Қалижан Бекхожин жырлары

Қалижан Нұрғожаұлы Бекхожин 1913 жылы 15 желтоқсанда Павлодар облысында туып, 1990 жылы Алматы қаласында қайтыс болған. Ақын, драматург, аудармашы. Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан.

Malim Админ

  • 27.08.2024

ШЕТ ӨЛКЕДЕ, ЖАТ ЕЛДЕ

Шет өлкеде, жат елде,
Туған жерден тым жырақ,
Түн күзетте жүргенде –
Түндей қатып тұнжырап.


Маған дұшпан көрінді,
Мынау саған табиғат.
Әлде неден сумаңдап,
Сиқырлы өзен ақты екен?

Оқтар өтті зымырап,
Әлде кімді атты екен?


Сұп-сұр суық жат ағаш,
Сусылдайды жапырақ.
Түксиіп түр қара тас,
Бәрі мені жатырқап...


Шет өлкеде, жат елде,
Түнерген тау өзегін,
Түнделетіп жүргенде,
Түсті есіме өз елім,
Қайран менің өз елім,
Туған тауым, орманым,
Аспаны алтын кең далам,
Кең пейішім – қорғаным!
Сүйікті еді орманым,
Жасыл ағаш, гүлімен
Сүюші едім сондағы,
Сайраған құс үнін мен.
Онда таудың тасы да,
Менің ескі танысым.
Менің сыршыл досым да
Шулы өзен ағысы.
Туған жердің түні де
Сырлас еді менімен,
Алатаудың гүлі де
Маған қыз боп керілген...
Тұр жарқырап есімде
Қаракөзбен жүргенім.
Түнгі бақтың ішінде
Сүйіскенім, күлгенім.
Енді маған бұл жақта,
Үрей салды түн мынау,
Шулы су да, жапырақ та,
Бәрі маған болды жау.
Енді менің үстімнен,
Албастысы аттамақ,
Серігім сен, күштім сен –
Сақ бол досым, автомат!

 

САҒЫНЫП МЕН КҮТТІМ

Сағынып мен күттім,
Сәулемді, жарымды,
Отымен үміттің
Жандырып жанымды.
Көп болды кеткелі,
Бір хабар алмадым,
Сарғая күткелі
Көбейді арманым.
Үмітпен күн өтті
Бұлдырап сағымдай.
Өртеді-ау жүректі,
Қайтейін сағынбай...
Тарқатты сағымды
Сұрланып суық бұлт.
Күйдірді жанымды,
Әлді деп оны жұрт.
Ойға алып жұрт сөзін
Үмітім сөнбеді.
Мен күтсем сүйіктім,
Келеді, өлмейді.
Көп күткен ғашығын
Көруге ынтызар.
От майдан ашуын,
Басар да бір шығар.
Сағындым, мен күттім,
Сәулемді, жарымды.
Отымен үміттің
Тербетіп жанымды.

 

СИҚЫРЛАНБА АЛДЫМДА

Сиқырланба алдымда
Аулақ менен сұлулар.
Мені күткен ауылымда
Сүйіктім бар, жарым бар.


Жүрек отын сол алған
Сақтап отыр ол үйде.
Жақындама сен маған
Мен оныкі, сен тиме.


Соның оты жанымда,
Жүрегім жоқ суынар.
Сиқырланба алдымда
Аулақ менен сұлулар.

 

ДНЕПРДЕ

Тулай ағып тынымсыз,
Дүрілдеген Днепр.
Жағасында сұлу қыз,
Жыламсырап неге тұр?


Алып қашып келеді,
Қайықты бос толқындар.
Қайғырғаны сол еді –
Келмеген соң қайтып жар.


Қалды ма екен толқында,
Аударылып қайықтан?..
Әлде жары тағы да,
Келер ме екен ғайыптан.


Ағып жатыр Днепр,
Толқындатып үмітті.
Көрінер деп көзге бір,
Қарап жарын қыз күтті..

 

ТЫМ АСЫҒЫП КЕЛЕМІН

Тым асығып келемін туған жерге,
Бір сағыныш лапылдап тұр кеудемде.
Жүрегімде махаббат жалындаған,
Жүргенімде көңілсіз өлкелерде.


Сағындым сені анамдай туған жерім,
Көзіме ыстық таулы, белеңдерің.
Сағынышты саялы ормандарың,
Күркіреген көк түсті өзендерін.


Сағындым мен сағымын кең даланың,
Сол далада шырқалған шаттық әнін!
Аңсап келем көруге, құшақтауға
Мен елімнің ақ пейіл ер адамын.


Сағындым мен саяңды төрт жыл көрмей
Сансыз жылдар айрылып көрмегендей.
Көрсем де мен талай жер, талай елді,
Көргенім жоқ ұлы елді бірақ сендей!

 

ҚАРАҚҰМ

Қара сұр қалың мұздай қуқыл жазық,
Үстінде аласапыран құм құлазып,
Жөңкіген жойқын тобыр секілденіп,
Тас бұрқан сұрапылын қырға жазып.


Дауылы жоталарды жүндей түтіп,
Қаңғыған құла дүзде құм құтырып.
Жандырған селдір-селеу дала түгін
Жалақтап қызыл жалын жел жұтынып.


Жәндік те, жануар да, шошып аң да
Тыным ап тұра алмаған осы маңда.
Асыр сап алапат құм жөнелгенде,
Бәрі де олжа болған тас боранға.


Бұл жерде бота боздап, аң азынап,
Ұйтқытып құм құйынды жел аңызақ.
Баяғы баяу бұлдыр заманадай
Қарақұм қарауытып жатқан ұзақ.


Нәлетін айтып ылғи аң да, адам да,
Жоламай кеткен бәрі сұр жапанға.
Ғасырлар керуені күңіреніп,
Басыпты Қарақұмға қарғыс таңба.


Өріне сол жапанның барып тұрмын;
Қозғалды құмда жаңа тарих бүгін:
Қалың жұрт Қарақұмда шабуылда
Жүр екен жоталардың жарып құмын.


Көрдім мен – самолеттер ұшты самғап,
Тілімдеп Қарақұмның көгін шаңдақ.
Жалын бет жауынгердей жорықтағы
Кезіп жүр инженерлер құмды шарлап.


Адырлы. құмның заңғар асулары,
Әлі де құлан ойнақ асыр маңы.
Теңізді тітірентіп крейсердей,
Барады гулетіп жұрт машинаны.


Бұрғысы сүңгіп терең бұрғышының,
Толғанып топырақтың түрлі сырын.
Алқымдап жатыр экскаваторлар
Басуға айқай-сүрең құмның шуын...