Ақын Серік Тұрғынбек өлеңдері
Серік Тұрғынбеков 1946 жылы 1 наурызда бұрынғы Торғай облысы, Жангелдин ауданы, Тосын құмында, Төлеген қыстауы деген жерде туған. Ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

ТОРҒАЙ ЖАҚҚА БАРСАМ МЕН
Қарсы алса достар қанша бір жүрек,
қанша әнмен,
Қариялардың құлақ құрышы қанса әбден.
Ақ әжелердің ақ жаулығына
Оралып қалам амалсыз,
Торғай жаққа барсам мен.
Алқынып ұшып,
алапат көңіл аңсаумен,
Жұмысың жоқ қой жалығумен де шаршаумен.
Адырдан асып кетемін сонда
ақ сағымдардың ішімен,
Торғай жаққа барсам мен.
Оқысаң жырды,
қасыңда тұрса жан сәулең,
Ананың нұрлы жанарынан
тамшы боп жерге тамсам мен,
Інішектердің қолынан ұстап,
иіскеп сүйіп жатамын,
Торғай жаққа барсам мен.
Төгіліп тұрсам
кеудемде мөлдір кәусармен,
Дала бір жатса бар көркіменен, бар сәнмен.
Ішпей де жемей,
мейірімдерге
қаламын сонда мас болып,
Торғай жаққа барсам мен.
АХМЕТ
Қайран Аха!
Өзіңменен сырласайын.
Сырласайын – мауқымды бір басайын.
Бұлт астынан жарқ етіп шыға келген
Құшағымды өзіңдей күнге ашайын.
Алдыменен алайын мақұлдасып,
Мақұлдасып – сонан соң ақылдасып.
Зымырайын Заманның аңғарымен
Шындық деген тұлпарға тақым басып.
Ахаң, Ахаң! Ғажайып Ахаң, Ахаң!
Кешіре гөр атыңды атамасам.
Өзің еккен егіннің диханы боп,
Арам шөбін болмайды отамасам.
Бұлақ көрдім биіктен – тау басынан
Соған барам шөлдесем – қаталасам.
Ойсыраған орының толмаса да,
Күтті сені қанша жыл – Ел босаға,
Амал нешік?!...
Дәстүрден тайды халқым,
Аққуларды атуға болмаса да!
Әлдекімге білегің жақпады ма,
Әлдекімге ұлы ұғым жақпады ма?
Пайғамбардың жасына жеткен шалды
Ақ-қарасын айырмай атқаны ма?!
Қанатымды самғатып қақтырмады,
Жан отымды лаулатып жақтырмады.
Керек болған халқыма қазынаны
Көзден ғайып қылды да, таптырмады!
Ескі жара ауызы шорланғанда,
Әзер даусым шығады қорланғанда.
Дәстүрімді құтқандар аман қалып,
Ал, оны қорғағандар –
Қор болған ба?! Байлау барда –
Бақырту матау барда.
Қырқып-жұлып, жұлмалап отау барда,
Қарап жүріп қор болып кетем бе деп,
Қорықтым сенің атыңды атауға да.
Кейде өзіңмен сырласып қайран,
Ахаң Мұңға малтып,
Күйге елтіп, Ойға батам...
Өзің берген біліммен қорғанбасам,
Өзің берген тіліңмен сайрамасам.
Өзің айтқан дәстүрді қолданбасам,
Өзің айтқан көп сырды толғанбасам,
Қазақ тілі қансырап қалар ма еді,
Озық ойлы Азамат сен болмасаң?!...
Жүрегіңе бәрін де жинағасын,
Азабына төзесің – қиналасың.
Білдің сен,
Әкеге әкіреңдеп,
Өз ұлының шешесін сыйламасын!
Жұт кетпеді айналып аймағыңнан,
Көңілге дық орнады, ойға-күмән.
Сүттей таза халқымды іркіт қылып.
Алдыменен айырды қаймағынан.
Серілікті жүре алмай еркін құрып,
Сөйлетпеді сергітіп, серпілдіріп.
Шиедей ғып шетінен шетінетті
Мықтыларды маңдайдан шертіп жүріп.
Қайран Аха!
Сен, сөйтіп «аһ» ұрдың ба,
Көрер таңды ұйқысыз атырдың ба?!
Борлай тозып божырап кетпесін деп,
Ел-жұртыңды бірлікке шақырдың ба?
Түсіндің бе, болған соң дана-ғалым,
Шарапаты тисе деп жан ағаның.
Ауылынан әділдік табам ба деп
Ауа көшіп – Абайды паналадың.
Қандай тағдыр кез қылған қатал кекке,
Абыз едің тараған батаң көпке.
Ақ тілекпен,
Ақ теңіз ар жағынан
Жаутаң-жаутаң қарадың туған елге.
Құрдас тәнті өзіңе, құрбы – кішік,
Тіл қата алмай ішінен тұрды ұғысып.
Сағыныштан сарғайған Торғай жері
Жүрді ме екен көзіңнен бір-бір ұшып.
Тамырынан өртенген жердің шөбі...
Енді қайтып келместей көрдім сені.
Өзің сүйген халықтың көз жасы мен
Тиді ме екен кім білсін, Елдің себі?!....
Тілін,
Дінін,
Әдет-ғұрпын сүйген Елін-жерін,
Жамағат-жұртын сүйген.
Ұғымы мен ойы артық – Ұлы Адамды,
Одан қалған өмірлік мұраларды
Өлтіре алмас, ешкім де, сірә, мәңгі!!!
ЕСКІ ЖҰРТ
Ағайын берген
арғымақ болар астында,
Алқына шауып,
ақ адырлардан астың ба?!
Айналаң сонда
ақ шулан толқын
боп кеткен шығар, қарағым,
Ұқсап бір үлкен телегей-теңіз тасқынға.
Көзіңе сенің,
Шалына бермес әр күнде,
Көтерген шымнан
Ақ шаңқан үйлер көрдің бе?!
Сол жерде жатыр
Арманда кеткен
Ақсақал ардақ аталар,
Соларға сәлем бердің бе?!
Ақ селеу жапқан адырлы аймақ
аралап кетсең әр жағын,
Ақылың болса, үзе де көрме
көзіңнің ақық маржанын.
Құлаған ескі қыстаулар көрсең,
Асығыс өтіп кетпегін,
тізгінді тежей көр, жаным.
Қаншама асау болсаң да сонда,
кете алармысың бастықпай?!
Жарқылдап жүріп,
аңқылдап жүріп
алып бір ұшқан жастықтай.
Есігі ашық, көңілі ғашық
дастархан жайса барлық үй,
Өте алармысың бас сұқпай?!
Еңсесі биік,
Көңілі дария,
Қашпаған қайғы, жападан.
Жылынып кетер ыстық пейілден
Аяздың өзі қақаған.
Жеңілдеп бойың,
Ұштасып ойың,
Қоштасып кетіп барасың,
Бір демеу алып
Ақсақал берген батадан.
ЖАЙЛАУ ЖЫРЫ
Жамылса көк пүлішін анау қырлар,
Бұл күні көмей түгіл, танау жырлар.
Сапырылған сары қымыз сарынымен
Жай ғана әндетеді самаурындар.
Жайлауда тусын, шіркін, туса күйші,
Көк түтін болар ма екен мұнша биші.
Пысқырса үй сыртында арқандаулы ат,
Мұрныңды жарып кетер жусан иісі.
Өтсең де ұйықтамастан бір түн мейлі,
Сен үшін өз қамыңды жұртың жейді.
...Сақталған қыстан бері қонақтарға
Сүр еті жерошақта бүлкілдейді.
Кемпір-шал бір-бірімен қауқылдасып,
Жастардың жаңғырық бар даусында ашық.
Сыздаған желіндері сиырлар да
Өрістен оралады мауқын басып.
Көзіңе бір ғажайып шалынғандай,
Боласың тағы да одан жаңылғандай,
...Манаурап жайлы кеште жайлау жатар,
Алтынға белшесінен малынғандай.
АРША
Құм мен тастың арасын жарып шыққан,
Айналайын дәл сендей жарықтықтан.
Бай да ұққан сырыңды, батыр да ұққан,
Ауру-сырқау, мүсәпір, ғаріп те ұққан.
Қыс пен жаздың құқына төзіп бірден,
Қара жердің қасиетін сезіп білген.
Алғаш рет мен сені құмнан емес,
Көк сандықтың ішінен кезіктіргем.
Иіскемей біз тегі жата алмаймыз,
Қолға ұстауға әжемнен бата алмаймыз.
Аршаның шырпыдайын бір талымен
Тісін шұқып жүретін әкем байғұс.
Біз сұрасақ: «Шырағым, әрі, – дейтін, –
Әркім ұстап кетеді нәрін, – дейтін. –
Қасиетті шөп, – дейтін, – білмейсіңдер,
Тіс пен ішке таптырмас дәрі», – дейтін.
Арша тұрған жерде еш шаң жүрмейді,
Соқсын жел, жауа берсін жаңбыр мейлі.
Оны иіскеп жүретін мал торланып,
Оны иіскеп жүретін жан гүлдейді.
Кеудесін тосады күн, тосады айға,
Малынып тұрғандай боп жоса қанға....
Рақымы адамға көп тигендер
Осылайша мәңгілік жасамай ма?!