Біртанов үйқамақта екен

Malim Админ

  • 07.11.2020

Экс-министр Елжан БІРТАНОВ үй қамақта. Бұл туралы күдіктінің адвокаты Дмитрий КУРЯЧЕНКО хабарлады.

Үшінші қараша күні Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің Экономикалық тергеу қызметі бұрынғы денсаулық сақтау министрі Е.А. Біртановқа қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын ысырап ету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды деген еді.

«Е.А. Біртановқа қатысты сотпен қамауда ұстау бұлтартпау шарасы санцияланды.  Тергеу мүддесі байланысты қосымша ақпарат жарияланбайды», — делінген хабарламада.

Елжан Біртанов елде коронавирус індеті өршіген тұста отставкаға кеткен. Одан бұрын ол өзі де кронавирус жұқтырып, ауруханада емделген. Өзінің отставкасын Біртанов емделуім керек деп  түсіндірді.

25 маусым күні Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Елжан Біртановты қызметінен босатып, орнына Алексей ЦОЙДЫ тағайындаған болатын.

Бірақ президент Қасым-Жомарт Тоқаев 8 шілде күнгі мәлімдемесінде коронавирустың өршуін денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығының жіберген қателіктерімен байланыстырып, сол қателіктерді тексеруге комиссия құруды тапсырған болатын.

2 тамызда  Біртановтың бұрынғы орынбасары Олжас Әбішевтің «бюджет қаржысын жымқырды» деген күдікпен  ұсталғаны хабарланды. Ал 14 тамызда дәрі-дәрмек сатылымына жауап беретін «СК-Фармация» компаниясының экс-басшысы Берік Шәріп қамауға алынған. Ол төтенше жағдай кезінде медициналық бұйымдарды сатып алғанда қызмет бабын асыра пайдаланды деген күдікке ілінді.

Фото: informburo.kz