Мәдениет және спорт министрлігі Әуезовке мән бермей отыр

Бағашар Тұрсынбайұлы

  • 20.01.2021

2022 жылы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына 125 жыл толады. Бұл мерейлі дата өз дәргейінде аталып өтер. Бірақ әуезовтану саласында әлі де атқарылар қыруар шаруа бар. Біздің бір әдет – осындай даталарға қарау. Бұл мерейтойлар аталып өту үшін президент жарлыққа қол қоюы керек. Екіншіден сол қойылар қолға, берілер бұйрыққа қараймыз. Оған дейін қимылдар саусақ жоқ.

Өткен жыл Абай жылы болды. Абай жылын тегіс науқанға айналдырдық. Бұйырса, келесі жылы да «әуезовтанушылардың» көбейеріне ешқандай күмән жоқ. Аталған уақыт келіп, уақыт алқымнан қысқанда тапырақтап, не істеп, не қойғаныңды білмей қалатын әдетті болдырмау үшін жазушының ұлы Мұрат Әуезов пен «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының басшысы, Әуезовтің жиені Диар Қонаев ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жолдаған екен.

«Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы

1961 жылы Мұхтар Омарханұлының мұрасын сақтау мақсатында құрылған «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы жазушының 5, 12, 20 томдық шығармалар жинағы мен толық академиялық 50 томдығын шығарды.  «Әуезов үйі» тек қана музей емес. Ол үлкен ғылыми орталық. Ләйлә Мұхтарқызы Әуезованың кезінде әуезовтанудың үлкен даңғылы салынды. Кейін шығарған 50 томдықтың да жүлгесін дайындаған Ләйлә Мұхтарқызы болатын. Ол уақыттарда музейде кіші ғылыми қызметкерден бастап, академиктерге дейін қызмет етті.

Алда 125 жылдық мерейтой келе жатыр. Абайдың академиялық үш томдығын шығарар кезде қандай қарбалас болғанын сол ұжым өте жақсы біледі. Енді Әуезов мерейтойында ондайға жол берілмеуі керек. Барлық жұмыс ертерек басталғаны жақсы. Музейге күрделі  жөндеу жұмыстары ауадай қажет.

Мұрат Әуезов пен Диар Қонаев бастаған жазушы ұрпақтары Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған хаттарында мынандай негізгі ұсыныстар айтады.

  1. «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығына Ұлттық мәртебе беру.
  2. М.О.Әуезовтің мерейтойын өздері сияқты беделді ұйымның қамқорлығымен атап өту туралы ЮНЕСКО-ға ұсыныс жасау.
  3. М.О.Әуезовтің шығармаларына деген ұсыныстың өсуіне сәйкес, М.О. Әуезовтің 55 томдық (толықтырылған) толық академиялық шығармалар жинағын шығару.
  4. М.О. Әуезовтің таңдамалы шығармаларының 10 томдығын шығарып, әлем тілдеріне аудару.

Президент кеңесі өз кезегінде бұл хатты қарап, Мәдениет және спорт министрлігіне жіберіпті. Себебі хатқа Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Нұрғиса Дәуешов жауап берген.

Бірінші ұсынысқа («Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығына Ұлттық мәртебе беру) байланысты жауапта: «Ғылым туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы ғылыми қызметті жүзеге асыруға бағытталған ғылыми және (немесе)ғылыми-техникалық қызмет субъектісі болып табылатындығын ескере отырып, оған мәдениет субъектісі ретінде «Ұлттық» мәртебе беру мәселесін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында қарастырудың мүмкін емес екендігін хабарлаймыз» делінген.

Білім және Ғылым министірілігінің мәліметінше, орталықтың ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 2021 жылғы республикалық бюджетті нақтылау кезінде Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне бюджеттік өтінім беру жоспарланған. Демек, әлі өтінім берілмеген.

Екінші ұсынысқа байланысты жауап (М.О. Әуезовтің мерейтойын өздері сияқты беделді ұйымның қамқорлығымен атап өту туралы ЮНЕСКО-ға ұсыныс жасау): «ЮНЕСКО-ның 2014 жылғы 14 тамыздағы Атаулы күндерді мерекелеуге қатысты қайта қаралған бағдарламаның іріктеу өлшемінің  ... (Үстінен дата жазылған-ред.) тармағына сәйкес мерейтой 50 жасқа немесе 100 жасқа байланысты атап өтілуі немесе есептелуі тиіс.

Осыған орай, М.О. Әуезовтің 2022 жылы атап өтілетін 125 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО аясында атап өту мүмкін емес екендігін жеткіземіз».

Ұсынысқа ЮНЕСКО-ның атап өтуі шарт емес. Осы ЮНЕСКО іспетті халықаралық іргелі ұйымдарға ұсыныс жасауға болмай ма?

Үшінші ұсынысқа байланысты жауап (М.О. Әуезовтің шығармаларына деген ұсыныстың өсуіне сәйкес, М.О. Әуезовтің 55 томдық (толықтырылған) толық академиялық шығармалар жинағын шығару): «Осыған дейін елімізде М.О. Әуезовтың (Министрлікке ескерту: Әуезовтың емес, Әуезовтің) 55 томдық академиялық толық шығармалар жинағы 2014 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің 033/108 «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы аясында әрқайсысы 2000 жана таралыммен жарық көріп, мемлекеттік кітапханаларға таратылды.

Сондай-ақ, бүгінгі таңда министрлік аталған жинақты ағымдағы жылы 033/108 «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасының үнемделген қаражаты есебінен жарыққа шығаруды жоспарлап отыр.

Қазіргі таңда «Жазушы» баспасы мен «М.О. Әуезов атындағы атындағы Әдебиет және өнер институты» РМҚК-нің 2020 жылғы 1 қыркүйекте жасалған келісімшарты негізінде 3 томдық «Абай шығармаларының академиялық толық шығармалары» (Министрлікке ескерту: «Абай шығармаларының академиялық толық жинағы» деп аталады 3 томдық) жинағын басып шығару мен таратудың шарты жасалды.

Осы орайда жинақтар а.ж. соңына дейін «Жазушы» баспасынан 3000 дана таралыммен басылып шығып, бекітілген жіктемеге сәйкес республиканың кітапханаларына таратылатын болады.

Сондай-ақ, М.О. Әуезовтің 10 томдық таңдамалы шығармаларын әлемнің негізгі тілдеріне аударып, басып шығару мәселесі республикалық бюджеттен қаржыландыруды талап ететіндігін ескере отырып, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі 2021-2023т жылдарға арналған бюджетті нақтылау кезінде Республикалық бюджеттік комиссия қарауына тиісті бюджеттік өтінімді жолдайтынын хабарлаймыз» делінген.

Осы тұста 3,4-ұсыныстарға бірге жауап берілген. Ұсыныста Әуезовтің толықтырылған академиялық 55 томдығынын шығарсақ деген. Осы уақыта дейін Әуезовтің 55 томдық академиялық толық шығармалар жинағы шықпаған. Ал министрліктің жауабына қарасаңыз, 2014 жылы шығарып қойған.

2014 жылы М.О. Әуезов атындағы атындағы Әдебиет және өнер институтына Уәлихан Қалижан басшы боп келгеннен кейін жазушының 50 томдық академиялық толық жинағы екінші рет басылып шықты. Министрлік осыны айтып тұрса керек. Әрі бұл басылымға «Екінші басылым» деген сөз жазылуы тиіс еді. Бірақ жазылмаған. Әуезовтің 50 томдық академиялық толық жинағы 1997-2010 жылдары аралығында, арасында екі-үш жыл үзіліп көріп, жарыққа шыққан. Біздің түсінуімізде осы 50 томды 55 томға жеткізіп, толықтырып шығару ұсынылған. Яғни 50 томға 5 том қосу. Министрлік жауабында 50 томдық толық академиялық жинақты қайта шығарамыз деген. Осыған 5 томды қосып, Әуезов мұрасын толықтырып шығарса, жазушы мұрасын сақтау деген сол болмай ма? 50 томды қайта басып шығара салғанша, 55 томды толықтырып, қайта қарап шығарған ұтымды болмай ма?

Ал Әуезовтің таңдамалы 10 томдығын шығарып, әлем тілдеріне аудару жұмыстарына байланысты министрлік тиісті өтінімді береді деп ойлаймыз.

Осы жауаптың соңғы жағында 3 томдық «Абай шығармаларының академиялық толық жинағын» министрлік неге айтып отыр, түсінбедік. Себебі  Абай мен Әуезов екі бөлек тұлға. Ол 3 томдықтың Әуезовтің 125 жылдығына ешқандай қатысы жоқ. Әрі осы үш томдыққа байланысты келісімшарт датасына қарасаңыз, 2020 жылдың қыркүйегінде ғана жасалған. Оны басып шығарудан бөлек тарату бар. Сонда Абайдың 3 томдығы әлі тарап біткен жоқ па деген сауал туады.

Әуезовтің қайта жарық көретін толық академиялық жинағы мен таңдамалы томдары өз уақытта шығып, нәтижелі жеміс беруі үшін жұмысты ертерек бастаған жөн.

Байланысты жаналықтар

Мемлекет басшысы Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоны қабылдады

02.12.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев кеңесшісі Зүлфия Сүлейменованы қабылдады

29.11.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Албания президентін Тәуелсіздік күнімен құттықтады

29.11.2024

Астанада Қазақстан-Ресей сарапшылар кеңесі өтті

28.11.2024

Қызылорда, Тараз және Түркістан қалаларында орыс мектептері ашылады

27.11.2024

Сарапшы: Қазақстан үшін дипломатиядан мықты айла болмай тұр

27.11.2024
MalimBlocks
Мемлекет басшысы Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоны қабылдады

Тоқаев Қазақстан мен Қытайдың ықпалдастығы қарқынды әрі сан қырлы сипат алғанын айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев кеңесшісі Зүлфия Сүлейменованы қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Албания президентін Тәуелсіздік күнімен құттықтады

Астанада Қазақстан-Ресей сарапшылар кеңесі өтті

Қызылорда, Тараз және Түркістан қалаларында орыс мектептері ашылады

Путин Тоқаевқа орыс тілін қорғап, халықаралық ұйым құрғанына алғыс айтты

Сарапшы: Қазақстан үшін дипломатиядан мықты айла болмай тұр

Бірақ бейбіт атом туралы Қазақстан президенті ештеңе демепті