Ақын Темірхан Медетбек өлеңдері
Ақын бүгін «Қазақстанның халық жазушысы» атағына ие болды.
Медетбек Темірхан - 1945 жылы 6 наурызда Аманкелді атындағы колхозда (казіргі Нұртас ауылы) Түркістан ауданы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Қазақтың адуынды ақыны. Көк түріктер сарынымен жыр жазудың жаңа формасын әкелген. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық жазушысы.
ШЕКАРАДАҒЫ ТОРҒАЙЛАР
Батыста, шығыс, күнгейде,
Жүрсе де қиыр шалғайда
Шекараны бiлмейдi
Шекарадағы торғайлар.
Мекенiн, сiрә, қия ма
Деме сен оны: кеттi асып –
Бергi беттегi ұяға
Арғы беттен шөп тасып;
Арғы беттегi ұяға
Бергi беттен шөп тасып –
Жүрсе егер тiрлiк қамымен
Думан қып шалқар кең жерiн
Үлгерiп жатқан бәрiне
Табиғат жұмыскерлерi.
Бергi беттегi ұяға
Арғы беттен жем iздеп;
Арғы беттегi ұяға
Бергi беттен жем iздеп –
Жүрсе егер тiрлiк қамымен
Өттi деме ел iздеп –
Өз елiм дейдi ол бәрiн де
Кетпесе шайып теңiз кеп...
Тынбастан бәрi ұшады
Күнiне мың кеп, мың өтiп,
Шекараны бұзады
Шекарадағы торғайлар
Тiршiлiк үшiн күресiп!
ҚАРАША ДА КЕЛІП ҚАЛЫПТЫ
Қараша да
Келіп қалыпты…
Оңтүстік жағымды
Сұп-суық
Күз алды.
Солтүстік жағымды
Сірескен
Көкпеңбек
Мұз алды.
Шуағым азайды.
Көлеңкем ұзарды.
Үйкүшік боп алдым:
Аяққа тұсау салынғандай.
Жан-жақтан
Құрсау қағылғандай.
Күні кеше ғана
Үйге сыймайтын едім,
Үй түгілі
Дүниеге сыймайтын едім.
Сөйтіп мен
Екі көзі төрт болып
Жолымды тосқан
Бәйбішем Шолпанды
Қинаудай-ақ
Қинайтын едім.
Бүгінде, міне,
Мен жүретін
Маршруттардың
Бәрі де жоқ болып,
Мен мінетін
Көліктердің
Бәрі де тоқтаған…
Басқаша айтуға
Амалым жоқ қой,
Осылай ақталам…
Бір кезде
Аспанға шапшып
Лаулап жанатын
Жанымның оты
Өлеусіреп тынғандай.
Жапырақсыз
Анау ағаштардың
Желмен қозғалған
Жалаңаш бұтақтары
Мен байғұсты
Мошқап тұрғандай…
Күмән мен
Күдік жайлаған
Кеудем ішінде –
Түсініксіз! –
Қауіп тұр.
…Ал сыртта
Қар аралас
Жаңбыр жауып тұр…
Қараша да
Келіп қалыпты…
ҰЯСЫНАН ҚҰЛАҒАН БАЛАПАН ТУРАЛЫ ЖЫР
Немерем Дат екеуміз
Көшеде келе жаттық…
Бір кезде
Алдымыздан
Секектеген
Бір балапан
Шыға келгені.
Ұясынан
Құлап кеткен-ау.
Секектеп-секектеп
Жырақ кеткен-ау…
Енді байқадық,
Дәл төбемізде
Балапанның анасы
Зар илеп
Шыр-шыр етеді.
Зар илеген даусы
Жүрек-жұлынды
Жұлқып,
Жұлқып өтеді.
Дат екеуміз
Байғұс балапанды
Ұстап алмақ боп.
Бауырымызға
Салмақ боп
Екі жақтан
Қақпайладық.
Кешқұрым болатын.
Сорлы балапан
Қалыңға кіріп
Жоқ болды.
Таппай қалдық.
Анасы әлі де
Дәл төбемізде
Шыр-шыр етіп
Зар илеп жүр.
Дауысынан –
Сай-сүйек сырқырайды.
Жан-жүрек шырқырайды.
…Бұл өмірде
Ұясынан айрылған,
Қанатынан қайрылған
Қаншама
Сарыауыз балапандар
Жоғалып кетті-ау.
Бұл өмірде
Ұясынан айрылған,
Қанатынан қайрылған
Қаншама
Қаракөз балақандар
Жер ауып кетті-ау…
Ойласаң –
Жан егіледі.
Қабырға сөгіледі.
Балапандарым-ау!
Балақандарым-ау!..
КЕШКІ БҰЛТТАР
Нарттанып,
маздап,
толықсып,
шашбауын жинап жарықтың,
құлағанда талықсып
көкжиекке алып күн,
бiр алапат басталды, —
түйдек те түйдек төңкерiп,
шабындығында аспанның
шөмеле бұлттар өртенiп!
Аласат құяр ұққанға
не деген сұмдық?
Таңым бар.
Аспанға қашып шыққан ба
жердегi барлық жалындар?!
Көшедi жөңкiп, жел келiп
үрлеген сайын лапылдап,
көк төсiн түгел көмкерiп,
арқасы қозған ақындай
төгем деп жаңбыр-өлеңдi
түтiнсiз жанып булыққан,
Алатау жаққа келедi
өртенген Кешкi Бұлттар.