457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Құлыншақ ақын өлеңдері

Құлыншақ Кемелұлы– 1840 жылы Созақ ауданы Жартытөбе ауылында дүниеге келіп, 1911 жылы өайтыс болған. Ақын. Құлыншақ ескіше сауат ашып, Шығыстың қисса- хикаяларын көп оқыған. Өлең шығарып, терме, жыр айтқан.

*  *  *

Ауылдан шыққан күні Көлбай қондым,
Қондырмаймын десе де болмай қондым.
Ат жемін қонақ ед деп бермеген соң,
Тақыр жерге иірген қойдай болдым.

 

*  *  *

Сен едің Рысқұлбек бұлғақтаған,
Көргенше болдым ғашық шырақтаған.
Құсындай ителгінің теуіп өткен,
Бар екен бір мінезің шұнақтаған.

 

*  *  *

Ішпеймін қымызыңды, шөлдесем де,
өзіңді білуші едім көрмесем де.
Қазақтың алыспаған еншісі бар,
Ештеме алып, ештеме бермесем де.

 

*  *  *

Адамзат келер-кетер, жүзге келер,
Бәрібір үйде өлсең де, түзге көмер
Қайыр-қош, аман боп тұр, қайран елім,
Ағайын енді қайда бізге келер.

 

*  *  *

Әңгімесін естісең,
Жаһаннан асқан ұлама.
Қылған ісін байқасаң,
Батқандай белден күнәға.
Күндіз сопы болса да,
Бұзылар көңілі қонаға.
Арызға келген әйелден
Сұрайды шеттеп шола да.
Бұрынғыдан қалған сөз:
«Айтқанын қыл молданың,
Қылғанына жолама».

 

*  *  *

Керілген етек жақсы керме қастан,
Шөп шығар, жаңбыр жауса, қара тастан.
Дәулетке ерге біткен едіреңдеп,
Көзіңе көрінбейді жер мен аспан.