Пері мен пенде
Сірә, бұл жын болу керек, бізді Құдай сақтаған шығар!
Журналистің жүрмейтін жері бар ма?! Бірде жолым түсіп, Қызылорда облысының Қазалы ауданына бара қалдым. Сондағы Нұрсұлтан есімді тарихшы танысымнан адам сенгісіз бір қызық әңгіме естідім. Майын тамызып айтып бергенде аузымды ашып, көзімді жұма беріппін.
Бұны қайдан естідің? – дедім таңданысымды жасыра алмай.
Осындағы Бекен ақсақалдан, – деді ол ағынан жарыла.
Сол кісінің өзіне жолығуға бола ма? – деймін қызығушылығым одан сайын артып.
Неге болмасын?! Аузын ашса, жүрегі көрінетін көркем мінезді жан. – деді Нұрсұлтан құрдасым. – Бізге құда болып келеді, мен жіберді десең болды, жылы қабылдайды! Өзі де қонақ жатырқайтын адам емес!
Содан тағат таба алмай, сол күні-ақ түс ауа Бекен қарттың үйіне арнайы ат сабылтып іздеп бардым. Қаланың шет жағындағы екі қабатты еңселі қызыл үйде тұрады екен. Есікті ақсақалдың өзі ашты. Жасы сексеннен асып кетсе де, әлі тың, бақуатты көрінді. Жүріс-тұрысы да ширақ, сөзі де түзу. Емен-жарқын амандасты. Алдымен тарихшы танысымның сәлемін жеткізіп, содан кейін өзімді таныстырып, келген шаруамды айтып едім, сәл жымиды да:
Бұл өзі ұзақ әңгіме, мен алдымен намаз оқып алайын. Сен мында отыра тұр! – деді қонақ бөлмеге бастап кіріп. Өзі аялдамастан бүйірдегі екінші бір бөлмеге өте берді: – Келінжан, шай дайында, мына бала сонау Астанадан келіпті. Жазушы екен... – деді дауысын сәл көтеріп.
Ауызғы бөлмеден:
– Жақсы, ата! – деген әйелдің сыңғырлай шыққан дауысы естілді.
Мен жасыл барқытпен тысталған диванға қонжия кеттім де, жан-жағыма бағдарлай көз тастадым. Қақ төрде қызылқоңыр гарнитур тұр. Ішкі жағына әр түрлі шыны ыдыстар қойылған. Сол жақ қабырғаны сан түсті бояумен түрленген түкті кілем тұтастай жауып тұр. Ал оң жақта рамаға салынған ескі фотосуреттер ілінген. Ортада үлкен үстел.
Бір кезде басына ақ орамал тартқан орта жастардағы қараторы келіншек кірді. Сыпайы амандасты да, дастархан жайып, шай жасай бастады. Көп күттірмей ақсақал да келді. Әйел буы бұрқыраған шәйнекті алдымызға қойды да, шығып кетті. Шайды ақсақалдың өзі құйды. Алдымен қай жақтан, қай рудан екенімді сұрады. Мен ештеңе жасырғам жоқ. Содан соң барып негізгі әңгімеге көшті.
Иә, дұрыс айтасың, балам, оның адам сенгісіз әңгіме екені рас, бірақ мен өтірік айтатын адам емеспін. Кәрі қойдың жасындай өмірім қалғанда жалған сөйлеп, пұшпаққа шыға қоймаспын! – деді салмақтай сөз саптап
Жоқ, ата, о не дегеніңіз! Мен сізге толық сенемін, – дедім сөзімді нығарлай түсіп. – айта беріңіз!
Ендеше, тыңда балам, – Бекен ақсақал әңгімесін бастады. Қайта-қайта шоқша сақалын тарамдап қояды, – Алпысқа таяп қалған кезім. Ол кезде бәйбішемнің көзі тірі. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, мойнымыздан ауыр жүк түскендей алаңсыз ғұмыр кешіп жатқан күндердің бірінде аяқ астынан кенже келінімнің денсаулығы сыр беріп, сырқаттанып қалмасы бар ма?! Алғашында онша мән бере қойған жоқпыз. Бірте-бірте мінез-құлқы өзгеріп, кейде ұстамасы ұстап қалатын болды. Сөйтсек, құс ауруымен ауырады екен ғой, байғұс бала! Құс қайтқанда немесе қайтып келгенде дерті тіпті қозып кетеді екен. Жалпақ тілмен айтқанда, көтеріліп ауырады. Содан қаратпаған дәрігеріміз, апармаған ауруханамыз қалмады. Бірақ, ем қона қоймады. Сөйтіп жегеніміз желім, ішкеніміз ірің боп, жанымыз жадап-жүдеп жүргенде әлдебіреулерден «Қазалыда үлкен бір бақсы бар, зікір салып, құс ауруын емдейді» дегенді естідім. Кеңес өкіметінің дүрілдеп тұрған кезі, онша сене қоймасам да, кейін бармағымызды тістеп қалып жүрмейік деген оймен бағымызды тағы бір мәрте сынап көргім келді. Ол кезде біз көрші ауданда тұратынбыз. Содан бір Құдайға сыйынып, ұлымыз екеуміз келін баланы ескі жигулиімізге отырғызып алып, Қазалыға жол тарттық. «Сұрай-сұрай Меккеге барарсың» демей ме, оған қарағанда мына тұрған жер емес пе, бақсыны тез таптық. Жеркепе сияқты кішкентай тоқал тамда тұрады екен. Сыртынан шелек, шылапшын сияқты темір-терсекпен жамап-жасқап, бастан-аяқ қаптап тастаған. Есігінің алдында ит, мысық, тауық, қаз сияқты үй жануарлары қаптап жүр. Бақсының аты – Пауиддин екен.
Қазақ па өзі? – деймін есіміне қарап.
Нағыз қазақ. Қазақ болғанда да, міне мынау – қазақ деп ұялмай көрсететін түр-тұлғасы келісті адам екен. Сол кездері сексенге келсе де, қолды-аяққа тұрмай, лыпып тұр. Көзі сондай өткір, жүзіне тура қарай алмайсың. Құдай бойына ерекше күш-қуат берген жан екені бірден аңғарылады. Баппен сөйлеп, бәрін ынты-шынтысымен түсіндіреді. Кемпірі – неміс, қазақша судай ағып тұр. Басқа ұлттың өкілі болса да, жүзі жылы, иманы бетіне үйіріліп тұрған мейірімді жан екен. Айтары жоқ, бір-біріне бап қосылған. Келген жағдайымызды айтып едім, екеуі де елпек қағып, құрақ ұшты. Адамды жылы сөздерімен-ақ емдеп жіберетіндей.
Бақсы тек қана жасыл түсті қазақы киімдер киеді екен. Басында жасыл пүлішпен тысталған үкілі құндыз бөрік, үстінде жасыл бешпент, иығына іліп алып жүретін құндыз жағалы ұзын шапаны мен іш жағынан киген жейдесінің өзі жасыл матадан тігілген, бұтында жарғақ шалбар, аяғында кебісті мәсі. Қолында жыланның қабығына ұқсас сұрғылтым затпен қапталған ұзын асатаяғы бар. Ауруларды сонымен түртпектеп емдейді екен. Келінімді көріп, түшкіріп-пысқырып, отпен аластап, сумен ұшықтады. Жеті түрлі шөпті суға қайнатып, оған сүт қосып, соны ішкізді. Сонымен не керек, бір апта оқып, барын сала ем-домын жасады. Жетінші күні мені жеке шақырып алып:
Еш уайымдама, келінің толық жазылады. Бірақ енді аздаған демалыс керек, үш айдан кейін тағы бір рет әкелерсің, ал қазір бара беріңдер! – Сәл кідіріп барып, – Салақсып жүрме, ем толық аяқталған жоқ, егер қайтып әкелмесең, ауруы қайтадан қозып кетуі мүмкін! Онда обалы сенің мойныңда! – деді қатаң ескертіп.
Осыдан кейін жан қала ма?! Бақсыға ризашылығымды білдіріп, айтқан уақытында қайтып әкелетінімді айтып, уәде беріп аттандым. Қуанышымыз қойнымызға сыймаса да, әбден шайлыққан көңілде күдік те жоқ емес еді.
Үйге қайтып келген соң ойланам, бақсының жүзі таныс, бір жерден көрген сияқтымын. Қайдан көрдім? Олай ойланам, былай ойланам... Әбден басым қатты. Содан бір кезде есіме түсті-ау!..
жылы Ұлы Отан соғысы басталғанын өзің де жақсы білерсің. Ауылдағы жас жігіттерді кезекпен майданға шақырта бастады. Сол жылы-ақ қыршындарынан қиылған талай боздақтың сүйегі елге қайтып оралып жатты. Содан аудандық комиссарияттан әскерге шақырту туралы қағаз келгенде соғысқа барғымыз келмей, үш жігіт алдын-ала ақылдасып алып, ажалдан қашқан Қорқыт бабамыз құсап қашып кеттік. Қазақстан мен Қарақалпақстанның ортасында Қызылқұм құмы жатыр. Осы Қазалы ауданының аумағы ғой. Ол кезде елсіз құла түз, қу медиен болатын. Сол Қызылқұмның ішінде қашып жүрдік. Сондағы кәсібіміз не дейсің ғой?! Қызылқұмның ішімен адамдар ары қарай астық тасиды, бері қарай әртүрлі зат-бұйымдар әкеледі. Соларды торуылдаймыз. Шіркін, жастық не істетпейді, маңайдағы ауылдарға жақындап келіп, шеттеу шыққан малдарды айдап әкетеміз. Сөйтіп күн көріп жаттық. Бір керуеннің соңына таман қалып қойған кәрі атанды ұстап алып, мініп жүрдік. Қосымыз бар, соны түйеге артып аламыз да, ізімізді жасырғансып, әрі-бері көшіп-қонып жүреміз. Бір жерде көп тұрақтай алмаймыз. Тым ұзап кетпейміз де. Адамдардың көзіне түсе бермеуге тырысамыз. Қысты күні де құмның іші онша суық болмайды, қосымызға от жағып отыра береміз. Қызылқұмда не көп, сексеуіл көп. Аң аулайтынымыз тағы бар. Енді қайтеміз, өлместің қамы. Осылай қысты өткіздік, күлімдеп көктем шықты. Бір күні қосымызды үлкен бір құмның етегіне тігіп тастап, шай ішіп отырғанбыз. Көзкөрім жерден шұбатыла шыққан түтінді байқап:
Ананы қараңдар, шамасы біреулер өтіп бара жатыр-ау, – дедім жерден жеті қоян тапқандай, – Байқастап көрейік, несі бар екен? – Қайтейін, тамақтан тарығып жүрген кезіміз, алдымен аузыма түскен сөз осы болды.
Үшеуміз жарыса жүгіріп жанымыздағы құм төбеге шықтық. Бажайлап көз салып едік, сонадайдан қарауытып жалғыз лашық көрінді. Төбесінен будақтап түтін шығып жатыр. Азырақ ақылдасып алдық та, аяғымызды аңдып басып, лашыққа қарай аяңдадық. Сырттай қарағанда ешқандай тіршілік нышаны байқалмайды, кіріп-шыққан адам аяғының ізі де жоқ. Жайлап жөткірініп қойып, жасқаншақтай лашықтың есігін аштық:
Ассалаумағаликум! – деп ішке кірдік. Төр жақта орта жастардағы еңгезердей ер адам малдас құрып отыр. Жападан жалғыз.
Уағаликумассалам! Уа, жігіттер, келіңдер, төрге шығыңдар, – деп ысырылып бізге орын ұсынды. – Қайдан келе жатырсыңдар?
Қазақша сөйлейді. Томпақ бет, қызыл шырайлы адам. Жүзінен нұр төгіліп, көзінен мейірім шуағы шашырайды. Секем алатындай ештеңе байқалар емес.
– Ой, ағасы, біз Қарақалпақстанға бір тығыз шаруамен жолаушылап бара жатыр едік. Лашығыңыздан шыққан түтінді көріп, арнайы бұрылдық, – дедік өтірікті суша сапырып. – Танысып-білісейік дегендей...
Әжетке жарайтын бірдеңе болса, қағып кетуді ойлап, жан-жағымызға жалтақ-жұлтақ қарап қоямыз. Іліп алар ештеңе жоқ. Тек босаға жақта көнелеу темір шайнек пен үстіне ақ шүберек жабылған ыдыс-аяқтар тұр. Сәлден кейін әлгі кісі:
Енді келіп қалған екенсіңдер, бір-екі кесе шай ішіп кетіңдер, – деді қонақжайлылық танытып. Біздің күткеніміз де осы сөз еді. Іздегеніміз алдымыздан табылғандай қуанышымыз қойнымызға сыймай тұрса да:
Айтқаныңыз болсын, ағасы! – дедік өзімізше сыпайылық сақтап. Ол босаға жаққа қарап басқа бір тілде, біртүрлі мақаммен сарнап қоя берді. Сол-ақ екен, шайнек өзінен-өзі көтеріліп келіп, ортада жанып тұрған оттың үстіңгі жағына ілініп тұра қалды. Ақ шүберек ортамызға дастархан боп жайылды, оның үстіне қойдың басындай қара нан топ ете түсті. Артынша үлкен пышақ жарқ ете қалып, бізге қарай бағытталып келе жатты. Шошып кеттік, зәреміз зәр түбіне жетті. Екі көзіміз пышақта, тұра қашуға дайындала бастадық. Бірақ, абырой болғанда пышақ бізге тақаған жоқ, өзінен-өзі нанды турады да, жанды зат сияқты қайтадан орнына барып жата қалды. Сол кезде барып «Уһ» деп демімізді бір-ақ алдық. Сосын кішкене кеселер ауада қалқып келіп, әрқайсымыздың алдымызға тұра-тұра қалды. Әлгі кісі бізбен емес, көзге көрінбейтін басқа біреумен өзгеше тілде сөйлесіп отыр. Ара-арасында әйелдің сыңғырлаған дауысы шығып қалады. Біз оның не деп отырғанын түсіне алмадық.
Аздан соң бұрқылдап қайнай бастаған шәйнек көтеріліп келіп, кесемізге кезекпен шай құя бастады. Аң-таңбыз, қорыққанымыздан тіліміз байланып қалғандай болды.
Әй, жігіттер, сендер үрейленбеңдер, шай құйып беріп жүрген жеңгейлерің ғой, – деді жаңа танысымыз жылы жымиып. Сосын тамақ батсын ба, құйылған шайдан ұрттағанымыз да жоқ. Тезірек қарамызды батыруды ойладық.
Аа... аа... Аға сау болыңыз, аман болыңыз! – деуге ғана шамамыз әзер жетті. Біз түрегеліп жатқанда ол асып-саспастан:
Әй, жігіттер, келмей жатып не болды сендерге, астарыңнан су шықты ма? – деді жайбарақат түрде. Біз оның сөзіне жарытып жауап та қатпастан, құрғақ рахметті жаудырып, алды-артымызға қарамай зытып отырдық. Тіпті қоштасуға да мұршамыз келмеді. Содан судан шыққан саршұнақтай сүмпиіп қосымызға қайтып келіп:
Мынау жын ба, пері ме? – деп қарадай қорқып жаттық. Бойымызды үрей биледі. Түні бойы әрнені бір ойлап, көз іле алмадық. «Адам сенетін нәрсе емес қой мынау. Сірә, бұл жын болу керек, бізді Құдай сақтаған шығар!» – дейміз бір-бірімізге. Бұндайды көрмек түгіл, естіген де емеспіз. Ертесіне қосты тез арада жықтық та, түйеге артып алып, «бәледен машайық қашыпты» дегендей, тұрған жерімізден едәуір ұзап кеттік. Тіршілік етуге ыңғайлы бір жерге келіп, қосымызды қайта тіктік. Ішімізде еті тірі, ку тілді бір жігіт бар еді. Соның аяқ-астынан батырсынып шыға келмесі бар ма:
«Қорыққанға қос көрінеді» деген. Бізге жалғыз адамнан қорқып не болды өзі, бұл масқара ғой, айтудың өзі ұят. Мен білсем, ол бір көз бояушы алаяқ, онда ешқандай тылсым құдірет жоқ. Қайта барып мән-жайды анықтап сұрайық, айтса айтар, айтпаса тонымызды шешіп алмас, несіне қорқамыз?! – деді бойына бір ерекше желік біткендей желпініп. Екінші жігіт те оны қостап:
Иә, айтқаның көңілге қонады, барсақ барайық. Бірақ түйе мен қосты осы жерге қалдырып кетейік. – деді сақтық ойлап.
Мен қанша жүрексінсем де, намысқа тырысып, ешқандай тоқтау сала қоймадым. Бір жағынан бұл құпияның сырын білгім келді. Сонымен бәріміз бір ортақ шешімге келіп, қайтадан кері ізге түстік. Қанша жерден жігерімізді жани түссек те, бойымызда қорқыныш басым. Әжептәуір алыстап кетіппіз. Түтін көрінер емес. «Әй, ол осы уақытқа дейін ай қарап отыр деймісің, кетіп қалған шығар, тым құрымаса орнын көріп кетейік» деп жүгіре басып келеміз.
Жал-жал болып жататын құм төбелер болады. Сондай бір құм төбеге шыққанда төменде тұрған өзімізге таныс лашықты көріп, көңіліміз көтеріліп қалды. Маңайында тірі жан жоқ. «От жақпай отырған шығар, неде болса бара көрейік!» деген ойға бекіндік. Әлгі батырсынып келе жатқан жігіт:
– Әй, ол да адам баласы ғой, бекер қорқасыңдар! Қорықпаңдар, мен өзім одан бәрін сұраймын, сендер тек қасымда қара көбейтіп тұрсаңдар болды, – деп аяғын нығыздай басады. Екеуміз артында салпаңдап келеміз. Содан зулап отырып жетіп бардық. Алдыңғы жақта қасқайып келе жатқан «батырымыз» лашыққа тақап барды да, сәл кідіріп, жөткірінді. Ешқандай дыбыс шықпаған соң:
Ассалаумағалейкум, – деп есіктен басын сұға бергені сол еді, атылған пуржинадай қайтадан кері серпілді. Арт жағында әліптің артын бағып тұрған екеумізді қаға-маға анандай жерге барып шалқасынан гүрс етіп құлады. Қапелімде не болғанын түсіне алмай қалдық. Сабазыңның көзі алақтап кеткен. «Не болды?» дегенімше болған жоқ, тіл қатуға да шамасы келмей, атып тұрып, тұра қашты. Біз де жүгіре жөнелдік. Қос өкпемізді қолымызға алып, алды-артымызға қарамай зытып келеміз. Сізге өтірік, маған шын, әлгі «батырдың» шашы тікірейіп тұрып кеткен. «Әй тоқтасайшы, тоқтасайшы» деп айғайлап келемін, құлақ асар түрі жоқ. Мұнша жүйрік болар ма, жеткізер емес. Тек анда-санда арт жағына жалтақ-жұлтақ қарап қойып, «Әй, жүгірсеңдерші, жүгіріңдер!» деп безек қағады. Зәресі ұшып кеткен. Түрінен адам шошырлық. Содан қосымызға жақындаған кезде бір-ақ тоқтады. Алқынып тұрмыз, тер басып кеткен. Ай, бір жеті-сегіз шақырым тоқтамастан жүгірдік-ау деймін.
Не болды? – дейміз ентелей түсіп.
Ойбай, сендер сұрамаңдар, мен айтпайын, Құдай сақтасын, Құдай сақтасын, – дей береді.
Әй, не болды, айтсайшы! – дейміз екі жақтап. Ол арт жаққа жалтақтап қарап қойып:
Жоқ, тезірек қосқа жетіп алайықшы! – дегеннен басқа ештеңе айтпайды. Оның аппақ қудай қуарған жүзіне қарап одан сайын құтымыз қашты.
Содан не керек, ақыры алқынып қосымызға да жеттік-ау.
Қосты жығыңдар, қашу керек, кету керек бұл маңнан! – дей береді безілдеп.
Ей, енді айтсаңшы, не болды? –дейміз тағы да қосанжарласып.
Ой, сұмдық-ай!.. Есікті аша беріп, әнеукүнгі кісінің ортада жүресінен отырғанын көріп қалдым. Оны бастарына ақ сәлде ораған бес-алты шал қоршап алыпты. Есік жақта отырған қаба сақалдысы маған жалт қарады, шіркіннің жанарының өткірін-ай, жасындай жарқ етіп, тоқ ұрғандай денемді дір еткізді. Содан көзден ұшқан ұшқынмен бірге бір алапат күш кеудемнен қатты соғып, қалпақтай ұшырды ғой. Құдай сақтасын, бұл жерден аулақ кетейік. Мен бірдеңе білсем, бұлар адам емес, жын-шайтандар. Ана лашық солардың ұясы болса керек! – деді дір-дір етіп.
Содан «байекеңе де жан керек», қосымызды түйемізге артып алып, тайып тұрдық. Қызылқұмның ішкері жағына сұғына кіріп, өзімізше із жасырғандай болдық. Бірақ, жаңағы оқиға күндіз есімізден, түнде түсімізден шықпай қойды. «Қорыққанға қос көрінеді» – деген, кез келген нәрседен шошынып, зәреміз ұшып, құтымыз қашады. Бойымызды үрей билеп алды. Жатсақ та, тұрсақ та сыртымыздан біреулер торуылдап жүргендей болып, күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылдық. Тіпті желдің уілі мен шегірткенің шырылынан да шошынатын әдет таптық. Сөйтіп Қызылқұмның ішіндегі өміріміз тозаққа айнала бастады. Содан бір күні үшеуміз отырып ақылдастық. «Бүйтіп жүре берсек, бәрібір бір күні болмаса бір күні жүрегіміз жарылып, жанымыз жаһаннамға кетер. Қашып-пысып жүріп ай далада арам қатқанша, қан майданда ерлік жасап, абыроймен өлейік!» деп шештік те, сүмірейіп-сүмпиіп ауылға қайтып келдік.
Соғыс әлі жүріп жатқан кез, әке-шешеміз болмаса, елде бізді кім еміреніп күтіп отыр дейсіз?! Әскери комиссарияттағылар өте суық қарсы алып, «Соғыстан қаштыңдар» деп, айып батальонына айдап жіберді. Айнымас дос болуға серттескен қасымдағы екі серігім сол айып батальонында жазаларын өтеп жүріп, о дүниеге аттанды. – Ақсақалдың дауысы дірілдеп, кіреукеленген жанарына жас іркілді. Қалтасынан умаждалған қол орамалын алып көзін сүртті де, ауыр күрсініп, сөзін қайта жалғады, – Ал соғыс біткен соң маған кешірім жасалды. Сөйтіп туған ауылыма аман-есен қайтып оралдым.
Елге келгеннен кейін көп ұзамай үйленіп, шаңырақ көтердім. Бала-шағалы болдым. Уақыт зымырап өте берді, шынымен де адамның ғұмыры қамшының сабындай ғана екен ғой. Содан балаларымның бәрі үйлі-баранды болды. Өмір ғой, өмірде не болмайды дейсіз, кенже келінімнің сырқатына байланысты Пауиддин бақсыға барғанымды жоғарыда айттым ғой. Жүзі таныс, бір жерден көрген сияқтымын. Содан ұзақ ойланып, ақыры есіме түсті ғой, сол баяғы жапандағы жалғыз лашықтың ішінде отырған кісіге қатты ұқсайды. Кескін-келбеті, түр-тұлғасы, тіпті дауысы мен сөйлеу мәнеріне шейін осыдан қырық жыл бұрын көрген жұмбақ адамды көз алдыма айнытпай әкеледі. Алғаш кезіккенде оның жасы қырықтарда болатын, ал мен келінімді емдетуге апарған кезде сексенді алқымдап қалған шал еді. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» демекші, кәрілік жеткенмен, жеңе алмаған. Сақал-шашы ағарып, маңдайы әжімденгенімен, жүзі сол бәз-баяғы қызыл шырайлы қалпы. Содан үйімде тыныш жата алмадым. «Қызылқұмдағы лашықта көрген кісі осы болуы керек!» деген ой қайта-қайта мазалай берді. «Жазған құлда жазық жоқ», содан үш ай өткен соң келінімді алып тағы бардым. Бір апта ем-домын жасады. Обалы не керек, барын салып, бәйек болды. Кетер күні бақсыға жеке барып, алдымен келінімнің жағдайын ашық айтуын өтіндім:
Келінің ауруынан құлан-таза айығады. Бірақ, енді намазға жығылсын! Таза жүрсін! – деді байыппен тіл қатып. – Сонда қайтып ауырмайды!
– Ақсақал, сізден тағы бірдеңе сұрайын деп едім, қалай қарайсыз? – дедім жорта сөйлеп. Ол кезде менің жасым алпысқа таяп қалған.
Иә, айта бер, құлағым сенде? – деді жылы жымиып. Не сұрайын деп отырғанымды алдын-ала біліп отырған сияқты. Мен күмілжіңкіреп аз-маз кідіріп қалдым да, бойымдағы бар күшімді жиып:
Қырқыншы жылдардың басында соғысқа барудан қашқан үш жігіт Қызылқұмның ішін біраз шарлап едік. Бірде құпия бір лашыққа тап болып, таң-тамаша күйде қалғанбыз. Соның ішінен сізге қатты ұқсайтын бір адамды көріп едік, қателеспесем, сол сізсіз-ау! Оны одан кейін көрген жоқпын, – дедім сөзімді нықтай түсіп. Бақсы басын төмен сала үн-түнсіз отырып қалды да, аздан соң:
Ой, бауырым-ай, есте сақтау қабілетің сондай күшті екен, қателеспедің! – деді кеудесін кере ауыр күрсініп. – Иә, ол мен едім!
Сол бір оқиға әлі күнге дейін ойымнан кетпей жүр. Есіме түссе, күндіз түгіл, түнде түсімнен шошып оянам. Егер құпия болмаса, сол бір жұмбақтың шешімін өзіңіз айтып бермейсіз бе? – дедім сынай қарап. – Ол жерде не істеп жүр едіңіз?
Бақсы еш бәлденген жоқ, сол баяғы сабырлы қалпын сақтап:
Оның құпия дәнеңесі жоқ. Егер шынымен білгің келсе, айтайын! – деп кең тыныстап, тамағын кеней жөткірініп алды да, әңгімесін бастады. – Әкемді осы Қазалының маңайындағы елдің бәрі біледі, әрине, көзін көргендердің көбі дүниеден өтіп кетті. Ол кісі ерекше қасиеті бар, әулиелік дарыған атақты бақсы болған. «Қара дүкен» ұстаған. Қызған темірді тілімен жалайтын адам болған, сол «қара дүкеннің» ішінде аруақтары болған. Негізі бақсылар ислам дінін онша мойындай қоймаған ғой. Солай бола тұрса да, әкемнің қойнында Құран жүретін. Алақандай ғана, сырты жылтыр кітап. «Кезінде Самарқаннан алдырғам» деп айтып отыратын. «Бұл Құран – қамқоршым, қорғанышым» деп, ешқашан жанынан тастамайтын. Тек дүниеден өтерінің алдында ғана мені шақырып алып:
Балам, елде көптеген өзгерістер болып жатыр. Тілімді алсаң, менің жолымды қумай-ақ қой, бағың байланады. Кеңес үкіметі бақсы-балгерлікті қолдай қоймайды. Бірақ, есіңде болсын, мен о дүниеге аттанғаннан кейін менің жанымда жүрген жын-перілердің барлығы сені жағалайды. Саған көшеді, саған келеді. Сені перілер өздерінің әлеміне көтеріп алып кетуі мүмкін. Сондықтан мына Құран кітапты жаныңнан тастама, әркез қойнында жүрсін. Егер бұдан айырылсаң, жер бетіндегі татар талқаның таусылады. Осыны жадыңнан шығарма! – деп құран кітабын қолыма ұстатып кетті.
Мен мәселенің мәнісін толық түсіне қоймасам да, әйтеуір оны жоғалтып алсам бір жамандықтың боларын сезіп:
Жарайды, әке, айтқаныңызды бұлжытпай орындаймын! – деп қойныма сүңгітіп жібердім.
Содан кейін көп ұзамай әкем о дүниеге аттанды. Көз жасымызды көл қыла жүріп, ақтық сапарға арулап шығарып салдық.
Әке аманатына адал болуға тырысып, қасиетті құран кітапты төс қалтамнан тастамайтын болдым. «Күндіз де, түнде де жаныңда болсын! Ешқашан алшақ қойып ұйықтаушы болма!» – деген өсиет сөзін ешқашан есімнен шығарған емеспін. Сөйтіп үш-төрт жыл бойы оны бойтұмардай бойымда сақтап, бір сәтке ұмыт қалдырған жоқпын.
Біз жылда бидай, күріш, тары, қауын-қарбыз егетінбіз. Бірде шілденің шіліңгір аптабында ауыл маңындағы дарияның жағасында егістікке су жіберу үшін кетпенмен терлеп-тепшіп арық қазып жатқам. Жиырмаға жаңа шыққан кезім, білегімде бұла күш ойнап тұрғанымен, ыстыққа шыдай алмай, денемді сергітіп алу үшін суық сумен жуындым. Киімдерімді шешіп қойғам. Қыза-қыза ұзап кетіппін. Есімнен қалай шығарып алғанымды өзім де білмеймін, құран бешпентімнің жан қалтасында қалып қойыпты. Ойымда ештеңе жоқ, бір алып еменнің көлеңкесіне барып, азырақ демімді басып алайыншы деп арқамды төсей отыра қалсам, албасты басып, қалғып кетіппін. Көзімді ашсам, басқа бір жерде жатырмын. Жұмақ па дерсің?! Жер-дүниенің бәрі жап жасыл. Басымды көтеріп, жан-жағыма жалтақтай қараймын. Маңайымда бөтен тілде сөйлейтін, бейтаныс адамдар жүр. Түрлері де, киімдері де өзгешелеу. Жер бетіндегі тіршілікке мүлде ұқсамайды, өзге әлемге өтіп кеткен сияқтымын. Менің оянғанымды байқап қалса керек, басына сәлде ораған орта жастағы еңгезердей еркек қасыма жақындап келіп:
Пауиддин, – деді күлімсіреп. Мен сасқалақтап орнымнан атып тұрдым. – Арманымыз сені осында әкелу болатын, соған қол жеткіздік. Сен перілер еліндесің! Саған сүйкімді қызымды беремін, сүйікті күйеу балам боласың, бізбен бірге тұрасың!
Содан не істерімді білмей, жанталасып жан терге түстім. Бұлқынып былай жүгірдім, жұлқынып олай қаштым, бірақ қайда барсам да сол жап-жасыл әлем. Содан жаңағы дәусары сақ-сақ күліп:
Қашып қайда барам дейсің?! Сен адамдар арасында емес, перілер елінде өмір сүру үшін жаралғансың! Әкең де солай еді. Бірақ, ол Құранды жанынан бір елі тастаған жоқ, сөйтіп бізге алдыра қоймады.
Ол кәдімгі қазақ тілінде, яғни маған түсінікті тілде сөйледі. Әйтпесе олардың тілі мен сөйлеу мәнері мүлде бөлек екен.
Содан не керек, мен перілер елінде жиырма жылдай ғұмыр кештім. Амалсыздан перінің қызына үйлендім, солармен бірге өмір сүрдім. Тілдерін үйрендім, дәстүрлеріне қанықтым, тылсым құдірет-күштерін меңгердім. Алланың әмірі-ай, перінің қызымен ерлі-зайыпты болып жиырма жылдай бірге тұрсам да, арамызда бала бола қойған жоқ. Елімді, жерімді, туған-туысқандарымды есіме алсам, санам саққа жүгіріп, ойым онға бөлініп, жүрегім қан жылайды. Сағыныштын сарғайып, жаным жабырқау тартады. Қас-қабағымды мұң торлап, кеудем шер-шеменге толады.
Қазір ойлаймын, не деген ақымақ болғанмын, Құдайдың басқа салғаны осы екен деп жүре беріппін ғой! Содан жиырма жылдай уақыт өткеннен кейін ғана «Ей, мен мұнда нағып жүрмін, ел-жұртым қайда» деп ойлана бастадым. Жер планетасына, адамдар арасына қайтып барғым келді. Жатсам да, тұрсам да осы бір ой көкейімнен кетпей қойды. Алайда «қалай кетем, туған жерге қалай жетем?» деген сауал туындаса, тұла бойым мұздап қоя береді. Содан жіпсіз байланып,тағы да екі-үш жылдай жүріп қалдым. «Неменеге кегежем кері тарта береді, перілердің неден қорқатынын, оларға қарсы күресудің амал-айласын жақсы білем ғой. Ендеше, неден қорқамын, одан да перінің қызына шындықты ашып айтып, басын айналдырып көрейін. Сөйтіп бірге қашуға көндірейін!» деген ойға бекіндім. Сосын «Ағайын-туысты әбден сағындым, адамдардың арасына барайықшы» деп күнде құлақ етін жей бердім. Көзімнен жас, тілімнен зар төктім. Перінің қызының көркі ақылы сай болатын. Өтірік айтып не ғылайын, біз бір-бірімізді шынымен жақсы көрдік. Ол мені түсінді. Сөйтіп бір күні жылап отырып келісімін берді. Тек «адамдар арасына барсақ, сен тірі қалуың мүмкін, ал мені өлтіреді ғой» деді жанары жаутең қағып. Өйткені перілер елінде арнайы жазылған заң болмаса да, тәртіп сондай қатал. Тәртіп бұзғандар қатаң жазаланады. Кешірім жасалу деген түсінік атымен жоқ. Егер қашып кетсе, перілердің оны тірі қоймайтынын жақсы білсем де, «жоқ, олай деме, екеуміздің де тірі қалуға толық мүмкіншілігіміз бар» дедім алдаусыратып. «Иә, шынымен адам баласын сағынып жүргеніңді білемін. Бірақ, мен жер бетінде өмір сүре алмаймын ғой, сен сол жағын ойладың ба» деді қыз мұңайып. Сосын амалсыздан өтірік айтуға тура келді. «Адамдар арасына барып, шамалы ғана уақыт боламыз да, кері қайтамыз. Мен адамдарды көріп, мауқымды бір басып келейінші» дедім бетім бүлк етпей. Әрине, ол сене қойған жоқ, бірақ «Жарайды, керек болса, саған деген ақ-адал махаббаттым үшін өмірімді қияйын!» деді жыламсырап. Мені шынымен жақсы көретін, маған жан-тәнімен берілген еді, байғұс.
Қыз көнгеннен кейін көп ұзамай жер планетасына жол тарттық. Перілердің елі ғарышта. Оларда алыс-жақын деген ұғым болмайды. Баратын жерлері қанша қашық болса да, зыр етіп жылдам ұшып бара салады. Келіншегімнің көмегімен оны мен де жап-жақсы меңгеріп алғам. Содан ұшып жерге түскен күннің ертеңінде сендер тап болдыңдар. Жиырма жылдан кейін қайта көрген алғашқы адамдар едіңдер. Қасымда зайыбым болды. Бірақ оған көрінуге болмайды. Сондағы дастархан жайып, шай құйып беріп жүрген сол байғұс болатын. Сендерді, яғни адамзат баласын сондай бір сағынышпен көрдім. Сол үшін ғой, дастархан жайдырып жүргенім. Егер екінші мәрте көрген болсам, ондай ыстық ықылас білдірмес едім, өйткені бізге құпияны ашуға болмайды. Содан үш-төрт күн өткеннен кейін жиырма жыл жұбымыз жазылмаған жұбайым «Елге қайтайық!» деп қыңқылдай бастады. Ол менен айырылғысы келмеді, ал мен оған көне қойған жоқпын. «Мен жер бетінде қалам, кетсең өзің кете бер, жолыңды бөгемеймін!» деп қасарысып тұрып алдым. Менің өз еркіммен қайтып бармайтыныма көзі жеткен перінің қызы «Олай болса, жарайды. Не көрсем де сенімен бірге көрем, сені тастап ешқайда кетпеймін!» деді қинала-қинала. Мен де оған әбден бауыр басып қалған едім, шыны керек, қимадым, кеткенін қаламадым. Төрт-бес күннен кейін ізімізден қуып қуғыншылар да жетті. Бізді оп-оңай тауып алды. Қыздың әкесі мен ағалары келді, олардың дәстүрі бойынша алғашқы келісте маған ешнәрсе істей алмайды. Алдымен қыздарын өлтіріп, алып кетеді. Сосын екінші рет қайыра келген кезде мені де қатаң жазалайды. Олардың алғашқы келген кездерінде сендер тағы келдіңдер ғой. Мен сол сәтте ортада әрқайсысына бір басымды иіп, кешірім сұрап, жалынып-жалбарынып отырғанмын. Сол жолы қызды менің көзімше қинап өлтіріп, мәйітін елдеріне алып кетті. Бір аптаның ішінде айналып келіп, менің де жанымды жаһаннамға жіберулері керек еді. Мен содан құстай ұшып Қазалыға келдім де, осы өзің көріп отырған үйді тез арада тұрғызып алдым. Олардың темірден өте алмайтынын жақсы білемін. Сосын олар мұсылман перілер, харам нәрселерге жоламайды. Менің ит пен мысық сияқты үй жануарларын көп ұстайтыным сол. Ал мына темір үйден шықсам, менің көзімді құртатыны айдай ақиқат. Олар төңіректеп жүрсе, мен бірден сезіп қоямын. Келмеген болса да анық білемін, ондай кезде далаға шығып, еш алаңсыз күнделікті тірлігімді жасай беремін. Десе де көбіне-көп осы темір үйден ұзап шықпауға тырысамын. Бұл үй менің жай ғана баспанам емес, жау өте алмайтын қамалым, қорғаным. Содан көп ұзамай немістің қызына үйлендім. Мұсылман емес, кәпір ғой, христиан дінін ұстанады. Ал енді бұл маған екінші қорғаныш болды. Үшінші қорғанысым – ит-күшіктерім мен мысық-мәулендерім. Менде бір емес, үш қорғаныс бар. Сондықтан онша қорқа да қоймаймын. Олар келгенмен, бәрібір мені ала алмайды. Тіпті енді менің керек болмай қалуым да бек мүмкін, қартайдық қой! Міне менің басымнан өткізген жағдаятым, көріп-білгенім осы. – деп әңгімесін аяқтаған еді Пауиддин бақсы.
Ұзақ жылдар бойы көңілімді күпті еткен сол бір құпия кездесудің сыры ашылып, түйіні тарқатылған соң, әрі келінімнің сырқатынан жазылатынын естіп-білгеннен кейін бақсыға алғысымды айтып, аздаған ақысын беріп, үйге үлкен қуанышпен оралдық. Содан кейін бақсыны көрген жоқпын. Тек, жаны жәннатта болғыр, кейіннен дүние салғанын естідім, – деді Бекен ақсақал да ауыр күрсініп қойып.
Сол келініңіз қайда қазір? – дедім не нәрсені болсын толығырақ білуге құмартып тұратын әдетіммен.
Бағанағы шай жасап жүрген сол келінім ғой! – деді ақсақал күлімсіреп, – Иә, көмейіңде қандай сауалдың тұрғанын біліп тұрмын. Содан кейін келінім шынымен ауыруынан құлан-таза айықты. Құдайдың бұнысына да шүкір! Ең тәуір келінім де осы. Жаққаннан кейін ғой, қолында тұрып жатырмын! Өзімді сыйлайды, аталап, құрақ ұшып тұрады. Бізге одан артық не керек, қарағым! – деді жайдарылана. – Жамандықты да, жақсылықты да көрдім, аш та болдым, тоқ та болдым. Біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей, ел қатарлы өмір сүрдім. Тағдырыма ризамын, өмірге еш өкпем жоқ. Енді Құдайдан бір-ақ тілегім бар. Балалардың еш жамандығын көрсетпей, солардың алдында алса, арманым жоқ!
Мен Бекен ақсақалға ағынан жарыла әңгіме айтқаны үшін рахметімді жаудырып, сыртқа шықтым.
Күн қызарып ұясына батып барады. Аузында Алласы, жүрегінде иманы бар сексендегі қарттың өтірік айтпайтынына сенгендіктен де әңгіменің әсерінен арыла алар емеспін. Осыдан кейін перілер мені де көтеріп әкететіндей көрініп, бойымды біртүрлі қорқыныш сезімі биледі. Қою қараңғылық түспей, тезірек қонақ үйге жетіп алуға асығып, аяғымды жылдамдата басып келемін.
Кенет ту сыртымнан күбірлеген дыбыстар естілгендей болды. Дауыс тіпті құлағымның дәл түбінен шығатын сияқты. Сасқанымнан арт жағыма қарауға да батылым бармай, алға қарай тұра жүгірдім.
Зымырап келе жатқанмын, аяғым бірдеңеге шалынып кеткендей болды да, екпіндеп келіп, етпетіммен құладым. Ар жағы есімде жоқ. Көзімді ашсам, міне қызық, жап-жасыл бақтың ішінде жатырмын.
Думан РАМАЗАН
Фото: Ашық дереккөзден