Ақын Баян Бекетова өлеңдері

Редактор Редактор

  • 13.01.2025

Баян Бекетова 1961 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауылында дүниеге келген. ҚазМУдің журналистика факультетін 1984 жылы бітірген. 
Өлеңдері «Аудитория», «Қарлығаш» атты ұжымдық жыр жинақтарына енген, «Үмітім менің» (1982), «Жалғыздық» (1984), «Сәмбітал» (2001), «Көлбастау» (2001), «Мен сені сағынғанда» (2001) жыр жинақтары жарық көрген. 

Біздің ел жақта

Еңбекпен күнін батырып…
Қостұраның құт­ты қойнауы,
Көлбастау – жаздың жайлауы,
Дүниенің жасыл жұмағы,
Сұлулығы – сүт­тің қаймағы,
Сары егін алтын аймағы.
Көркі бар көзді суырған,
Желі жерді қуырған,
Желіне жонын қаққызып,
Көзінен жасын аққызып,
Қайта оралған – бұйырған,
Бір көрген көз, сірә, тоймағы.
Берекелі белі, жері құт,
Астыққа толы
Шілденің шоғы қақырап,
Басталмастан боқырап…
Айға қарап болжайды,
Атам ауа райын бақылап…
Ауылды түгел қара тілімен
Тұрғызып және жатқызып,
Шақшасын шақпаққа шаққызып,
Кезекпен қойын баққызып,
Бие байлауға бап жер деп,
Көгалға қазық қаққызып,
Биесі мен құлынын жетектеп,
Шоқша сақалдым, кетіп бара жатады,
Қасқа құлынға
күміс өмілдірік таққызып.
Малын қырға жаяды,
Тамыздың соңы қайнайды,
Алтын алқап атырап,
Сары бидайын жинауға,
Еңбекші елі шапқылап…
Ескірген бұл бір тақырып:
Таңсәріден тауық шақырып,
Еңбекшіл жандар оянар,
Еңбекпен таңын атырып,
Еңбекпен күнін батырып,
Ақ қырманын жайнатып,
Көмбелерін сайлатып,
Қырманшылар құнжыңдар,
Құрал-сайманын ойнатып.
Еңбек көрігін қыздырып,
Қара қазандай қайнатып,
Қазбанбет қырға мал өріп,
Арыстанды Қарабастай желі бар,
Құмды көкке көтеріп,
Демінен қызыл от өріп,
Қызыл қырманын қайнатып,
Бидайын өзі-ақ тазалар,
Қыпығын қылдай суырып.
Ысқырынғанда Қарабас желі,
Апшысын жердің қуырып.
Бұл жұмадан басталып,
Келесі жұма тоқтарын,
Білсе де күтпестен-ақ, күлшеге,
Келіншектер жағып от­тарын,
Жеңін де түріп, ысырып,
Табаға нанын пісіріп,
Соңынан үрлеп өшіріп шоқтарын.
Бал қатқан күрең шайын құйғанда,
Әжелер әңгімесін тарқатар,
баптанып,
Есіне салып, өтіп те кеткен шақтарын…

* * *
Қостұраның етегі,
Жидеге толы орман-сай,
Қызыл доланасы төгіліп,
Жеміс-жидектері
Өз-өзінен байыған сай.

Бұрымын тарқатып ап сұлу ару,
Қақ жарып тау жаңғыртып,
Өр серпіген толқыны
Боралдай өзен өтеді.
Ақтастан басын алып ап,
Алқынбай ағып сұлуым,
Арысқа келіп жетеді.
Арыс ағып аптығып,
Сырдария алып кетеді.
Жыңғылды тоғай жайқалған,
Сұғынған жолы тоғайға,
Суретін сөзбен айта алман,
Жолсапарларға жалғансай.
Бестеректің жетегі,
Топырағынан дейді ғой,
Азамат­тың асыл тумағы.
.Қоңыр күз… Ақ жауын

Ойларым жазға ауысып кет­ті ке­йін,
Сенен де көктем ұзап кет­ті де­йін…
Аспанда тырналар ма тыраулаған,
Олар да түстігіне кет­ті ке­йін…
(Итеріп… елеместен
шіліңгір аптабын да),
Күз патша отырыпты бақ-тағына,
Шүкір деймін, өзім де іштей,
Сол күзге ақырындап айналам ба…
Бау жақтан жұпар аңқып, танау жарар,
Атам соңғы орым жоңышқасын баулаған ба?
Жаным-ау, жапырақтар жаураған ба,
Күміс шыққа малынып мөлтілдейді,
Мұратына жетіңдер деп тіле­йін.
Ақ жауын әсем-айлап сен сияқты,
Тоқтамай көздің жасын төкті бе­йін.
Көз жасын неге сонша сорғалат­ты,
Қимай ма, жазғы тойы тарқамапты…
Алыста аққайың тұр шашын тарап,
Билеуге дайындалып, ақ тамақты…
Жол сүңгір, тобылғылы тоғайына,
Жолаушының қарап ап орайына,
Жапырақтар алтынға малынып ап,
Дірілдейді тағдырлы талайын…
Айнакөл сәуле шашып маңайына,
Жалтырайды, айнаға қарайын, ә…

* * *
Ақ айдын шалқалайды бу үстінде,
Толқындар туламайды қу үстінде…
Құрақ та шуылдамай тұнып қалып,
Аққулар мамырлайды су үстінде.
Мамықтарын ұлпалап, бал айы ма?
Барқыт кеш барқыт нұрға балқып тұр-ау,
Батқан күн бояп қызыл арайына.
Қоңыр күз, қоңыр дала маужыраған,
Қара жер тыншып жатыр қалжыраған…
Бұлақ боп тау басынан ән құлаған.
Саз болып қосылды ма жаңбыр оған.
Аспаннан ағыл-тегіл нұр құйылса,
«Тастың да тәні бусап, тау жылаған…»

Анама

Атыңнан айналайын алтын анам,
Жүре берші жанымда, шалқып аман.
Сен жүрген жер – жып-жылы мамыр айы,
Сен жүрген жер – Күн шығып, жарқыраған.

Анам барда, тойым да тарқамайды,
Еркелейді, балам да шалқалайды!
Өзің бар да менде де уайым жоқ,
Жаным тыныш, тәнім еш шаршамайды.

Күресемін, өмір деп, құлшынамын,
Төнсе, бұлт­ты қолыммен ысырамын.
Аға­йынның, немерең ортасында,
Сен аман боп, ауылда жүрші жаным.

Жарық дүниең үшін,
парызым өтеу, дедім,
Тоғыз айың бар тағы көтергенің,
Түн ұйқыңды төрт бөлген, ақ сүт беріп,
Шаш етектен қарызым өтер менің.
Парызымды өтеуге ана алдында,
Бар ғұмырым, шіркін-ай, жетер ме едің?

Жайнайды ғой, тар үйім – ордадайын,
Арқама сап, қаласаң, арқалайын..
Сен болған соң, алаңсыз, сіз айт­қандай,
«…Ұшып-қонған көбелек» мен болайын.

Өзің барда күресім үдер менің,
Түу қиырдан тұрсың ғой, жігер беріп.
…Қиындығы тіршілік не тәйірі,
Өзің барда төрт дүнием түгел менің.

Өрши-өрши өрт­тен әсте аумадым

Өмір, өмір осы ма еді бар мәнің,
Қалықтайды көк жүзінде арлы әнім.
Қан саулаған жүрегімнің жарасын,
Қансырадым, таңбадың…

Арда қалма ақбозымдай арманым,
Ай тұяқты ақбоз атым арымағын.
Бір өлеңге ілініп тұрғандай ма тірлігім,
Бос кеңістік, тек ауаны қармадым…

Өлең отын қаладым да лауладым,
Шырпы тиген қамыстайын қауладым.
Өшірем деп әуре боп жүр өлермен,
Өрши-өрши өшпей-тұғын
Өрт­тен әсте аумадым.

…Тым, үлкейіп кеткен еді аумағым,
Өлерменнің аралап жүр бау-бағын.
Тау да, жел де маған дем беріп,
Тілім – жалын, арқамда – шоқ, аунадым.
Өлең отын қаладым да қауладым..

* * *
…Қызыл іңір, қырға салып тырнағын,
Қан жоса ғып көкжиекті тырнады…
Көк жүзінде тыраулаған тырналар,
Бара жатыр көкке жазып жырларын.

…Күн батады шашып қызыл шапағын,
Шырылдайды шаранада шақа мұң:
«Сені сонда сүйген жоқ ем, алдадым»–
Дейді біреу түсімде, қарай гөр,
шақарын…

Өмір, өмір осы ма еді бар мәнің,
Қалықтайды көк жүзінде арлы әнім…
Шарықтайды шағала жыр айдында,
Жалықпаймын ой аулаудан омбылап,
… қар қалың.