Мәжіліс депутаты Абзал Құспан тоқал алу мәселесін заңдастыру керек деген пікір білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.
Депутат бұл – оның жеке көзқарасы екенін айтып, Мәжілісте бұл тақырыптың ресми түрде талқыланып жатпағанын атап өтті. Бұл пікірін ол Erbol Seilkhan YouTube арнасына берген сұхбатында айтты.
«Қазір тоқал алуға заң тыйым салғанымен, оны тоқтатып жатқан ешкім жоқ. Сондықтан бұл мәселені заңдастырып, нақты реттеу керек деп ойлаймын. Алдымен қоғамда ашық талқылап алу қажет, содан кейін заңгерлер ретінде оның нақты тетіктері мен жүйесін жасап шығарамыз», — деді депутат.
Абзал Құспанның айтуынша, әйел құқықтарын қорғап жүрген кейбір топтар дәл осы тақырыпқа келгенде өз ұстанымдарын өзгертеді.
«Сол сәттен-ақ олардың артында батыстық құқық қорғау ұйымдары тұрғанын байқаймын. Себебі олардың мәлімдемелерінен-ақ, қай бағыттан ықпал болып жатқанын сезуге болады», — деді ол.