Германия канцлері Фридрих Мерц Украинаның Еуропалық Одаққа жақын жылдары қосылуы екіталай екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның айтуынша, 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін мүшелікке өту туралы ұсыныс шындыққа жанаспайды, ал 2028 жылдың басы да тым ерте мерзім саналады.
Мерц қазіргі жағдайда соғыс жүріп жатқан елді ЕО құрамына қабылдау мүмкін емес екенін атап өтті.
Сонымен қатар, Украина ұйым талаптарын толық орындауы қажет, оның ішінде заң үстемдігін қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту міндеті бар.
Соған қарамастан, канцлер ЕО Киевке нақты ұсыныстар жасауы тиіс деп есептейді. Ол Еуроодақ саммитінде Украинаны Брюссельмен біртіндеп жақындастыруға бағытталған бастамаларды ұсынғанын және бұл идеялар кең қолдау тапқанын айтты. Мәселен, Украина өкілдеріне Еуропалық комиссия немесе Еуропарламент құрамында дауыс беру құқығынсыз орын беру мүмкіндігі қарастырылып отыр.
Сондай-ақ, Мерц бейбіт келісімге қол жеткізу үшін Украинаға аумақтық ымыраға баруға тура келуі мүмкін екенін жоққа шығармады. Оның пікірінше, соғыс аяқталып, Ресей-мен келісім жасалса, бұл елдің ЕО-ға қосылу жолын ашуы ықтимал.
Ал Владимир Зеленский бұған дейін Украина 2027 жылға дейін Еуроодаққа кіруге дайын болу үшін бар күшін салатынын мәлімдеген.