Ақтотының басқа қыздар сияқты сұғанақтығы жоқ

Malim Админ

  • 20.11.2020

«Алдыңғылардың әңгімесі» бағдарламасының бүгінгі кейіпкері – жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков.Жазушы бүгінгі қазақ театрларының кемшілігін айтты. Өзі сабақ беретін Жургенов атындағы өнер академиясының студенттерінің деңгейін сөз етті. Қаламдастары туралы шығарған анекдоттары да сұхбаттан тыс қалған жоқ.

Аға, сізге хабарласқанымда мені  қызықтырған және ойландырған екі нәрсе айттыңыз. Соның қызықтырғаны: бір шығарма жазып біттім, бітіргеніме көп болған жоқ. Тынығып алайын дедіңіз. Қандай дүние жазып біттіңіз?

– Өмірге келгендегі негізгі мақсатым жазу шығар. Соған көзім жеткендей болды. Бұрын жазушымын деп айтуға ыңғайсызданатынмын. Менен де басқа жазушылыққа бет бұрған азаматтар бар. Жазушылыққа талпынып жүрген жастар бар. Бізге қарағанда кейінгі ұрпақ прагматиктер. Ақысын бермесең, ештеңе істемейтін жастар келе жатыр. Дұрыс та жасайды. Ал біздің буын жазбай отыра алмайды. Өйткені ойланбай отыра алмайды. Ойының түп негізі неде? Қай тақырыпқа барса да, тарихи тақырыпқа барса да бүгінгі күннің проблемасын іздейді. Бүгінгі проблема болса, көсеп, оттың көзін жалындатып тұрып жазуға тырысады.

Карантиннің пайдасын көрген сияқтымын. Біраз нәрсе жазып тастаппын. Екі пьеса бітірдім. Біреуі – Рахметолла Райымқұлов ағамыздың «Түйелі адам» повесі бойынша «Мақшардағы махаббат» пьеса жаздым. Драма. Оны жазған себебім, Талдықорған театрының ұсынысы болды. Рахаңның шығармасы жайлы пьеса жазып әкеліпті. Қарап тұрсам, драматургияның иісі де жоқ. Бәрін айта берген. Рахаңның бірнеше шығармаларын қосып жіберген. Кәмпескеден бастап, колхоздастыру, коммунистік партиясының рөлі, «Ленин партиясы қазақ халқын құтқарады» деген сөз де жүр ішінде. Комсомол жүр, соғыс басталған, кейіпкердің үстінен іс қозғалды ма, быт-шыт. Бәрін айта берген. Бәрін айтқан соң, компазицияның сәні, мазмұнның мәні кетеді. Содан кейін отырып, он жеті пунктен қалай жазу керегін жасап бергенмін. «Бәрін айтпаңдар, біреуін ғана алыңдар. «Түйелі адам» деген повесі бар. Содан сахналық шығарма шығаруға болады» дедім. Содан кейін олар жата кеп жабысты. «Сізден басқа ешкім жаза алмайды. Өзіңіз жазып беріңіз» деді. Рахаң үшін жазып берейін деп ойладым. 24 жасымда әскерде жүріп «Гауһартасты» жазып келгенімде «Жұлдыз» журналының проза бөлімінің меңгерушісі екен ол кісі. Ол кезде ешкімді танымаймын. Алып бардым, бердім. «Жарайды, тастап кет» деді. Ол кезде мен сияқты жастар толып жатыр ғой. Бықпырт. Ол кезде М. Әуезовтен басқа классиктеріміздің бәрі дін аман. Роман жазса. Бес-алты нөмерге бір-ақ кетеді. «Жұлдыз» жалғыз журнал, солардан босамайды. Қазіргідей газет-журнал көп емес ол кезде. Бізді жариялайтын – «Лениншіл жас». «Социалистік Қазақстан» әңгіме баспайды. «Қазақ әдебиеті» газеті де үлкендерден артылмайды. Анда-санда болмаса, жастарды көп бермейді. Сөйтіп жүргенде, Рахаң іздепті. Бардым. Ол кезде адам табу қиын. Барсам, орнына тұрып, бетіамнен сүйді. «Айналайын, құттықтаймын. Кермет повесть жазыпсың, көзіме жас алдым. Бұны енді Сырбайға беремін. Ол кісі мақұлдаса, журналға шығасың. Жастарды кезексіз шығарайық деп айтып көремін» деді. Сырбай Мәуленов «Жұлдыздың» бас редакторы. Содан қалтырып, Сырбай ағаның оқуын күттік. Бір күні Рахаң, Сырбай аға шақырғанын айтты. Барсам, даусы гүрілдеп отыр екен. Ол кісі де бетімнен сүйіп: «Мынандай повесть жазған екенсің, айналайын. Мені бұны досыл ғып жіберемін» деді. Досыл деген кеткен журналдың ішінен бір материалды алып тастап, орнына салады. Жүрегім жарыла қуандым. Осылай «Гауһартас» шыққан еді. Содан кейін біз ағалы-інілі боп араласып кеттік. Осы күнгі министр Ақтотыны талай рет балабақшасына бірге апарып, концерттеріне барып, қолдан өсірген қыз ғой. Ол да пьеса жазылып біткенде қатты қуанды. Қанша айтқанмен әкесі ғой. Басқа қыздар сияқты сұғанақтығы жоқ қыз. «Аға, сіз театрды жақсы білесіз ғой. Мен араласпай-ақ қояйын. Өзіңіз айтыңызшы. Мен аралассам, тағы бір сөздер шығып кетеді артынан» деді. Жарайды деп, Әуезов театрымен өзім сөйлестім. Еркін Жуасбек оқып шығып, режиссер дайындады. Ол менімен хабарласты. Келесі жылдың репертуарына «Мақшардағы махаббат» еніп тұр.

Екіншісі, тура 11 қарашада үлкен пьеса бітірдім. Оған көп уақытым кетті. «Бөрте ханым» деген. Қарап тұрсам, біздің сахнамызда, экранымызда нағыз қазақ қызының бейнесі жоқ екен.  Томириске бір жабысамыз, Ұмай анаға бір жабысамыз. Олар қазақ емес қой. Сақтар түркі тілдес халық емес. Содан ойланып, неге Бөртені жазбасқа дедім. Оның үстіне қоңырат руының қызы. Мен де қоңыратпын. Мәселе қоңыраттығымда емес. Сондай бір керемет образ. Кітап оқуға бес-алты ай уақытым кетті. Бөрте туралы материал аз. Әр кітаптан тозаңдап жинап жүріп, жиырма бес беттік жоспарын жасадым. Бөрте туралы оқиғалар деп, бес-алты бет тізімін жаздым. Соның бәрін зерттеп, жетпіс беттік пьеса жазылды. Енді ондай ұзақ шығарманы қоятын театр табыла ма екен деп ойлап отырмын.

Бірақ табылып қалар деп ойлаймын. Өйткені  Бәйтен Омаров атындағы «Жас сахна» театры екі жарым сағыттық спектакль қойды. Тапжылмай көрдік. Үш сағаттық қойылымды көруге қазақтың қуығы шыдайтын шығар.

Кезінде «Абылай хан» да ұзақ болды ғой...

– Иә, ұзақ еді. Театр көрермендерін тәрбиелеудің орнына, алда жүрудің орнына, қазір соңына түсіп алды. Көрермендердің қалауынша спектакль қоятын болды. Тіпті, театр мамандарының бірінші қоятын сұрағы: «Спектакль қанша уақыт жүреді?». Екі сағатты қзақсынады. Ал әлемдік театрда хабары бар адамдар, бұл ұзақ емес екенін біледі. Францияда «Оранжерия» деген театр бар. Онда он екі сағаттық спектакль бар. Таңғы онда басталса, кешке онда бітеді. Тамағы ішінде, төрт антрактен тұрады. «Дю солей» деген Мшункинаның театры бар. Онда бес сағаттық спектакльдер бар. Сонда «Индиана» деген спектакльді тапжылмай отырып көрдік. Мнушкинаның әкесі 1912 жылы Францияға барып, сонда тұрақтап қалған. Ал біз екі сағаттан асып кетсе, шыдымайды. Осындай тәжірибелер бар.

Ал ойландырғаны: Мен дүйсенбі күні хабарластым. Сіз сәрсенбі сабағым бар, ертең дайындалуым керек. Бейсенбі жолығайық дедіңіз. Сіздің жасыңыздағы көп қаламгерлердің жәй жиналыстың өзіне дайындықсыз барып, сөйлейтінін көріп жүрміз. Сіз үшін студенттердің алдында дайындалып барудың маңыздылығы неде?

– Мен дайындықсыз сабақ өткен емеспін. Академияның мұғалімдерінің көбі дайындықсыз сабақ өтеді. Менің айтатыным: «Сендер жәй оқу орнын бітіріп отырған жоқсыңдар. Академияны бітіріп жатсыңдар. Сендердің білімдерің академиялық болу керек» деп айтамын. Жазушылыққа үйрететін ешқандай академия жоқ. Менің үйретерім – тек бағыт беру. Брехттің шындыққа жазғысы келетін адамға арналған бес қағидасы бар. Соны үйреніп алса деймін. Не жазасың, не үшін жазасың, кім үшін жазасың, қалай жазасың, цензура. Цензурадан да айналып өтуді Брехт үйретіп кеткен. Реформатор ғой. Театр саласында реформаторлар көп емес.

– Қазіргі жастар қандай, аға?

Ылғида жақсысыңдар деп айта бермеймін ғой. Оларды оятып, түртіп отыруым керек. Бірақ қашықтан оқыту деген қиын екен. Суретке қарап отырып сөйлегеней боласың. Бұрын қарсы қарап сабақ бергенде, бәрі көз алдыңда тұратын.

Қазір студенттеріме бес тақырып беріп, бір дүние жазып келіңдер деп тапсырма бердім. Мақала, әңгіме бола ма, этюд бола ма. Келесі аптада соларды тыңдаймын. Мен берген тақырыпқа қатып қалмаса болады. Қазір жастар біздің стильде жазып жүр. «Сендер 21 ғасырдың драматургі боласыңдар, бола қалсаңдар. Ойларың басқа, махаббаттарың басқа, өмір сүрулерің басқа. Жаңа дүние жазып әкеліңдерші. Мен түсінбейтін пьеса жазып әкеліңдер. Форма, стиль жағынан. Мен түсінуге тырысайын. Түсінбесем, сендерден сұраймын» деймін.

– Сіздің пьесаларыңызды қазақ театрларынан гөрі орыс театрлары жақсы қоя білгендей көрінді. Сіз қалай ойлайсыз?

– Дұрыс айтасың. Ол баяғыдан келе жатқан өзімнің ойым ғой. Қазақ театрына өкпелеудің реті жоқ. Әуезов театрына ризамын. Екі жақтың театрының жұмыс істеу реті екі бөлек. Біздің театрлар драматургпен жұмыс істе алмайды. Біздікілердің жұмыс істеуі – қысқарту ғана. Өз жанынан сөз қосу. Ол болмайды. Әуезов театрында «Жүз жылдық жалғыздықты» қойғанда қиын болды. Екі рет жауып тастадық. Егерде қысқартып, өз жандарынан сөз қосатын болса, онда өздері жазсын.

Лермонтов театры «Торды» қойғанда қалай болды. Бірінші қабылдап алды. Екінші режиссердің жоспары жасалды. Әр сөз, әр сөйлемді қарады. Біздің режиссерлер жалқау, ондайға бармайды. Біз Андриасянның дачасына барып, екі күн бойы әр сөзге шұқшидық. Түрлі-түсті бояумен сызып отырып, қарады. Содан кейін актерлерді дайындады. Кейін қойды. Спектакль жақсы шықты. Ал Әуезов театры «Жүз жылдық махаббатты» қойғанда, бірінші көріліміне барсам, Брюсов орысша сөйлеп жүр. Онда да менің жазғаным емес. Танымай қалдым. Асанәлі көркемдік жетекшісі жылы сөйлеп, қабылдап жіберейін деп тұр. «Асеке, алдымен мен сөйлейін. Көзіміз тірі. Драматург деген атымыз бар.  Неге мені шақырып алып, бір ауыз сөйлеспейді? Бұл қалай? Театры екі рет қоямыз деп көп шығынға батқан екен, осымен қояйық» деп едім, бәрі жалынып, ақыры ескертпелерді түзеп, шығарды.

«Жаңа Алаш» ютуб арнасынан сұхбаттың толық бейненұсқасын көре аласыздар.

https://www.youtube.com/watch?v=RGmPtKA87PE&t=103s

Байланысты жаналықтар

ОРАЛХАНДЫ ДА, ҚҰДАЙЫҢДЫ ДА ҰМЫТҚАН ЕКЕНСІҢ... яғни, Д.Исабековты тәубаға түсіру рәсімі

03.12.2022

«Журналистерге марапат емес, ақпарат берілуі керек!»

28.06.2022

Командир министрді, министр президентті алдайды – шекаралық Мақаншы тұрғынымен сұхбат   

26.05.2022

Сұраған Рахметұлы:  «Жағымпаздық дерті науқаншылдықтан шықты»

17.03.2022

Түркістандағы жаңа театрда «Бөрте» спектаклі қойылады

06.10.2021

Оразхан Кенебаев: «Мәдениетті насихаттау – ұлтты сақтау»

06.04.2021
MalimBlocks
ОРАЛХАНДЫ ДА, ҚҰДАЙЫҢДЫ ДА ҰМЫТҚАН ЕКЕНСІҢ... яғни, Д.Исабековты тәубаға түсіру рәсімі

Республика президентінің қолынан биік марапат алып, желі көтеріліп тұрған Д.Исабеков, мына біз сияқты пендесіне көңіл бөліп, «Мұхтар Мағауиннің бүкіл позициясы маған ұнамайды» деген түйінді тақырыппен сұхбат беріпті – Nege.kz, 10.ХІ.2022. Бір заманда таныған, білген, енді көзден таса, көңілден өшкен жазарманның, тәрізі, қырық-елу жыл бойы іште булыққан жүрекжарды толғамы. Жарыққа шыққан кезде біз тарихи-танымдық «Алтын Орда» кітабын дендеп, қажетті тынысқа Эрнест Хемингуэйдің ескі жұрты – жылы теңізге бет түзеген едік. Енді міне, екі аптадан асқанда қайрылып соғуға мүмкіндік таптық. Артықша қажеттіліктен емес, әлдебір әуесқой ағайындар дүддәмалда қалмасын деп.

«Журналистерге марапат емес, ақпарат берілуі керек!»

Мемлекет журналистерге сұраған ақпаратын тауып бере алмайды

Командир министрді, министр президентті алдайды – шекаралық Мақаншы тұрғынымен сұхбат   

Бірақ, күні бүгінге дейін еститін құлақ жоқ

Сұраған Рахметұлы:  «Жағымпаздық дерті науқаншылдықтан шықты»

Қазақстанда әдебиетті, поэзияны өте жоғары деңгейде қолдайды. Соғұрлым науқаншылайды.

Түркістандағы жаңа театрда «Бөрте» спектаклі қойылады

Бүгін  Түркістан музыкалық драма театрында театрда қойылатын «Бөрте» спектакліне байланысты пресс-конференция өтті.

Оразхан Кенебаев: «Мәдениетті насихаттау – ұлтты сақтау»