«Әбден ескірген тәсілмен жүре беруге болмайды». Думан Рамазан Жазушылар одағының төрағалығына кандидатурасын ұсынды
Түкке қажеті жоқ жиындардың барлығын қысқартып, немесе басқаша, жаңаша форматта өткізуді ойластырып, жаңаша жұмыс істеуге көшу керек
Жазушы-драматург Думан Рамазан фейсбук парақшасында Жазушылар одағының төрағалығына өзінің кандидатурасын ұсынып, жазба жариялады. Ол Жазушылар одағына жаңа леп, сілкініс керек деп есептейді. Айтуынша, «Бұрынғы Кеңес дәуіріндегі әбден ескірген, іске алғысыз тәсілмен жұмыс істеуге, ілініп-салынып жүре беруге болмайды. Ескі сүрлеу-соқпақтың бәрінен арылып, жаңа, тыңнан жол салуымыз керек. Жаңа заманға сай жаңарып, жаңғыруы керек! Батыл реформалар жасау керек!».
Кандидат Думан Рамазан Жазушылар одағының қазіргі мүмкіндігін пайдаланса көп шаруа атқаруға болады дейді.
«Жазушылар одағының ғимараты бар, ондағы жалға берілетін бөлмелер бар, жиын өткізетін кең залы бар, Шығармашылық үйі бар, мемлекеттік тендерлерден түсетін қаржы-қаражат бар, егер істің ебін тапса, өзін-өзі ақтайды деп ойлаймын. Одаққа түскен әр тиынның орнымен жұмсалуын қатаң қадағалап, ерекше бақылауда ұстаса, оңды-солды шаша бермесе, көп нәрсе тындыруға болады. Жыл сайын одақтың кіріс-шығысын есептеп, есеп беріп отырса, жұртшылықта да ешқандай күдік-күмән тумайды. Заманға сай бәрі ашық болуы керек. Түкке қажеті жоқ жиындардың барлығын қысқартып, немесе басқаша, жаңаша форматта өткізуді ойластырып, жаңаша жұмыс істеуге көшу керек. Бұл жағынан алғанда да істеймін деген адамға Қазақстан Жазушылар одағында мүмкіндік мол».
Оқи отырыңыз: «Бір өкпесі бар сияқты...». Ұлықбек Есдәулет Ақберен туралы айтты
Сонымен қатар жазушы өзі еңбек ететін «Жұлдыз» журналының мүшкіл халіне тоқталып, одақ құрамындағы басылымдарды дамыту жайында пікірін білдірген.
«Өзім қызмет істейтін «Жұлдыз» журналында іске жарайтын дені дұрыс бір компьютер, бір принтер жоқ. Жазушылар одағының қазіргі жалпы жағдайы осындай. Бәрін жаңалауға, жарақтандыруға, дәл соған қаржы табуға болады. Журналистердің, «Қазақ әдебиеті» мен «Жұлдыз» журналының қызметкерлерінің алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдай жасауға, мол мүмкіндіктер тудыруға толық мүмкіндік бар. Ол үшін тынбай, жатпай-тұрмай жұмыс істеу керек»,-дейді ол.
Одақ төрағалығына үміткер заманға ілесу керектігін айтып, бірқатар ұсыныстарын жіпке тізеді. Ол қазақстандық қаламгерлерді әлемге таныту бағытында өз идеяларын ұсынады. «Шетел Жазушылар одақтары мен қаламгерлерімен тығыз байланыс орнату керек. Ол жасанды емес, табиғи жолмен өрілсе, нәтижелі болмақ. Мәселен, Жазушылар одағының жанынан «Әлем әдебиеті» журналын немесе «Әлем» альманағын қайта шығаруды қолға алу керек. Соның төңірегінде көптеген іс-шараларды жүзеге асырса, өз жемісін береріне еш күмәнім жоқ. Шетелдік әдеби басылымдармен де қарым-қатынасты жандандыру керек. Өзіміздің және шетелдік аудармашылармен жүйелі жұмысты қолға алатын мезгіл жетті»,- деп мәлімдейді Д.Рамазан.
Қаламгер сондай-ақ, «Әдебиетті қолдау қорын» ашу, мүшелік билетті топтап үлестіре бергенді тию, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының мәртебесін көтеру, талантты жастардың Президенттік һәм мемлекеттік стипендияларға көптеп ие болуы, жас қаламгерлердің баспана мен тұрғын үй тұрғызу үшін жер телімдерін алуына мұрындық болу қажеттігін айтады. Думан Рамазан Жазушылар одағының ең басты міндеті, қаламгерлерді, қолдау, қорғау екенін баса айтқан. «Одақ қаламгерлерге тек қысылтаяң кезде ғана емес, бейбіт күнде де қорған бола білуі тиіс»,- дейді ол.