Әуезхан Қодар. Ұлттық элитаның сапасы қандай?

Аялдар Күнтуған

  • 22.12.2024

Орыс сөз қорына француз тілінен кірген "элита" деген сөздің мағынасы — үздік, таңдаулы. Кезінде француздардың ең батыр жауынгерлері осылай аталған. Қазір мәдениетті елдерде қоғамның немесе белгілі құбылыстың ең үздік, таңдаулы, дегдар көрінісін осылай атайды.

Қазақта "Бес саусақ бірдей емес" деген мақал бар. Құранда да Жаратқан иеміз пенделерінің дәрежесі тең еместігін айтады. Міне, элита, үздік топ туралы ілім де "адамның ежелден бір-біріне деңгейлес, теңбе тең болуы мүмкін емес" деген қағидаға сүйенеді. Бұл Платон, Карлейль, Ницшелерден келе жатқан үрдіс. Көне грек философиясымен сусындап өскен ислам хакимдері де бұл ілімді мойындаған. Бұл үрдіс өкілдерінің тұқыртып айтуынша, әрбір халық екі бөлектен тұрады: ой-тұжырымға қабілетті үздік топ және осыған қабілетсіз қара тобыр. Олай болса үздік топ қалай да билікке ие болып, қалған қара тобырды басқаруы керек.

XX тасырда итальяндық ойшылдар Парето мен Моска да бұл идеяны барынша ұштап бақты.

Паретоның пайымдауынша, қоғам дегеніміз осы элитаның алмасуынан тұратын жылжымалы тұтастық, ал, тарих осы билікке таласқан үздік топтардың айнымас сахнасы.

Егер Парето үздік топ пен қара тобыр арақатынасын таза саяси төңіректе түсінсе, испан ойшылы Ортега-и-Гассет бұл мәселені рухани құбылысқа айналдырып жібереді. Парето мемлекетке сүйенсе, Ортеға қоғамға сүйенеді. Яши, "Адамзат қоғамы, ол мұны қаласа да, қаламаса да, түпкілікті негізі бойынша дегдар болып келеді. Дегдарлықтан айрылғанда ол қоғам болудан қалады. Әрине, мен бұл жерде мемлекет емес, қоғам туралы айтып отырмын".

Ендеше біз өз-өзімізге мына бір сұрақтарды қадап қоюымыз керек-ақ: қазіргі қазақ қоғамының рухани деңгейі қалай, оның құрылымы мен бағыты не, парасатты, дегдар топтың толыққанды тіршілігі бар ма, жоқ па?

Ашып айтайық, көңілге медеу тұтатын нышандар жоқтың қасы.

Біз қазір бұрынғы көшіп-қонып жүрген, эпикалық дәстүрге суарылған аңыз, ертегі көзқарасындағы халық емеспіз. Біз 300 жылға созылған отаршылардың езгісінен енді босап, ес жиып жатқан халықпыз. 300 жылда коп табиғи қасиетімізді жоғалтып, оның есесіне өзімізге, табиғатымызға жат, ежелгі құрқылтайымызда жоқ көптеген ауру-дерттер жұқтырып алдық. Өтірік айту, ішімдікке салыну, апиын шегу, уәдеде тұрмау, т. б. өз алдына, ең жаманы — еркін ойлау, өзгеше пайымдау, жанкешті зерделеуге қауқарсыз едендігіміз, әйтпесе тіптен бұған жоқтығымыз қынжылтады.

Неге десеңіз, соңғы 70 жылда тегеурінді үстемдік құрған кеңес үкіметіне ойлы, зерделі, пікірлі азаматтардың қажеті болған жоқ. Оған қарабайыр идеологиясын мойындайтын және марапаттайтын можантопай пысықсымақтар ғана керек болды. Осы пысықайлар Брежнев заманында, қай республикада болмасын, "әр сіңліге бір сырға" дегендей, жалпақ-шешей, екі жүзді саясат ұстанды. Бұл уатқыш машина құмнан алтын жасамақ болды, ал, нағыз саф алтынды, таланттарды құм етіп, талқандап, желге шашып жіберді. "Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!" деген басты қағидамыз жайына қалды. Соның нәтижесінде "алтын да тас, тас та тас" саналып, лауазым иесі таланттарды тепкіге салып, біз қазір тумысынан өлі мәдениеттің өлімтік тұлғаларының өлімші қимылдарын тамашалаудамыз.

Сөйтіп, қазір бізде элита санатындағы адамдар жоқ емес, бар, бірақ ол антиэлита, яғни оның атын жамылған жарым жанды, жарты санды біреулер... 1917 жылғы Қазан төңкерісінен бастап, Ресейде үкімет басына кейбіреуінің тіпті орта білімі жоқ қарабайыр көпшілік келді де, кеңестік тарих бағыты күрт өзгеріп, тұлғалық, зердеуи қасиетін жоғалта бастады, әкімшіл-зорлықшыл жүйе "жақсы" мен "жаманның" орнын ауыстырып, қоғамның әрбір мүшесін қырағы бақылауға алды. Осы кезеңнен бері ең құнды қасиет ретінде акыл-ой терендігі, еркін ойлау қабілеті емес, керісінше, жүйеге ес-түссіз берілгендік қана дәріптелетін болды. Адамның өзіндік құндылығы жойылып, ол түрлі саяси есептердің бас-көзсіз, түр-түссіз қуыршағына айналды. Ғылым мен өнердің түрлі саласындағы жаңалықтар өзінің шын иесіне бұйырмай, лауазымы жоғары пысықайлардың атымен жариялана берді. Сөйтіп, бұрынғы Кеңес Одағының орасан зор кеңістігінде жалған ғалым, жалған өнер, жалған мәдениет жасалды. Ешкімге қажеті жоқ диссертациялар қорғалды, ешбір эстетикалық құны жоқ шығармалар жазылды. Бүкіл жарық дүниеден қараңғы темір тормен көлегейленген жер шарының алтыдан бір бөлігінде "кеңес халқы" деген кәрі тарихтың дегбірін қашырған дүбәрә қоғам пайда болды. Міне, біз осы қараңғы қоғамның жансыз жатырынан шыққан жартылай робот, жартылай адам іспетті зомбилік түлектерміз. Осы екі қосындының қай жаты жеңеді – біздің болашағымыз осыған байланысты.

Әзірше, амал не, роботтық жасанды дүниелер басым боп тұр. Себебі, біздің мәдениет – саясаттанған мәдениет және осы жандайшап, қолбала тұрқынан тіптен айнитын түрі жоқ. Бұрын "өскелең советтік дәуірін" жырлаған адамдар қазір ұлттық топырақ, ұлттық намыс, ұлттық тарих жанкүйерлері боп шыға келді. Әрине, әрбір қазақтың "қазақ идеясына" үн қосқанына не жетсін, бірақ, сан мен салмақ, қабілеттілік, қабілетсіздік туралы ойланған да артық емес қой.

"Біз осы ұлттық идея мәселесін көтеруге дайынбыз ба?" деп басын қатырған азаматтарды мен өзім кездестірген емеспін. Әліптің арты орынсыз әлімжеттілікке айналып, жоғарыдан нұсқау келсе, кез келген шыңырауға гүмп беруге дайын жағдайдамыз. Әлі де бір аяғымызбен өткен заманда, ескі түсінік, ескі ұғым шырмауында тұрмыз. Бұдан қандай қорытынды шығады? Егер де елімізде жаңа рухани орта қалыптасса, ол қазіргі элита саналып жүрген қариялар тобына қарама-қайшы негіздерде тірлік етеді. Ақсақалдарымызды қанша сыйласақ та, басқа жол жоқ. Өзге жолдардың бәрі бұрынғыны қайталауға әкеледі, ескі дертті қайтадан қоздырады. Ол қандай дерттер десеңіз, оның ең біріншісі, төл мәдениетіміздің саясаттануы, екіншісі, орыс мәдениетіне тәуелділік, үшіншісі, осының бәрінен туындайтын томаға-тұйықтық, шала-шарпылық, жүйесіздік.

Біздің саясаттанған мәдениетке қарсы болатын себебіміз, саясат пен мәдениет – түп негізінде үш қайнаса сорпасы қосылмайтын құбылыстар.

Егер мәдениет дегеніміз саналы тірлік, жемісті тіршілік болса, саясат – керісінше, тірлік пен тіршілік атаулыға қарсы, тек кезекті көсемнің ғана мүддесін көксейтін, демагогия мен жалған авторитеттерге сүйенген, ешқашан да ешбір мәселені шешпейтін, шешім мерзімін шектен тыс уақытқа соза беретін, жақ пен тілдің ғана қышуын қандыратын сағыз.

Осы құбылыстарды жан-жақты зерттеген Ортега-и-Гассет оны былай деп анықтапты: "... Үкімет басында – көпшілік өкілдері. Олардың мықтылығы соншалықты, тіпті, қазір ешбір оппозиция құруға мүмкіндік жоқ. Бұлар нақты ел иелері және тарихта мұндай құдіретті биліктің үлгісін табу қиын. Соған қарамастан, мемлекет, үкімет тек бүгінгі күнмен ғана өмір сүреді. Олар болашаққа есігін айқара ашып қоймайды, ол туралы анық түсінігі де жоқ, жақын арада сұлбасы көрінетін ең жаңа бастамаға жол ашпайды. Бір сөзбен айтқанда, олар өмірлік бағдарламасыз күн кешіп жатады. Қайда бара жатқанын білмейді. Себебі, ешбір жол таңдай алмайтын болғасын, ешқайда бара жатқан жоқ. Мұндайлар өз-өзін ақтағысы келгенде, ертеңгі күннің құлағын шулатып әуре болмайды, керісінше, бүгінгі күнге шұқшиып, таң ғажайып турашылдықпен: "Біз төтенше жағдайдан туған төтенше үкіметпіз" дейді. Яғни, олар алдағы келешек емес, бүгінгі күн қажеттілігінен туындаған. Сондықтан олардың билік тәсілі ретінде мәселені түбегейлі шешпей, оны тіпті шешілмейтін жағдайға жеткізеді де, тек сытылып шығуды көздейді. Таза көпшіліктің билігі әрқашан да осындай болмыс: "құдіретті және баянсыз".

Бұл не? Мұны кез-келген мәдениет, әсіресе, ұйқыдан жаңа оянған елдің балаң, өспірім мәдениеті өзін саясаттың өзімшіл, қасаң мүддесінен аулақ ұстап, ешбір басқа құбылыстарға алаңдамайтын ерекше мәдени кеңістік жасай білгені жөн деп бұлталақсыз ұққанымыз дұрыс.

Себебі, бізді орыс мәдениеті тәрбиеледі, жетілдірді, жүйеге салды, әлем мәдениетімен жанастырды. Былайша айтқанда, "көзімізді ашты". Бірақ бір ашылған көз сол қалпында бақырайып тұра берсе, бұл оның жансыздана бастағанының белгісі. Сөйтіп, ол бірте:бірте соқырлардың сәнге ғана салынатын шыны көзіне айналады.

Абай айтқан ғой: "Үйрен де, жирен" деп. Бұл қысқа тұжырымда орасан зор мағына жатыр. Әбекеңнің меңзеп отырғаны — таным шексіздігі. "Осы шексіздікті шектеулі нәрсеге бауыр басып, тең із орнына шалшықпен шектеліп қалма" дейді. Әрине, орыс мәдениеті шалшық емес, бірақ оның өзі әлемдік мәдениеттің белгілі бір жаңғырығы ғана емес пе? Сонда біз кім боламыз — жаңғырықтың жаңғырығы ма?

Әрбір ұлттың өз қажеттілігі болады. Сол қажет нәрсемізді орыс аудармаларына үңіле бермей, түп нұсқасынан алғанымыз жөн. Өкінішке қарай, біздің назарымыздан көне өркениеттер Тәжірибесі де, қазіргі Африка, Азия, Латын Америкасы елдерінің даму нұсқалары да тыс қалып отыр. Өйткені, Кеңес үшін бұл үлгілер "итке темір не керек" еді, сол себептен ол жақтан келетін мағлұматтардың алдына "темір шымылдықтарын" құрып тастады.

Үшінші дертіміз – томаға тұйықтық пен жүйесіздік. Білім, хабар, ақпаратқа қол жеткізбей жетілу қиын. Білім – құдірет! Білімді адам ешнәрсені жатсынбайды, оған бәрі таныс, жақын, қымбат. Керісінше, білімсізге бәрі жат, түсініксіз, қауіпті, дүдәмал. Сосын, түпнұсқадан оқыған адам, өз пікіріне темірдей берік болады. Ал, кейбір әріптестеріміз ауызекі дақпыртқа қанағаттанады да, аржағын қаза бермейді. Осы табансыздығына байланысты белгілі бір ортаның көзқарасынан аса алмайды. Сөйтіп, олар үшін әртүрлі Қақаң мен Бәкеңнің пікірі замана шаңынан зорға бұлдырап тұрған Абай мен Мағжан, Пушкин мен Шекспир көзқарасынан құндырақ көріне бастайды. Сөйте-сөйте, қырықтан аспай жатып, "қыр аса алмас", көрші-қоңсы арасындағы өсек-аяңынан ұзай алмас халге жетеді.

Әрине, мұндай әріптестерімізден жүйелі қимыл, жан-жақты жетілген шығарма күту қиын. Top ішінде зыр жүгірген бейшара тиын той олар... тиын шіркін бір қадам алға жылжымаса да, алға шауып бара жатырмын деп ойлайды.

Себебі, әлемдік мәдениеттің тетіктеріне еш жанаспай, бос кеңістікте айналып тұр.

Мұндай жағдайда толыққанды рухани элитаның тірлік етуі мүмкін бе? Бұл қиын сауал. "Мүмкін емес" десек, тығырыққа тірелгеніміз, "мүмкін" десек, өз-өзімізді алдағанымыз.

Кезінде Еуропадағы романтизм, символизм ағымдарын, орыс әдебиетінің "күміс ғасырын", сол елдердің рухани элитасы тудырған. Ойлап қарасаңыз, осы ағымдардың бәрі өз елдерінің рулық, ұлттық, таптық, нәсілдік болмысына қарсы құбылыс.

Себебі, ол замандардың басты стратегиясы — тұлғалық сана қалыптастырып, жеке тұлғаны әртүрлі табиғи, қоғами тәуелділіктерден азат ету еді. Егер бұрын жеке тұлға өзінің шығу тегіне, қоғамдық дәрежесіне, айналысатын кәсібіне тәуелді болса, философиядағы Декарт дәуірінен бастап, ол зердеші ретінде ғана дәріптелінеді. Адамның ақыл-ойы табиғаттан да, қоғамнан да жоғары қойыла бастады.

Қазір заман басқа. Екі дүниежүзілік соғыс өткерген XX ғасырдың азалы Тәжірибесі коп нәрсеге көзімізді ашты. Ұлттық қозғалыстар да, әлеуметтік төңкерістер де фашизм мен социализм арқылы өзінің зорлықшыл бітімін көрсетіп, өз-өзін әшкерелеп тынды. Соншама үміт артқан зерде, парасатымыз екіұшты қару боп шықты. Рулық, ұлттық, таптық, нәсілдік қасиеттерден айырылған адам жыныс мүшелермен ғана ерекшеленген денеге айналды. Ницшенің "асқан тұлғасы да" да, Фрейдтің либидо туралы ілімі да ешкімді таңдандырмайтын болды. Осындай жаппай дағдарыс кезеңінде Клод Леви-Строс ежелгі қауым адамының табиғатына үңіле бастады. Осы кезеңнен бастап еуропалық елдер өз тарихын қайта қарап шықты. Бұл орасан зор жұмыс барысында олар өздерінің бұрынғы білімінің түгелдей жалған екеніне көз жеткізді. Бұрынғы көзқарас Гегельдің философиялық жүйесіне негізделген еді. Соңғы кісінің дәлелдеуінше, әлемдік тарихта ешбір кездейсоқтық жоқ. Адамзат болмысы — абсолюттік рухтың өз-өзін әйгілеп, ашып беруі. Сондықтан адам тіршілігін әр заман сайын жаңа сатыға көтерілуі, мән-мағынаға толы алға басуы деп ұқтық. Міне, осы анықтаманы жоққа шығарған еуропалықтар прогресс идеясынан бас тартып, тарихи циклдер іліміне көшті. Бұл ағым бойынша, адамзат тарихы — өрлеудің шексіз спиралі емес, керісінше, ол әрдайым өз-өзін қайталай беретін шеңбер. Сондықтан болашақты болжау үшін алдымен өткенді білу керек.

Сондықтан қазіргі уақыттың басты стратегиясы — бұрынғы жобалардан бас тартып, әрбір құбылыстың қайнар көзін, негізгі бастауын табу.

Таратып айтқанда, біздің жаңа рухани элитаға мейлінше қысқа мерзімде әлемдік мәдениетті игеріп, бірден бірнеше бағытта жұмыс жасауға тура келеді. Ол үшін бізге әлемдік рухани ілімдер институтын ашу керек. Бұл оқу орнында Азия, Еуропа, Америка, Африка, Латын Америкасы елдерінің тарихы мен ілімдері оқытылғаны жөн. Осы институтқа алғашқы жылы он шақты адам қабылданып оқытылғаны жөн. Оқытушылар құрамы одан екі-үш есе көп болса, құба-құп. Өйткені, элитаның ең басты қасиеті — сиректік, дарашылдық, ерен дарындылық. Міне, бұл тұрғыда өзін рухани әлемінде ерекше танытқан әріптестеріміз, қаншама жас, егде болса да, шетелге жіберіліп, білімін өсіріп тұрса, құптарлық нәрсе.

Ал, рухани элитамыздың қай бағытта дамығаны жөн?

Меніңше, оның ең басты бағыты, ғасырлар бойы жиналып, әлі күнге дейін сәулелі көзге түсе қоймаған ұлттық мұрамызды жаңаша тәсілдермен саралау, "Шығыс пен Батыс" пікірсайысына үн қосу, дамыған әлем алдында төл мәдениетімізді уағыздап, жат пікірлерге тойтарыс беру.

Тағы ескере кететін жәйт, біз аз уақытта көп нәрсеге қол созып отыруымыз керек, себебі, мәдениетіміз міндетті түрде көп қатпарлы болады. Мысалы, Мұхтар Әуезов Абай шығармашылығының үш қайнар көзін атаса, ол — кездейсоқ нәрсе емес, заман түлегі Абайдың күрделі, қатпар-қатпар болмысын тани білуден туындаған көрегенді тұжырым. Сол сияқты Мағжан да жәй пантюркист емес, ол — символист, романтик. Жұматай да жәй мұрт иесі емес, төрелер сән-салтанатының иегері еді. Тұлпар тектес Асекең, Асқар Сүлейменов те, Чаадаевтың сюртигін киіп, қазақы қара тобырға мойынсұна алмады.

Міне, көпқатпарлық дегеніміз адамға ерекше колорит беретін, түрлі мәдениет дорбасынан ең жақсы жемісті таңдай білетін, бір өзінде бірнеше дәуірді біріктірген, байсалды, ойнақы, кірпияз құбылыс болып табылады.

Мұндай жағдайдағы тұлға ұлттық және әлемдік мәдениеттер арасында үнемі жаңғыртып отырады.

Жаңа рухани озат қауымның бастапқы негіздеріне келетін болсақ, олар — мол дерек қорына қол жеткізу, барлық мәселеге әлемдік деңгеймен қарау, дайын пікірден қашу, ескірген жобаларды бұзу, бар нәрсені жоқ қылу, жоқ нәрсені бар қылу.

Міне, осы жоқ пен бардың арасын анықтай алсақ, біз озық ойлы қауым құратынымыз сөзсіз.