Алпыс алтыншы қараша

Түске бергісіз өң болушы еді. Өңге бергісіз түс көрдік. Ап-анық, бәрі шынайы. Қарымды қаламгер, қайран аға Рахымжан Отарбаевтың Атыраудағы үйінің ауласы екен деймін.
«Адамдай былтыр кетіп, биыл келген» қайта оралыпты. Сәуле жеңгей мен Ермерей мәз. «Айжамалды танып тұрсың ғой?» дейді әкесі. «Әрине!». Қасымда Ерер құрдасым бар екен, оның не қып жүргенін құдай білсін.
– Қайда апарып тастағансыңдар? Қайтып келе алмайды деп ойладыңдар ма? – деп ортаңғы үш саусағымен көмірқара шашын салалап тұрып, әдетінше бір күліп алды.
– Қайдағыны айтпаңыз, аға, Сізді ешқайда жіберген жоқпыз ғой! Содан әңгіменің нешеме ығыты ағытылды дерсің... Жақында дүние есігін ашқан сәбиіміздің түнгі қыңқылын сезбестен, қатып қалыппыз. Неткен ақ-дариға түс! Әдетте алдағы күні кездесетін бейнелер, болуы мүмкін сұхбаттар таңғы түске кіреді. Бұл жолғысы, шамасы, жиі ойлағаннан шығар...
* * *
Рахаң о дүниелік болғалы төртінші күз. Фәнилік жүрісінде алпыс алтыншы күзіне өтер еді.
...содан бері іле-шала бірдеңе жазуға да, жақын-жуықпен ортақ пікірлесуге де зауық соқпады. Сүйсінтетіні – екі ортада Рахымжанын іздеуші көбейгені. Байқап қаламыз: бірі кітаптай, бірі видеолай, бірі аудиолай насихаттап жүр. Арасында «артық қылмақ» ниеттен немесе абайсызда болмағанды болғандай қылу жайттары кездесіп қалады. Ел ішіне көп нәрсе жарасымды, ел ішінде көп нәрсе кешірімді.
Ағамыздың феномені неде еді?
Неліктен біраз жұрт Рахымжаншыл?
Керісінше, неге кейбіреулер Отарбаев дегенде одырая қалады?
Жазушы біткеннің бәрі осынша сәнге айнала алып жүр ме?
Қайшылықты пікір көптігі неден?
Мінезден!
Оны кесектікке, кескектікке сусағандар аңсап іздейді. «Аттай алмайтын тастай» айналып өтетіндер аулақ жүреді. Бәлкім, көргісі де келмегені. Ал өзін «шындығын сезіндім, ішін алдым-ау» санайтындар мүлдем бөтен ойда мүмкін. Рахымжан ағамның денесі суығанын естіген сәтте көкейімізге оралған ойларды осы тұста келтіре кеткеніміз жөн деймін:
Өмір айтыс па? Айта білді.
Өмір жазу ма? Жаза білді.
Өмір асқақ па – қасқайды.
Өмір жалған ба? Ол да алдайды.
Өмір ойын ба? Ойнай білді.
Өмір күрес пе? Егесе жүрді.
Өмір мұң ба? Шеге білді.
Өмір жол ғой – жүре білді.
Қайран да қазақ Рахымжан Қасымғалиұлы!
«Мен туралы қашан жазасың, кетуімді күтіп жүрсің бе?» деп қалжыңдаған кейінгі сирек кездесулердің әлдебірінде. «Жөнімізді» пайдаланып, «көрерміз» деп қағытудан тайынбағанбыз. Бірақ дәл осылай бақұл-сөз таспалап отыруға мегземегеніміз анық. Жаратылыстың өз ережесі бар. Оның аты – заңдылық...
* * *
Иә, бұл жолғысы, шамасы, жиі ойландырғаннан шығар... Әңгімесі жарқын. Алыстан алады.
«Жеделдетіп қара жерге көміп, беттеріңді тез-тез сипап, «құтылдық-ау әйтеуір» дерсіңдер бір күні» деп әзілдемеді бірақ. Тегінде көзі тірісінде о дүние туралы оңай әңгімелеуші еді. Сол түсте «Қайран Рахымжан-ай, осы саусақтарыңды да бір күні қара топырақ жабады-ау» демеді бірақ...
«Ақын-жазушының пропискасы – халықтың жүрегінде» деп текке айтылмаған. Ақын-жазушы үшін тірліктің соңында тұрмыс қалмайды, туынды қалады. Ақын-жазушының, шығармашылық адамдарының ұлт діңін жалғау ісіндегі жауапкершілігі, қолтаңбасы туралы шыр-пыры шығып әңгімелеуші еді. Әбіш Кекілбайұлымен қоштасу дастарқанында сөйлеген әйгілі сөзі интернет торабында әлі де сақтаулы. Дарабоз шығармашылдарды «Ұлттық құндылықтар қатарына заңмен қосуды бекіту» жөнінде сол басқосуда жаны шырқырап жеткізіп еді.
Жалғасын ser-per.kz сайтынан оқи аласыз.
Автор: Ерболат Қамен
Фото: ser-per.kz