«Бір өкпесі бар сияқты...». Ұлықбек Есдәулет Ақберен туралы айтты
Ұлықбек Есдәулет Одақ төрағалығына қайта түсетінін мәлімдеді
Күні кеше Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек фейсбукке «Келе жатқан Құрылтайда қойылатын спектакльге қатысуға құлқым жоқ» деп жазып, қызметінен кеткен болатын. Ақынның жазбасы желіде қызу талқыланды. Оған Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің қабылдауында болуы да әсер еткен секілді. Бүгін осы мәселе жөнінде Ұлықбек Есдәулет Nege.kz сайтына сұхбат берді.
«Оның айтып тұрғаны алда өтетін Құрылтай ғой. Бәлкім, Жазушылар одағының төрағалығына түскісі келді ме екен, біреу оған «Сен бәрібір өтпейсің» деген бе, білмеймін ғой. Сондай бір өкпесі бар сияқты...
Бірде ол менен осы туралы сұрады. «Түсем десең, түс» деп едім, «Жоқ, түспеймін, өтпейді екенмін, білдім. Бірақ маған дауыс беретін жастармен келісіп қойып едім», – деді. Бірақ одақтан кететіні жайында әлгіндей пост жазады деп ойламаппын», - дейді Одақ төрағасы.
Сұхбатта Ұлықбек Есдәулет құрылтайдың жазға қарай өтетінін, төрағалыққа қайта түсетінін айтады. «Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин да қолдайтынын айтты. Президент әкімшілігіндегі кураторымыз Аида Ғалымқызы да бізге жақсы баға беріп отыр», - деп мәлімдеді Ұ.Есдәулет.