Абайдың «толық адам» ілімі мен «Кабуснаманы» не байланыстырады?
Абайдың насихат жырлары және қарасөздері мен Кабуснамадағы автордың ұлына өсиетімен ұқсастық бар
«Толық адам» ілімі бойынша Абай мұрасы мен өзіне дейінгі ақи, хәл, парасат ілімдері туралы зерттеулер жүргізіліп, тың тұжырымдар жасалған. Дегенмен Абайдың қарасөздері мен «Кабуснама» арасындағы сабақтастық, екі туынды арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтар, стиль жағынан ұқсастық туралы көзқарақты оқырманның ойында жүрген мәселелерін ашып, аражігін ажыратып берген зерттеу сирек кездеседі. М.Мырзахметұлының еңбектерінде сабақтастығы айтылғанымен, нақты ашып, тарқатып көрсетпеген. Осы ретте Ж.Шойынбеттің «Абайдың «толық адам» ілімінің зерттелуі және ұрпақ тәрбиесіне ықпалы» атты ғылыми-танымдық еңбегінде көптің көкейіндегі сұрақтарға жауап алуға болады. Екі заман ғұламаларының мәтіндерінде кездесетін ұқсастықтар, көлемі мен сөз саптауындағы бірізділіктердің байқалатынын жоққа шығармай, оның себептерін екеуінің де батыс пен шығыс ғұламалары мен философтары еңбектерімен сусындағанын атап көрсетеді. Сонымен қатар Абайда кездесетін халқымыздың табиғатына, болмысына сай ерекшеліктерді ескеруі, біздің қоғам мен тарихымыздағы айырмашылықтар негізінде өзгеше туынды шыққанын аңғартады. Екі автордың да айтар ойы бір жерден шығады, бұл – адамгершілік, ізгілік сияқты адамзаттық құндылықтарды насихаттайды. Кабуснамада автор ұлы Гилоншахқа арнап жазылған, өсиет кітабы болса, Абайда жалпы оқырманға бағытталған. Екеуінде де түп негізі кейінгі ұрпаққа өсиет ретінде жазылған қазіргі тілмен айтқанда өмірлік нұсқаулықтар қалдырған. Ойымызды нақтылау үшін Ж.Шойынбет пікіріне жүгінсек: «Кабуснама» мен Абайдың қарасөздерін салыстырғанда заман өзгергенмен адамгершілік құндылық ешқашан да өз қасиетін жоймайтынын және ол туралы қай кезде айтсаң да бір-бірінен алшақ кетпей тұрғанын көреміз» деген пікір білдіреді.
Дегенмен екі автор ойларында алшақтық та байқалады. Мәселен ұят түсінігін беруде «Кабуснамада» шеттен тыс ұялшақ болудың қажеті жоқ десе, Абай отыз алтыншы қарасөзінде ұяты жоқтың иманы жоқ деп түйеді. Сонымен қатар таза жүрек ұғымын беруде адам бір рет өтірік айтқанына ұялмаса, кейін еті үйреніп, тіпті елді сол өтірігіне сендіргеніне масаттанатын халге жетеді, сөйтіп жүрегі қараяды дегенге саяды. Кейқаус ұлына жаман істеріңнен ұял, ал жақсы істерің үшін батыл бол, ұялма деп жігерлендірсе, Абай ар іздемей, мал іздеген, дүниеауи тірліктермен жүріп ұятты ұмытқан отарланған халықтың аянышты халін көріп, түзу жол көрсетпекке тырысады. Осы ойын бесінші қарасөзінде «Көкірек толған қайғы кісінің өзіне де билетпейді, бойды шымырлатып, буынды құртып, я көзден жас болып ағады, я тілден сөз болып ағады» деп ащы шындығын қағаз бетіне түсірмекке бел буып, ары қарай қаны қарайып, білімге ұмтылудың орнына бар байлықты мал табу деп түсінетін, сол малды адал еңбекпен емес, өтірік, құр мадақ, жан-жалмен тауып, одан еш арланбай, тіпті мал үшін әкесін де қиюға әзір ұяттан безінгендерді көргенде жаны күйзеліп, «...қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, мал үшін қам жейді екен, бірақ ол малды қалайша табуды білмейді екен, бар білгені малдыларды алдап алмақ, яки мақтап алмақ екен, бермесе оныменен жауласпақ екен. Малды болса, әкесін жаулауды да ұят көрмейді екен. Әйтеуір ұрлық, қулық-сұмдық, тіленшілік, соған ұқсаған қылықтың қайсысын болса да қылып жүріп, мал тапса, жазалы демесек керек екен». Осылайша толғана келе, осы әрекеттері үшін «...жас бала ұялса, жерге ене жаздаушы еді, бұлар неден болса да ұялмайды екен» деп солақай саясаттың кезірінен ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білмей абдырап қалған надан, бейшара халықты сынға алады.
Кабуснамада «Жаратушы әлемде бәрінен де артық етіп адамды жаратты, оған он сезім мүшесін берді: оның бесеуі ішкі және бесеуі сыртқы. Көрінбейтінге ойлау, сана, қиял, ажырату мен сөйлеу қабілеті, ал көрінетіндерге есту, көру, иіс сезу, дәм сезу мен сипап сезі қабілеттері. Бұл қабілеттердің барлығы тек адам баласында ғана ерекше. Сондықтан да адам баласы басқа тіршілік иесілерінің патшасы» деп автор ұлына адам баласының жаратылысы басқа тіршілік иелеріне қарағанда жоғары екендігін айта келе, жаратушы берген сана мен тілді өз пайдасына асыру керектігін тілге тиек етеді. Абайдың жетінші қарасөзінде де адам жаратылысының басқалардан ерен екендігін айтады: «Әзелде құдай тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқан» деп алғашқы ойды жалғастырады. Дегенмен Абайда адамға берілген сана мен ақылды тиімді пайдаланбай, тек күнделікті тұрмыстан алыстамай, алдыға ұмтылу, бірдеңені үйренуге деген талпынысы жоқ халыққа назын айтады: «Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық?» деп «жарым адамның» келбетін көрсетеді.
Абайдың жас ұрпақты білім мен ғылым үйренуге шақыру, адал кәсіп үйреніп, адал еңбек етуді насихаттаған жырлары мен қарасөздері мен Кабуснамадағы автордың ұлына өсиетімен ұқсастық бар. Кабуснамада бала тәрбиесіне байланысты кез келген бала үйренуі керек дағды, қабілеттер мен оның өмірдегі пайдасы туралы түрлі әңгімелер берілген. Үйренген ілімнің күндердің күнінде бір пайдасы боларын, адам өмірінде біз ойламаған жағдайлардың болатынын, сондай жағдайлардан тек өз білімің мен еңбегің ғана алып шыға алатынын баяндайды. Мысалы, өз тағынан айырылып, түксіз қалған патшаның елінен қуылып, далада қалғанда кішкене кезінде үйренген ұсталығының арқасында күн көргенін айтады.
Абай «Әсемпаз болма әр неге» өлеңінде де жас ұрпақты еңбек етіп, өмірде өз орнын табуға шақырады. Немесе:
Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен білімің екі жақтап.
Байқағанымыздай, Абай да адамға ең алдымен білім мен ақыл керектігін алдыға тартады.
Кабуснаманың негізгі идеясы өзінен кейінгі ұрпаққа өмірдің барлық бағыттарында жол көрсетуші нұсқаулық ретінде жазылған шығарма, негізінен ұлына өсиет әңгіме ретінде жазылған туындының кейінгі ұрпаққа берері мол. Мәселен қарапайым дұрыс тамақтану мен дүниенің мәнін түсіну, таймменеджмент, елді дұрыс басқару, ата-анаға құрмет, сүйген жарыңмен қарым-қатынас, бала тәрбиесі, тұрмысқа қатысты құнды кеңестер, білімге құштарлық, жастық пен кәрілік, интеллектуалды ойындар мен спорт, достық пен қастық және басқа да тақырыптар қамтылған. Автор не себепті өз баласына арнап жазған деген сұраққа жауап іздеп көрсек, жалпы кемел адам болу үшін тұлғаны жастайынан тәрбиелеу керектігін меңзейді. Автордың 44 тараудан тұратын тұтас шығармада толығымен кеңес түрінде берілген, қажет жерінде мысал әңгімемен оқырман санасына бекітіп те отырады. Абай қарасөздерінің де басты идеясы осы: «Қашан бір бала ғалым, білікті махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады».
Жалпы Абай қарасөздерінің діңі «толық адам» іліміне құрылған. Отыз сегізінші қарасөзінде кемел, білімді, ақылы толысқан «толық адам» қалыптастыру бала кезден бастау алады. Қазақта «баланы жастан» деген нақыл сөз бекер айтылмаса керек, Абай да осыны меңзеп «Ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпен яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі ізденгендей болғанша. Қашан бір бала ғалым, білікті махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады. Сонан соң ғана алла тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық, өз адамдығын бұзбай ғана жәліб мәнфағат жәфғы мұзарратларны айырмақтық секілді ғылым-білімді үйренсе, білер деп үміт қылмаққа болады» буыны қатпай, ақылы енді толысып келе жатқан балаға жол көрсету, өмірдің мәнін жеткізу, білім мен ғылым жолына жетеулеу әр ата-ананың парызы ретінде қарау керектігін айтпақ. Бұл туралы «Кабуснамада» бала тәрбиесі жөніндегі бөлімде балаға ата-анадан тәрбие беріледі. Егер балаң ақымақ болса да, әке бар ықтиярлықпен оны үйретуге міндетті дей келе, «Балаңды сен тәрбиелемесең, оны уақыт тәрбиелейді. Егер баланы ата-ана тәрбиелемесе, оны сыртта күндер мен түндер тәрбилейді» деген тұжырым жасайды. Баланың өмірде «толық адам» болып қалыптасуына ата-анасының алар орны ерекше екенін көрсетеді. Ары қарай «Ата-ана баласына жақсы білім мен тәрбиені ғана мирас ете алады, ал бала үшін бұдан артық мұра жоқ» деген пікір білдіреді. Шын мәнінде, артыңда қалған ұрпағың үшін сенің берген тәрбиеңнен асқан құндылық жоқ. Абай да айтқандай бала жастықпен білмеуі мүмкін, оған қарсы болуы мүмкін, ешкімде біліп тумайды, тек жол көрсетіп, ғылымның пайдасын, білімдінің күні жарық екенін түсіндіріп, көрсетіп, бағыт беру арқылы ғана саналы ұрпақ тәрбиелей аласың деген ой салады.
Баланың кемел адам болуы хақында «Кабуснамадан» тағы бір мысал келтірер болсақ, бірде патша өзінің уәзірлеріне баласына жаугершілік өнерді үйретуді тапсырады. Уақыт өте уәзірлерінің кішкене ханзаданың барлық өнерді үйренгенін, оның сынаққа дайын екенін айтады. Бірақ әкесі баласының барлық үйренгенін мақұлдап, дегенмен бұлардың барлығын ханзада үшін басқалар да ітсей алады, ал адам басына қиындық туғанда өзін-өзі құтқара алатындай, басқалар ол үшін істей алмайтын қабілетті үйрену керектігін айтады. Бұл суға жүзу болатын. Бұл мысалдың астарында Абай айтқан бала өз қабілетімен, өз білімімен ақ нан тауып жей алатын мүмкіндікке ие болу керектігі жатыр. Отыз үшінші қарасөзінде: «Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан колөнері – қазақтың әулиесі сол». Бір ғылым саласын толық игеріп, адал кәсіп қылғанда ғана мал мен байлық өзі келеді. Ол үшін шын ниетпен барлық ілімді үйрену керек, ал егер жартылай, шала жасалып, бастаған ісіңді аяғына дейін жеткізбесең, ондайлардан «жарым адам», «жарым молда», «жарым мұсылман» шығатынын айтады. Әр нәрсенің басын бір шалып, бір кәсіпке немесе істі толығымен жеріне жеткізіп үйренгенде ғана нәтижелі болмақ дейді.
Екі авторда да ғылым-білімге ұмтылу, әр істің басын бастасаң да тыңғылықты болып, әр нәрсені жеріне жеткізіп істеу мәселесі насихатталады. Абайдың отыз екінші сөзінде ғылым-білім үйренудің алты қағидатын ұсынып, әрқайсысына талдау жасап, «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі» деген түйін шығарады. Білім мен ғылымды адамзат пен жаратушы разылығы үшін жасау керектігін айтып, өз бас пайдасы үшін емес, қоғам мен әлемге мен не бере аламын деген ұстаным негізінде жасалған амалдардың сауабы молынан екенін айтпақ: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, алланың сүйген құлының бірі боласың» деп отыз жетінші сөзінде еңбек пен білім арқылы қалай дәулет табамын сияқты дүниеауи құндылықтарды басты орынға шығарғанда шала әрекет, шала нәтижеген жетелейтінін айтады. Ал шын ниетпен істелген амалдар ғана, толық нәтижеге жетеледейді. Бұл жерде қанша жерден білімді, ғұлама болсаң да сенің жүрегіңде адамзатқа деген ізгілік, адамгершілік сияқты рухани құндылықтардың мәні болмаса, онда алған білім мен үйренген кәсіптің еш құны мен қадірі жоқ дегенге саяды. Бұл ойды «Әкесінің баласы – адамның дұшпаны. Адамның баласы – бауырың» деп түйіндеуге болады. Бұл ойды Кабуснамадан де көруге болады: «Рухани ғылымнан алған пайданы сен басқа ешқандай да ғылымды игеріп ала алмайсың». Барлық ғылымның бастауын дін негіздерін үйрену арқылы білесің, ең алдымен соны біліп қана тәртіп пен басқа ғылым мен білімге ден қоя аласың дейді. Автор ұлына үлкен үміт артып, болашақта ғұлама болсаң, бар дүниеауи құндылықтарға мас болмай, салқын қанды, мансапқа шаттанбай, сабырлы болуға шақырады. Ал Абай болса, ондай жандардың сол қоғамда барын біле тұра ащы сынайды. Бұл қазақты қаралағаны емес, басқаға сабақ болсын дегені.
Абай он сегізінші сөзінде «Адам баласына жыртықсыз, кірсіз, сыпайы киініп, һәм ол киімін былғап, былжыратып кимей, таза кимек – дұрыс іс» дей келе, сырт көзге мақтан үшін, елді қызғандыру үшін сыланып жүретін кербездерді сынға алады, бұндай қылықты масқаралық пен ақымақтыққа теңейді. Ал «Кабуснамаға» келер болсақ, «Сырт келбетің мен жандүниеңді таза ұстап, үнемі киімің таза болсын» деп адамның сырт келбетіне баса назар аударып, осы қағидатты жиі қайталайтыны байқалады. Бұл жерде айтпағы ел басқаруда, топ алдында жүргенде адамдар сенің сырт келбетіңе қарап сыйлайды, сондықтан да басқаға үлгі боларлық кейіпте бол дегенге саяды.
Би мен қазылардың қадірі мен билігіне қатысты екі авторда да ұқсас тұстары бар. Екі елдегі де би, қазылардың беделі ерен. Абай өзінің отыз тоғызыншы сөзінде қазақтың бұрыннан қалған екі жақсы мінезін тілге тиек етеді. Соның бірі ел билеушілерінің жақсы амалдары: «Әуелі – ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көш-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы мен топ басылары қалай қалса, қалай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден бірге жүргізбек болмайды екен... <...> ...Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?». Бұрынғы қазақтың билері мен ел басқарушыларының асыл қасиеттерін, әділ шешім қабылдап, ел ішін айрандай ұйытып отырған сүт қаймақтарын дәріптейді. Олардың игі істерін кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде насихаттайды. «Кабуснама» шығармасында да қазылардың қоғам алдында қадірі ерекше болғанын аңғаруға болады. Олар өздерінің әділ қазылығы мен көргендігімен елді өздеріне бағындыра білген. Кітапта қазылардың өмірінен мысал келтіре отырып, кей жағдайда көрегендіктерінің арқасында шариғат заңдарынан бөлек, кітаби білім емес көп көрген тәжірибесі мен әр жағдайдың мәнін жіті түсініп, өз жанынан шешім шығару да үлкен іс екенін айтады. Сонымен қатар қазыларға мынадай кеңестер береді: «Алдымен, қарның аш кезде; екіншіден, қатты шөлдеп тұрғанда; үшіншіден, моншадан жаңа шыққан сәтте; төртіншіден, қайғы басқан кезде; бесіншіден, күйбең тірлік басқанда шешім қабылдауға асықпа» деген өсиет айтады. Бұл сөздердің әлі күнге дейін өзекті екенін, бүгінгі күннің әр қазысына керек кеңес екені даусыз. Бұдан түйгеніміз, қазылықта адам тағдыры қыл үстінде тұрып, шарасыздықтан ғана кісі алдына келіп, өз мәселесін шешуге келгенде, «көзқысты, бармақ бастыға» салынып, бұрыс шешім қабылдау үлкен күнә екенін айтпақ.
Қорыта айтар болсақ, екі шығарманың ұқсас тұстары жетерлік, дегенмен айырмашылықтар да баршылық. Екі халықтың дүниетанымы мен тұрмыс-тіршілігіне байланысты тақырыптық жағынан да айырмашылықтар байқалады. «Кабуснаманың» ерекшелігі бұл ұлына өсиет еткен шығармада өмірдің барлық жағдайларына арналған нұсқаулық іспетті, қалай ақша жұмсау керек, қалай жар таңдау керек, тіпті медицинаға қатысты кеңестер жетерлік. Бұлардың барлығында автор баласына ақыл айтып, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін жіті түсіндіріп шығады. Оқырман үшін де бұл танымдық, өмірде тұрмыс пен рухани жағынан дамимын дейтін адамдар үшін құнды еңбек. Ал Абайдың қарасөздеріне келер болсақ, қазақ халқының рухани жағынан құлдырып, ел ішінде алауыздық пен қызғаныш сияқты жаман дағдылар белең алып, ел іші іріп бастаған шақта халықты бір бағытқа, яғни білім-ғылым үйренуге шақырып, халық санасын оятпақ ниетте жазылған шығарма. Бұнда тұрмыстан гөрі рухани құндылықтарға баса назар аударылады, қай тақырыпты қоғзаса да алдымен сауал қойып, кейін жауабын берсе, кейде керісінше болып келеді. Дегенмен негізгі идеясы қазақтың жамандығын ащы сынап, жігерін қайрау, жаман қасиеттерін бетіне баса айтып, одан арылудың жолдарын көрсету, сол кезде түсінбесе де, кейінгі ұрпақ пайдасына жаратар, жақсы менен жаманның аражігін ажыратар, «толық адам» болу жолында нұсқаулық болар өз ойларын қағаз бетіне түсіріп, кейінгі ұрпаққа асылсөз қалдыра білді. Қанша уақыт өтсе де Абай қарасөздері өз мәнін жоймақ емес, бүгінде әлемдік түрлі коучтар айтып жүрген насихаттар, табысты болудың амалдары тұтастай қарасөзде тұнып тұр, оқимын, білемін деген адамға барлығы айқын.
Ал неге қараша халық ақылды сырттан іздейді деген мәселеге келсек, бұның себебі насихаттың аздығынан. Тек ғалымдар ғана емес, қаны мен жаны қазақ деп соққан әрбір азамат Абайды оқып, өз түсінгенін басқамен бөлісіп, жалпыхалықтық сипат алғанда ғана ақын қарасөздерінің мәні артып, олардың түп айтар ойын терең түсінер еді деген ойдамыз.
«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық
орталығының ғылыми қызметкері, PhD
Ләйлә Мұратқызы