Ақын Есенбай Дүйсенбайұлы өлеңдері
Есенбай Дүйсенбайұлы 1940 жылы 16 мамырда Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Қалдайбек ауылында туған. 2011 жылы Алматыда дүниеден өтті. Ұлы Абайдың 150 жылдығы құрметіне тұңғыш рет өткізілген республикалық жазба ақындар мүшәйрасы Бас жүлдесінің иегері. 1996 жылы Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлық алды. 1990 жылы «Үшбұлақ» жыр кітабы үшін Қазақстан Жазушылар одағының І.Жансүгіров атындағы сыйлығы берілген. Байғанин ауданының, Ақтөбе қаласының Құрметті азаматы, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

ӘН ӘУЕНІМЕН
«Барады көшіп ауылың Келме көлге,
Келме көл алыс дейді көрмегенге...»
Ол дағы тоқтап жатқан көлмек шығар,
Ойыма Жем түседі шөлдегенде.
Кептіріп аңызағы кенезені,
Тентек жел тепкілейтін терезені.
Құмығып құмға құлап қалушы еді,
Каспийге бір жете алмай Жем өзені.
«Арнасы - бұлақ, басы - Тең» секілді,
Тағдыры келмек көлдің Жем секілді.
Өзім де өзеніме тартсам керек,
Суым да мөлдірейді мен секілді.
Қанатын қыстан кейін құс қақпаған,
Күркірі күндік жерді пұшпақтаған...
Бәрібір Каспийіне жетпейді Жем,
Абайға жете алмайтын ұқсап маған!
ҚАЛҚА БАЛА
Тапқан-ау сұлулыққа дарқан ана,
Базардан бір қыз көрдім - Қалқа бала.
Жүреді арба сүйреп, қап көтеріп,
Жүк батып жүрекке де, арқаға да.
Апырай, кетіп қалмай жай-жөніммен,
Тас жұтқан тәуекелден тай жедім мен...
Арбалып арай көрдім, қарай бердім
Көркіне Қалқа бала Ай көрінген.
Жайдары жымиғанда жайнап таңдай,
Күлкісі күміс құман қайнатқандай.
Ақанның Ақтоқтысы секілденіп,
Торыны талға еріксіз байлатқандай.
Тапқан ғой сұлулыққа дарқан ана,
Мекені Жетісу ма, Арқада ма -
Халықта жігіт-желең қалықтатқан
Әдемі ән бар еді - «Қалқа бала»:
«Қарағым, айналайын, қара қасым,
Бұралған қос иықта қолаң шашың.
Бір болсам өзіңменен бұл өмірде,
Бақытты болады ғой менің басым!
...Ойымның отағаңдай орман-талын,
Толқумен тұрып қалдым толғанта мұң.
Қай Қалқа, карағым-ау, мына Қалқа,
Қайратты сіңлісі ме сол Қалқаның?!
Күнкөріс көлеңкесі жанар қамап,
Қалада Қалқа бала қап арқалап,
Қалқа бала, Қалқа бала.
Қалқа бала дегенде,
Шалқалама!..»
Қараңғы Саин жақта қалқаларым
Қандырып қалталыны... табар тамақ.
Намыстың ызғар өтіп табанына,
Қар жауып, мұз қатқандай қабағына...
Көтертпей қалқаларға перзент-ұрпақ,
Қапамын қап көтерткен заманыма!
Болғай деп таңы арайлы, кеші жарық.
Жыр жаздым Қалқа қызды есіме алып.
Жұрт едік жесірін де қаңғыртпаған,
Қазақтың, сөйтпесе егер, несі халық?!
ЖОҚТАУ
Ер демеу сендей ұлды болар айып!
Еркіндік құн туса деп, cop азайып,
Ақиқат алдаспанын сілтеуші едің,
Қайдасың, ақын Свет Оразаев?!
"Шындықтан жүрмесе де тауып пайда,
Бұл Свет арыстанша шауыпты Айға..."
Қарлы қыс Қарауылкелді калды-ау алыс,
Қара көз қарындасың Мауыт қайда?..
Айналып ел аузында ертегіге-ай,
Сапарың сарқылар ма келте бұлай?
Сен едің еркіндікпен егіз сері,
Секілді Сегізсері тентегім-ай!
Асығың түспесе де алшы күліп,
Жырыңды егінші мен малшы біліп,
Алдыңнан қараңғылық үйіріліп,
Артында үйір-үйір таң шұбырып;
Бой бермей асау ырык, арда шабыт,
Жолында жүк қалдырмас нар да атанып,
Ұлып ап аш қасқырдай айға қарап,
Қан саулап жүрегіңнен қарға тамып,-
Жайықтан Жемге жортқан тарлан едің,
Ажалға амал-айлам бар ма менің -
Бір сәуле Сәкен жақтан іздеп келіп,
Сөніпсің Ақадырда, ардагерім.
Құйып ап көкірегіме құздар әнін,
Қайғыдан ішім күйіп - тұз жаладым...
Алатау, өлімтігін көрсетпепті-ау
Мұзарт шың тасында ескен Мұзбалағың
ОПЫНУ
Ұқсағым кеп өзімше Абайларға,
Ұрыс ашып мансапқа малай-қарға,
Талаптының берем деп бағын ашып,
Таяқ жеппін болысып талайларға.
Жалпылдаумен жандай-ақ мәңгі жайнар,
Жақсылықты санаппын сәнді қайнар.
Көңілінен дәметкен Абайлықтың
Көп те екен Дәркембай, Дәндібайлар.
Бауындай деп бәрі де бір ішіктің,
Пенделіктен, әйтеуір, ірі шықтым.
Ол білмесе, бір Құдай біледі деп,
Шаруасына теп-тегін кірісіппін.
Жатақтардың жақыбай қасқалары
Оңай дейді-ау биліктің тас қамалы.
Ақыреттің азабын мен тартам да,
Ат-шапанын алғыстың басқа алады.
Сондықтан да көңілде қапа-қайғы
Бұзауы өлген сиырдай жапалайды...
Көк аттыны көлденең көсем көріп,
Көмектескен бейбақты атамайды.
Tap кешуде талант деп сайрап бақтым,
Тапқаным не? Демеймін қаймақ таптым.
Жазғыратын Құнанбай болмағасын,
Ит-құс ішер судай бір жайдақтаппын.
ЖАЗ ҚАБАҒЫ
Мен саған бол демеймін басыбайлы,
Жүрсеңші азғантай күн қасыма еріп.
Халық әнінен.
...Әйелдің сұрамайды жасы жайлы,
Мен саған бол демеймін басыбайлы.
Жүрейін азғана күн қасыма ертіп,
Айтпайын әперем деп асыл Айды.
Қам жеме, қалқа бала, о жағынан,
Қаланың қашып шыққам «тозағынан» -
Бостандық дүниесінде қыдырсам деп,
Босанып бастағы ойлар бодауынан.
Қолқамда қазір менің қоздап ағын,
Бозаңын кешкім кеп тұр боз даланын,
Бозторғай жырын жұтып бозала таңда,
Боз белде бозінгеннің боздағанын.
Құба тал сая қылып сазға бағын,
Көрейік қырлар қалай маздағанын...
Көр болған тас қапшықта жата-жата
Көңілге бұл бақыт та аз ба, жаным!
Бастады бұлттар әнін, қаздар әнін,
Жайдарман жарқыратып жаз қабағын.
«Мен саған басыбайлы бол демеймін,
Жүрсеңші қасыма еріп азғана күн».
Жарқын жүз жан екенсің жаз қабағың,
Жаздың да дәурені бар азғана күн.
Қанаттан қар қылаулап қайтып кетер,
Қаңқылдап қақ төбеңнен қаздар әнін.
Сол тұста жылы жаққа баратырған
Құс болмай, дерсің, неге жаратылғам?
Мен дағы жазға ілесіп, қазға ілесіп,
Қайтармын қар қылаулап қанатымнан...