Алаш идеясына кіндігімен байланған ер Қайым

Malim Админ

  • 03.12.2020

Бүгін Мұхтар Әуезовтің әдеби-мемориалдық музей-үйінде абайтанушы, ғалым Қайым Мұхамедханұлының өмірі мен шығармашылық жолына арналған «Ер Қазақ» кітабының тұсаукесері өтті. Кітаптың авторы – жазушы-журналист, Қайым Мұхамедханұлының шәкірті Дәулет Сейсенұлы.

Кітаптың бірінші Мүхамедхан Сейітқұловтың тарихы мен Алаш тарихының баяны қатар айтылып, басталады.  Бұл бөлімде Қайымның ғылымға келу жолы мен сол жолда кешкен бейнеті, Алаш арыстарымен байланысы, М. Әуезовпен ұстаздық-шәкірттік қарым-қатынасы бачндалады. Қайым Мұхамедханұлының жазысқан құнды хаттары да жинақталған.

Ал екінші бөлімде автор­дың «Қайсар Қайым» деген атпен екі бөлім, үш көрі­ністен тұратын драмалық туындысы бар. Ұстаз-ғалым туралы сөз» деп ата­латын үшінші бөлімде абайтанушы ғалыммен әр жылдарда жарық көрген сұхбаттары жарияланған.

Іс-шараға Қайым Мұхамедханұлының қызы Дина Мұхамедхан, алаштанушы Тұрсын Жұртбай, филология ғылымының докторлары Серікқазы Қорабай, Айгүл Ісімақова, Дүкен Мәсімханұлы, ақын Әубәкір Қайран, академик Асқарбек Құсайынов, Әуезовтің әдеби-мемориалдық музей-үйінің директоры Диар Қонаев сияқты тұлғалар қатысты.

«Әр нәрсенің өз жүйесі, өз жөні болады. Сол жүйесін тапқан сөз, жүйесін тапқан іс, жүйесімен жасалған ықылас қашанда адал ризалығымен қоғамнан өз орнын алады деп ойлаймын. Менің ойымша, Қайым ағамыздың өмірі туралы жазылған «Ер қазақ» атты бұл кітаптың тұсаукесері өзінің ұстазы, жанашыр ағасы, рухының сұлтаны Мұхтар Әуезовтің мұражай-үйінде өтіп отырғаны заңды. Бұл тек қана Қайымның рухына көрсеткен құрмет емес, сол Қайымды Қайым еткен, рухын жандырған Мұхаңа да, сол Әуезовті қанаттандырған алаштықтарға да құрмет деп есептеймін. Өйткені мен білгенде, алғашқы танысқаннан бастап, ол кісінің рухы осы Алаш идеясына кіндігімен бірге байланып қалған сияқты болатын. 70-жылдардың өзінде еш тартынбай, ашық және мақтанышпен айтатын. Жәй ғана аттарын айтпайтын, Мағжанның өлеңдерін, Жүсіпбектің пьесаларын, сондай-ақ Ахаңның «Әліппелерін», Алаштың алғашқы құрылған кезінде Бөкейханов сөйлеген үйді (қазір ұятқа орай, ол Семейде шоқыншықтардың үйі болып кетті. Шайжүнісов ағамыз тоқсаныншы жылдары сатып жіберген – Т. Жұртбай) айтып отыратын. Әлі есімде, 1977 жылы, Мұхаңның туғанына 80 жыл толғанда, арнайы барып, екі күн Абай музейінен бастап, қазіргі бақ, қазіргі «Ертіс» қонақ үйі тұрған ғимарат, одан сайға түсетін көшеде жүріп, онда Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезовтердің қар атысатын жерлері қайсы, содан бастап қазақ-орыс аймақтарын, Жаңа Семей, содан кейін Райхан мен Әуезовтің алғашқы қызы Зеренің жерленген жері деп аралап жүріп, «Маған да Әуезов осылай көрсетіп еді» деп айтқан еді. Өмірінің соңына дейін алаштықтарды рухына ту етіп өтті. Алматыға келгенде өзі осы музейге келетін, екеуіміз кабинетте отыратынбыз. Терезені ашып қойып, темекі тартып. Әңгімесін айтатын. Сонымен қатар, түрмеден шыққанда өзінің алғашқы бас сұққан үйі де – Мұхаңның осы шаңырағы.

Сондықтан өзінің кіндік тамыры байланып жатқан жерде мына кітаптың тұсауы кесілуі – ең басты нәрсе деп ойлаймын. Бұл кітаптың барлық дерек материалдарының жиналуы – осы Қайымның бала-шағаларының әкелеріне деген адал махаббаттарының көрінісі. Соларға ұйытқы болған Дина, мұңлы көрінетін София, өзгелері де бар. Бәрі бір ауыздан Динаға бағынып, материалды жиып берді. Динаның әкесіне деген адал сенім жүрегі, құрметі.

Кітаптың бас-аяғын жинақтап, бір ойға түсіріп, оны орнымен реттеген автордың еңбегі. Университетте шәкірті болған, ұзақ жылдар бір қалада тұрған, қатар әңгімелескен Дәулет Сейсенұлының еңбегі де ерекше. Тырнақтап жиды. Сол жиғанын адалдықпен, шындықпен жазып шықты. Рахмет», – деп пікірін білдірді Тұрсын Жұртбай.

Жиында Қайым Мұхамедханұлының абайтануға сіңірген еңбегі, Абай өлеңдерінің текстологиясының реттелуіне қосқан үлесі, ғалымдық жолы айтылды.

«Ер қазақ» деп Қайым ағаның өз сөзін өзіне қайтарғаныңызға рахмет. Бұл сөз кезінде «Біз қазақ» деп әнұран ішінде өзгертілді ғой. Алланың өзі бұйырған сөзі жоғалмайды ғой.

Қайым ағаны 1995 жылы екі томдық дайындалып жатқанда көрдік. Зәки ағаға келіп, ақырын сөйлеп отыратын. «Ешкім жоқ» десе де, сақтанып отыратын. Есікті біреу ашып  қалса, үндемей қалатын. «Бұл жәй қызметкер ғой» десек, «Жоқ, мүмкін емес. Есіктен сығалаған адамның пейілі дұрыс болмайды. Дұрыс адам есікті ашып кіреді, амандасады» дейтін. Сонда ол кісінің қаншалықты қиындық көргенін түсінгендей болатынбыз. Тар жолда тайғақ кешкен Қайым Мұхамедханов қандай шәкірт болу керек екенін көрсетті. Әуезов ешкімге сенбеген кезде, Қайымға сенді. Сол шәкіртіне бар тапсырмасын айтып кетті. Сол тапсырманы қорықпай орындап шыққан Қайым аға шын мәнінде ұлы шәкірт болды. Осы жерге келгенде еңкейіп кіретін. Ұстазына деген құрметін өмір бойы жоғалтқан жоқ. Бұл кітап та сол құрметіне жасалған құрмет деп білемін», – деді Айгүл Ісімақова.

Жиын соңында Дәулет Сейсенұлы мен Дина Мұхамедхан келген қаламгерлерге рахметтерін айтты.

Сөнбейтін шырақ

Әубәкір Қайран

Дарағы сынды дара өскен сайын даланың,

Келбеті кетпес көзімнен Қайым ағаның.

Жақпарлы құздар секілді қатпарлы сырлар -

Қасында жүріп қанша жыл пайымдағаным.

 

Жарығын төгіп аямай жаныма жап-жас,

Сіңірген сыры санама - бағыма бастас.

Құландай еді ол қуған мен сүргінде жүріп,

Жерінен жеріп ешқашан, қағынан қашпас.

 

Еңкеймей өтті еліне ұлтандай ері,

Тайсалмай, таймай, булығып, бұлтармай сөзі.

Тобығы тайған кей кезде тұлпардай еді,

Топшысы сынған кей кезде сұңқардай еді.

 

Кешеулеп барып көрсе де арайлы күнін,

Толғады ол ұзақ тағдырлы, талайлы сырын.

Арымай, талмай аялап Алаштың ойын,

Арқалап өтті ол ап-ауыр Абайдың мұңын.

 

Көксілдей еді ол көкуге көнбейтін шыдап,

Өткірдей еді ол сертпенен сермейтін бірақ.

Ағамдай осы туса екен тағы бір қазақ -

Жарқырап жанып, мәңгілік сөнбейтін шырақ!

Байланысты жаналықтар

«Мұқанов Қонаевқа қарсы сөйледі». Совет үкіметінде тіл үшін күрес қалай жүрді?

10.02.2023

"Иманғали аға ақырығы операциямның қаржысын төлеп берді"

29.01.2021

Мәдениет және спорт министрлігі Әуезовке мән бермей отыр

20.01.2021

"Әлдеріңіз тек Бекболатқа келіп жатыр ма? Ұят болады, жігіттер!"

13.09.2020

АҚЫН КЕТІП БАРАДЫ...

15.07.2020

ҰМЫТ БОЛҒАН САПАР (Әуезов Америкада)

09.07.2020
MalimBlocks
«Мұқанов Қонаевқа қарсы сөйледі». Совет үкіметінде тіл үшін күрес қалай жүрді?

Қазақтың тілі үшін күрестің сонау Патша үкіметі кезінен басталғанын білесіз бе? Оның басында тағы да Алаш арыстары тұр.

"Иманғали аға ақырығы операциямның қаржысын төлеп берді"

Мәдениет және спорт министрлігі Әуезовке мән бермей отыр

"Әлдеріңіз тек Бекболатқа келіп жатыр ма? Ұят болады, жігіттер!"

АҚЫН КЕТІП БАРАДЫ...

ҰМЫТ БОЛҒАН САПАР (Әуезов Америкада)