“КЕМШІЛІГІ ӘР ЖЕРДЕН КӨРІНІП ТҰР-АУ…” 2-бөлім
Көшпелілердің көркем ойлау жүйесінің шығыстық және батыстық бейнелеу тәсілдері мен образдар шоғырына тоғысқан, аса күрделі әрі ұлттық бояуы қанық Абай поэззиясындағы астарлы өлеңнің бірі - “Қыс”. Қысты “ақ киімді, денелі, ақ сақалға” шендестіре теңеуі қазақ поэзиясындағы соңғы үрдіс. Кейбір зерттеушілер мұны христиан дініндегі танымға жетелейтін Аяз атамен – Санта Клауспен салыстырады. Абай соны үлгі тұтты дегісі келеді. Абайдың кәрі құдасы мен Аяз атаның түпкі тегі мүлдем қарама-қайшы. Яғни, Аяз ата христиандық таным. Ол – жомарт, мейірімді, ғайыптан пайда болып сый-сияпатқа кенелтіп тастайтын мұсылман дініндегі Қыдыр атаның түп төркіні. Ал “ақ сақалды қыс – кәрі құда” оған мүлдем қарама-қарсы ұғым береді. Кәрі құда қатал. Түсі суық. Соқыр. Мылқау. Демалысы үскірік. Мазасыз да қытымыр. Долы әрі пәрменді. Оған қарсы шығу мүмкін емес. Ең бастысы малдан тегін олжа дәметіп отыр.
Бұл “кәрі құда” қазақтың: “Кәрі құданың кәрінен сақта”,– деп айтатын мәтеліндегі кәдімгі кәрі құда. Кәрі құда келсе бітті, бүкіл рулы ел әбігерге түседі, ол түскен үйдің иесін өзге ауыл күле мазақтап, өзі де соятын малын, кигізер киімін, алдына салар малын дайындап, сәлем беруге асығады. Неге және Абайдың өзі осынша кеспеттеген кәрі құда кім? Және кәрі құданың ерекше статусы қандай? Әдетте, қыз ұзатылып кеткеннен кейін бір жылдан соң оның бауыры әпкесін іздеп барады. Бұл– барлау. Әпкесінің түскен жері қандай, қалай орналасыпты, күтімі келісіп пе, киімі оңбап па, ең бастысы бала көтеріп пе, жоқ па, соны аңғаруға барады. Құда баланың күтімі, ойын-сауығы, жоралғысы, әзіл жарасымы аңызға пара-пар боп өтеді. Құдашалардың да көңілі жадырап қалатын тұс осы. Ал салт бойынша қыздың әкесі – жігіттің әкесі арнайы шақырғанда ғана барады. Әйтпесе, жолаушылап немесе ғайыптан сол ауылға соққанның өзінде де ол отау үйге қонбайды.
Арада жылдар өтеді. Қызы – бәйбіше, күйеу баласы – ата, жиендері – жігіт ағасы атанып, енді өздері келін түсіріп, отау тіге бастайды. Міне, осы кезде кешегі қыз, бүгінгі сарқаптал әйелдің әкесі, Абайдың өлеңіндегі “Кәрі құда” келеді. Әдетте олардың бәрінің қабағы қатулы, мазасыз келеді. Әрі олар ұзақ жатады. Көбінесе қыстың басында келіп, көктем шыға қайтады. Неге? Демек, бәйбішенің төркіні сол жылы жұтқа ұшыраған, ауылында тігерге тұяқ қалмаған болып шығады. Жұтқа ұшыраған жұрт амалсыздан көптеп- қаумалап, мұқтаждықтың атын ерттеп беріп, кәрі шалды осыдан жиырма – отыз жыл бұрын ұзатылып кеткен қызының ауылының шетіне әкеліп тастайды. Әрі қарай табаны тасырқап, қысылып-қымтырылып, әрі намыстанып, ұялды деуге жасы үлкен, ұялмасқа – жоқшылық желкелеп тұр, амалсыз қанын ішіне тартып, қабағын қарс түйіп кәрі күйеудің үйіне кіреді. Артық сөз, жарқын әзіл, ерекше салтанат қайдан болсын. Кәрі күйеу де амалсыздан құр жүгіреді. Қызы барын салып күтеді, бірақ өзінің етегінен тартқан немересі көңілін бөле береді.
Кәрі құданың көнінің оңай жіби қоюы қиын. Ерекше күтім керек. Бүкіл ауыл кәрі құдадан көрі ауылды емін-еркін меңгеріп, біреуге ене, біреуге құдағи, біреуге әже атанған сарқарын әйелден сескеніп, барын салып күтеді. Кім қалай шақырды, қандай сый-сыяпат жасады, не кигізді, не мінгізді, бәрі сарабдал бәйбішенің жібіне тізіледі. Қыстай жағалай қонаққа шақырылып, іші майланып, алды малданған кәрі құда көктемде қыстай жиған-терген малын алдына салып, көк қуалап еліне қайтады. Сонда ғана кәрі құданың да, кәрі күйеудің де, кәрі әйелдің де көңілі жайланады. Оқыс келген “қатал аяздан” құтылған құдалар да қутыңдайды. Олай етпесе – сүйекке таңба, ел атына сын. Намыстанған бәйбіше де қытымыр келеді. Абай осы өмірлік көріністі қытымыр қыспен шендестіре отырып, өзінің қушыкеш нағашысы, қыстап жататын Тонтай мен Мауқайды есіне ала шаншып:
Құр жібер мына отырған кәрі шалды,–
деп әзілге жыға өлеңін аяқтайды.
Сондықтан да, кәрі құдадан көрі кедей Қондыбай мен Қанайдың жақынырақ көрінері заңды да. “Құдай кәрі құдадан сақтасын”– дегендегі тілеуде екі мағына бар. Біріншісі: Құданың ел-жұрты жұттан аман болсын – деген астар. Екіншісі: жоғарыдағыдай әбігерден аулақ қылсын – деген тура мағынасындағы пиғыл. Иә, кәрі құданың қаһарлы, долы қыстан айырмашылығы шамалы.
“Кәрі құданың” осындай кәрлі келетінін бүгінгі, ертеңгі ұрпақ аңғара бермесе керек-ті. Осы сияқты қате түсінік беріліп жүрген архаизмдердің бірі “Ішім өлген, сыртым сау” – деген өлеңдегі:
Кісі алдында кірбеңдеп,
Шабан, шардақ және шау,–
дегендегі соңғы екі сөз.
Шардақты – дәрменсіз адам, шауды – тосырқау, тоқырап қалу деп (1961) түсіндіріпті. Қазақтар: “шардақ” деп қарынның не қуықтың көк еті сөгіліп, безі майланып, талтаңдап жүре алмай қалған еркек мал мен еркек адамды айтады. Ал “шау” деп тояттан бөтегесі бұзылған, қызылға зауықсыз кәрі құсты айтады. Ол аңға да, етке де шабытсыз, марғау келеді. Демек, Абайдың “шардағы” мен “шауы” жаңағы түсініктемеден көрі терең мағына береді.
Академиялық басылымда мағынасы бұрын теріс не жаңсақ түсіндіріліп келген көп сөз бен атауға дұрыс мағына беріліпті. Мысалы, бұрын қызылбастар – парсы жұрты делінетін. Ал бұл қызылбастар (қызылбашылар) – Иран жеріндегі хорасандық көшпелі түркілер (түрік емес – Т.Ж.) еді. Олар соғыс кезінде бір-бірін тану үшін он екі қызыл жолақты сәлде оранған. Ғазынауилер мен Қазан ханның, Исмайыл шахтың тұсында Амудария мен Сыр бойына жорыққа атттанған. Сондықтан да, “Қорқыт” пен “Қобыланды” жырларында кәпір, қалмақ, жау делініп, жағымсыз кейіпкер ретінде суреттеледі. Бұл түсінік дұрыс. Бірақ Абайдың айтқалы отырғаны қызылбастардың өзі емес, олардың “намазға имамсыз жығылатын жолды салғаны”. Ал имамсыз намаз оқылмайтыны белгілі.
Әскери жорық кезінде бес уақыт намазды өтеу үшін он мыңдаған қолды жиып қойып, уағыз айтып, жығылдыратын имамды күтіп отыру өте қиын. Кез-келген сәтте шабуылға, жорыққа аттануы мүмкін және олардың басын қосу да оңай емес. Имам соғыста қаза тапса оның орнына кісі тауып, оны мұқым әскер танитындай етіп таныстыруға да мүмкіндік бола бермейді. Істің бәрі шұғыл. Барлық сарбаздар намазға бас қойған кезде тұтқиылдан шабуыл жасап, қырылып қалу қаупі сан рет қайталанған. Сондықтан да кез-келген әскер кез-келген жерде намазды өз бетінше оқи беруге мұрсат берілген. Бұл әскери пәрмен бейбіт тіршілікте де күшін жоймай, намаз оқудың дәстүрі ретінде сақталып қалған. Белгілі бір тәртіппен, ырғақпен, қимылмен, дауыспен шеп құрып, сапты түзеп, тізеге – тізені тигізіп, шынтаққа – шынтақты түйістіріп, бір мақаммен намазды реттеп тұратын имам жоқ болғандықтан да, жүздеген, мыңдаған адам өз бетінше азан шақырып, “қаткаумис-сал-лаллатып” берекесіз шуылдап, бей-берекет жығылып-тұрып, мешіттің ішін азан-қазан ететін болған. Абай елдің ішіндегі ала ауыздықты, берекесіздікті, сол қызылбастардың имамсыздығымен салыстырып:
Танымассың, көрмессің,
Қаптаған соң көзді шел.
Имамсыздық намазда,
Қызылбастар салған жол.
Көп шуылдақ не табар,
Билемесе бір кемел.
Берекелі болса ел,
Жағасы жайлау ол бір көл, –
дейді.
Яғни, қызылбастар құсап берекемізді қашырмайық, іс-қимылымыз, айтқан сөзіміз, оқыған намазымыз бір жерден шықсын, үйлесімін тапсын, бір ауызды, берекелі болайық. Бір кемелдің сөзін тыңдайық, – деп отыр. Ал осы жолдарды: Абай “көп шуылдақ” дегенде халықты ақылсыз тобыр ретінде көрсетті - деп ақынды жазғыра түсіндіріп келдік. Сан дауысты аспаптың үнін дирижер реттемесе, қаншама құйма құлақ болсаң да оркестрдің үні үйлесіп шығар ма еді? Имам да сол міндетті атқаратын адам. Қызылбастардың имамсыз намаз оқитынын Абайдың тілге тиек етуінің астары осында.
“Күз” өлеңіндегі: “Біреу малма сапсиды салып иін”,– дегендегі “малма” мен “сапсиды” деген архаизмдер де түсінікті қажет етеді. Қамқа мен қырмызы тонды ұнатып киетін ұрпақ терінің иі қанып, жүні түсіп, шелі сыдырылған соң, оны суға малмалап (салып) отырып, бұшпақ-бұшпағын, жон терісін сапситының (керетінін, жазатынын) арнайы түсіндірмесіз түсіне қояды деу де сенімсіз. Сондай-ақ Абай өлеңдеріне жазылған бір түсінікте:
Күзеу тозған, оты жоқ елдің маңы,
Тұман болар жел соқса шаң-тозаңы.
От жақпаған үйінің сұры қашып, –
дегендегі екі “оттың” қатар келуіне күдіктене қарайды.
Шындығында, бұл арада дәркүмәнданатын ештеңе жоқ. Бәрі орынында. Тек алдыңғы “от” – жердің оты, яғни өрістегі шөп. Ал екінші от – кәдімгі от. Мал тұяғынан уланған шөп тез тозаңданады. Абай соны айтып отыр.
Кәкітай мен Турағұлдың 1909 жылғы басылымында аударма ретінде беріліп, “Лермонтовтан” деп сілтеме жасалған, алайда осы күнге дейін түпнұсқасы табылмай, кейінгі басылымдарда Абайдың төл шығармасы есебінде басылып келе жатқан “Асқа, тойға баратұғын” деп аталатын романтикалық сарындағы өлеңнің идеясы мен түйіні де түсініктеме беруді қажет етеді. Шындығында да, бұл өлең Кавказ тақырыбына арналған орыс ақындарының немесе казак жырларының негізінде дүниеге келген. Соның ішінде, “Қажымұрат жырлары”, “Казак жырлары” атты халықтың қара өлеңдері мен дәл осы сюжетке құрылған әнді Ставраполь өлкесінде жүргенде естігеніміз бар. Түпнұсқасы түбінде бір қолға түсер деген үміттеміз. Санамыздағы сарынның мазмұны бойынша Қажымұрат (тарихи тұлға емес) немесе жас “удалый казак” үйленгелі жатқанда жорыққа шұғыл аттанып кетіп, қаза табады. Оның қазасын естіген қалыңдық Терекке (Донға) суға секіріп өледі. Екі жыр да жесірдің жаулығы жар басындағы ағаштың бұтағына ілініп қалуымен аяқталады. Ғашығы үшін құрбан болған қалыңдық оқиғасы жырланған жыр қазақта да бар. Кезінде жылап отырып тыңдайтын ноғай қиссасы да есімізде. Мәселе:Ақ көйлекті бітіріп, оны кебінім деп киіп, азаматы үшін жанын қиған арудың қазасында емес. Мәселе – Абайдың сол өлімнің мағыналы-мағынасыз екеніне ой сала қарап:
Қол жетпеген некені,
Сүйіп кеткен жан екен.
Көзің неге жетеді,
Қосылмақ онда бар ма екен? –
деп қойған сұрағында.
“Ескендір” дастанындағы оқиғаның шешуіне берілген ғақлия – сауал сияқты, бұл өлеңнің соңында да қыздың осы өлімі дұрыс па?– деген сұрақ қояды. “Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында” атты өлеңінде Абай “етін шал сипағанша құрт жесін” деп жартастан терең суға құлаған қыздың өлімін құптай да, ақтай да сөйлейді. Өйткені, ол қыз о дүниеден жар іздемейді, осы дүниедегі қорлықтан қашып отыр. Шалдың шеңгелінен бұл фәниде құтқаратын күш жоқ екеніне көзі жетіп, амалсыз ажалдан араша іздейді. Ал мына жырдағы қалыңдық: «қаза тапқан жігітімен о дүниеде табысамын» деген үмітпен “көйлегін кебін етіп киіп” отыр. Абай софылық поэзияның әуейі ғашықтығына қарсы. Дүниенің азабы мен қайғысына шыдамай, фәниден өз еркімен бас тартуға қарсы. Егер кімде-кім өзіне-өзі ажал үкімін кесіп: “...пенделік камалатты әулиелікпен” шешетұғын болса, “күллі адам тәркі дүниеге” көшсе, онда “дүние айран болса керек”. Онда “дүниедегі Алланың пенделері үшін жаратқан қазыналарын кім іздейді?”, “құдайтағаланың қуатымен ... рахатын көрмегіне бола жаратқан, берген ниғметлеріне ... суық көзбен қарап, ескерусіз тастап кетпек – ақылға, әдепке, ынсапқа дұрыс па? (“Отыз сегізінші сөз”). Сондықтан да, Абай ажал іздеген сұлуға: О, дүниеде жарыңмен табысатыныңа көзің жете ме? Онда қосылуың мүмкін емес.
Шыны ғашық жар болса,
Неге өкіндім деп налыма,–
бірақ:
Онда екеуі кез келсе,
Бірін бірі танымас,–
дейді.
Яғни, бақи дүниеде жарыңмен қосыламын деп фәни дүниеден өз еркіңмен кетуің дұрыс емес. Ол өзіңді-өзің алдау. О дүниеде тек рухың ғана өмір сүреді. Сондықтан біріңді-бірің танымайсың, таппайсың. Бақилық рухты іздеу – өлімге себеп емес. “Алланың берген махаббатына шүкірлігің болмаса, әдепсіздік пен күнәһар болмайсың ба? ... Құдай тағаланың затына пендесінің ақылы жетпесе, дәл сондай ғашықпын демек те орынсыз” (сонда) – дейді. Демек, Абай, жарының қазасын аза тұтқан қалыңдықтың “шыны ғашықтығына” сүйіне отырып, оның о дүниеде қосыламын деген жалған үмітпен баз кешкеніне қарсы. Әбдірахман өлгенде сондай ойға бекінген Мағышты райынан қайтарып, Бәстәмиге ұзатуының да себебі осында. Фанидің азабы мен қызығы бақидан қайтпайды. Сондықтан да, қазақтар, бұл дүниені «жалған»деп атаған. Осы өлең арқылы Абай софылық, көзсіз ашық-ғашықты жоққа шығара отырып, әс-сабыр-рахымға шақырады. Абайдың бұл өлеңдегі айтайын деген астарлы ойы осы. Мүмкін Әбдірахманның айықпас дертке ұшырағанын білген әке, оның ұзақ өмірі қалмағанын күйеуінің аузынан естіп құсалы боп жүрген Мағышқа ескертуі де болуы мүмкін. Өйткені, өлең 1889-1890 жылдары жазылған, ал 1891 жылы Әбіш дүниеден қайтты.
Ендігі әңгіме Абайдың “Ата-анаға көз қуаныш” және “Тайға міндік, тойға шаптық” атты Мүрсейіт қолжазбасында қатарласа жазылып, сол қалпында жинақтан жинаққа ауысып келе жатқан екі өлеңнің шығуы тарихы қақында болмақ. Бірінші өлеңнің Ақылбайға арналғаны анық. Оны Көкбай да, Турағұл да, Әрқам да, М.Әуезов те ескерткен. Ұлы жазушы: “Ата-анаға көз қуаныш” деген өлеңді Ақылбай деген үлкен баласына ренжіп, талапты болмадың деп айтқан. Бірақ Ақылбай күндегі өмірде талапты, пысық болмаса да, Абайдың балаларының ішіндегі ең таланттысы болған. Мұның шығарған екі үлкен әңгіме өлеңі бар: бірі – “Дағыстан”, бірі – “Зұлыс”,– деп түсініктеме де берген. Біздің айтар уәжімізге осы сипттама толық дәлел бола алатындықтан да, бұл пікірді қысқартпай беріп отырмыз.
Бұған қосарымыз мынау ғана. Ақылбай – Абайдың 18 жасында дүниеге келген төлбасы. Құнанбайдың жас тоқалы Нұрғанымның Ақылбаймен тетелес нәрестесі қазандағы қайнаулы құртқа түсіп өлгеннен кейін, оны бауырына салып алған. Ақылбайдың ерке өскені сондай, Құнанбай мен Нұрғанымды арқаланып, Абайдың өзіне де бойсына бермеген. Құнанбай өлген соң Абай оның қасына скрипкашы Мұқаны қосып, Семейге өнер үйренуге жіберген. Қыстай ойын-сауықтан қолы тимеген Ақылбай жазғытұрым елге қайтып келе жатып, Шақпақ деген жерде: “Әй, Мұқа! Абай ағамыз өнерсіз қайттыңдар деп ренжіп жүрер. Бір сый жасайық”,– деп көгалда шалқалап жатып “Сұрғылт тұман дым бүркіп” деген А.Дельвигтің аудармасына ән шығарып, әкесін риза етіпті. Абайдан: “Осы болбырдан бірдеме шығады” – деген алғыс алыпты. Мағауия қалыңдығын алуға бара жатқанда “базарлық” ретінде “Ақылбайдың әнін” он минутта шығарып беріпті. Құнанбайдың ұлы, Нұрғанымның еркесі болғандықтан да, ерте отау құрып, Абайдан аулақ қоныс теуіп, өзін Абайдың аға-інілері Тәкежан, Ысқақ, Оспандармен тең ұстапты. Аса аңғарсыз емес, бірақ өте болбыр, киімге салақ, мөлшерсіз аңғал, аңқау болыпты. Кім не десе соған сенеді екен. Оның бұл мінезін ағайын-туыстарының Абайға қарсы пайдаланған сәттері де аз емес. Абайды:
Ата көңілі жанбаса бір,
Артық өнер шықпаса.
Ел танымай, үй танып құр,
Шаруасын да ұқпаса.
Үміті қайда?
Соны ойла,
Абайла!,–
дегізерліктей дәрежеде ашындырған Ақылбайдың қай мінезі сонда?
Барлық басылымдарда бұл өлеңнің жазылған жылы белгісіз деп түсініктеме беріледі және бір ауыздан оны 1890 жылы жазылған өлеңдердің қатарына қосады. 1945 жылғы М.Әуезовтің өзі жетекшілік етіп, көзі тірісінде барынша жіті қараған толық жинақта: “Бұл – Абайдың өзінің тұңғыш баласы Ақылбайға інісі Оспан өлгенде айтқан сөзі”– делінген. Әлгі түсініктің соңында: “Мүрсейіт жазбасында бұл өлеңнің аяғына осы өлшеумен жазылған:
Тайға міндік,
Тойға шаптық,–
деген өлең келген екен.
Онысы бөлек жіберілді. “Тайға міндік, тойға шаптық” (бұ да жазылған жылы белгісіз) өлеңін “Әбдірахманның өліміне байланысты өзінің бір баласының атынан айтқаны”,– деген түсінік берілген. Осы жайды дәйектей келе 1995 жылғы академиялық толық басылымда: “Өлеңнің мазмұнына қарағанда Әбдірахман өліміне ешқандай байланысы көрінбейді. “Ақылбайға” деген өлең 1890 жылы жазылған десек, сол өлеңнің жалғасы ретінде жазылған “Тайға міндік, тойға шаптық” өлеңі де 1890 жылы жазылған болады. Олай болса, бұл өлеңді 1895 жылы өлген Әбдірахманның өліміне байланыстырудың еш қисыны жоқ. “Тайға міндік, тойға шаптық” – ешкімнің өліміне байланысы жоқ, ауыл баласының жас шағынан бастап алған тәлім-тәрбиесін, көрген үлгі-өнегесін сипаттауға арналған өлең деп білеміз”,– деп түсінік берілген. Осында айтылған жайлардың дені шындық. Ендеше, соншама неге баспақтап келе жатырмаз? Біріншіден, “Ата-анаға көз қуаныш” пен “Тайға міндіктің” шығу тарихына қатысты екі бірдей толық басылымдағы (1945 және 1995) пікірлерден мағлұмдар ету. Екіншіден, біздің де айтар уәжіміздің аңысын аңғарту. Сонымен біздің пайымдауымыз мынау.
Иә, екі өлеңге де Ақылбайдың тікелей қатысы бар. Тек 1945 жылғы жинақта Әбдірахманның өліміне деген сөз жаңсақ жазылып кеткен және өлеңді Абай емес, Ақылбайдың өзі шығарған. Қалай дейсіз бе? Айталық. Барлық басылымдардағы қателік – “өлеңнің қай жылы жазылғаны белгісіз” дейді де, оның 1890-жылы дүниеге келгеніне қапысыз иланады. Пікірлерінің өлшемі 1891-жыл. Бірақ өлеңнің жазылған жылын бір жыл ілгері жылжытқан. Содан барып жаңсақ жорамалдар жасалған. Өлеңнің Ақылбайға арналғаны және оның Оспан өлген соң жазылғаны өмірлік шындық. Ал Оспанның 1891 жылы өлгені белгілі. Тек өлеңді 1891, дәлірек айтсақ 1892 жылы туған жырлардың қатарына қосса болғаны. Сонда Оспанның өлімінен соң, Әбдірахманның қазасынан бұрын бұл жыр дәптерге түскен. Ал Абайдың Ақылбайға осыншама ренжіп, дәмелі ұлдан көңілінің қалуының себебі төменгідей және ол оқиға Абайдың өмірінен қалыпты ғана хабары бар жұртқа таныс.
1891 жылы Құнанбайдың кенже ұлы, Абайдың сүйікті інісі Оспан дүниеден қайтады. Артында екі жесірі қалады. Әмеңгерлік жолмен әуелгі таңдау Тәкежанға беріледі. Оның ықыласы Еркежанға ауады. Еркежан үлкен қайнағасына пейіл бермегендіктен де, Тәкежан екінші жесірге үйленеді. Басы бос қалған Еркежанға Тәкежанның ұлы Әзімбай да сөз салады. Оған: Еркежан шешесі есепті болғандықтан да Абай да, Еркежанның өзі де қарсы болады. Сол кезде өздерін менсінбеді деп намыстанған ағайындар Ақылбайға: Сен Құнанбайдың кенжесісің. Нұрғанымның бауырында өстің. Еркежанды сен ал,– деп қыспаққа алады. Аңғал Ақылбай соған көніп қалады. Мұны естіген әрі Абайдың ұлы Әубәкірді бауырына салып отырған Еркежан: «Мен Ақылбайдың шешесі іспеттімін, туған бауыры Әубәкірді бауырыма салып отырмын. Мазаққа қалдырмай мені Абайдың өзі алсын, не еншімді бөліп берсін. Әубәкіріммен жеке отырамын», – деп Абайға сәлем айтады. Енесіне ұмтылған сәуріктей болған Ақылбайға қатты ренжіп осы өлеңді шығарған және өзге амалы қалмағандықтан да, Еркежанның қолына өзі барған. “Сен менің баламсың”,– дегенді зілдене аңғартып, Ақылбайдың тәрбиесін қолдан шығарып алғанына өкініп:
Сүйер ұлың болса – сен сүй,
Сүйінерге жарар ол.
Сүйкімі жоқ құр масыл би,
Сүйретіліп өтер сол.
Табылмас қайла,
Ойбайла,
Не пайда?...
... Тәңірі сорлы етсе пенде,
Не бітірер құр жылап.
Жігері жоқ, ақылы кенде,
Жанбасыңнан жат сұлап!, –
дейді. Әкесінің осы өлеңін оқыған Ақылбай соңына:
Бір жаман мен бе
Дедің бе,
Көңіліңде,–
деген сөздерді қосыпты да, одан әрі осы өлеңнің өлшемімен Абайға қарата:
Тайға міндік,
Тойға шаптық,
Жақсы киім киініп.
Үкі тақтық,
Күлкі бақтық,
Жоқ немеге сүйініп.
Күйкентай күтті,
Құс етті,
Не бітті?
…Атамыз бар,
Молдамыз бар,
Айтқанына көнбедік.
Арт жағында
Біз соған зар,
Боламыз деп білмедік.
Ұрланып қаштық,
Жолғастық,
Шуластық, –
деп өзінің білместігіне кешірім сұрап жауап жазыпты.
Мұндағы “күйкентай күтті, құс етті”,– деп отырғаны өзінің Құнанбай мен Нұрғанымның қолында әкеден жат өскендігін меңзегені. Өлеңнің соңындағы:
Бұрынғы қайда,
Ойбайла,
Не пайда, –
дегені Абайдың өлеңінің соңғы сөзі болса керек.
Абайдың қолжазбасына тіркеле жазылып, әкемен баланың қағаз жүзінде жауаптасуы сияқты көрінген бұл өлеңді Мүрсейіт бастаған көшірушілер бір өлең ретінде қағазға түсірген. Тек 1939 жылғы жинақта ғана арасы бөлінген. Ақылбайдың мұндай ақындық қуатының барлығына сөз басындағы мысалдар дәлел. Демек, “Ата-анаға көз қуаныш” пен “Тайға міндік, тойға шаптық” екеуінің шығу тарихы бір, егіз өлеңдер және ол өлең 1892 жылы Оспан өлген соң жаңағыдай жайсыз оқиғаға байланысты шыққан. Мұхтар Әуезов өзінің “Абайдың өмірі мен ақындығы”, “Абай Құнанбаев” атты монографияларында мұны ашық ажырата баяндаған. “Оспан өлгенде өзінің бір баласының атынан айтқаны”,– деп түсінік беруі де сондықтан.
Ал осыдан кейін “Тайға міндік, тойға шаптықты” Абай шығармаларына қосу керек пе, жоқ па деген сұраққа: Қосу керек. Тек өлеңге: “Ақылбайдың жауабы” деген тақырып қойған дұрыс – демекшіміз. Сонда екі өлеңнің шығу тарихынан да мағлұмат береді әрі көшірмешілер қалыптастырған дәстүр де бұзылмайды. Реті келгенде іліктіре кетейік, осы 1995 жылғы академиялық басылымда В.Крыловтан аударылған “Қарға мен түлкінің” екі нұсқасы қатар беріліп, екеуі де Абайдыкі делінген. Көркемдігі мен өлеңдік қасиеті күшті бірінші нұсқа Абайдыкі. Ал буыны бос, қарпуы шала екінші аударма Ақылбайдыкі немесе өзге бір шәкіртінікі. Абайдың шәкірттеріне жарыстыра тақырып беріп, соның ішінде жарамдысын ғана жұртқа таратқан. Екінші аударма да сондай жоралғының жөніне орай тәржімаланған. Бұл нұсқаны негізгі жырға қоспай, тек түсініктеменің ішінде келтірсе – жетіп жатыр.
Жоғарыдағы айтылғандардан шығатын қорытынды мынадай. Біріншіден: Абайдың өлеңдерін жинақ етіп шығарғанда бір-ақ басылымға, 1995 жылғы академиялық жинаққа сүйеніп жариялау керек. Сонда мәтінде ала-құлалық болмайды. Екіншіден, біз және өзге де зерттеушілер білдірген текстологиялық пайымдаулырды қайтадан саралап, екшеп, бір ізге түсіру қажет (соның ішінде “қорлық” пен “ақшам” деген сөздерді бұрынғы жіберілген грамматикалық қатені түзеу есебінде ешқандай бақассыз қабылдау керек деп есептейміз). Ал “Қара сөздердегі” мәтіндік кілтипандар жеке талдаудың арқауы. Оқырмандарға ой салып, пікірімізге тамыздық берген алдыңғы мақаламызға орай алып-қосарымыз әзірге осы.
Тұрсын ЖҰРТБАЙ, ғалым
Материалды көшіріп басуға болмайды!