Есірткіге құмарлық түбі – құрдым

Malim Админ

  • 26.10.2020

Уақыт доңғалағы алға жылжыған сайын адамдардың рухани әлемі тым жұтаңдап барады. Адам рухы үнемі толығуды, өсуді қалайды. Ондайда адам ізденбесе, рухани кәусар бұлақтың суынан дәм татпаса, құлдырағанның үстіне құлдырай түспек.

Рухани байлық жоқ болған соң, адам оның орнын басқа дүниемен толтыруға тырысады. Әртүрлі адасушылықтар осындайда пайда болады. Бүгінгі қоғамның дерті – нашақорлық. Оның себебі – есірткі.

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі барынша қатаң күрес жүргізіп жатыр. Бірақ есірткіге тәуелді болып қалған топтар, әртүрлі айла тәсілге барып, жамандықтан тыйылар емес.

Есірткі – ми жасушаларының жұмысын өзгертіп, адам ағзасында жалған ләззат сезімі мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын химиялық зат. Зор өкініш сол, қазір жастар нашақорлықтың тұтқынына айналып бара жатыр. Жастар арасындағы нашақорлықтың кең етек жаюы рухани кембағалдықтың белгілі. Батысқа еліктеп, өз қағынан жеріген бүгіні ұрпақ әрнәрсеге қызығып, нашақорлыққа басымен кіріп бара жатыр.

Жасөспірімдердің есірткіге үйірлігінің негізгі себебі өздерін тәуелсіз сезінгілері келеді деп есептейді мамандар.

Жастар есірткіні достарынан ерекшеленбеу үшін немесе олардың алдында өз беделін көтеру үшін шеге бастайды. Жастар арасындағы нашақорлықтың өршуінің тағы бір себебіне жастардың өмірлік қиыншылықтарды жеңе алмауын жатқызуға болады. Наша уақытша психикалық қысымды төмендетеді, бірақ жастар оның адам ағзасына тигізетін кері әсері туралы ойламайды. Олар нашақорлықтан кез келген уақытта еш қиындықсыз бас тарта алатындарына сенеді. Бірақ нашадан психикалық және физикалық тәуелділік пайда болғаннан кейін бұл шешім кейінге шегеріне береді.

Жастар нашаны қайдан алады. Қазіргі ақпараттық заманда оларға қызмет көрсететін неше түрлі ресурстар бар. Тіпті, жеке сайттары да жұмыс істейді. Жақында Маңғыстаудағы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі қылмысының 493 фактісін анықтап, есірткі сататын 72 сайтты бұғаттаған болатын.

Департаменттің мәліметінше, жыл басынан бері есірткі саудасына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 493 есірткі қылмысын анықтаған. Нәтижесінде заңсыз айналымнан героин, марихуана, гашиш, апиын және синтетикалық есірткі сияқты 193 келіге жуық есірткі заттары тәркіленді.

«Облыс полицейлері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабын бұзудың 39 фактісін (есірткіге мас күйінде көлік құралын жүргізу), 426-бабын бұзудың бес фактісін (дәрілік препараттарды рецептісіз босату) және 427-бабын бұзудың бір фактісін (есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы саласындағы объектілер мен үй-жайлардың техникалық нығайтылу талаптарын бұзу) анықтады», - делінген департамент мәліметінде.

Сондай-ақ, есірткі құралдары мен олардың аналогтарын жарнамамен және сатумен айналысатын 72 сайтты тапты. Барлық сайттар бұғатталды. Есірткі заттарын сату бойынша интернет-ресурстарды жарнамалайтын 40 граффити табылды және жойылды.

Бұл қатаң күрес қаншалықты нәтиже береді. Оны уақыт көрсетеді. Ең бастысы қылмыскерлер ұсталып, қылмыстық іс қозғалды. Олар жазасын алады. Бірақ нашаға психологиялық тұрғыда тәуелді болып қалғандар не істейді? Олар енді жаңа жолын іздестіре бастамай ма? Осы жағы бізді алаңдатады.

Мамандардың пікірінше, есірткіше психикалық тәуелділік тез арада пайда болады, кей жағдайда есірткіні тіпті бір ғана рет пайдаланса да, тәуелділік туындайды. Адамның миы есірткіні қабылдағанда пайда болатын ләззат сезімін есінде сақтап қалады да, бұл сезімнің қайталануын талап етеді. Сол себептен есірткіге үйренген адам бастапқыда пайда болған сезімді күшейту үшін оның мөлшерін күн өткен сайын көбейтуге мәжбүр болады. Кей жағдайда есітркінің мөлшерін шамадан тыс асыру мезгілсіз өлімге әкеліп соқтырады. Қабылданған есірткінің әсері басылғаннан кейін адам ағзасында психикалық және физикалық жайсыздық пайда болады. Нашақор адамдар бұл жағдайды «дененің сынуы» деп атайды.

Дененің сынуы – ол адамның тоңуы, буындар мен сүйектердің, бұлшық еттердің сынып ауруы, дене бұлшық еттерінің дірілі, тартылуы, әлсіздік, тершеңдік, жүректің айнуы, адамның құсуы және ішінің өтуі, іштегі қатты ауыру сезімі, мұрынның бітелуі. Соным қатар нашақор адамда өлімнен қорқу сезімі, тынышсыздық, ұйқысыздық, галлюцинация пайда болады. Нашақор «дененің сынуын» басынан кешпес үшін есірткіні қабылдауды жалғастыруға мәжбүр.

Бұл өте қауіпті құбылыс. Қоғамға төнген қауіп, ұрпақ қасіреті. Есірткіге құмарлық түбі – құрдым. Бұл дертпен қоғам болып күресуіміз керек. Күрес толассыз жүріп те жатыр.

Күні кеше елордада арнайы операция барысында есірткі сатушылардан құралған қылмыстық топ ұсталды. «Қарасора-2020» жедел алдын алу шаралары барысында есірткінің заңсыз айналымының тұрақты каналы жойылып, елордаға есірткі жеткізіп, сатып келген қылмыстық топтың іс-әрекеттеріне тосқауыл қойылды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция полковнигі Олжас Жарылғапов айтты. «Алдымен есірткі сатып, бұрын сотты болған 27 жастағы күдікті елорда аумағында дәл осындай қылмыспен қайта ұсталды. Оның көлігін тінту кезінде ұсталған адам сатуға дайындаған, жалпы салмағы 500 грамнан асатын, оралған гашиш салынған сіріңке қораптары тәркіленді. Сондай-ақ, көліктің ішінде бұрын сотталған 24 жастағы азамат болған. Одан да тексеру кезінде гашиш тәркіленді. Олармен қатар полиция қызметкерлері елордаға есірткіні жеткізіп тұрған негізгі тасымалдаушы ұсталды. Ол – бұрын сотты болған Жамбыл облысының 34 жастағы тұрғыны болып шықты. Оның пәтерін тінту барысында оқтары бары травматикалық қару, есірткі себілгені анықталған электронды салмақ өлшеуіш және есірткі қабылдауға арналған құрал табылды. Сондай-ақ 2 миллион 150 мың теңгелік қолма-қол ақша, гашиш оралған үш полиэтиленді пакет, сатылуға дайын есірткі толтырылған 265 сіріңке қорабы тәркіленді», - дейді Олжас Жарылғапов. Арнайы операцияны жүргізу барысында заңсыз айналымнан 6 келі есірткі (3 мың реттік гашиш дозасы – қара нарықтағы бағасы 9 млн теңге) алынды. Қазір ұсталған адамдар Қылмыстық кодекстің 296-бабы 4-бөлігі және 297-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Кінәлары дәлелденген жағдайда олар 7 жылдан 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Дұрыс. Жаза керек. Бірақ есірткіге тәуелді болып қалған адамдар жазадан да қорықпайтын сияқты. Есірткі үшін атыс-шабыс, төбелеске дейін де барады. Тіпті, кейде полиция қызметкерлері де сыбайлас болып жатады. Ішкі істер министрлігі өзіндік қауіпсіздік департаменті өз қатарларындағы қылмысты түбірімен жою жұмысын тоқтатып жатқан жоқ. Бұл жолы олардың нысанасына Көліктегі полиция департаментінің Жамбыл облысы Шоқпар стансасының желілік полиция бөлімінің қызметкерлері ілінді.

Жабайы қарасораны жинау мен сатуға қатысты өзіндік қауіпсіздік басқармасы сотқа дейінгі тергеу амалын бастады. Тексеру шаралары барысында ӨҚБ қызметкерлеріне күдікке ілінген полиция қызметкерлерінің Құмөзек жеріне өтіп, есірткі өсімдігін заңсыз жинап, кейін сатқысы келетіндері туралы ақпарат келіп түскен. Өзіндік қауіпсіздік басқармасы мен арнайы қызмет бөлімі бұл қылмыстың жолын кесу үшін арнайы операция өткізді. Күдіктілер кетіп бара жатқан көлікті тоқтату керек болатын. Ол үшін қызметкерлер Шу-Тараз автожолын жапқан еді. Алайда осы уақытта жүргізуші із суытып кету үшін арнайы қызметтегілердің көлігін әдейі жаныштай соғып, ондағы арнайы бөлімше қызметкерінің бірін ауыр жарақаттаған. Қаруы бар күдіктілер қатты жылдамдықпен оқиға орнынан іс суытып кетпек болған. Олардың көлігінде үш адам болған. Полиция қызметкерлерінің аспанға атқан ескерту оғына қылмыскерлер тоқтамаған. Осыдан кейін құқық қорғаушылар көлікті тоқтату үшін қызмет қаруын пайдаланды. Ақыры күдіктілердің екеуі жарақат алған. Осы оқиғаның салдарынан олардың біреуі медицина мекемесінде көз жұмды. Екіншісіне стационарлық көмек көрсетілді. Үшіншісі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 128-бабына сәйкес ұсталып, уақытша оқшаулағышқа қамалды. Қазіргі уақытта осы іс бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 297, 345, 362-баптары бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне сай бұдан басқа ақпарат жарияланбады.

Көрдіңіз бе? Есірткімен жастар уланып жатыр. Оларды тарату қызметі де замануи құралдарды пайдаланып кең етек алып барады. Ал соған сыбайлас болу полиция қызметкерлеріне өліммен тең емес пе? Бірақ оған арланып отырған ешкім жоқ. Бұндай дерек бұған дейін де талай тіркелген. Осы жолғысы тіпті, бәрінен өтіп кетеді. Адам өлімі болған. Өз қатарластарын жарақатады. Адам қорыққанда неше түрлі әрекеттерге барады. Ұстамды болмаса қиын.

Сондықтан қоғам тәртібіне жуаптысың ба, өз қызметіңді мінсіз атқару керек. Қу құлқын адамзатты жарға жықпай тынбайтын сияқты ма, қалай?

Байланысты жаналықтар

Жұмыс орнында жазым болғандар көбейді

28.02.2023

Сол кеткеннен мол кеттім, бір доза - бір жылдық тәуелділік - бұрынғы нашақордың әңгімесі

29.04.2022

Жас қыздың жан айқайы және нашақорлықтың машақаты

01.02.2021

Есірткі таратушылар тыйылар емес

13.10.2020
MalimBlocks
Жұмыс орнында жазым болғандар көбейді

200 мыңнан астам қауіпті өндірістік нысан бар

Сол кеткеннен мол кеттім, бір доза - бір жылдық тәуелділік - бұрынғы нашақордың әңгімесі

Жас қыздың жан айқайы және нашақорлықтың машақаты

Есірткі таратушылар тыйылар емес