Қазақстандық оқушылар халықаралық білім додасында тағы бір тарихи жетістікке қол жеткізді. Бұл жолы астаналық мектеп оқушысы Еуропалық деңгейдегі беделді олимпиадада топ жарып, ел абыройын асқақтатты, деп хабарлайды Malim.kz.
Астанадағы Spectrum International School-дың 12-сынып оқушысы Марғұлан Шарел Еуропалық математикалық олимпиаданың абсолютті жеңімпазы атанды. Бұл туралы Stan.kz хабарлады.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 23–29 сәуір аралығында Литваның Вильнюс қаласында алғаш рет European Mathematical Olympiad өткен. Аталған додаға 19 елден 21 команда, жалпы 126 оқушы қатысқан.
Қатысушылар қатарында Албания, Армения, Болгария, Эстония, Финляндия, Франция, Грузия, Исландия, Ирландия, Қазақстан, Косово, Латвия, Литва, Солтүстік Македония, Норвегия, Польша, Словения, Швейцария және Украина елдері болды.
Министрлік таратқан ақпаратқа сәйкес:
“ҚР ұлттық құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, командалық есепте 1-орынды жеңіп алды. Құрама қоржынына 3 алтын және 2 күміс медаль түсті. Олимпиаданың абсолют жеңімпазы атанған – Марғұлан Шарел”, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар қазақстандық оқушылардың тағы бірнешеуі жүлдегер атанды. Атап айтқанда, Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Эльдар Усенов пен Haileybury мектебінің 11-сынып оқушысы Эрик Лим алтын медаль иеленді. Ал Ерасыл Алтынбек пен Ануар Ағыбаев күміс жүлдеге қол жеткізді.