Қазақстанның халық әртісі, белгілі әнші Мақпал Жүнісова әуежайда домбырасына байланысты күтпеген жағдайға тап болғанын айтты. Бұл туралы ол өзінің сапары барысында болған оқиғаны айтып берді, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесінің айтуынша, Қостанайға ұшар алдында әуежай қызметкерлері домбыраны ұшаққа өткізуге қатысты талап қойып, қосымша төлем жасау керегін айтқан. Әншінің сөзінше, бұл жағдай әуежайда аздаған түсініспеушілік туғызып, біраз әңгімеге себеп болған.
"Әуежайға келдік. Тағы да айқай-шу басталды. Тағы бір қыз келіп, "домбыраны өткізуге болмайды" деп қақылдап кетті. Бұған тағы да ақша төлейсіз дейді. Депутаттар шешкен сияқты еді, анығын кім біледі?" – деді Мақпал Жүнісова.
Әнші алғашында бұл талапқа реніш білдіргенімен, кейін әуежай қызметкерлерімен ортақ келісімге келгенін айтты. Нәтижесінде домбыраны ұшаққа өткізу үшін 5 мың теңге төлеуге тура келген.
Мақпал Жүнісова бұл жағдайды әзілмен қабылдағанын айтып, бұған дейін дәл осындай заттары үшін әлдеқайда қымбат төлем жасағанын еске алды.
"Жүйкеміз орнына түсті. Домбыраға бес мың теңге ақша алды. Осы жолы арзан алды. Ана жолы 65 мың теңгеге шапка мен домбыраға билет алып едім. Бұл жолы өте арзан екен", – деп күлді халық әртісі.
Өнер иесі сапарының басты мақсаты – Қостанайдағы көрермендермен кездесу екенін айтып, қала тұрғындарына сәлем жолдады. Сонымен қатар концертте жақсы ән айтып, тыңдармандарына көтеріңкі көңіл күй сыйлауға уәде берді.
Айта кетейік, Мақпал Мұхамедиярқызы Жүнісова – қазақ эстрадасының танымал тұлғаларының бірі. Ол 1963 жылы Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Теректі ауылында дүниеге келген. 1981 жылдан бастап "Қазақконцерт" бірлестігінің солисі ретінде өнер жолын жалғастырып келеді.
Әнші көптеген халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанып, 22 жасында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағын алған. Ал 31 жасында оған Қазақстанның Халық әртісі атағы берілді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған өнер иесі бүгінде профессор ретінде де танымал. Лирикалық сопрано даусымен ерекшеленетін әнші халық әндері, романс және джаз бағытындағы шығармаларды орындап, тыңдарман жүрегінен орын алған.
Бүгінде Мақпал Жүнісова қазақ эстрадасының "примадоннасы" әрі "Орта Азия бұлбұлы" ретінде танылып, оның концерттері көрермен тарапынан әлі де үлкен сұранысқа ие.
Еске сала кетейік, Мақпал Жүнісова жеке концертінде бір ай бұрын ауыр сырқатқа шалдығып, жансақтау бөліміне түскенін алғаш рет айтқан еді. Сондай-ақ Алматы және Жамбыл облыстарын басқарған бұрынғы әкім Серік Үмбетов танымал әнші Мақпал Жүнісоваға соғым сыйлағанын да жазған болатынбыз.