Ақын Маралтай Райымбекұлы өлеңдері
Рейтинг: Өмірбаяны Кітаптар Автор туралы Маралтай Райымбекұлы Ыбыраев 1969 жылы 29 сәуірде Жамбыл облысы, Сарысу ауданында дүниеге келген. Өлеңдері 1987 жылдан бастап республикалық басылымдарда жарияланған. 1996 жылы “Жазушы” баспасынан “Ай-Нұр” атты тұңғыш кітабы және 1999 жылы “Жазушы” баспасынан “Ай” деген өлеңдер жинағы жарық көрген. “Студенттер көктемі” фестивалінің бас жүлдегері болған. "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының, "Алаш" халықаралық әдеби сыйлығының иегері.
ӘДИЛӘ
Уа, Әдилә!
Мынау қалың қорымға
Бір басыма қос Ай қадап кіріп ем,
Сірі деммен серт тайысқан күні мен.
Алғашқысы – аруақтар, соңғысы –
Жасыл өңді ғасыл ғарақ тіріден,
көңілім қап Маралтай мен Құдайға,
Маңдайымда қара сызық Күн, Айға,
«Қарабақ қып сезімімді таптатпа!» –
деп мінәжат етпеп пе едім Ұмайға?
Сау қанатым қалмаған соң күймеген,
Рухымды қан мен сүтке илеп ем.
(Саған жаным ашитыны тағы рас
Емшегіне еркек ерні тимеген).
Е, Әдилә, айналайын Әдилә!
Қапелімде шыға келіп нұрдан сіз –
Мұңдана алмас мисыздарды мұңданғыз.
Қара түсті қалампырды құшақтап,
Құлпытастан күліп қарап тұрған қыз.
ЗИРАТТАҒЫ ЗАР
Жүр, апа,
үйге қайтайық,
Бұл базар мені шаршатты.
Сүйсеңіз мейір қанатын
немереңіз бар – қанатым!
Ішуді қойғам,
(қоймасам, оңбайтын болдым – сорлайтын),
Аллаға сенем! Өзіме...
кімім бар басқа қолдайтын.
Үйге жүр, апа, үйге жүр.
Жүр, апа, үйге қайтайық,
Бұл базар мені шаршатты.
Күмістөбенің басындай
ағарып кеткен шашыңды-ай!
Қызылқиядан құлаған самал жел өпсін денеңді,
Өзім-ақ жазып берейін
той бастар болсаң өлеңді.
Үйге жүр, апа, үйге жүр.
Жүр, апа,
үйге қайтайық,
Бұл базар мені шаршатты.
Құлын шағымды алды бұл,
Құлыншағымды жарды бұл.
Саңырау, мылқау жалғанның қоңырауын қағайын,
Аманқоныста жоғалған бауырларымды табайын.
Үйге жүр, апа, үйге жүр.
Жүр, апа,
үйге қайтайық,
Бұл базар мені шаршатты.
Жақсылығы аз да, уы көп,
таңдайға тамар суы жоқ,
...мемлекетіміз, міне, бүгінде –
еркін ел,
бай ел әйгілі,
(Иә, мен соған сеніп жүргендей)
ұят-ау,
тіпті қайғылы.
Құрысын бәрі!
...Батқаны –
Анамның үнсіз жатқаны.
АЙ
Түпсіз дүние, түбің толса, мен ертең
Келмес жаққа жан сәулесін жөнелтем.
Ай толғанда күрсініп қап көкірек,
Сүрінгенде күрең түсті көлеңкем.
Мен – тірі жан, ол тірі жан – тәні гүл,
Табысып ек, сәтсіз болды бәрібір.
Өз басымдай көруші ем ғой мен оны
Көз жасымдай тамып кеткен сары нұр.
Ай толғанда басым байлап бәлеге,
Жан ауырып, жалғыз қалдым және де.
Толған айдың толқынынан көрдім ғой –
Менің демім өрт шарпып тұр әуеге.
Мен сезбеген ішінде бір күнә қап,
Мазаңды алса пәк махаббат кінәлап –
Басымдағы Айға тигіз ерніңді,
Көктегі Айға мінәжат қып, мінәжат!..
Түн ортасы...
Түннің түріп түндігін
Жұлдыз ақты. Анау жұлдыз кімдікі..?
Түптің-түбі біз жолығар нүктеміз –
Көктегі Ай мен жердегі Айдың кіндігі.
ТҰМАН
Қандай бақыт күн кешкен үйде тұрып,
Қобыз қосып кеудемде күйге тұнық.
Қоналқыға бұйырған бір лифтіден
Шығып келе жатамын сүйретіліп.
Күздің таңы. Күн тұман. Салқындаған,
Алмасымды тот жеді-ау жарқылдаған.
Жебем қисық, атуға адырнам бос,
Құзғындарды төбемде қарқылдаған.
Күздің таңы. Айналам ала тұман.
Ала тұман тағдыр боп жаратылғам.
Бүгін бұл үй көңілсіз, (той боп жатыр)
Той біткенше Кеңсайға бара тұрам.
Үзілгендей үміттен күдер енді,
Тұманытып айналам түнереді.
Айдалада жатырмын ер жастанып,
(Қандай ессіз атын бос жібереді?)
Аш өзегім арман жеп бұратылған,
Ыза көшер санамда шұбатылған.
Той біткенше қазақтың қаласында,
Даласында мазар боп тұра тұрам.
Күндер-ай, қайтем сені келте-келте,
Домбырам да қарлықты-ау шерте-шерте.
Аманатын Алланың қайтарам да,
Сейілмесе бұл тұман ертең ерте.
ГҮЛ
Санамды сезім улағандай-ау,
Ажарың тілді байлап бір.
Маңдайың буға булағандай-ау,
Гауһардай көзің жайнап тұр.
Жүргенің қудың жүзгеніндей ме?
Құмыра белің нәзік тым.
Ақ тісің ақ жыр тізгенімдей ме?
(Тауысар көркін жазып кім?)
Жүрек пе жүрек – үбектемесе,
Ғашықтың ғасыл кей түнін?
Сендей-ақ шығар Жібек те кеше
Періште тектес дейтұғын!