Шәкәрім жырлары
Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931) – ақын, жазушы, философ, тарихшы. Абайдың ізін жалғаушы шәкірттерінің бірі. Орыс, парсы, араб, түрік тілдерін жетік меңгерген. Алашорданың бас биі болған. Кеңес одағының арнайы жасағы атып, сүйегін құдыққа тастаған. Ақын 1988 жылы ақталды.
АТАДАН ҚАЛҒАН АҚ САУЫТ
Атадан қалған ақ сауыт
Арамға әбден былғанды.
Басшысы жоқ сорлы елдiң
Малы мен басы ылғанды.
Тасбиықты тастап тас алып,
Сәлде аяққа шұлғанды.
Өнер қылды «жақсылар»
Қасқырша елiн жұлғанды.
Жала жауып жалмайды
Жазасыз қарап тұрғанды.
Елерiп, ерiп көп ел жүр,
Бiлмейдi құдай ұрғанды.
Түпсiз жауға санайды
Түзу жолға бұрғанды.
Жұрт не десе, үй десiн,
Мен үшiн ешкiм күймесiн.
Өздерi-ақ ұлып, шұбырып,
Ылыққан иттей күйлесiн.
Айта алмайсың дұрысын,
Алаяқ бәрiң ұрысың.
Жуанды сүйеп ел жеген
Басшыларың құрысын.
Қазақтың көзсiз баласын
Қаңғытып қайда барасың.
Арыңды сатып арамға,
Адалдап қалай аласың?
Партия қуып шулап өт,
Қызметте өңкей екі к...
Арамды қолдау маған ар,
Бергендерің жөн байкот.
ӨЛІМНІҢ ХАҚ ЕКЕНІН КӨРСЕҢ ДЕ
Өлімнің хақ екенін көрсең де,
Өлместей омыраулап шатасың.
Доздақтың барын біліп жүрсең де,
Күнәға, әлің келсе, батасың.
Сауап көп ғибадатта десең де,
Жалығып, жалқауланып жатасың.
Алланың адал ризығын жесең де,
Арамды әдейі іздеп татасың.
Сыртыңды сыланасың өң беріп,
Ішіңнің түзетпейсін қатасын.
Айламен алдағанды жөн көріп,
Адамды аң орнына атасың.
Жалғанның бір пайдасын көргенде,
Арланбай, арыңды да сатасың.
Алланың ақ өлімі келгенде,
Амалсыз қара тастай қатасың.
АҚЫЛДАН ОЙҒА СЫР ТАРАП
Ақылдан ойға сыр тарап,
Үмiттiң шамы жанған күн,
Жар есiркеп берi қарап,
Нұрына жүрек қанған күн.
Ескi иманды отқа өртеп,
Асыл иман алған күн,
Асық жарды таптым деп,
Хақиқатқа нанған күн.
Саяз ойлы сыншылдың,
Қаруы адыра қалған күн.
Кеудесi тар күншiлдiң,
Үмiтiн өрт шалған күн.
Жар нұрына мас болып,
Жаралы жүрек талған күн,
Баянсызға қас болып,
Аққа көңiл салған күн.
Тауып алып тiлектi,
Ұстап тұрып бiлектi,
Саналы шерлi жүректi,
Сары алтынға малған күн.
***
Жапанда жалғыз жаттым елден безiп,
Жалықсам, аң қараймын тауды кезiп.
Оңашада жатқанды ұнатамын,
Елiмдi ел қылмасын ерте сезiп.
Жауға қатын, жақынға жалмауыздар
Жалықпай көк малтасын жүрсiн езiп.
ТӘҢІРІ МЕН ЖАН
Күн аязда терезеге
Неше түрлі гүл түсер.
Мұнша әдемі түсті неге
Кім түсірді?- Ой жібер.
Нысабыңмен ойласаң сен,
Істей алмас оны адам.
Ең адамның шеберінен
Соны салған жан шебер.
Сипатын көр тосып ал да,
Жапалақтап жауса қар.
Таза тексер көзді сал да,
Қандай оның түрі бар?
Таң қаларсың, ойға салсаң,
Қар жасаған шытырасын.
Жаралыстан ғибрат алсаң,
Болар едің ойқұмар.
Неше түрлі гүл, жапырақ,..
Әрбіреуін қолыңа ал.
Құры көрігп қойма бірақ,
Онда не бар ойға сал.
Түсі қандай, түрі қандай,
Тамыры бар неше тал.
Тесе қара, тексере алмай
Ұқпадым деп айтпа жал.
Өлсе өсімдік, тіріледі,
Күн жылынып, тамса су.
Кейі тамақ, кейі шарап,
Кейі дәру, кейі у.
Тән - терезе, ой қожасы,
Оймен анық байқасаң.
Бар ғылымның түп атасы -
Таза ақыл мен ойлану.
Тағы бір шөп ортасында,
Тіпті, тәтті балы бар.
Тарауының ең басында,
Өткір ине талы бар.
Балға қонса бір шыбын кеп,
Шаншылады инелер.
Қылды қорек шыбын шөп жеп,
Таң қаларлық хал бар.
Зор мұхиттың дариясының
Ең түбінде бар балық.
Денесінде сол балықтың,
Бір нұры бар жап-жарық.
Сол жарықтың арқасымен
Тамақ аулап күн көрер.
Оқы ғылым, нанбасаң сен,
Жалған емес, бұл анық.
Сиқырына таң қалатын
Тас бар, аты - магнит.
Темір оған құл болатын,
Бар осындай қасиет...
Магниттің қуаты еді
Қыбылнама дегенің.
Терең оймен тексереді,
Табады ақыл керемет.
Мына маржан - судан өскен
Тал сияқты, жануар.
Адам еді оны кескен,
Тағы өсетін жаны бар.
Тіпті кетпес еш жоғалып,
Байқасаңыз, барша жан.
Тағы дене тауып алып,
Тағы өседі қайтадан.
Түрлі жанда дене түрлеп,
Өзгеріп тұр бұл ғалам.
Жоғалатын нәрсе жоқ деп,
Айтты ғылым байқаған.
Көзге сеніп, ойға сенбей,
Жанды жоқ деп қаңғырып,
Адасып жүр ақты көрмей,
Көнді соқыр көп надан.
«Ана сансыз кереметті
Кім жаратса,- тәңірі сол!»-
Десе нетті, қойса бетті,
Хақиқатқа жайнаған.
Шала дін мен қате пәннің
Сөзіне ерме, маған ер.
Міне жаның, міне тәңірің,
Міне дінің, міне иман.
***
Шын асықтың әрбiрi,
Өлiп топырақ болды да,
Жаралыстың тағдыры,
Жаратты менi орнына.
Жарының нұры қосылған,
Мол керемет менде бар.
Жалғыз жарға шоқынған,
Қайда мендей пенде бар?
Менiң жарым қыз емес,
Хақиқаттың шын нұры.
Оны сезер сiз емес,
Көзге таса бұл сыры.
Жасырып тұр жар өзiн,
Бас көзiмен қарама.
Жүрегiңнiң аш көзiн,
Жардың сырын арала.
Көрем десең жарымды,
Мас бол, жүрек тазала.
Өртеп жiбер барыңды,
Қарсы ұмтылып қазаға.
Көрсең, оған бас ұрып,
Етегiнен айрылма.
Не көрнеу, не жасырып,
Нәпсi ісiне қайрылма!
Бұл сәлемдi есiңе ал,
Егер жетсең тiлекке.
Жар қанжары маған бал,
Сұқсын сорлы жүрекке.
Талай асық жаралсын,
Жар ағызған қанымнан,
Жер жүзiне таралсын,
Жүрегi таза естi жан.
Сайтан қашып асықтан,
Асыл озып жасықтан,
Бейiс болсын бұ жалған,
Кеудеден кетiп сасық қан.
ҚАЗАҚТЫҢ ТҮП АТАСЫ
Қазақтың түп атасы – батыр Түрік,
«Арабсың» деген сөздің түбі шірік.
«Пәленше сахабаның затысың» деп,
Алдаған дін жамылған өңкей жүлік.
Адамның тұқымынан – Нұқ пайғамбар,
Үш ұлы – Хам, Сам, Яфас, міне, осылар.
Яфастың бір баласы Түрік деген,
Өрбіген сонан өсіп талай жандар.
Болады араб жұрты – Самның ұлы,
Біледі шежіренің бәрі мұны.
Түріктің шын аты екен Надұлұше.
Түрік деп неге атанды тыңда соны.
Қарлы Алтай қатты суық тауда жүріп,
От жаққан Надұлұше оймен біліп.
Суықтан сөйтіп елін сақтаған соң,
Түрік деп хан көтерген патша қылып.
Оқ өтпес – түрік деген – темір тұмақ,
Ат қойған ұйқастырып елі тым-ақ.
Жан сақтар темір киім, от ел сақтар,
Емес пе жарасымды, көрсең сынап.
Аталған сөйтіп Түрік Надұлұше,
Ол кезде жылдар өтті мыңдап неше.
Түріктен шыққан талай сайыпқыран,
Жер жүзі тітіренген түрік десе.
Кім білмес баяғы өткен Оғұзханды,
Қаратқан қол астына талай жанды.
Басында Азияны түгел билеп,
Үрім, Парсы, Арабтың да көбін алды.
Жазады талай елдің жазушысы,
«Адамның өзгеше, – деп, – қылған ісі».
340 жыл бұрын пайғамбардан,
Атағы жер жүзіне шыққан кісі.
Оғұзхан – Мұғылханның немересі,
Қарахан еді оның өз әкесі.
Ерлігі, естілігі, әділеті,
Әлемде болған емес бір теңдесі.
Айтайын Атилланың қылған ісін,
Сиқыр деп ойлаған жұрт қайрат, күшін.
Азияны түгел билеп, Европаның
Көбі ауған Атилладан қорыққаны үшін.
Атилла – Мұнжықханның баласы еді,
Басы үлкен, кеудесі кең, аласа еді.
1500 жылдай болды өлгеніне,
Оның да қылған ісі тамаша еді.
Қайтейін айта беріп алған жерін,
Атаңның ойға түсір сондай ерін.
Қор болып осы күнде отырсың да,
Қозғалсын өткенді ойлап іште шерің.
Кім білмес кешегі өткен Шыңғысханды,
Жартысын дүниенің түгел алды.
Талайын Европаның бас игізіп,
Қорқытып Қытайға да алым салды.
Қолына туып еді қан уыстап,
Әлемді билейтұғын үлгі нұсқап.
Қойылған Шыңғыстауға соның аты,
Өзенін осы хақан кеткен қыстап.
Ортасын араб, қытай түгел алып,
Азия, Европаға жарлық салып.
Мейірімді, алған елге әділетті.
Кетеді, қарсыласса, қанға малып.
800 туғанын жылға толды,
Темучин атын бұзып, Шыңғыс қойды.
Шыдамды Шыңғыс деген мықты демек,
Отызға келмей тұрып бақыт қонды.
Ол туған Бүлүнжылдық деген жерде,
Рахымды қол астында кірген елге.
Не дінге, не ғұрыпқа қол сұқпаған,
Ой жібер, міне, осындай кемеңгерге.
Кешегі Әмір Темір қандай еді,
Әлемге жаққан жарық шамдай еді,
Міне оның туғанына 600 жыл,
Батырдың сайыпқыран маңдайы еді.
Әкесі Тарағай да батыр еді,
Кіші деген жерді билеп жатыр еді.
Ту ұстап Әмір Темір атқа мінді,
Жазасын талай жауы тартып еді.
Шыңғыстың алған жерін о дағы алған,
Болмайды бұл сөзімнің бірі жалған.
Түріктің хан Йылдырым Баязитін
Ағашқа жеңіп ұстап таңып алған.
Дұшпаннан қарсы келсе қан ағызған,
Бір емес мұндай қанды көп ағызған.
Алғанда Асфаһанды көп соғысып,
Жетпіс мың бас сүйектен үй салғызған.
Түріктен талай сабаз батыр келген,
Шыққан ба ондай батыр бөтен елден.
Қытайды шабамын деп бара жатып,
Ол Темір дәл жетпіс бір жасында өлген.
Кім білмес кешегі өткен Тоқтамысты,
Орыстан алым алып, көрдей қысты.
Қазақ пен ноғайлының ақындары,
Едіге, Тоқтамысты жыр қылыпты.
Демеңіз атақтының бәрін де жаз,
Жазуға түгел теріп жетпес қағаз.
Кейінгі айтылатын сөзді тыңда,
Түріктен тағы қандай шыққан сабаз.
Жоғарғы айтқанымды қылсаң пайым,
Құя бер құлағыңа ұққан сайын.
Бұл күнде Стамбулда бөлек тұрған,
Айтайын енді Оспанды түрік жайын.
Түріктің Сақа деген бір табы еді ол,
Тауына Гималайдың барыпты ол.
Сақадан қаңлы деген тап бөлініп,
Баруға Үрім жеріне тартыпты жол.
Солардың кеткеніне 700 жыл,
Айтылды біраз одан, оны да біл.
Кез болып кезіп жүріп зор бақытқа,
Қандай бақ берді тәңірі, соны есеп қыл.
Қаңлының ханы болған Қия деген,
Жер алып, ерлікпенен ел билеген.
Ол өліп, жалғыз ұлы ер Сүлеймен,
Сол жерден қайта көшіп, жөнеп берген.
Евфраттың дариясына келіп жеткен,
Су тасып, нөсер құйып асқан шектен.
Алды-артқа қаза келсе қарата ма,
Қапыда ер Сүлеймен суға кеткен.
Талапты тағдыр оған бала берген,
Қайраты, ақылы артық дана берген.
Ер Тұғырыл – Сүлейменнің жалғыз ұлы,
Сол жерде 400 үймен қала берген.
Көшсе де өңкей қаңлы, көшпей қалған,
Ерлікпен маңындағы елді алған.
Бірталай аз уақыт әскер жиып,
Ер Тұғырыл есті батыр деп аталған.
Хан емес, көп әскердің басы болған,
Қартайып сүйтіп жүріп жасы толған.
Орнына Оспан деген ұлы отырып,
Ер Тұғырыл 90 жаста опат болған.
Осы Оспан көп ел алып хан болыпты,
Ақылды, аса айлалы жан болыпты.
Келгенше осы кезге сол ат өшпей.
«Оспанды түрік» деген даң болыпты.
Ұғып ал осы сөзді, жас ұландар,
Өз баурың ол түрік те, осыны аңғар.
Құл болып біз қорлықта отырсақ та,
Көп шыққан атамыздан арыстандар.
Шыңғыстың үлкен ұлы Жошы хан ғой,
Баласы Бату-дағы батыр жан ғой.
Сарт, ноғай, қалмақ, қырғыз, қыпшақ,
Басында бәрі соған қараған ғой.
Орысты алғаш алған Бату өзі
1243 жылдың кезі.
«Сағымға садақ ілген Сайын хан» деп,
Батуға қойылған ат лақап еді.
Батумен бір туысқан Тоқай темір,
Көшпелі Көк орданы сол билеп жүр.
Біздің ел онда қазақ атанған жоқ,
Сарт, ноғай, қазақ, қалмақ – түбіміз бір.
Батудың жұрағаты – Өзбек хан,
Тұсында болған екен ол мұсылман.
«Дін қалды Өзбектен» деген мақал,
Қалмайды әлі күнге аузымыздан.
Темірхан – Тоқайтемір жұрағаты,
Дейтұғын Орманбет хан лақап аты.
Айнытпай атасының орнын басқан,
Түріктің ол дағы бір асыл заты.
1446 жыл келгенде,
Орманбет қаза жетіп ол өлгенде.
Таласып, зор хандыққа ұсақ хандар,
Быт-шыт қып ноғайлыны төрт бөлгенде.
Астрахан, Қырым, Қазан қаласында
Болыпты төрт бөлек хан таласында.
Билеген бергі шетті Әбілқайыр
1450 жылдың шамасында.
Осы кез біздің «қазақ» атанғандық,
Түрікте бір әдет бар ескі заңдық –
Тамызып, қанын сүтке қосып ішіп,
«Анда» деп жасайды екен туысқандық.
Туысқа анда болған қарамайды,
Жақын деп қан қосылмай санамайды.
Ішсе де қай ұрумен қанын қосып,
«Бір туған жақыным» деп бағалайды.
Құралған әр рудан қазақ басы,
Анда боп қан қосылған қарындасы.
«Ел болып, өз еркімен еркін жүрген»
Деген сөз – қазақтықтың мағынасы.
Қазақтың Әз Жәнібек ханы болған,
Билеген сыртын ноғай заңы болған.
Арғынның арғы атасы Дайыр қожа,
Дейтұғын бір әділ би тағы болған.
Ол биді Әбілқайыр жақсы көрген,
«Ақжол» деп оң тізеден орын берген.
Қобыланды қара қыпшақ батыр еді,
Намыс қып күндестікпен шайтанға ерген.
Өлтірген аңдып жүріп Ақжол биді,
Қазаққа осы жұмыс ауыр тиді.
Қысасқа Қобыландыны өлтірем деп,
Жар салып, Әз Жәнібек халқын жиды.
Жалынған «үш кісінің құнын ал» деп,
Алмаған «бізге керек емес мал» деп.
Бермеген Әбілқайыр Қобыландыны,
«Мұны өлтірсең, қалған ел бұзылар» деп.
Сондықтан өкпе қылып қазақ көшкен,
Қыпшақты шауып-жаншып, қатты өштескен.
«Шудағы Шағатайдың нәсілінен,
Қараймыз Мұғылтемір ханға» дескен.
Әскерін үшке бөлген Әз Жәнібек,
Ұлы жүз, орта жүз бен кіші жүз деп.
Шағатай тұқымынан Ахмет-Алаш.
Үстінен көшкен елдің тұрған билеп.
Ол кезде қазақ, қалмақ жерге талас,
Болса да тұқымы бір, заты аралас.
Ахметті «Әзірейіл алашсың» деп,
Қалмақтар оның атын қойған Алаш.
1500 жыл боларда батыр Шайбақ,
Нәсілін Әмір Темір түгел айдап.
Самарханд пен Бұқарды тартып алып,
Ташкентке де кіріпті көзі жайнап.
Соғысқан Оратөбе деген жерде,
Ұқсаған ағызған қан аққан селге.
«Өзбек – өз ағам, сарт – садағам» деп,
Болысқан сонда қазақ Шайбақ ерге.
Бұл Шайбақ – Әбілқайыр немересі,
Атақты Өзбектің шөбересі.
Өлтіріп Алаш ханды, Ташкентті алған,
Үйірін қайта тапты деген осы.
Баласы Әз Жәнібек – Қасым еді,
Атағы сол соғыста асып еді.
«Қасымның қасқа жолын» сол шығарған,
Ташкеннің алтын тағын басып еді.
Қасымның баласы еді Сығай ханың,
Тұр еді түгел билеп Ташкент маңын.
Сығайдың баласы екен Тәуекел хан,
Айтайын сарт Ташкентті қайта алғанын.
1598 жылдың кезі,
Тұрсынхан Ташкентті алып, сол биледі,
Түрікке сарт атанған хан боп тұрған,
Бұл Тұрсын – Шайбақ ердің тұқымы еді.
Есімхан Тәуекелден туып қалған,
«Есімнің ескі жолы» заң шығарған.
Өлтіріп түн ішінде Тұрсынханды,
Ташкентті, сартты шауып, қайтып алған.
1600 жылға таянғанда,
Есімхан ескі тағын қайта алғанда.
Айбике, Қоңырбике, Нұрбикені
Олжалап алып келген сол барғанда.
Тұрсынды өлтірерде түнде барып,
Күзетшісін есіктің байлап алып.
Есімнің қасындағы бір жыршысы,
Оятқан Тұрсынханды әнге салып.
Сондай ер бүгін қайда, Құдайым-ау,
Бұл елдің бүйтіп қор боп тұрғаны анау.
Өлмеген Тұрсынханды оятқанда,
Төлеген жыршысының сөзі мынау:
«Ей, қатағанның хан Тұрсын,
Кім арамды ант ұрсын.
Жетім елді жылатып,
Жер тәңірісіп жатырсың,
Хан емессің – қатынсың.
Қазақ келді – қапылсың.
Алтын тақта жатсаң да,
Ажалың жеткен пақырсың.
Көнбесең де көнерсің,
Иманыңды айт, өлерсің.
Еңсегей бойлы ер Есім
Шашқалы тұр қаныңды,
Алғалы тұр жаныңды,
Кешікпей сонан көрерсің».
Есімнің Салқам Жәңгір баласы еді,
Ол дағы қалың елдің панасы еді.
Жәңгірдің қалмақ қызы қатынынан
Әз Тәуке адамзаттың данасы еді.
Қызы еді Қайып ханның бір қатыны,
Осыдан Уәлібақы туған ұлы,
Әз Тәуке хан болған соң өкпе қылып,
Кетіпті Үргенішке дейін мұны.
Осы еді Абылайдың арғы атасы,
Болмайды бұл сөзімнің еш қатасы,
Абылайдың осы атасы сол жақта өліп,
Хан болған мұнда келіп қара басы.
Бұл жерде Абылайды тоқтатайын,
Қараңдар шежіремнен оның жайын.
«Басында Күлтөбенің күнде кеңес»
Жол салған Әз Тәукені сөз қылайын.
Ақылы айдын көлдей тольш тұрған,
«Қасқа жол», «Ескі жолды» толықтырған.
Бекітіп біржолата қазақ заңын.
Жол салып, мінсіз қылып орнықтырған.
Аздан соң жау көбейіп болған қауіп,
Қазақты тұс-тұсынан әр ел шауып.
1552 жылдарында
Шетіне Амудария барған ауып.
Баласы Болат хан боп, Әз Тәуке өлген,
Хан шыққан Нәдір деген парсы елден.
Жан-жағын әлгі Нәдір жалмаған соң,
Қайта ауып біздің қазақ Сырға келген.
Келгені 1700 шамасында,
Қалмақ бар бұрын Сырдың жағасында.
«Әрі отыр», «бері отыр» деп талас шығып,
Болыпты талай соғыс арасында.
Қазақтан, қалмақтан да қандар жауған,
Аз емес өлген адам адыр таудан.
1723 жыл шамасында,
Жеңіліп, әрі жұтап қазақ ауған.
Қазақтар Қаратаудан аса көшкен,
«Ақтабан шұбырынды болды» дескен.
Тұсында Абылайдың қалмақты айдай,
Қорлықтан кек алғаны қалмайды естен.
Жазғанмын ендігісін мұнан бұрын,
Шежіремнің «Еңлік-Кебек» оқы бірін.
Осыған соны қосып жаттап алсаң,
Білерсің түп атаңның барлық сырын.