«Әулиешоқыны» оқығанда туған ой
Әр адамның ішінде поэзия өмір сүреді. Егер көкірегінде поэзия нәрі бүршік атпайтын адам бар десе, сенбес едім. Асылы, поэзия дегеніміздің түпкі нәті – мөлдірлік пен шынайылық болса керек. «Дүние есігін өлеңмен ашатын» халық үшін мөлдірлік пен шынайылықтың орны қашанда ерекше. Қазіргі әдебиеттануда «өлең құрылысы, құрылымы» туралы талай еңбектер бар.Өлең жазудың техникасын меңгергендер көп. Бірінен бірі өтетін тапқырлық пен шешендіктің көп өрілімді туындыларын оқығанда, аузыңызды ашарыңыз шын. Дегенмен, артынан қайыра ойланып, сондай шебер құрастырылған өлеңдерде әлдебір дүние жетпейтіндей көрінетінін бажайлайсың. Не жетпейді. Меніңше, шынайылық кемшін. Сол үшін де бірінен бірі аумайтын қалың өлеңнен, ұйқас толы жолдардан жалығатынымыз да бар. Сондай сәтте қарапайым, шынайы жырларды іздейсің. Оны кейде өзің өмірі көрмеген, атын да көп естімеген жандардан табасың.
Жуырда Әбдіғали Асанқожаұлының «Әулиешоқы» жыр жинағы қолымызға тиді. Басында сыдыртып оқып шықтық. Сосын өлеңдерді жауып қойдық та, қайта бір оқу керек екен дедік. Егер өлең қайта бір оқуға ынтықтырса, демек, өзіне тартар бір құдіреті бар деген сөз. Бізді тартқаны, өлеңдегі шыншылдық пен құрылымдағы қарапайымдылығы еді.
Топтама өлеңде «жоқтан бар жасау» жоқ. Теңеуі де, суреттеуі де, ойлары да қарапайым. Айтылып, жазылып жүрген сезімдер мен тағдырлар туралы толғаныс. Дегенмен, мән беріп қарасаңыз, сол қарапайымдылықта біз ұмыт қалдырған бір құндылық жатқандай. Біз «тыңнан түрен саламыз» деген оймен кейде тым алысқа шарлап, өзіміздің ұшқан ұямызды ұмыт қалдыратындай көрінеміз. Қараша жұрттың өздік мұңы мен арманын ұмыт қалдырып алғандаймыз. Қоңыр тірлік кешіп, қоңыр мұңын тек өзіне күбірлеп айтатын кішкентай адамдардың ойларын ескермейтініміз неліктен? Біздің әдебиеттегі басты кемшілік те осы болса керек...
Ақынның «Қызыл күрең тобылғы» атты балладасын оқып отырып, балалық шақта ұмытқан әлдебір естелігімізді ойламаған жерден аңсағандай күй кештік. Бұл баллада да өзгеше бір құпия бар.
Сүт көңілім – кілегейлі ақ қаймақ,
Алыс қалған балғын бала шақты ойлап,
Жүргенімде тобылғы еске түседі-ау,
Атам ылғи жүретұғын ат байлап.
Баллада осылай басталады. Сіз балалық шақ жайында ойлана бастап, қалың естеліктерді еске алып үлгіресіз, сол шақта алдыңыздан «әке» мен «тобылғы» деген сөздер шығады. Бұл сөздерден жүрегің жылып сала береді. Өйткені, көшпенді өмірді көрген адамға мұндай сәттің әсер етпеуі мүмкін емес.
Сағыныштың оты жанып кеудемде,
Атпен бардым бірде әдейі сол жерге, – дейді одан ары өлеңде. Өзінің сол шақта тобылғыны көргендегі толқыған көңілін еш әсірелеусіз суретпен өреді. «Мен» тобылғыны көргенде іштей егілгенін, көз жасына ерік бергенін, әкенің бейнесі мен балалық шақтың тәтті күндерін қайта бір есіне алғанын суреткерлікпен бейнелейді. Әбдіғали ақынның суретшілігінің құпиясы қарапайым пейзаждар мен этнографиялық өмірдің қабыстыра білуінде дер едік.
Көкейімнен өшпейді бұл қызыл от,
Жастығымның жайраңдайды жүзі боп.
Балғын шақпен тілдескендей күй кешіп,
Тірі әкемді елестеттім, құдірет.
Мұнда балалық шақ, өткен өмір, әке мен бала арасындағы ұмытылмас сәт айна-қатесіз суреттелген. Баллада тек бір сарынмен жазылмаған. Мұндай пейзаждың адамға байланысы, адамның табиғатпен қарым-қатынасы, елес пен қазіргі шақтың өзара жымдасуы керемет үйлесім тапқан. Біз ақынның бұл өлеңін осы кітаптағы ең бір әдемі жырларының бірі дер едік.
Ақынның ел мен жер, ауыл адамдары, туған жер табиғаты, қоңыр тіршілік кешіп жатқан жақындары туралы жазған бір шоғыр өлеңі бар. Әсіресе, Әулиешоқыны жырлағанда, бар сырын ақтарып, шынайы тебіренетінін байқайсыз. Туған жер – ақын поэзиясының кілт сөзі секілді, қандай жыр жазса да, оны айналып өтпейді. Басқа тақырыптағы, айталық, табиғат, ауыл, өмір туралы философиялық мәтін тудырса да айналып кеп туған жер деген ұғымға ой өрнегін бұрады. Мысалы, «Бұғыты» деген өлеңі сөһзімізге дәлел болады. Бұғыты жайында жазған бірнеше өлеңінен автордың туған жерге соншалықты терең байланғанын көреміз. Бұғыты деген жер атының өзінде магия бар. Соңғы кездері осы тау туралы ақпарат құралдары да жиі жаза бастады. Автор Бұғыты арқылы еліміздегі экологиялық мәселелердің қиын жағдайын ашық жазады. Мұны туған топырақ туралы өлең дегеннен гөрі, жалпы Отан туралы жыр деуге де әбден болады.
Бұлбұл өмір өшпесін ғажап үнің,
Табиғаттың тілейміз тазалығын.
Бұғытыдан шаша ма бұқпантайлап,
Аждаһадай жарылғыш тажал уын?
Бұл ұзақ жырдан алынған бір шумақ қана. Шынында да апайтөс даланың иесі ретінде оны жыр арқылы кестелеу, сұлулығына тамсану әдепкі іс болғанымен, туған жердің мұңын мұңдау бөлек иірім. Ақынның Бұғытысы – қазақ жыр картасына алғаш түскен болса керек, мұндағы шамырқаныстың сырын терең ұққысы келгендер болса, Бұғытының қазіргі жайын зерделесе, ақынның не айтпақ болғанын алғаусыз түсінер деген ниеттеміз...
Үй даласы аңдардың қорық-мекен,
Аң-құсымен табиғат көрікті екен.
Табиғи сұлулығын жоятұғын,
Пайда болды адамға желік бөтен.
Осы шумақтан-ақ Бұғытының жайын ары қарай қазбалау артық шығар деп ойлаймыз.
Қазақта экология туралы жазылған шығармалар некен-саяқ. Бізде Семей мен Арал жайында біраз жазылғаны шын. Бірақ ел экологиясы тек осы екі жермен шектелмейді. Ұлттық қасіретімізге айналған өлкелерді жазғанымыз жөн ғой, дегенмен, экология – кең тақырып.
Ластануда тұп-тұнық мөлдір ауа,
Қайғылы күй қонғандай домбырама.
Мұрын қан боп жүре ме, кім біледі,
Аққа ауызымыз тигенде енді ғана.
Құлай берсе протон жерімізге,
Қатерлі, улы гиптелі оңдыра ма?
Көп жылқы жусайтұғын көк алалы,
Көк майсалы жеріміз не болады?
Әлімжеттік тоқтамай зобалаңы,
Әділеттік қасиет жоғалады.
Әділеттік қасиет жоғалған соң,
Әрі қарай күніміз не болады?!
Бұл да ақынның экология тақырыбында жазған жырының бірі. Біздің айтқымыз келгені – ақынға осы тақырып етене жақын әрі туған жерге жанашырлығы осы тақырыпқа әлсін әлі алып келетін болса керек. Әлем әдебиетінде экологиялық әдебиет деген ұғым бар. Ол бөлек тақырып, кеңқұлашты талай шығармалар жазылған. Адам барда жазыла да бермек. Автор осы тақырыпты кеңірек зерделеп, цикльді өлеңдер жазса деген тілектеміз.
«Әулиешоқы» - сан алуан тақырыпты қамтыған, жеке адамның тағдырынан ұлт тағдырына дейінгі барлық саланы жырлаған, көп жылдық еңбектің, ізденісітң кітабы екені көрініп тұр. Авторға тек сәттілік тілейміз. Шынайы да қарапайым жырды сағынған оқырманға таптырмас жыр жинағы деп ойлаймын.
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ, ақын