Астана полициясы қала мектептерінің бірінде оқушы қызды соққыға жығу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұған дейін желіде төбелес видеосы тараған болатын. Жасөспірімдерге қандай жаза қолданылуы мүмкін, деп хабарлайды Malim.kz.
Желіде елордалық № 36 мектептегі оқушы қыздар арасындағы төбелес кадрлары тарады. Оқушылардың ата-аналары басшылықты зорлық-зомбылық дерегін жасыруға тырысты деп айыптап, балаларға қысым көрсетілгенін мәлімдеді және директордың отставкаға кетуін талап етті.
Полиция пікірі
Астана Полиция департаменті кәмелетке толмағандар арасындағы төбелес дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Оқиғаның барлық қатысушысы анықталды.
"109-1-баптың 2-бөлігі ("Ұрып-соғу") бойынша қылмыстық іс қозғалды. Іс бойынша қажетті процестік әрекеттер жүргізілді. Кәмелетке толмағандар қорғалуға құқығы бар куәгер процестік мәртебесінде", – деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.
Полиция тергеу амалдары жалғасып жатқанын және оның қорытындысы бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданатынын айтты.
Баптың санкциясы бойынша келесідей жаза түрлері қарастырылған:
100-ден 200 АЕК-ке дейін айыппұл (432 500-ден 865 000 теңгеге дейін),
100-ден 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар,
30-дан 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу.
Жасөспірімдер арнайы мектепке жіберілуі мүмкін
Сондай-ақ полиция жанжалға қатысушылардың ата-аналары бала тәрбиесіндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын қосты. Мектепке қатысты ұсыныс енгізіліп, қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
"Уәкілетті органдар жасөспірімдерді девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдарына жіберу мәселесін қарастырады", – деді полициядағылар.