457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Ризван Гусейнов: Еуропалықтар түркі мұрасын жоққа шығарды

– Ризван мырза, Сіз жуырда Әзербайжанның Ұлттық кітапханасына қазақ профессоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың қазақтардың ежелден мемлекеттілігі болғанын дәлелдейтін атлас кітабын табыстадыңыз. Ресейлік саясаткерлердің “қазақтарда 1991 жылға дейін мемлекет болмаған” деген пікірін жиі естиміз. Осы тарихи баға қаншалықты әділ деп ойлайсыз?

– Бұл қаншалықты оғаш естілсе де, Қазақстан мен Әзербайжанды сынға алып, қауіп төндіретіндер, шын мәнінде, бізге көмектесіп жатыр. Өйткені мұндай негізсіз саяси мәлімдемелер мен амбициялар ғылыми ойдың жандануына себеп болады. Қазақ ғылымының қалай ұйымдастырылғаны және қалай жұмыс істейтіні мені қатты тәнті етеді. Өкінішке қарай, Әзербайжанда бұл жағынан жағдай онша емес. Сол себепті біз бұл тәжірибені Қазақстаннан үйреніп жатырмыз.

Профессор Сыдықназаров соңғы 20 жылдан астам уақыт ішінде үлкен еңбек атқарды. Бұл бір емес, бірнеше ғылыми орталықтың жұмысымен пара-пар. Қуантарлығы, мұндай зерттеулер Қазақстанда мемлекеттік саясаттың бір бөлігі ретінде жүргізілуде. Ел басшылығы мұның маңызын жақсы түсінеді.

Профессор жинаған карталар Еуропа мен АҚШ-тың архивтерінде сақтаулы. Бұл ортағасырлық карталарда қазақ мемлекеттілігінің тамыры тереңде жатқанын дәлелдейтін рәміздер өте көп. Бұл – 1000 жылдан астам тарих. Тек академиялық емес, сонымен қатар Қазақстан мен Әзербайжанның сыртқы саясатында қолдануға болатын заңдық мәртебе дер едік.

– Посткеңестік елдердің тарихын тәуелсіз елдердің көзқарасы арқылы қайта қарау қажет дейді. Бұл процес Қазақстан мен көрші елдер арасындағы қарым-қатынасқа қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

– Біздің ғылымның басты мәселесі – оның кеңестік дәстүр мен еуроцентризмге тәуелді болуы. Әсіресе тарих және саясаттану сияқты гуманитарлық ғылымдар. Біз Еуропа мен оның мәдениеті, өркениеті адамзат дамуының ең биік шыңы деген тұжырымды оқып келдік. Ал қалған халықтар шеткері, даму деңгейі төмен деген ұстаным болды.

Түркі халықтарына бұл тұжырымдамада «варварлар» рөлі берілді. Біз бұл кеңестік мұрадан құтылдық дегенмен, әлі де өзіміздің ортақ түркілік концепциямыз жоқ. Біз Еуропаға тек қарсы пікір білдірумен шектеліп жатырмыз.

Ортағасырлық еуропалық дереккөздер түркілердің сол замандағы саяси, экономикалық, мәдени гегемон болғанын көрсетеді.

Қазіргі оқулықтар – бізден қорқатын саяси топтардың доктринасы. Бұл – Еуропаның бізге деген фобиясы. Кеңестік және қазіргі ресейлік тарихнама да соның жалғасы.

Біз енді қорғанып, ақталуды доғаруымыз керек. Өз деңгейімізде мектеп оқулықтары, студенттерге арналған оқу құралдары, әдістемелер жасап, болашақ ұрпақты жаңа түсінікпен тәрбиелеуіміз қажет.

– Сіз аймақты «Орта Азия» немесе «Орталық Азия» емес, «Түркістан» деп атау керек дейсіз. Бұның маңызы қандай?

– Бұл – отарлық терминология. Мұны бізге Батыс, патшалық Ресей және Кеңес Одағы таңды. Әзербайжанда да дәл сондай жағдай. Бізді «Закавказье» деп атады. Бірақ шын мәнінде, Ресей Кавказдың ар жағында орналасқан, демек, ол – Закавказье.

Сол секілді, «Түркістан» атауын «Орталық Азия» мен «Орта Азия» деп өзгерту де саяси мүддеге қызмет еткен.

Ұлы Түркістан – бұл біртұтас мәдениеті, тарихы және мағынасы бар алып аумақ. Бізге осы атауды қайтару қажет.

Еуропалық ғылым ислам әлемінде иерархия жасап, ең сауатты халықтар – парсылар мен арабтар деген түсінікті қалыптастырды. Ал түркілер төменгі сатыда тұр деп үйретілді. Алайда арабтар мен парсылардың өркендеуі тікелей түркі мемлекеттері мен олардың саясатына байланысты болды.

Біз осыны түсінуіміз керек. Мектеп оқушыларына «Орталық Азия» немесе «Закавказье» деп үйретсек, олардың тарихи сана-сезімі дұрыс қалыптаспайды.

Ал «Түркістан» деп айтсақ, олар неге солай аталатынын сұрай бастайды. Осылайша жаңа тарихи мағыналар қалыптасады.

– Сіз жиі «Ұлы Тұран» туралы айтасыз. Бұл жоба қандай болмақ? Қазақстан мен Әзербайжанның онда алатын орны қандай?

– Түркі жобасы мен Тұран жобасын ажырата білу керек. Түркі жобасы – ұлттық жоба. Ал ұлттық жобалардың дәуірі аяқталды.

XX ғасыр – түркі халықтарының ұлттық сана-сезімін қалыптастыру кезеңі болды. Соның негізінде біз ұлттық мемлекеттер құрдық. 1918 жылы Әзербайжан мұсылман әлемінде алғашқы демократиялық республиканы құрды.

Енді бұл бос кеңістікті жаңа мазмұнмен толтыруымыз қажет. Тек түркі мұрасын зерттеумен шектелсек, оны сыртқа тарата алмаймыз. Біз де еуропалықтар мен парсылардың қатесін қайталаймыз.

Тұран жобасында түркілер басты рөлде болғанымен, ол тек түркі халықтарын ғана емес, Ауғанстан, Пәкістан, Венгрия, Балқан елдері, Ресейдің жартысы, Украина, Солтүстік Үндістан, Иран, Кавказ – бәрін қамтиды.

Бұл халықтардың өзара ортақ мерекелері, мәдени кодтары бар. Бұл – мультимәдени жоба. Түркілер ғана емес, басқа ұлттар да қатыса алады. Яғни агрессиялы емес, біріктіруші жоба десек болады.

– Бүгінгі әлем үлкен өзгерістердің алдында тұр. Саяси карта қайта құрылып жатыр. Болашақта түркі елдерін не күтіп тұр?

– Біз үйреніп қалған саяси карта Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыстардан кейін құрылды. Жеңімпаз елдер картаны өз мүдделеріне қарай сызды. Олардың қатарында түркілер болған жоқ.

БҰҰ-ны да солар құрды. Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері болып бекітілді. Олар өз саясатын жүргізу үшін кейбір аймақтарда жасанды мемлекеттерді қалыптастырды. Бұл жағдай посткеңестік кеңістікке де, Таяу Шығысқа да қатысты.

Қазір бұл жүйе құлап жатыр. Себебі сол мемлекеттер бір-бірімен соғыса бастады. Украинадағы соғыста тек Ресей мен Украина ғана емес, басқа күштердің де мүдделері соғысты.

Бұрын бізге қысым көрсету үшін құрылған кішігірім елдер қазір екі жолдың бірін таңдауы керек: не жаңа геосаяси шындықты қабылдайды да, бізбен – түркі әлемімен – ынтымақтасады немесе сол баяғы сыртқы күштердің саясатын жалғастырып, соның құрбаны болады.

Біз осы екі сценарийге дайын болуымыз керек – саяси, экономикалық және гуманитарлық тұрғыдан. Бізге басқа халықтарды біріктіру, қолдау және дамыту мүмкіндігі беріледі. Бұрын олар мемлекетсіз өмір сүрсе де, бізбен бірге өркендеді. Қазір сол рөлді қайта жаңғыртатын кез келді.

Сұхбаттасқан: Темірлан Құспаев 

 

Фото:  «Қазақпарат»