Ақын Жадыра Байбұланова өлеңдері

Жадыра Байбұланова 1990 жылы желтоқсанның тоғызыншы жұлдызында Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Жаңатоған ауылында дүниеге келген. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің түлегі. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. Республикалық, облыстық жыр мүшәйраларының бірнеше мәрте жеңімпазы.

Аялдар Күнтуған

  • 07.11.2024

*  *  *

Дұрыс қой сенің кетіп қалғаның,

Мендегі бұлдыр Әлемнен!

Кембағал еді, кетік-ті арманым,

Сен келмей тұрып, әуелден…

 

Шыдай алмасың шын, ағыстарға,

Тағдыр сап берген белгімен!

Өзім сенбейтін қуаныштарға,

Өзіңді қайтіп сендірем?..

 

Сол күмән бізді тыныш қоймады,

Қайғымды қан ғып жұттың іш.

Ұмытсаң мүлде – дұрыс қой, бәрі…

Сағынбасаң да – дұп-дұрыс!

 

Қасірет тұман торуы жанды,

Сен бірақ мұңға малынба!

Кетсең… Бір себеп болуы заңды,

Және оны айтпағаның да!

 

Заңдылық кету – бөлек болғанда ой,

Сыртымда және ішімде!

Жоғалту Сені керек болған ғой,

Өзімді табу үшін де!

 

*  *  *

Таңғы шай.

Таныс дәм алғыздық.

Тек үнсіз ішеміз.

Сендегі мұң менен мендегі жалғыздық

Түсі – егіз…

 

Біз күнде келетін шайxана.

Даяшы – өңді қыз.

Ол тағы таңырқап қарайды, байқама,

Сол дұрыс.

 

Тағы іште қалады айтылмай соншама ой,

Кетеміз аптығып.

…Өмірге қант қосып алуға болса ғой,

Тәтті ғып.

 

*  *  *

«Сізге» айналып кеткелі «Сен» дейтінім,

Өлең болып барамын өң-кейпі – мұң…

Махаббатты сол шығар, жырлайтыным,

Махаббатқа сол шығар, сенбейтінім…

 

«Сәлеметсіз…» – жалғыз сөз сенен естір,

«Амансыз ба?..» – мендегі елемес түр.

Тағдыр, саған түк емес екі жүрек,

Егілерін білсең де, ерегестір!

 

Бәрі мәңгі деуші едік, қалды онымыз,

Бақыттымын сенсіз де – ал, көріңіз:

«Кетпешінің» орнына – «Көріскенше!»

«Сағындымның…» орнына – «Сау болыңыз!»

 

Жазғанымен қалуды бір жүздесіп,

Тірлік кешіп келеміз – тілсіз кешіп…

Өмір өтіп барады, өкініш – сол,

Сен екеуміз жүргенде «Сіз-Біз» десіп…

 

*  *  *

Бара алмаған жолдар бар, барғым келер,

Тама алмаған жанарда жаңбыр да өлер…

Адамдар көп, байқаймын, айналамда –

Амандықтан аспайды әңгімелер…

 

Қол бермесем – қалды дер құлашты аяп,

Жақсы десем жағдайым, растай-ақ!

Жан болса ғой, хат жазып жіберетін,

Аман-саулық, күн райын сұраспай-ақ…

 

Менің жалғыз жағдайым, дертім – жүрек,

Жақсымын деп, жүректі өлтірдім көп.

Өлең жазып отырмын хат орнына,

Босап қалған кеудені толтырғым кеп.

 

Көре алатын жан таппай жанарсыз да,

Көнді көңіл ызғарға, санам – сызға.

Ал адам көп…

Адам көп айналамда:

– Сәлеметсіз?

– Қалайсыз?

– Амансыз ба?

 

*  *  *

Қоштасу үшін бір кездесейік,

Бір тілдесейік соңғы рет.

Қап-қара Түнге Күнді іздесейік,

Ойлап жүр Ол да сөнді деп.

 

Күнменен бірге көріп қалайын,

Көңілің содан күйсе артық…

Әтірді ұнайтын сеуіп барайын,

Сағынышымның иісі аңқып!

 

Ұзын көйлектің сыз ап етегін,

Саған айтатын сәт ұттым –

Өмірдің сонша ұзақ екенін,

Тым қысқа екенін бақыттың…

 

Ойнады жалған солай – көнейік,

Жасымды жыр қып жаттайды ел.

Уақытқа үздігіп қарай берейік,

Сен бірақ сағат тақпай кел…