Қазақстанның Халық әртісі, танымал әнші Мақпал Жүнісова жеке концертінде бір ай бұрын ауыр сырқатқа шалдығып, жансақтау бөліміне түскенін алғаш рет айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесінің сөзінше, ол инфаркт алып, өмірі қыл үстінде тұрған. Әнші сол сәтте Алланың қалауымен аман қалғанын айтып, тыңдармандарына жүрекжарды сөздерін жеткізді.
"Осыдан бір ай бұрын жансақтауға түсіп қалдым. Инфаркт деген бар екен ғой. Көзім жасаурап тұр. Кетесің деді, кетпей қалдық. Осы концерт болсын деген шығар Алла. Шүкір, рақмет айтамыз. Жарқырап, жайнап жүре береміз. Сөйтсем, аурудың бәрі жинала береді екен. Ауырмаңыздар, сырқамаңыздар. Туысқандарымның бәрі жылады. Жыламаңдар дедім. Кімнен жанымыз артық? Талай асылдар кетіп жатыр ғой. Мен де бір сынығымын, кетсем кетермін", – деп әншінің сөзін келтірді ozgeris.info сайты.
Бұл жаңалықты естіген көпшілік өнер иесінің денсаулығына алаңдап, әлеуметтік желіде жылы тілектерін білдірді.
Желі қолданушылары: "Мақпал апай, ауырмаңыз", "Халықтың ерке қызы болып жүре беріңіз", "Жүз жасаңыз" деген пікірлер қалдырды.
Айта кетейік, Мақпал Мұхамедиярқызы Жүнісова – қазақ эстрадасының көрнекті өкілдерінің бірі. Ол 1963 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының Теректі ауылында дүниеге келген. 1981 жылдан бастап "Қазақконцерт" бірлестігінің солисі ретінде шығармашылық жолын жалғастырып келеді.
Әнші көптеген халықаралық байқаулардың жеңімпазы. Ол 22 жасында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, ал 31 жасында Қазақстанның Халық әртісі атағын алған.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған өнер иесі – профессор әрі түрлі мемлекеттік және халықаралық марапаттардың иегері. Лирикалық сопрано даусымен танылған әнші халық әндері, романс және джаз бағытындағы шығармаларды орындап келеді.
Бүгінде Мақпал Жүнісова "Қазақ эстрадасының примадоннасы" және "Орта Азия бұлбұлы" ретінде танылып, оның концерттері көрермен арасында әлі де үлкен сұранысқа ие.