Ақын Зайда Елғондинова өлеңдері
Зайда Елғондинова 1949 жылы 23 қарашада Жетісу облысы Көксу ауданы Мұқыр ауылында дүниеге келген. Ақын, бірнеше жыр жинағының авторы. «Алаш» әдебие сыйлығының иегері.
* * *
Көк ғарышпен мәңгілік астасқанша,
Әзірейіл албасты қастасқанша,
Кербаланың шөлінде өмір сүрем,
Сен аман бол, табаным тас басқанша.
Ақ жүзімді қанша әжім айғыздаған,
Қартайдың деп жылайды байғыз ғалам.
Жұлдыздарға жылаймын қара түнде,
Келші, кел деп шақырам Айды ұзаған.
Қайран жүрек! Бұл күнде қансоқтасың,
Аппақ жаным өзіңнен әнтек басым.
Көкірегімді қарайтпа, сенсіз менің,
Миым, ағзам қалайша жан сақтасын!
Өртен жүрек, өртенші, өртенгірім,
Көтерілсін, гүлдесін еңсем бүгін.
Ғасыр жүгін арқалап ағзам кетсін,
Сен ұсыншы ақ қырау сеңсең гүлін.
Жыласыншы, боздасын егіліп Күн,
Қанша ғасыр маржан боп төгіліппін.
Мен ғашықпын әлемге, адамдарға,
Желегі де желге ұшсын Еңіліктің!
Керегі жоқ ұлы тәж, биік мүсін,
Махаббат та тастамас сүйіктісін.
Ғашық болшы, жүрегім, ғұмырымның,
Ең соңғы рет, ең соңғы жиып күшін!
Жапа шегіп жылайын мен желіктен,
Адасайын, жол таппай сенделіп мен.
Жүрегімді жұлып ап көкірегімнен,
Мені биік көтерші пенделіктен!
Қара түндей қуарып күн кеше алман,
Алып қашам, қанеки, мінгес арман.
Сезімімнің селіне тұншықтыршы,
Тыныштала алмаспын тынбаса жан!
* * *
Сен ғанасың, жүрегім, сен ғанасың,
Ерке шайыр иеңе таң қаласың.
Соны ғана қалайсың, соны ғана,
Жолатпайсың жаныма жан баласын.
Бір тәңірден махаббат сұра, жүрек,
Ақ періште алдына құла, жүрек.
Жастығымды бір сәтке берсе екен,
Ғашық болып көрейін бір-ақ рет!
Жер төзімді, білемін, аспан арлы,
Ғашық болсаң қап-қара тас та ажарлы.
Ажырамас досым бол, алтын жүрек,
Біз екеуміз алалық бас қамалды!
Алла деген қол жетпес жарық нұрлы,
Ал махаббат жанымды зарықтырды.
Өлшеулі өмір екенін бұл құдірет,
Сынағымен, сынымен сан ұқтырды.
Жебе мені махаббат, желе мені,
Көктем жусын кірлеген терезені.
Аппақ жаңбыр, аспаннан төпей берші,
Кептірмеші, кептірме кенеземді.
Үмітімді өтейін шырақ қылып,
Арманымды жеткізбе жырақ қылып.
Тәй-тәй басқан сәбидей тірлік берші,
Адасайын, жылайын, құлап, тұрып!
Тек, әйтеуір, әулие, дана қылма,
Әлдилей бер, әлдиле бала қыл да.
Қара түнде адассам көше кезіп,
Ит пенен құс жармассын балағыма!
Қарақұстай қалбаңдап құздан ұшқан,
Қарау жандар жарылсын сызданыстан.
Ғашық қылшы соңғы рет, Ұлы Алла,
Өлсем, шіркін, арман жоқ қызғаныштан!
Талау жүйрік болуға жарап құнан,
Түу биіктен шаңқ етті қарап қыран.
Өткен күннің белгісін лақтырдым,
Ертегі мен аңызды талақ қылам!
Етегімнен тартпағын наз, десте мұң,
Қалай жалғыз өткерем жаз кештерін.
Мен тірімін, тірімін, кешіріңдер,
Махаббат пен сезімнен баз кешпедім!
* * *
Менің әнім құс үніндей,
Көңілімнің түсі нілдей.
Жаным жұлдыз, сыр-сымбатым,
Ақ қайыңның мүсініндей.
Шынар тұлғам мың бұралған,
Ал күлкімнің сыңғыры арман.
Көктем келсе көкірегімде,
Бүр жарады мың бір арман.
Жымиясың жанымда сен,
Неге сенің әнің бәсең?!
Мен көктеммін, сенесің бе,
Жан-жүрегім мамыр десем?!
Жалыныма Күн шыдайды,
Сезім бұлақ тыншымайды.
Сакура (ханами) гүл ашқанда,
Жетелеймін үнсіз Айды.
ПОЭЗИЯ МЕКЕНІ
Шырқа, шабыт!
Шырқа, шырқа, шырқай бер!
Жетісуым! Талдықорған. Бір тайпа ел.
Шабытымның көк теңіздей тасқаны-ай!
Талды-Париж!
Мөлдіреген аспаны-ай!
Жанарыма жаутаң-жаутаң қарады,
Ауызынан ана сүті арылмаған жас талай!
Ақындары Жетісудың
Буырқанып, бұрқанып
Оқыды өлең
Көмейінен жыр тамып!
Маxаббатын жүрегіне сыйдыра алмай жүр
xалық!
Аспан әні. Дастан әні.
Кезек-кезек шырқалып!
Ана тілім сәуле шашып төрге озды.
Шолпы тағып бұрымына,
Көрмедім мұндай кербезді.
Талдықорған. Талды-Париж,
Романтика кеші бұл.
Талдықорған Ыстамбұл емес,
Измир десек несі мін?!
Талдықорған ана тілдің, ата ділдің мәйегі,
Талдықорған – Афродита әлемі.
Еңліктей жұмбақ, тылсым шырайы.
Күн тұлғалы. Ол – Аполлон.
Поэзия құдайы.
Жеті Муза тербететін Ай елі.
Ұлы-ұлы шайырлардың есімін,
Флоренциядай дәріптейтін
дәуірлердің бесігі!
Ал, Алматы – бұл Ыстамбұл,
Бекзат шаһар зиялы!
Құшағына күллі әлем сияды!
МАХАББАТЫМ ҚАЙДА?
Махаббатым қайда?
Ол жасыл ма, әлде, қара ма еді?!
Неге ұмытты қызғалдақ, қыр, дала мені?
Қасыма қос жанары боталаған елік келді,
Ол да мендей жалғыз еді, жаралы еді.
Сезімім қайда?!
Жоғалттым. Сергелдең кешіп кеткені ме?!
Мың сан көбелектер жұбатқалы жаныма жетті егіле.
Мендей аушты көрдіңдер ме, ақ таңның аппақ сәулелері-ау,
Мәңгілік қол созған көктеміне?!
* * *
Көктем, көктем, көкірегіңе кіремін,
Қайта туғыз, қайта тірілт, айтпашы оны.
Бір өлім.
Егделіктен, қарттықтан да қорықпа,
Он жетіге оралсаңшы, жүрегім!
Ай қараңғы, жұлдызы да жоқ аспан,
Бақалар жүр башпайымен бал ашқан.
Менің жаным көкжиекпен астасты,
Пенделіктен безе қашты адасқан.
Мені көріп Ай, жұлдызын жиды аспан,
Неткен өмір, даналықтан ми қашқан.
Ей, ғажайып еркін өмір, қайдасың,
Қайда кеттің бұл дүниеге сыймастан?!
Жүрегімді кел аймала, жарық нұр,
Мен сыймайтын өлшеп-пішкен қалып тұр.
«Зайда қызым егде тартты» деп күліп,
Мен сүйетін сәби мінез халық жүр.
Барлықса да жабы тартып көк дөнен,
Қашып барам егделіктен, егде емен.
Кербалада қалар ағзам шашылып,
Мәңгі бақи махаббатқа шөлдеген!