Ақын Кеңшілік Мырзабековтың өлеңдері

Кеңшілік Ағытайұлы Мырзабеков (1946-1989) – ұлт поэзиясының өрісін кеңейткен белгілі ақын. ҚазМУ-дың журналистика факултетін бітірген (1976). 1966 – 89 жылы Қостанай облысы «Коммунизм таңы» (қазіргі «Қостанай таңы»), «Лениншіл Жас» (қазіргі “Жас Алаш”), Алматы облысы «Жетісу», «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан»), «Өазақ әдебиеті" газеттерінде, «Жазушы» баспасында, «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналында қызмет атқарды. Ақынның алғашқы жинағы «Іңкәр дүние» 1972 жылы баспадан шықты. Оның «Сәруар» (1980), «Революция перзенттері» (1980), «Қасиетті қас қағым» (1985), «Дәуір – дастан» (1988), «Ауыл мен астана» (1994) атты өлеңдер жинағы жарық көрген. Ол Е.Евтушенконың «Менің шешем және нейтрон бомбасы», «Фуку» атты поэмаларын қазақ тіліне аударды.

Malim Админ

  • 28.09.2024

ӘКЕНІ САҒЫНАМЫН

Әкем дүние салды...
Артында бір шаңырақ – бір үй қалды.
«Сырқатым бар» деуші еді сыпайылап,
Көзін жұмбай, тіріде кім иланды?..


Алтын нарқын кім сезген «кеш білем» деп,
Ал асылдар ойлай ма «ескірем» деп?
Төсек тартып қалды әкем талай рет,
Ауырғанын ыңырсып естігем жоқ.


Кім әкесін өлімге қия алады?
Тұрды әкемнің қаңырап үй-орманы.
Жемге кеткен қарлығаш қайта оралмай,
Қызылшақа біз қалдық ұядағы.


Біз қозы едік...
Марқаймай кешігеміз,
Қатты қорықтық тудық деп несіне егіз.
Айналайын заңынан табиғаттың,
Бір түп көде бар екен – несібеміз!


Шөп тасыған таңменен бірге тұрып,
Бір самаурын шай ішіп, бір кекіріп.
Қашарымыз өлгенде қабақ шытпай,
Қамыты сынса колхоздың жүрді өкініп.


Жалап-жеген колхоздан кәні емес ең,
Жалап-жеген қулармен және егес ең.
Қайран әке, мінезің қызық еді,
Бала емес ең, әрине, дана емес ең.


Жалған бітті...
Жарқ етті лағыл арың,
Жарығыңа зәрумін, жанығамын.
Сағынамын, әке, мен сағынамын,
Әке болып қалыппын, не қыламын?!.

 

АНАР

Бар ма екен сенің есіңде
Балқаймақ күндер шайқаусыз?
Бұлтиып бір зат төсіңде
Булығып өсті байқаусыз.


Құрақтай қаулап қолаң шаш,
Құралпы қатар қызғанған.
Қынай бел қыпша, қалам қас,
Қашқақтап өстің қыздардан.


Омыраудың дауысын шығарып,
Алқа мен шашбау тағынбай.
Тал шыбық бойың бұралып,
Тәнті етер қимыл табылмай.


Томардан түскен шоққа ұқсап
Томсарып көзің жанғанда
Тай сезіміңе ноқта сап,
Тулатпай ұстап алғанда,

Жалғанда ешкім жоққа ұқсап,
Тезекке бірге барғанда,
Кезекпен әнге салғанда,
Кезіккенімді білмеппін
Қадір түн – қайран арманға!


Қақпаша жағаң күн қағып,
Қадалған түймең қатарлай.
Кеудеңе кейде ұрланып
Қарайтын едім бата алмай.

Бойың да өсті булығып,
Ойың да өсті булығып.
Тамырын тартпай бәйшешек,
Шыға ма жерге сурылып?


...Екінді құлай еңкуге
Елгезек самал елпілдеп,
Жаға мен жеңнен жел гулеп,
Жел тиген етек желпілдеп,
Ақ тезек тердік, арқаға
Алаша қапшық төркіндеп.


Көденің түбі қараңдап,
Кіреуке тартты нарт іңір.
Жалқы аяқ жалқын талаурап,
Жуасып жатты жалқы қыр.


Қапшықты қозғап бар дене,
Көтере берген сәтіңде
Дар ете түсті әлдене,
Күн қаққан жағаң, нәтінде...


Секемсіз тұр ем алдыңда,
Сескеніп менен қалдың ба?
Айдындай төсің мөлт етті,
Қос шабақ көлге шолп етті
Оралып өскен балдырға.
Он екі мүшең кетіктей,
Қымсындың неге алдымда?
Айыпты тозған көйлек пе,
Айымыз басқа тағдыр ма?!.
...Одан соң талай жыл өтті,
Аулыңа талай бардым да.
Сәбиіңді көрдім алдыңда,
Аңқитып төсіңді иітіп,
Разы боп сонда отырдың
Айымыз басқа тағдырға.

 

 *  *  *

Асқынып ағатын бұлағың
Бастығып қалған ба, шырағым?
Басылмай келіп ем құмарым,
Басыңа жеттім де құладым.
Баяғы ағысың қайда асау,
Булығып жатыр ма, бар ма сау?!.
Қара жер қайнарға тоймас-ау,
Қайнарлар ағыссыз қалмас-ау.
Көлдері қол бұлғап талай қыр,
Төсінен шақырды талай нұр.
Сабылып сабырсыз келгенде
Саябыр жатқаның қалай бұл?..
Басылмай келіп ем құмарым,
Басыңа жеттім де құладым.
Мен сенен сусындау орнына
Сені мен суарып, жыладым...

 

*  *  *

Біздің ауыл ар жағы – көкпеңбек қыр,
Ізгі жауын себелеп көктем кеп тұр.
Қаулап қырға шашадан көк мелдеп тұр,
Қорық болмай әне бір шалғын табан
Өріске өткен көп малға өткел боп тұр.
Тұяқ тимей бұл жерге шығушы еді
Сал бидайық шайқалып көкпеңбек кіл.
Менің әкем мазасыз қорықшы еді,
Орып болмай сол жерді кеткен дегбір.
Қылаң жорға қылпылдап астындағы
Ой мен қырды ойқастап өткенде бір,
Қорықшының дауысына кәнігі мал
Шашау шықпай қырды асып кеткенде бір,
Салт ат мініп шалғынның ортасында
Тұрсаң, шіркін, ауасы неткен жеңіл?!
Біздің ауыл ар жағы – көкпеңбек қыр,
Ізгі жауын себелеп көктем кеп тұр.
Шаңдақ қырға шашадан көк мелдеп тұр,
Қорық болмай әне бір шалғын табан
Өріске өткен көп малға өткел боп тұр.
...Қорық көрген құнандар көп келмейді,
Құлын-тайға қайырусыз өкпем кеп тұр.

 

КӨЛ ЖАҒАСЫНДА

Кешкілікте көлден самал соқты ғой,
Шабандап есіп, сараң соқты ғой,
Тыншу мезгілде тыпыршып тұрмын,
Самал бола алмай, амал жоқтық-ай!
Жағасы көлдің бозқонақ, өлең,
Қоғасы көлдің қозғалады әрең.
Лап етіп жанып, лып етіп сөніп,
Лықсиды жүрек, бозбала денем!
Кемерді шайып толқын келеді,
Төбемнен қою бір түн келеді.
Тұр өңір тыныш, жүрегімде ұрыс,
Шаттықтан шалқып күлкім келеді...

 

*  *  *

Көкжиекке бір ымырт қонды келіп,
Жарық дүние тағы бір күнді ұрлатты.
Жалқын сәуле жарығы жонды бөліп,
Сәл қозғалған селеулер діріл қақты.
Бозторғайлар шырқаған талықсып үн,
Қоңыр қырлар қайтадан қалғыды енді.
Қайтсін дала, қарсы алды таныс түнін,
Тағы асыға күтеді таңғы желді.
Күннің нұрын іңір кеп жасқаса әрі,
Байтақ дала бей-жай-ау белі мүлдем.
...Ымырт пенен таң алды астасады
Жұлдыз туып жұлдыздар сөнуімен.

 

*  *  *

Бұлттар жел қуған жөңкіліп кетті алыс,
Енді болмайды тоқырап, тоқталыс.
Анау ақ бұлттар – тулап түсетін найзағай
Немесе ашудан атылған ақ барыс.
Туған төбеге төге алмай кеткен соң,
Атылып майып болу да мақтаныш.

 

АУА

Есіңде бар ма ел қонған мезгіл жайлауға?
Көде мен көкпек көз жауын алып сайларда,
Табаның жерге тұра алмаушы еді тайғанап
Сәскенің сәруар сәулесі қырды шайғанда.
Жібектей жұмсақ ауасын айтсай бәрінен,
Және де соны сімірсең-ау бір сәріден.
Санаңды үрлеп үр жаңа еткен кезінде
Алқоңыр-шабыт оянар еді әріден.