандарда жол салу, орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу және т.б. кіреді.
Қазір Алматының көше-жол желісінің ұзындығы 3 097 шақырым шамасында. Оның 234 шақырымы қатқыл жабынмен қамтылмаған. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесінің көрсеткішін 2025 жылға қарай 95%-ға дейін жақсарту мақсаты тұр. Жыл сайын 70 шақырым жол салу, ұзындығы кемінде 200 шақырым жолды орташа және 350 мың шаршы метрден астам асфальтбетон жабынын ағымдағы жөндеумен қамту күн тәртібінде.
Қазіргі уақытта қалада үш жолайрығының құрылысы жалғасын тауып келеді. Жыл соңына дейін Бұқтырма көшесі, Құлжа трактісі, Саин - Мөңке би және Сейфуллин - Жансүгіров көшелері бойындағы жол айрығының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.
Кеңес барысында үш көшені ұзарту бойынша қазіргі жұмыс барысы талқыланды. Саин көшесін ұзарту келесі жылы, Төле би көшесін ұзартуды жер учаскелерін сатып алу және қайтарып алу мерзімдеріне байланысты 2024 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Ендігі кезекте жалпы ұзындығы 9,3 км болатын Рысқұлов даңғылы, Жұбанов, Қажымұқан көшелері мен Абай даңғылын жалғайтын төрт жобаның жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу жоспарда тұр.
Қала әкімі Ерболат Досаевқа Алғабас, Әлмерек, Қайрат және Ақжар сияқты төрт шағын ауданда жол салу жұмыстарының барысы туралы баяндалды. Үш шағын ауданда, атап айтқанда Шаңырақ-1, Шұғыла және Шапағатта атқарылатын жұмыстар кезекте тұр. Биыл бас-аяғы 70 шақырым жаңа жолдың құрылысы жүргізіліп жатыр. Жол жұмыстары энергетика және сумен жабдықтау басқармасымен келісіле отырып, инженерлік желілер құрылысының аяқталуына қарай орындалатын болады.
Орташа жөндеу жұмыстары аясында ұзындығы 219 шақырым 221 көшеде, оның ішінде қаланың 18 магистралды көшесінде жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде 87 көшеде орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Жолдардың сапасына кері әсер ететін негізгі проблемалық мәселелер апатты қазу фактілері, коммуналдық қызметтер мен жеке құрылыс салушылардың желілерді тарту бойынша жоспарлы жұмыстар болды. Қала әкімі жұмыс тиімділігі мен сапасын арттыру үшін қала аудандары басқармалары мен әкімдіктерінің іс-қимылын үйлестіруді тапсырып отыр.
Қаланы дамыту үшін жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарының қызмет көрсетуі және жөндеу, жол белгілерін салу және жаңарту жұмыстары маңызды. Жыл басынан бері шаһарда 1712 жаңа жол белгілері орнатылып, 52 бағдаршам нысаны іске қосылған. 184 мың шаршы метр жол белгілері жасалып, 1200 метр жол қоршауы орнатылған. Алматы әкімі Ерболат Досаев қалалық мобильділік басқармасына жөнделген учаскелердегі таңбалардың сапасына назар аударуды ерекше тапсырды.
Қала басшысына жаңа технологиялар мен материалдарды қолдану, соның ішінде люктердің жаңа түрлерін, мастикалық лентаны, полимерлі негіздегі асфальтбетон қоспасын және т.б. пайдалану жөніндегі эксперименттік жұмыстардың алдын ала жасалған қорытындылары ұсынылды. Е.Досаев жолдарды салу және жөндеу кезінде жаңа материалдарды қолдануды қарастыру жөнінде тапсырма берді.
Енді қаладағы метроның екі станциясының пайдалануға берілуіне байланысты бағыт желісін өзгерту жоспарланып отыр. Оның ішінде жыл соңына дейін жақын арада жаңа төрт бағыттың ашылуы және ағымдағы 9 бағытты түзету күтілуде. Қала басшысы қоғамдық көлік жүргізушілері үшін автобустарға арналған бұрылу-өту алаңдарын жақсартуға ерекше назар аударуды тапсырды.
Кеңес барысында көлік әрі жолаушыларды отырғызу тораптарын, автобус парктерін, автомобильдік газ толтыру компрессорлық станцияларын және басқа да мәселелер талқыға түсті. Қала әкімдігінің алдында бірқатар жұмыс тұр. Атап айтқанда, жол айырықтар мен өтпелі жолдарды салу үшін жер учаскелерін сатып алуды жеделдету, жол белгілері мен бағдаршамдардың нашар көрінуіне байланысты ағаштарды санитарлық кесу жұмыстарын күшейту, сондай-ақ ағымдағы жылға жоспарланған барлық жұмыстарды кестеге сәйкес орындау.
Алматыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша тұрғын үй құрылысы белсенді жүріп жатыр. Алматы қаласы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ұлан Оңалбаев биыл 68 мың шаршы метрден астам тұрғын үйді пайдалануға беру көзделгенін мәлімдеді.
«2022 жылы 16 тұрғын үйді, яғни 1305 пәтерді немесе 68 мың шаршы метр несиелік және жалдамалы пәтерлерді пайдалануға беру жоспарлануда. Сондай-ақ, жұмыс істейтін жастар үшін ауданы 42 000 шаршы метр 1050 пәтер сатып алуға қаражат қарастырылған», - дейді ӨКҚ спикері. Жалпы, ведомство өкілінің айтуынша, құрылыс жұмыстарының көлемі артты. 7 айда 54 315,4 млн теңге игерілді. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде коммерциялық тұрғын үй құрылысын ынталандыру үшін республикалық бюджет қаражатынан 150 көппәтерлі тұрғын үйге инженерлік-коммуникациялық желілер тартылуда. Нәтижесінде 7 912 пәтер салынады, оның жарты бөлігі (50%) Мемлекеттік бағдарламалар бойынша жеңілдікпен іске асырылды.
Айта кетсек, тұрғын үйді пайдалануға берумен қатар білім беру және денсаулық сақтау нысандарының құрылысы жүріп жатыр. Оңалбаевтың айтуынша, құрылыс салушылар өз учаскелерінде мектептер, балабақшалар мен медициналық мекемелер салуды көздеп отыр.
«Бүгінде қалада 25 білім беру нысанының құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін Қалқаман-2, Қайрат, Дархан, Мәдениет және Нұркент шағын аудандарында 7500 орындық 5 мектеп салынады. Сондай-ақ, 670 орындық қосалқы құрылыс нысанын салу арқылы №48, 191, 9 үш мектеп кеңейтіледі», - деді Ұлан Оңалбаев.
920 орынды Жас Қанат, Саялы-2, Айнабұлақ-4, Ақжар шағын аудандарында төрт жаңа балабақша салынады. Сондай-ақ басқарма қарамағында Ақжар және Нұркент шағын аудандарында 1350 орынды екі инновациялық шығармашылық орталық салу қарастырылған. Оларды пайдалануға беру 2023 жылдың екінші тоқсанына жоспарланған. Құрылыс басқармасының өкілі №166, 129, 145, 15, 122, 141, 31 және Білім-Инновация сегіз мектеп ғимаратының, сондай-ақ үш балабақша - №7, 113, 70 сейсмотұрақтылығын күшейту жұмыстары туралы айтты.
Биыл Саялы-2 және Зерделі шағын аудандарында 1100 орынды екі мектептің, №65, 101, 112, 148 және 59 мектептерде бес қосымша корпустың, Жас қанат және Шұғыла шағын аудандарында 580 орындық екі балабақшаның құрылысын бастау жоспарлануда. Сондай-ақ, №9, 10, 70, 80, 127 және 156 мектептері сейсмикалық нығайтудан өтеді.
Айта кетсек, биыл Зерделі шағын ауданында 380 орынды жатақханасы бар 720 орынды кәсіби техникалық училищенің құрылысы басталады. Сондай-ақ, №2 Алматы мемлекеттік педагогикалық колледжі үшін 450 орынды қосымша құрылыс салу жобасы әзірленуде.
Ал жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесін шешуде 600 орынды 2 жатақхана салу жобасы әзірленуде (Алматы автомеханикалық колледжі және Алатау ауданының өнеркәсіптік аймағында орналасқан жатақханасы бар инновациялық технологиялар колледжі). Бұл нысандардың құрылысы 2023-2024 жылдарға жоспарланған.
Алматы қаласы әкімі аудандардың дамуы және тұрғындардан келіп түскен ұсыныстарды да пысықтап отыр. Бір ай бұрын Е.Досаев Алмалы ауданына арнайы ат басын бұрып, бұқараның талап-тілегін тыңдаған-ды. Электрмен жабдықтау халық көп қоныстанған ауданның негізгі мәселесі. Жағдайды шешу үшін 2022-2023 жылдарға арналған қаланың электр жүйесін жаңғырту жобасы іске асырылып келеді. Алмалы ауданы бойынша екі жыл ішінде резервтік қуаттарды 10 кВт-қа дейін көбейте отырып, 156 шақырым ескірген кабельдік желілерді ауыстыру және 13 тарату және 195 трансформаторлық қосалқы станцияларды қайта жаңарту жоспарланған. Бүгінгі таңда 55 шақырым кабель желілері ауыстырылып, 8 тарату және 42 трансформаторлық қосалқы станциялар жаңарды. Жобаны іске асыру қорытындысы бойынша ауданның электр желілерінің орташа тозуы 70-тен 56%-ға дейін азаяды.
Жауын-шашын кезінде су басу да ауданда өзекті мәселе болып қалып отыр. Аудан бойынша жиі су басатын 12 учаске анықталды. ТЖ желісі бойынша проблеманы шешу үшін жыл соңына дейін Мақатаев көшесінің бойындағы 3,6 км коллекторды қалпына келтіру, 2,3 км арық желілерін және Райымбек даңғылының бойына 1,6 км канал салу қарастырылған. Сонымен қатар, күзде 52 учаскеде 34 км арық желісін қайта құру және салу жұмыстары басталады, ол 2025 жылға дейін жалғасады.
Жолдардың пайдалану сипаттамаларын жақсарту үшін жалпы ұзындығы 4,7 шақырымдық 8 көшені орташа жөндеу аяқталды, сондай-ақ 14 мекенжайда тротуар желісінің құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілген. Ағымдағы жылдың қараша айына дейін жалпы ұзындығы 10,2 шақырым болатын тағы 10 көше қосымша жөндеуден өтетін болады.
Оқушы орындарының тапшылығын төмендету мақсатында қыркүйек айында Қабанбай батыр көшесінде 850 орынды Prometheus school жеке білім беру мектебін ашу жоспарлануда. №15 гимназияны күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде,ол 2023 жылдың шілде айында аяқталады.
Мектепке дейінгі орындар тапшылығы мәселесін шешу үшін жыл басынан бері 225 орынды 3 жекеменшік балабақша ашылған. 30 тамызға дейін №7 балабақшаның сейсмотұрақтылығын күшейту жұмыстары аяқталады. Әйтеке би-Мәуленовтегі бұрынғы балабақша ғимараты жалға беруден қайтарылды. Жыл соңына дейін күрделі жөндеуге ЖСҚ әзірленеді. ҚМЖ 2023 жылдың екінші тоқсанында басталады.
«Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту бағдарламасы бойынша жыл басынан бері 22 үйде 57 лифт ауыстырылды. Жыл соңына дейін 3 үйде тағы 8 жеделсаты ауыстырылатын болады. Сондай-ақ, ескі үйлерді реновациялау бағдарламасы бойынша биыл Сейфуллин - Төле би, Шәріпов-Шевченко көшелеріндегі 4 үй тұрғындарының тұрғын үй жағдайы жақсарды. Тарихи бірегейлікті сақтау үшін ағымдағы жылдың басынан бері 10 шағын қабатты тұрғын үйдің қасбеттері жөнделді. Ағымдағы жылдың қазан айына дейін 34 үйдің жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарлануда.
«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының да нәтижесі айтарлықтай. Соның аясында аудан бойынша жыл соңына дейін 34 жоба жүзеге асырылады. Олардың ішінде – АРО саябағын автоматты суару және көгалдандыру жүйесі, АЗТМ саябағындағы иттерді серуендетуге арналған алаң, Бөгенбай батыр бульварын Сейфуллин даңғылынан Шәріпов көшесіне дейін абаттандыру, Досмұхамедов көшесі, 68 және Аносов көшесі, 37 екі ауланы жөндеу қарастырылған.
Алдағы уақытта жолдарды, кәріз және электр желілерін жөндеу, абаттандыру және т.б. мәселелер шешімін табуға тиіс.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобасының бір мақсаты - ауылды дамыту. Жоба бойынша 500-ден астам елді-мекендегі ауыз су, жол жөнделіп, инфрақұрылым жағдайын ретке келтіру керек. Алайда жоспарланған 20 көрсеткіштің төртеуі жүзеге асатын уақытын күтіп тұр. Ауылдағы ағайынның басты мәселесі – ауыз су. Тіршілік нәріне тарығып, сапалы ауыз суға жете алмай отырған елде 1 млн-нан астам азамат бар екен. Оның 770 мыңы ауыл, 280 мыңы қала тұрғыны. Ұлттық жоба аясында өткен жылы тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 90%-ке жеткен. Биыл көрсеткішті арттыру жоспарланып отыр. 1 056 жобаны іске қосуға 128 млрд теңге бөлініпті.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, «Биыл 1 тамыздағы жағдай бойынша «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын іске асыруға 650,1 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде республикалық бюджет 440,4 млрд теңгені, бюджеттен тыс қаражат 155,8 млрд тенгені және жергілікті бюджет 53,9 млрд тенгені құрайды. Жоспар кестесіне сәйкес барлық бюджет толық көлемде игерілді».
Жобаның тағы бір мақсаты моно және шағын қалалардың инфрақұрылымын дамытуды көздейді. Осы мақсатта биылғы жылға қазынадан 25,8 млрд теңге қарастырылған. Ол 28 қалада 57 жобаны іске асыруға арналып отыр.
«Моно және шағын қалалардың инфрақұрылымын дамыту үшін 2022 жылы 28 қалада 57 жобаны іске асыруға 25,8 млрд теңге бөлінген. Осы жылдың 1 тамызына шаққанда әкімдіктер 9,2 млрд теңгені немесе жылдық жоспардың 35,8%-ін игерді», – деп мәлімдейді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.
Жоба аясында республикалық маңызы бар, жергілікті жолдарды жөндеу де көзделіпті. Қалыпты жағдайдағы жол сапасының көрсеткіші жыл соңына дейін республикада 91%-ға, ал жергілікті желі бойынша 85%-ға дейін жеткізілмек. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобасы азаматтардың әл-ауқатының артуына да оң серпін бермек. Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев жақында екі кәсіпорынның, атап айтсақ, тау-кен өндіру жабдықтарын өндіретін және қызмет көрсету саласындағы әлемдік көшбасшының суперсервисі Weir Minerals және диагностикалық тест-жүйелерін өндіретін «Қаз-Диа-Тест» ЖШС-ті іске қосты.
Weir Minerals компаниясының әлемдік көшбасшысының супер сервисін Кazstroy Trade ЖШС-і Алматы индустриалды аймағындағы шағын өнеркәсіп саябағында жүзеге асырады. 2450 шаршы метрлік алаңда тау-кен өндіру саласы және жалпы мақсаттағы өнеркәсіп үшін шлам жабдығын шығару, энергетикалық сектор жоспарланып отыр: сорғылар, гидроциклондар, клапандар, елеуге арналған жабдық, резеңке және тозуға төзімді футеровкалар. Жоспарланған өндірістік қуаты – жылына 600 бірлік өнім. Жобаға салынған жалпы инвестиция 1,25 млрд теңге болып отыр. Кәсіпорын 60-тан астам жаңа жұмыс орнын ашып, азаматтарды кәсіппен қамтымақ. Осылайша қуатты өңір қуатты еңбеккерлердің қалыптасуына оң әсер етіп отыр.