«Мұқанов Қонаевқа қарсы сөйледі». Совет үкіметінде тіл үшін күрес қалай жүрді?

Қазақтың тілі үшін күрестің сонау Патша үкіметі кезінен басталғанын білесіз бе? Оның басында тағы да Алаш арыстары тұр.

Алмас НҮСІП

  • 10.02.2023
Көрнекі сурет / Коллаж: Malim.kz

Қазақты өз алдына ел қылам деп жай ғана армандап қана қоймаған, басқасын айтпағанда жеке мемлекеттік әскер құру жұмыстарымен де айналысқан Әлихан Бөкейханов кейінгі Совет үкіметінің репрессиясына ұшырағанға дейін-ақ қазақ тілінің жоғын жоқтапты. 1905 жылдан басталған тіл үшін күрес бүгінге дейін тоқтаған жоқ. Алаш арыстары мен жалпы қуғын-сүргін құрбандары жаппай ақтала бастаған 1988 жылдан бастап қазақ тіліне де теңдік тиіпті. 1989 жылы ғана қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін иемденеді. Бұл оңай болды ма? Әлбетте – жоқ! Ұрпақтан ұрпақ ауысқанда әр буын өзінше күрес жүргізді. Басын бәйгеге тікті. Демек, қазақ тілінің тағдыры да қазақтың асыл азаматтарымен егіз. Арыстар да қуғын көрді, қазақ тілі де қуғын көрді. Бірақ, арыстар тілі мен елінің амандығы үшін өздерін құрбандыққа шалды. Қазақ тілі үшін жүргізілген бір ғасырға жуық күрестің жолында саяси қуғын-сүргін құрбандары мен арыстардың, ұлты үшін күрескен азаматтардың ізі сайрап жатыр.

Тәуелсіздік алған 1991-93 жылдары өзге ұлт өкілдері балаларын қазақ мектебіне ауыстыра бастаған дейді. Бірақ, көп өтпей қазақ билігінің орыс тілінен оңайлықпен ажырамайтынына көзі жеткен соң, балаларын қайта ауыстырып алған. Дәл осы алғашқы кезеңдегі мүмкіндікті жіберіп алған идеология 30 жылдан асса да әлі күнге тіл мәселесін түпкілікті шеше алмады. Дегенмен, Тәуелсіздік алар қарсаңда қазақ тілі үшін күрес әжептәуір жолға қойылған, біршама жетістікке жеткен де. Бірақ, бірден қазақ тіліне көшіп кетуге қоғам да, билік те дайын болмай шығыпты. Бұл, әрине, тіл үшін күрестің дайындығының аздау болып қалғанын көрсетеді.

 

Қазақ тілі үшін күрес қай кезден басталды?

Бұл сұраққа үңілгенде біз патшалық Ресей құрамындағы Қазақстанға барып тірелеміз. Алашорда көсемі Әлихан Бөкейханов бастап, 1904 жылы Қарқаралы уезі қазақтарының құзырхатын ұйымдастырады. Қоянды құзырхаты аталатын бұл хат туралы филолог ғылым, профессор Шерубай Құрманбайұлы «қайраткер Қарқаралы уезі қазақтарының 11 тармақтан тұратын құзырхатын ұйымдастырып, оны орыс тілінде Санкт-Петербургте «Сынъ отечества» газетінің 1905 жылғы 4 қыркүйектегі 173-санында және 1906 жылғы 26 тамызда өзі басушы-редакторы болған «Иртышъ» газетінің 32-санында Омскде өз атынан екі рет жариялаған. Осы 11 тармақтың 2,3,7 және 8-тармақтарында қазақ тілінің мә­­селелері көтерілді. 14 500 адам қол ­қой­ған», - деп жазады.

Профессор келтірген деректерге қарасақ, ХХ ғасырдың басында-ақ қазақ оқығандары мен көсемдерінің мектепке, мектептің тіліне қатты көңіл бөлгенін байқаймыз. Құзырхатта:

«Қа­зақтың ұл балаларына арнап ашылған ауыл мектептерінде сабақ орыс тілінде жү­реді. Осы мектептердегі сауат ашу сабақтары қазақ тілінде де жүргізілуін сұраған қазақтардың өтініші орындалмады. Бұл мектептерде қазақ балаларына қазақ сөздерін орыс әріптерімен жазуға үйретеді. Олар қазақ дыбыстарын бере алмайды», - деген жолдар бар.

Қазақ даласына орыс тілі дендеп енбей тұрған кезеңде қолы жеткендер баласын беретін мектептердің мұндай күйі қазақ интеллигенциясын, әрине, алаңдатты. Жалпы, бұл құзырхатта тек мектептегі қазақ тілі ғана емес, жалпы қазақ тілінің қолданыс аясын арттыру мәселесі айтылған. Мәселен, газет-журнал ашу (цензурасыз!), сот ісін қазақша жүргізу, іс-қағаздарының қазақ тілінде жүруі, қазақ даласына әкелініп жатқан шенеуніктердің қазақ тілін білуі, т.б.

Алаштанушы Тұрсын Жұртбай бұл құжатта қазақ тілі ең негізгі мәселенің бірі болғанын айтады.

«1904 жылы қабылданған Қоянды құзырхатының ішіндегі 5 принциптің біреуі осы тіл болды. Жалпы Алаш идеясының бес бағытының бірі – қазақ тілі. Олар Қазақстанда тек қазақ тілі болу керек деді. Мемлекеттік тіл жасау үшін күресті. Совет одағына дейін де, кейін де. 1926 жылы ресми бекігенмен, кейін Голощекин келді де бәрін быт-шыт қылды. Алфавит өзгерту де сол тілді құртудың амалы болды. 1943 жылы ұлттардың тіл, мәдениет, әдебиетіне тұсау сала бастады. Осы кезде Мәлік Ғабдулиннің КОКП ОК-ге «Қазақ тілінің жай-күйі мені қатты алаңдатады» деп хат жазды. Сол үшін қуғын көрді. Одан кейін 1954 жылғы тың игеру кезінен бастап қазақ тілінің жағдайы шындап қиындай бастады. 1959-60 жылдары бүкіл қазақ мектептерін жауып, бір-ақ тілде қалдыру керек деген мәселе көтерілді».

Тұрсын Жұртбай айтып отырған қазақ тілінің ресми бекітілуі – 1926 жылы қабылданған қазақтың алғашқы конституциясы. Профессор Қабдеш Ыдырысов бұл Конституция туралы былай дейді:

«1926 жылғы Қазақ АКСР-ының Конститутиясы ресми түрде бекітілген жоқ. Ол бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланбады. Оның үстіне, Конституция жобасы тек орыс тілінде ғана жырымдалып басылды. Бірақ, қайда басылғаны көрсетілген де жоқ. Сондықтан, сол кезде Қазақстанның 70 пайыздан астам үлесін құрап отырған қазақ халқының басым бөлігі Конституция мәтінімен таныс болған жоқ».

 

Алматыдағы жалғыз қазақ мектебі

Бұл кезең Қазақстаның орталық қалалары орыстанып болған уақыты деуге де болады. Осындай ауыр кезеңде тіл үшін күрес қалай жүрді? Ашық, жария түрдегі күрестер, ресми, бейресми ұйымдар болды ма? Бұл сұраққа келгенде, әлбетте, нақты бір тіл үшін құрылған ұйымдардың болмағанын көреміз. Десе де, зиялы қауымның тіл, ұлт мәселесімен ауық-ауық ұшырасып тұрғаны байқалады. Қазақ мектептерін жабу, орыс немесе аралас тілге көшіру туралы бастамаға ең алдымен қазақ зиялылары қарсы шығыпты.

«1960 жылдары Алматыдағы зиялы қауым балаларын мүмкіндігінше қазақ мектебіне берді, қалада жалғыз қазақ мектебі қалған, сол 12 мектепті жабамыз дегенде, барлық интеллигенция қарсы шықты. Бірақ, солардың ішінен ойын ашық айтқан Сәбит Мұқанов қана болды, ол тікелей Қонаевқа қарсы сөйледі. Өзіне тілді құртып жатырсыңдар деп хат та жазды. Мен Мұқановтан бөлек тіл туралы айтқанда, ең алдымен Шона Смаханұлын атар едім. Тіл үшін деп бүкіл өмірін арнап, кейінгі қазақ тілі қоғамдарының құрылуына ықпал еткен, тіл үшін күресті 1960-70 жылдары бастаған, тіл үшін, қазақ мектептері үшін күйінген адам.

Жалпы, ол уақытта қазақ тілі, ұлттық мәселелерге қатысты ашық пікір білдіру мүмкін емес болатын. Сондықтан, көптеген азаматтар іштен тынып өтті немесе оңашада айтты. Солардың бірі Ғабит Мүсірепов. «Тіл құрыса қазақ құриды» деп жатып көз жұмды. Ауруханадағы соңғы аманаты да сол – тіл, содан кейін 3-4 сағаттан кейін жүріп кеткен. Қасында Әлжаппар Әбішев, Қардарбек Найманбаев болған, Мұхтар Шаханов жазып отырған», - дейді ғалым.

Сәбит Мұқанов Қонаевқа қарсы не айтты дегенге келсек, дәл осы қазақ мектебі мәселесі қаралған жиында: «Ол сыныптарыңда орыс тілінің басым болатыны, қазақ тілі жайына қалатыны сөзсіз. Қонаев жолдас, қазақ мектептерін жаба бастағаны аздай, ендігісін араластырып жібермек пе? Мен мұндай шикі шараға қарсымын!» - деп айтқанына Ғаббас Қабышұлы куәлік етеді.  

 

Қазақ тілі үшін ашық күрес

Қазақ тілі туралы күрестің жаңа деңгейге жетуі – 1989 жыл. Бұл жылы сол кезде дәуірлеп тұрған «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде ашық хаттар, мақалалар, ұсыныстар жаппай жазылып жатты.

Ал, қазақ тілінің жоғын жоқтаудың мұндай ашық күрес деңгейіне жетуіне бірнеше фактор әсер етті. Ең әуелі, әрине, қазақ тілінің өте ауыр жағдайы. Жазушылардың естеліктерінен «қалада қазақша сөйлесе қалсаң орысы бар, басқасы бар: «адамның тілінде сөйлеңдер!» деп дүрсе қоя береді», дегенді көп оқимыз. Осындай кемдікте күн кешіп жатқан қазақ халқы 1985 жылғы қайта құру кезеңінен бастап, бас көтере бастағаны байқалады. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін тіл, ұлт туралы бұрынғы «кухнядан» аспайтын әңгімелер қоғамға ашық шыға бастайды.

1987 жылы қазақ тілін оқып-үйренуді жақсарту туралы шешім қабылданады, бұл шешімге орай барлық органдарда тіл таңдауда еріктілік беру мәселесі айтылады. Қазақ тілі мен орыс тілін оқытатын курстар ұйымдастыру алғаш рет айтылады. Осыдан ары қарай қазақ тілі үшін күрес мүлде жаңа деңгейге көтеріледі.

Саясаткер, «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшім қазақ тілі туралы инициатива жастардан шыққанын, бірақ, кейіннен билік оны басқалай пайдаланып кеткенін айтады.

«1988 жылы 14 қарашада ҚазПИ-дің мұғалімдері, студенттері жиналып ұйым құрдық. «Ана тілі» деген. Қысқартып «Ант» деп атайтынбыз. Содан кейін дәл сондай ұйымдарды басқа аймақтарда да құруға тырыстым. Қызылордаға бардым, Семейге бардым, қысқасы, мен құрып кеткен ұйымдарды КГБ талқандап отырды. Бұл студенттерден құрылған ұйымдарға қатысты. Семейде мұғалімдерден құрдым, сол аман қалды. Бұл алғашқы бастама еді. Осыдан кейін қазақ тілі қоғамдары әр жерден құрыла бастады. Бірақ, билік – қу, бұл төменнен жоғары қарай құрыла бастаған ұйымдардан, қоғамдардан қорқып кетті. Сөйтіп, инициативаны өздерінің қолына алуға талпынды. Сол уақта Алматы қалалық «Қазақ тілі» қоғамын «Қазақстан мұғалімі» журналының редакторы Сайраш Әбішева басқарды. Осыдан бастап, ақырындап жұмыстарын жолға қойып алды да, Рахманқұл Бердібаевқа берді. Профессор, докторлар көптеп араласа бастады да, бізді ығыстырып тастады. Жасарал Қуанышалин екеуміз жүрдік көбіне, басқармада өтетін жиналыстарға кіргізбей қоятын».

Саясаткердің сөзіне ақарғанда, осыдан бастап «Қазақ тілі» қоғамына балама ретінде билік тарапы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын құрған. Балама деген аты ғана, бұл тікелей «Қазақ тілі» қоғамын тұншықтыру үшін, оның бағытын басқа арнаға бұру үшін құрылған ұйым деп есептейді ол. «Осыдан бастап, қазақ тілі божырай бастады, былайша айтқанда, алғашқы интузиазм босқа кетті».

 

Алматыны қос тілді қалаға айналдырайық!

Мұндай қоғамдардың бір уақытта жаппай құрылуына не түрткі болды? Бұл сұраққа Дос Көшім:

«Бұл кезде басқа республикалар өздерінің тілдерін мемлекеттік тілге айналдыра бастады. Осы бастаманы біздің «Қазақ тілі» де көтерді.  Солардан үлгі алдық деуге болады. Содан басталды, қазақ тілі мемлекеттік тілге айналғаннан кейін де оны ары қарай дамыту турасында біраз шаруа атқарылды. Айталық, біздің ҚазПИ-де хабарландыру ілетін тақта бар ғой, сол жерде арнайы кезекші тұратын. Егер ол жерге орыс тілінде ғана хабарландыру ілетін болса, алдырып тастайды. Қазақ тілінде де беру керек. Соған дейін жеттік. Іс қағаздарын қазақша жүргізе бастадық. Ұзақ жылғы армандардың орындалған бір кезеңі еді бұл. Билік өз жанынан халықаралық қоғам құрып алған соң, негізінен тілдік теорияға басымдық беріп, шетелдерге шығумен айналысып кетті де, тілдің саяси, ұлттық, қоғамдық ролі көлеңкеде қала бастады».

КГБ тарапынан қудалау болмапты. Оның себебі де түсінікті, Мәскеу басымен қайғы болып кеткен. Бірақ, кедергі келтіру болған жоқ деп айтуға болмайды.

«Бізді бақылау атқарушы билік тарапынан болды. Ол кезде қалалық партия комитетінің бастығы Шәріп Омаров еді, «Дос-Мұқасандағы», сол кісі бізді – Жасарал екеуміз, ҚазПИ-дің парткомын шақырып алды, «не бүлдіріп жүрсіңдер?» дейді ғой. Қаланың өзге де басшылары бар, алғаш құра салған күннің ертеңіне. Мен айттым, бізде тілдік жағдай осындай, екі тіл дейді, тек орыс тіліне ғана басымдық беріледі, деп сол кездегі жағдайды айтып жатырмын. Олар «неге екі тіл болмайды?», керек болса, біз студенттерді жауып жіберіп, тексертіп шығайық деді. Автобус бөлді. Заманбек Нұрқаділов жиналыс жасады, содан кейін үш университеттің студенттерін шығарып, тексеру жасағанда, 98% орыс тілінде жүргізетін болып шықты. Ертеңіне қайта жиналып, қаланы қос тілді қалаға айналдырайық деген ұран көтерілді. Қысқасы, қала басшылығы бақылап отырды. КГБ араласқан жоқ».

Қазақ тілі мемлекеттік статус алатын қарсаңда сол кездегі орталық комитеттің хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің, Колбиннің алдында өзге жұрт кібіртіктеп қалғанда, «Қазақстанда мемлекеттік тіл – тек қазақ тілі болуы керек», (академик Өмірзақ Айтбаевтың естелігі) деген Әбдуәли Қайдардың да жастарды қолдау, «Қазақ тілі» қоғамын құруда «ескі гвардияны» орнынан қозғауда зор еңбек сіңіргені айтылады. Одан бөлек, жоғарыда айтқан «Қазақ әдебиеті» газетінде қатар-қатар мақала жазған Әбдуәли Қайдар бастап, жазушылар Смағұл Елубай, Сафуан Шаймерденов, заңгер-ғалым Сұлтан Сартаевтар, қазақстандық орыс жазушылар Дмитрий Снегин, Иван Щеголихиндердің де дәл осы алғашқы толқында қазақ тілінің тағдырына көп ықпал етіпті. Одан бөлек, мыңдаған адам қол қойған ашық хаттар да аз болмапты. Ақыры 1989 жылы 22 қыркүйекте Қазақ ССР-інің Тіл туралы заңы қабылданып, оның бірінші бабында «Қазақ тілі Қазақ ССР-інің мемлекеттік тілі болып табылады» деп жазылады. Ал, одан кейінгі қазақ тілінің жай-күйі көз алдымызда өтіп келеді...

Суреттер ашық дереккөздерден алынды

Байланысты жаналықтар

Шетелде қазақ тілін оқыту әдістемесі жасалады

22.11.2023

Депутат Қазбек Иса халықаралық құжаттың орыс тілінде жасалатынына наразы

22.11.2023

Қазақша мәзір сұрағандарды "фашист" деп айыптаған дәмхана басшылығы кешірім сұрады

07.02.2023

Енді 5-8 және 10-сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсырады

10.11.2022

Оразбек Сәрсенбаев: Қалмақан Әбдіқадыровтың әйелі салған әлек

30.10.2022

Өзгермейтін Конституция. Алтынбек жазған Ата заң

12.09.2022
MalimBlocks
Шетелде қазақ тілін оқыту әдістемесі жасалады

Әрбір дамыған мемлекет әлемдік деңгейде өз тілін, әдебиетін, мәдениетін жер бетінде мүмкіндігінше көбірек адамдарға үйрету, насихаттау, таныстыру және сол арқылы тілдің әлеуетін арттырып отыр.

Депутат Қазбек Иса халықаралық құжаттың орыс тілінде жасалатынына наразы

Парламент мәжілісінің пленарлық отырысында депутат Қазбек Иса халықаралық құжатта орыс тілі қолданылатынана наразы болды. Ол Қазақстан мен Франция арасындағы келісім шарт қазақ, француз тілінен бөлек, не себепті орыс тілінде жасалғанын түсінбей дал. Бұған ашуланған Қазбек Иса мәжілістің мінберінде баяндама жасаған Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиевке депутаттық сауал жолдады. 

Қазақша мәзір сұрағандарды "фашист" деп айыптаған дәмхана басшылығы кешірім сұрады

Қазақша мәзір сұраған қонақтарына қызмет көрсетпей, жеке күзет шақырған. Фашист, нацист деп балағаттаған.

Енді 5-8 және 10-сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсырады

Қазақстанда жаңа оқу жылынан бастап 5-8 және 10 сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсырады. Оқу-ағарту министрлігі осындай хабар таратты.

Оразбек Сәрсенбаев: Қалмақан Әбдіқадыровтың әйелі салған әлек

Осы шошқаның баласы күйдіріп бітірді... Жазушы Оразбек Сәрсенбаевтың "Өмірнама" атты күнделігіндегі естеліктер топтамасын жариялауды жалғастырамыз. Бұған дейін қаламгердің Сәбит Мұқанов, Қуандық Шаңғытбаев, Әбіш Кекілбаевпен қарым-қатынасы туралы жазбасын ұсынған едік. Бұл жолы жазушы Қалмақан Әбдіқадыровтың өмірінің соңындағы жағдаяттар қаз қалпында баяндалады.

Өзгермейтін Конституция. Алтынбек жазған Ата заң

Бүгін Алтынбек Сәрсенбайұлының туғанына 60 жыл