Ақын Хамит Айдарұлы өлеңдері

Хамит Айдарұлы, ақын, 11 қарашада Қытайдың Іле аймағы Күнес ауданында дүниеге келген. 2017-21 жылдар аралығында М. Дулати атындағы Тараза мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша бітірген. Қазір Алматы қаласында тұрады. "Қауыс" жыр жинағының авторы. Өлеңдері республикалық басылымдарда жарық көріп тұрады.

Malim Админ

  • 10.11.2024

ІЛЕ ӨЗЕНІ ІҢІРГЕ ИЕК АРТҚАН

Миллион меруеттер тамшылады,

Жер құшып жаншылады.

Үзақ үнсіз тұрдым да үзай бердім,

Жүрегім қансырады..

 

Тамшы аяған талғампаз қызға қара,

Көңілдегі қосылды сызға нала.

Іле өзені іңірге иек артқан,

Қоңыр ғана қоштасты мырза қала.

 

Тым ұнатқан ескіріп көктем-жейдем,

Бөліспедім, көп болды, доспен де оймен.

Ауарайы құбылды суық лепті,

Кездеспей кеткен бейнең..

 

Көңілімнің көзінен сөз ағады,

Көз түйінін қадалған көз алады.

Шұбалаң боздүние қысыр қалған,

Бозбиедей бозарады...

 

ШАҚПЫ ӨЗЕННІҢ САРЫЛЫ АУМАЙ ҚАЛҒАН

Тарих-шежіресін таудан ұққан,

Батырлары жан емес жаудан ыққан.

Шақпы өзеннің сарылы аумай қалған,

Ән салған Таңжарықтан..

 

Өлеңге ен сап берді өмір маған,

Күміс күлкі қалдырған көлің де анам,

Жүрегінен жылулық нұр төгілген,

Тірегім бабам жатқан қоңыр далам..

 

Жайып тұр аршалы аңғар, ермен құшақ,

Кербестісін беліңе жездем тұсап.

Салма-салма сай-салаң көрінеді,

Тасқа айланған түйелі керуен құсап..

 

Бура беткей, балғын кеш, қайың ақтаң,

Сенде өткен муза қаңтар, мойыл ақпан.

Айдың алтын сырғасы ағаштарың,

Шиің жоқтау, қурайың сарын айтқан...

 

Құс азанға жүгініп қарт құбыла,

Жазып қойған жасыл алқап дат туына.

Ақша бұлттар ақшағи жамылғысы,

Қоңыр дөң жарады атам «жастығына»...

 

БАСЫН ИЗЕП ИЗЕН ТҰР

Жып-жылы Құлжа шәрі. Қараша айы.

Сатусыз бал татиды қара шәйі.

Мен тұрған Алматымен түбірі бір,

Ұп-ұқсас қоңыр қыстау, дара сайы.

 

Сәл аялдап аралап көктем қайтып,

Маңдайынан бақ-соры кеткен тайқып.

Алтын теңбіл жапырақтар қарсы алуда,

Бізге ортақ ұмытылмас өткенді айтып...

 

Әке – топырақ, анасы – су гүл көрікті,

Көрікті гүл қос бұрымын нұрлы өріпті.

Қарашаны қараша бөтенсіген,

Ақсәулелі ақша бұлты түрленіпті...

 

Бұйрат құм, аю өркеш, бура таудың,

Тың тірлік, тымырсыған жылғасы ән-мұң.

Мимырт күндер  мыңқ етпей тек нұсқайды,

Соқпағын тарам-тарам мырза шалдың..

 

Қапы тисе қағынар қандала ма?

Өлең ем өмір салған жан жараға.

Ұшқан құс, жүгірген аң куәгері,

Басын изеп изен тұр маң далада...

 

ЖОҒАЛТУ

Тас қала ауылымды аңсатты ерен,

Сарғайған сағынышқа жол сап келем.

Бидай түйер апалар көрінбейді,

Келіге келсаппенен..

 

Туған ауыл – тұғырым биік арман,

Шыңы – бас, тауы – мойын, иығы – орман.

Ат үстінде аталар да жоқтың қасы,

Қамшы ұстап ақ қалпағын киіп алған..

 

Түн ғана тамашалап толған айды,

Ескіше ауарайын болжамайды.

Асығын алшы тігіп аулақ барып,

Балалар да тығылмақ ойнамайды..

 

Әкем еккен алма ағаш, долана ма?!

Қайтқан құс ұясына орала ма?!

Өзгеріпті барлығы жаңаланып,

Өзгермеген жер-бесік – мола ғана..

 

Үкі-ғұмыр жанарына мұң түнеткен,

Кірпігінен жаңбырын сіркіреткен.

Азайып кетіпсіңдер суық торғай,

Топтасып шықылықтап пыр-пыр еткен...

 

*  *  *

Барлығын да сағынбайтын болдым мен,

Сағыныштың айын да.

Бостан-босқа жүрегімді ойдым мен,

Жанары жыр қайыңға...

 

Кемпірқосақ бола алмайсың сен мүлде,

Мың бояумен әрлесең де көркіңді.

Өзіңді-өзің алдау үшін келдің бе,

Қайбіреудің көңілдесі секілді.

 

Жүзің күрең, шашың сары, ерінің

Кеберсіген, жарылған да шөлдеген.

Ойран етіп іңкәрлықтың өмірін,

Көк аттыдай тұра қалдың көлденең.

 

Мезгіліңді еліктіріп, жан беріп,

Әлденені сылтауратып айтасың.

Әуелгідей арайлы емес таң не ғып?

Алданбаймын –

күтіп-күтіп қайтасың..

 

Ескі албом да сақталыпты, қандай мұң?!

Қысым жуық жазымнан...

Оқымаймын, көз қиығын салмаймын,

Болсаңдағы жаңа роман жазылған....