Гүлнәр Салықбай. Келем енді от көрсем, құшайын деп...

Malim Админ

  • 23.03.2021

***

Тағы бір күн түсті көктен үзіліп,

Қап-қара жер қағып алды қызығып.

 

Жайнататын шығар енді солғынды,

Іздейікші, іздейікші сол күнді!

 

Қарағанға кірпіктерін сый қылып,

Тиген жерін жатыр ма екен күйдіріп...

 

Әлде жүр ме нұр бетінен өптіріп,

Енді ешқашан түн болмайды деп күліп.

 

Бәлкім ол да өкінішін жасырып,

Жоғарыға отыр ма екен асығып.

 

Тауып алып алтын күннің үзігін:

«Көрейік!» - деп шулап жүр ел, - қызығын»!

 

Қуанышпен келген кезде төр күтіп,

Абайсызда қойды ма екен жер жұтып.

 

Бәлкім ол да кеткен шығар адасып,

Әлде көкке қайтып кетті бағы асып.

 

Біреулердің кірді ме екен ішіне,

Әлде тұрып қалды ма екен тісіне?

 

Әлде біреу көлегейлеп, жасырып,

Қорасына қамады ма ашынып...

 

...Көктен бәрін көріп келген шығарсың,

Жарнамаға сеніп келген шығарсың?

 

Арман деген осы ма деп таң қалып,

Сосын қаңғып қалдың ба екен сандалып...

 

Мұнда солай, түсінбейді жайнасаң,

Түсінбейді басқашалау ойласаң...

 

Ойнап, көктен құлап қалдың ба екенсің,

Жол таба алмай, жылап қалдың ба екенсің...

 

Күн дегенім әлде өтірік елес пе?

Ана жатқан қып-қызыл тас емес пе...

 

***

Қайда кеттің, ала күшік,

Таптың ба өмір жайлысын?

Аш туысың талап, үсіп

қалдың ба әлде, байғұсым...

 

Жүруші едің осы маңда

Күнді түнге ұрлатып.

Не тұрғанын тосып алда

Білмеген де бір бақыт...

 

Қайда жүрсің, ала күшік

Жапа шегіп жасыңнан?

Бір топ қарға барады ұшып

Саған қойған асымнан...

 

Секем алып, ала күшік,

Қаһарынан кәрі айдың,

Нала құшып, қала қысып,

Терезеден қараймын.

 

Тіршіліктің қаһарманы -

Жоқ ойынсыз күні бос.

Мына суық шаһардағы

Кіп-кішкентай, жылы дос...

 

Биік үйлер түнерсе де,

Бұл өмірге тоймайтын,

Біреу теуіп жіберсе де,

Еркелеуін қоймайтын...

 

Аманбысың, ала күшік,

Жаңа ғана таңы атқан?

... біреу отыр тамақ ішіп

Саған қойған табақтан...

 

Молықбайдың қобызы

«Əлемнің əуеніне бермес ем-ау

Қазақтың мұны тартқан күйші шалын»...

Ілияс Жансүгіров

Мұражайда – өткен ғасыр жейдесі,

Сары қағаз, қара қалам... оқ ізі...

Адамдардың бұлдыраған бейнесі -

Молықбайдың қайғы жарған қобызы...

 

Сияқтанып о дүние сұрағы

Арасында сабылысқан сан іздің...

Жан серігі мұражайда тұр әлі

Ілиястың атын қойған абыздың...

 

Қара қобыз... Қарауға ешкім батпады,

Жайғасыпты орын алып төрінен.

Бектөленің қарағайдан шапқаны,

Өрнектеліп Естібайдың зерімен.

 

Қара қобыз ... шерлі күйдің үйі - осы,

Қобыз емес, ойға батқан тірі адам...

Басқа жақта сүрінсе егер иесі,

Төрде тұрып, омақаса құлаған...

 

Аспан сөзі , тау сарыны, мұз үні...

Айналыпты аяулы бір мүсінге.

Адамдардың көре алмаған қызығы

Жылап отыр қара қобыз ішінде...

 

Кімнің көзін қуандырар өрнегің,

Күн жоғалып, таусылмайтын түн күтсе.

Молықбайдың қандай азап көргенін

Айтар ма еді қара қобыз, тіл бітсе...

 

Алып келген құдіреттің кемесі,

Көрдіңіз бе мәңгіліктің түрін сіз...

Матайдағы қобызшы шал елесі

Мұражайдың бұрышында тұр үнсіз...

 

Суреті өшіп махаббаттың таң сызған,

Толтырармыз біз де түннің уысын.

Сөзсіз өлең, үнсіз әуен, жансыз жан –

Қарағайдан жаратылған туысым...

 

...Тентіресе теріс қарап , дос үміт,

Көз ұшында бұлдыраса бар бақыт,

Молықбайдың мұңды әуені жосылып,

Қобыз тартам мен де ішімнен зарлатып...

 

Ел де бөтен, көл де бөтен, жол – сағым,

Сонда да күй шығарады мұңды өрге.

Мені өлтірмей , сақтап жүрген сол сарын

Үсті нәрлі, асты зарлы бұл жерде.

 

***

Алматыға қыс келді қарыменен,

Бұлдырайды төбемде сары леген...

Жастығым мен мастығым қол ұстасып,

Қашып бара жатқандай бәрі менен...

 

Алматыға қыс келді қысайын деп,

Жаз-өмірдің аяғын тұсайын деп.

Қуанушы ем қар жауса, ұшайын деп,

Келем енді от көрсем, құшайын деп.

 

Алматыға қыс келді қарашада,

Қар лақтырып ойнап жүр бала-шаға.

Алтайымды сағынып қоям іштей

Терезеден Алатау қараса да...

 

***

Қандай жаза тосады екен тағы алдан...

Қаншама аласұрам?

Жауып жатыр жапырақтар ағарған

Алланың ағашынан...

 

Жауып жатыр жапырақтар - туысым,

Солармен көктес едім.

Өзім іздеп тауып ішкен у үшін

Кімдермен кектесемін?

 

Әлде бақыт құстарының мамығы

Бұрқырап тұрған мынау.

Уақыт тонап ұрылардай кәнігі

Өзімнен құр қалдым-ау...

 

Жылтылдап ап, жығылады, жылайды,

Олар да күнге ғашық.

Жауыма да тілемес ем бұл айды,

Құтылам кімге қашып?

 

***

Жылады.

Күлді.

Құлады.

Білді.

Аттанды...

Бәрінің бекер екенін енді ұқты өлік.

Ендігі айтар сөздердің бәрі жаттанды,

Ауыздан шығып ауаға қалар жүк болып.

 

Тіріде ешбір демалыс орнын көрмеген

Табыттай жайлы - алмайды ешкім тынышын.

Бір сәуле қалды анооу бір жақта шөлдеген

Мен дағы соның, сен дағы соның құлысың!

 

Сағына алмайтын екі дүние бір бірін -

Жаралы жердің асты мен үсті ағайын.

Кеудеме мәңгі қоныс аударған тұрғыным,

Мұз болып тұрып, бабыңды қалай табайын?

Асықты.

Жетті.

Кетті.

Осылай...

 

***

Көк те саған бола алмады-ау мəңгі жай.

Қасыма кел,

Жасыма, кел, жалғыз Ай.

Жалғыз-жалғыз жұлдыздарға қаралық,

Жалтылдаған ағу үшін жаралып...

 

Кел, жалғыз Ай,

Кімге керек күресің?

Жер де жалғыз, шер де жалғыз. Білесің.

Тобыр күлсе, топастығы болар да,

Жалғыздығын танытайық оларға!

 

Менен қайғы, сенен қара бұлт қашып,

Кетер бір күн ащы жастан ұрттасып.

Сен Күніңе жете алмайсың, ол - анық,

Мен де қалғам жарты жолда тоналып...

Байланысты жаналықтар

Ақын Бауыржан Жақып өлеңдері

29.10.2024

Бауыржан Жақып «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып тағайындалды

09.10.2024

Ақын Зайда Елғондинова өлеңдері

29.09.2024
MalimBlocks
Ақын Бауыржан Жақып өлеңдері

Бауыржан Жақып – 1963 жылы 1 мамырда бұрынғы Семей облысы Абай ауданы Аққора ауылында туған. Ақын, журналист. 1986 – 2001 жж. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқыту- шы, стажер-зерттеуші, ассистент, аға оқытушы, доцент, деканның оқу ісі жөніндегі орынбасары, журналистік шеберлік және әдеби редакциялау кафедрасының меңгерушісі, баспа ісі кафедрасының, мерзімді баспасөз кафедрасының меңгерушісі, журнал- истика факультетінің деканы болып істеді. 2009 жылы «Қазақ энциклопедиясының» бас директор- бас редакторы болды. 2018 жылдың 12 наурызында өткен Қазақстан Жазушыларының ХV құрылтайында Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары болып сайланды. Көптене жыр жинақтары мен зертету еңбектерінің авторы. Қазір «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы.

Бауыржан Жақып «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып тағайындалды

Ақын Зайда Елғондинова өлеңдері

Зайда Елғондинова 1949 жылы 23 қарашада Жетісу облысы Көксу ауданы Мұқыр ауылында дүниеге келген. Ақын, бірнеше жыр жинағының авторы. «Алаш» әдебие сыйлығының иегері.